Әзірге биіктігі үш жарым метр болатын мүсін Поважска Быстрица қаласындағы коллекционердің үйінің ауласында тұғырында тұр.
Миланның иелігіндегі Сталиннің мүсіні 1953 жылы Чехословакияның Жуков қаласында құйылып, Литомержице қаласына қойылған. Алайда көп ұзамай Сталинді жоққа шығару науқаны басталып, ескерткішті орнынан алып тастаған. 2010 жылы Литомиржице қаласының басшылығы мүсінді сатып, одан түскен ақшаны чех ақыны Карел Махаға ескерткіш тұрғызуға жұмсауды ұйғарады. Мүсінді алдымен басқа бір кісі алып, кейін қазіргі қожайыны – Миланға сатқан. Енді ол ешкімге керек бола қолмайтын шығар. Өнер туындысы деген күннің өзінде де оны ерекше мүсін қатарына қосу қиын.
Бір кездері совет блогындағы елдерде көшелер мен алаңдарды Сталиннің ескерткіштері басып қалған. Алайда 1953 жылы диктатор қайтыс болған соң олардың көбі бұзылып, қайта балқытылды. Екінші дүниежүзілік соғыстың естелігі ретінде кейбір мүсіндер ғана қалдырылды. Батыстың кейбір бай коллекционерлері Сталиннің мүсіндерімен бау-бақшаларын көмкерсе, енді біреулері сақтап қою үшін сатып алды.
Бұрынғы Совет одағы елдерінде Сталинге деген көзқарас әркелкі. Оның туған жері – Грузияда миллиондаған адамның өліміне себеп болған озбыр режимнің басшысына ескерткіш қою мәселесі қоғамға жік салды. Украинада Совет одағынан қалған ескерткіштерді қиратып, сол кездегі тұлғалардың атымен аталған көшелер мен алаңдарға жаңа ат беру науқаны қызу жүріп жатыр. Әсіресе Қырымды оккупациялап, шығыстағы сепаратистерді қолдаған Ресеймен қатысы бар тұлғалардың аттары өшіріліп жатыр. Қазақстанда және бұрынғы совет республикаларында Сталиннің мүсіндері мен бюсттеріне қатысты әңгіме оқтын-оқтын қозғалып тұрады.
Ал Ресей үшін Сталин – тарихтағы ең әйгілі саяси қайраткерлердің бірі. Оның «халық жауларын» ГУЛАГ-тарда жазалап, миллиондаған адамды саяси репрессия, күштеп ұжымдастыру және әдейі аштық ұйымдастыру арқылы жаныштаған қандықол басшы ретіндегі бейнесін өзгертіп, Сталинді ақтауға тырысып жатқандар көп. Оның суреттері метроға қайта ілінді. Сталиннің «орыс православ шіркеуін қалпына келтірудегі», Ұлы Отан соғысы кезінде «совет өнеркәсіп ошақтарын эвакуациялаудағы» рөлін паш ететін көрмелер өткізіліп тұрады.
Егер сізді сталиндік зұлматтың символы қызықтырмайтын болса, онда словакиялық Миланның ауласында тағы бір ескерткіш бар. Владимир Лениннің екі метрлік мүсіні «бар-жоғы» 15 мың еуро тұрады.
Кристина Фолтынованың мақаласын орыс тілінен аударған – Мұхтар Екей.