Accessibility links

"Уақтылы кету керек". Назарбаевтың "күйреген беделі", Тоқаевтың мүмкіндігі және "автократия қақпаны"


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы полициясының жедел штабында. 12 қаңтар 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы полициясының жедел штабында. 12 қаңтар 2022 жыл.

Ресейлік сарапшы Андрей Колесников "Қасым-Жомарт Токаев өзін мықты көшбасшы етіп көрсеткісі келеді, бірақ биліктен айырылып қалу қаупі әлі де жоғары" деп есептейді. "Тоқаев бұрынғы президентті шаң қаптырып кетті" деген пікір қаншалық дұрыс? Енді президент ҰҚШҰ әскерін жібергені үшін Кремльдің айтқанына көніп, дегеніне жүре ме? Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты не күтіп тұр? Азаттық осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап алу үшін Мәскеудегі Карнеги орталығы "Ресейдің ішкі саясаты және саяси институттары" бағдарламасының жетекшісі Андрей Колесниковпен сұхбаттасып көрді.

ҚАЗАҚСТАНДА НЕ БОЛДЫ? ТОҚАЕВ БИЛІГІН ҚАЛАЙ САҚТАП ҚАЛДЫ?

Азаттық: Қазақстандағы жағдай туралы не ойлайсыз: бұл біреулер айтып жүргендей мемлекеттік төңкеріс пе, әлде президент Тоқаев мәлімдегендей Таяу шығыстан, Ауғанстан мен Орталық Азия мемлекеттерінен келген содырлардың билікті басып алуға талпынысы ма? Қазақстандағы соңғы оқиғаларға қандай баға бересіз?

Андрей Колесников
Андрей Колесников

Андрей Колесников: Қазір Тоқаевқа "әлдекімдер алдын-ала сөз байласып, ұйымдасқан шабуыл ұйымдастырды" деп айтқан тиімді. Сырт көзге шабуылшылар әрекетінде аяқ асты қабылданған шешімдер көп болғаны байқалады, сондықтан президенттің сөзіне сену қиын. Қазақстанда болған наразылық Чилидегі қарсылық акциясына ұқсайды. [Онда наразылық] жолақының қымбаттауы сияқты болмашы себептен туып, бүкіл елді қамтыды.

Мемлекет басындағылар мен биліктің сойылын соғатын сарапшылар осындай оқиғалар кезінде халық деп аталатын субъектіні назарға ілмейді. Элита халық өзі көтерілді, бір облыста ғана емес, бірнеше өңірде ұшқыннан өрт шығып кетті дегенге сене алмай отыр. Олар бәрі аяқ астынан болды деген нұсқаны мойындауға дайын емес.

Тоқаевтың орнында постсоветтік мемлекеттің кез келген авторитар басшысы дәл осылай айтар еді. Бірақ бұл сөздердің оның өз өмірін және билігін сақтап қалу үшін қолданған қатаң шараларын ақтау үшін айтылғаны көрініп тұр.

Күтпеген жерден бүкіл елді қамтыған наразылық басталса, әрине, мародерлер де, басқалар да шығады. Бұл – табиғи процесс, революция ережесі сондай. Ол бүлікті тоқтатып, өзін ірі көшбасшының қолындағы қуыршақ қана емес, саяси қабілеті бар тұлға ретінде көрсетті. Бірақ оның ары қарай қалай әрекет ететінін қарау керек.

Азаттық: Тоқаев 11 қаңтарда парламентте сөйлеген сөзінде "Назарбаевтың арқасында" елде табысы мол компаниялар мен өте дәулетті адамдар тобы пайда болғанын айтты. Тоқаев Назарбаевтың туыстары мен оның айналасындағы адамдарға тиесілі делінген салаларды біртіндеп сынап шыққандай көрінді. Ел ішіндегі бақылаушылар наразылық басылғаннан кейін Тоқаев билігін күшейтіп, Назарбаевтың саяси мұрасын қайта қарап жатыр деп санайды. Бұл мәселеге қатысты ресейліктер не ойлайды?

Андрей Колесников: Жалпы ресейліктер туралы айтсақ, әзірге бұл тақырыпта жүргізілген әлеуметтік зерттеулер жоқ. Сондықтан Ресей халқының реакциясы туралы айту қиын.

Әлеуметтік желілердегі (бұл нақты құралға жатпайды) жазбаларға қарасақ, пікірлер әр алуан: біреу қолдап, екінші адам сүйсініп, үшінші қолданушы керісінше, сынап жатыр. Элитаға келсек, олар болған оқиғадан [Ресей президенті] Владимир Путин билікті басқа адамға тапсырса не болатынын түсінді. Елді ұзақ жыл басқарған басшының өз орнына басқа адамды қойса да, биліктен ұзамай, ұлт көшбасшысы болып қалуы ақталмайтыны белгілі болды. Қазақстан мұндай сценарийдің осал тұстары көп екенін көрсетті.

