Accessibility links

Авторын жалмаған Сталин ескерткіші


Прагада кино түсіру үшін қойылған Сталин ескерткішінің көшірмесі. Мамыр, 2016 жыл.
Прагада кино түсіру үшін қойылған Сталин ескерткішінің көшірмесі. Мамыр, 2016 жыл.

Чехияда 1950 жылдардың басында советтік диктатор Иосиф Сталинге қойылған әлемдегі ең алып ескерткіш авторы Отакар Швец туралы фильм түсіріп жатыр. Швец ескерткіштің ресми ашылуына аз қалғанда өзіне қол жұмсаған.

1955-1962 жылдары Чехословакия астанасы Прагада советтік диктатор Иосиф Сталинге тұрғызылған, салмағы 17 мың тонна алып ескерткішті көрмеу мүмкін емес еді. Бірақ бұл ескерткіштің ашылуын оның авторы Отакар Швец көре алмай кетті.

ТАҒДЫРДЫ ТАЛҚАНДАҒАН ТУЫНДЫ

Өткен айда Сталиннің алып ескерткішінің басы тағы да Прага төбесінен төне қарап тұрды. Швец туралы жаңа фильмде мүсіншінің қайғылы тағдыры суреттеледі.

- Бұл ескерткіш өзін жасаған адамның өмірін талқандап, басын жұтты, - дейді режиссер Виктор Полесны Азаттыққа берген сұхбатында. - Біздің фильм күтпеген жағдайға тап болып, азаттыққа қол жеткізе алмай кеткен адам туралы баяндайды.

Полесныдың «Құбыжық» фильмі чех жазушысы Рудла Цайнердің «Гранит Сталин» атты романының желісі бойынша түсірілген. Мүсінші Швецтің тағдыры 19-ғасырдың соңында туған, Гитлер мен Сталиннің қақтығысына тап келген Орталық Еуропа зиялыларының көбінің тағдырына ұқсас. 1892 жылы Карловы Вары қаласында өмірге келген Швец бірінші дүниежүзілік соғыстан соң мүсін жасаумен айналыса бастаған.

Чех мүсіншісі Отакар Швец (оң жақта) өз туындысы - Сталин мүсіні жанында тұр. Чехословакия, 1953 жыл.
Чех мүсіншісі Отакар Швец (оң жақта) өз туындысы - Сталин мүсіні жанында тұр. Чехословакия, 1953 жыл.

Сталинге арналған сыйынан бөлек, оның «Күн сәулесі – мотоциклші» атты футуристік ескерткіші де көпшілікке танылды. Сондай-ақ Чехияның тарихи қайраткерлері: император Карл ІV, Чехословакияның алғашқы президенті Томаш Масарик пен христиан реформаторы Ян Густің мүсіндерін сомдаған.

Сталиннің ескерткіші қойылған жерде оған дейін Масариктің мүсіні тұрған, оны екінші дүниежүзілік соғыс уақытында Гитлер Чехословакияны басып алып, бөліске салған кезде талқандаған.

РЕЖИМ ТАПСЫРЫСЫ

Чехословакия соғыстан кейін СССР ықпалына өткен кезде Швец көпшіліктің назарына түсуге ұмтылмай, тыныш өмір кешіп жатты.

- Өнер адамдарының басым көбі тәрізді ол да мінезі күрделі адам болатын, - дейді Полесны. - Әлбетте, ол Тұңғыш республиканы (екі дүниежүзілік соғыс арасында өмір сүрген тәуелсіз Чехословакия мемлекеті - ред.) қалады. Ол коммунист емес еді.

Биіктігі 50 метр, салмағы 17 мың тонна Сталин ескерткішін советтік Чехословкия билігі 1955 жылы 1 мамырда салтанатты жағдайда ашқан.
Биіктігі 50 метр, салмағы 17 мың тонна Сталин ескерткішін советтік Чехословкия билігі 1955 жылы 1 мамырда салтанатты жағдайда ашқан.

1949 жылы Отакар Швецті Сталинге арналған мүсіндер байқауына қатысуға шақырады. Бұл байқауда режимге адал мүсіншілер жеңіске жетеді деген сенімде болған Швец оған қатысуға бел буады. Режиссердің айтуынша, ол «байқаудан аздап қаражат табармын» деп үміттенген.

- Әжептәуір ақша тауып қалармын деген ойы болды, бірақ ол байқаудан жеңіп шығарына сенбеген, - дейді Виктор Полесны.

Пролетарларды бастап келе жатқан Сталиннің алып ескерткішін жасауға бес жылдан астам уақыт алды. Кейін ел алып мүсінді «ет кезегіне тұру» деп атап кетті.

МҮСІНШІ ТАП БОЛҒАН ТЫҒЫРЫҚ

Виктор Полесны Сталин ескерткіші құрылысы кезінде Швец көп қиындық көріп, күйзеліске түскенін айтады.

- Оның өз себебі бар. Күйзелістен арылмақ болып ішімдікке үйір бола бастады. Сол кезде бір әйелге ғашық болып, оны жұмысына көмектесіп жүрген жары біліп қойды. Өмір баянсыз бола бастады. Режим үшін мүсіннің ашылуы аса маңызды оқиға болса, мүсіншінің жеке өмірінде, отбасында өте ауыр кезең өтіп жатты. Мен қайтып шыға алмас тығырықтан жол табуға тырысқан адам жайлы психологиялық драма түсірмекпін, - дейді режиссер.

1962 жылы Сталин ескерткішін құлатуға 800 килограмнан астам жарылғыш зат жұмсалған.
1962 жылы Сталин ескерткішін құлатуға 800 килограмнан астам жарылғыш зат жұмсалған.

1954 жылы мүсіншінің әйелі Власта Штурса өз-өзіне қол жұмсайды, сірә ол саяси қысым мен тағдыр тәлкегіне бұдан ары төзе алмаған тәрізді. 1955 жылы сәуірдің 4-і күні, ескерткіштің ашылуына санаулы күн қалғанда, Отакар Швец те өз өмірін қияды. Оның қалай және неліктен бұл жолды таңдағанын ешкім нақты білмейді.

Прагада Иосиф Сталинге арналған ескерткіш 1955 жылы мамырдың 1-і күні ашылды, бұл кезде диктатордың дүниеден өткеніне екі жыл толған еді.

- Ескерткіш ашылған кезде ол өз уақытынан кешігіп қалған еді. 1955 жылы оны салтанатпен ашты, ал 1956 жылдың басында Никита Хрущев совет компартиясының 20-съезінде Сталиннің «жеке басына табынушылықты» әшкереледі. Бірақ Сталиннің ескерткіші Прагада одан кейін 7 жылға жуық тұрды. Оның ешкімге керегі болмады, - дейді режиссер.

Бір кездері Сталин ескерткіші тұрған жерге қойылған сағат. Прага, 1 қаңтар 2009 жыл.
Бір кездері Сталин ескерткіші тұрған жерге қойылған сағат. Прага, 1 қаңтар 2009 жыл.

1962 жылы «құбыжық» мүсінді жаруға 800 килограмнан астам жарылғыш зат жұмсалған. Полесны фильм түсіруге бес жылдан астам уақыт дайындалды, бірақ қазір Ресейде Сталиннің бейнесін белсенді түрде қайтадан насихаттай бастаған тұста бұл өте өзекті тақырыпқа айналып отыр.

«Шынын айтқанда, фильмді қандай да бір саяси немесе халықаралық жағдаймен байланыстырған емеспін. Егер қазір киноның әлдебір сәттері өзекті болып көрінсе, ол менің еңбегім емес - заманымыз сондай», - дейді режиссер Виктор Полесны.​

(Ярослав Шимовтың мақаласы ағылшыннан аударылды.)

XS
SM
MD
LG