Бұл – Кремльге болашақ туралы ойлануға жақсы себеп. Бірақ ол болашақ әлі алыс. Өйткені 2024 жылы Путин қайта сайланып, тағы бір не екі мерзім президент қызметінде қалады деп ойлаймын. Сондықтан билік транзитінің моделі туралы ойлануға әлі уақыт бар. Мүмкін, көп жыл өтсе де, Кремль Қазақстандағы оқиғалардан сабақ алмай, дәл осы модельді қайталайтын шығар. Бірінші және басты реакция – осы.

Екінші реакция ҰҚШҰ әскерінің Варшава келісімі күштері сияқты көмекке келуінен көрінді. Ресей бұл көмектен біраз артықшылық көріп отыр. Бұл "империяны қалпына келтіру" құралы болмаса да, Орталық Азия бағытындағы бақылауды күшейтіп, квазиимперия құру талпынысы деп ойлаймын.

Ресей қорғаныс министрлігі жариялаған мына суретте Ресейдің бітімгерлік әскері Алматыдағы "Қазақтелеком" ғимаратын күзетіп тұр. 12 қаңтар 2022 жыл.
Ресей қорғаныс министрлігі жариялаған мына суретте Ресейдің бітімгерлік әскері Алматыдағы "Қазақтелеком" ғимаратын күзетіп тұр. 12 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстан бойынша сарапшы емеспін, бірақ Ресейдің елдегі жағдайларға көп араласуы Тоқаевтың беделі мен ел экономикасына кері әсер етуі мүмкін. Қазақстан экономикасы Ресейдікіне қарағанда шетелдік инвестицияларға әлдеқайда ашық. Сондықтан Ресей Қазақстандағы белсенділігін арттыруға бел байлаған күннің өзінде бұл нарықтағы эксклюзив ойыншы бола алмайды.

Ресей Тоқаев бізге міндетті, ол шетелдік әскердің арқасында билігін сақтап қалғаны үшін қарымта қайтаруы керек деп ойлауы мүмкін. Тоқаев бұл көмектің қайтарымы үлкен болғанын қаламайтын сияқты. Ол қазір өзін айналасындағы қарсыластарын тас-талқан етіп жеңіп, популистік мәлімдемелер жасап жүрген мықты басшы етіп көрсетуге тырысып жатыр.

Азаттық: Тарихта автократ әлсіз саясаткерді таңдап, кейін ол автократтың өзін шаң қаптырып кеткен кездер болған ба?

Андрей Колесников: Ондай оқиғалар өте көп. Совет одағының тарихына үңілсек, Сталиннің орнына таласқан үш басшыны: Берия, Хрущев пен Маленковты атауға болады. Бұл үштіктегі ең әлсізі Хрущев болса да, соңында ол бәрін басып озып, бірінші нөмірлі тұлғаға айналды.

Брежнев те билікке мемлекеттік төңкеріс арқасында келді. Ол ел тізгінін уақытша ғана ұстайтын тұлға болып көрінді. Өйткені 1964 жылғы астыртын әрекеттердің бас ұйымдастырушысы Шелепин болды. Бірақ әлсіз, қорқақ саясаткер болып көрінген Брежнев сақтығы, ішкі түйсігі мен тактикалық немесе стратегиялық көрегендігінің арқасында бәрінің алдын орап кетті.

Қазақстан президентінің міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) парламенттің бірлескен отырысында. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.
Қазақстан президентінің міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) парламенттің бірлескен отырысында. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.

Мұндай жағдайларда ресми құзырет пен қызмет маңызды. Бәрібір президенттің аты – президент. 2011 жылы Дмитрий Медведев Путинді "сатып кетсе", ел мұны қалыпты жағдай деп қабылдар еді. Медведевте Путинді қызметінен түсіріп немесе биліктен шеттетіп, қолынан келгеннің бәрін жасауға мүмкіндік болды. Өйткені элита үнемі мықтының жағына шығады. Кейде қолында ресми билігі, жоғары шені бар адам "мықты" саналады. Не дегенмен, Тоқаев президент қой. Билік үшін күресте Тоқаевтың осындай бір басымдығы болды, ол осы басымдықты пайдалана білді.

Азаттық: Назарбаев та ойыннан шыққан жоқ, жүйені жоғарыдан бақылайтын ойыншы – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде оған әлем елдерінің басшылары, оның ішінде Путин де құрметпен қарап келді. Тоқаев билік тетігін қалай өз қолына алды? Бұл Путиннің қолдауымен жүзеге асты ма?

Андрей Колесников: Путиннің қолдауы кештеу келді деп ойлаймын. Кремль алғашқы екі тәулік бойы өзін қалай ұстарын, Қазақстандағы жағдайды қалай бағаларын білмей дағдарып қалған сияқты. Мұны объективті түрде түсіну қиын болды. Тоқаев жылдам әрекет еткенге ұқсайды. Бірақ Путин элитасы үшін Қазақстандағы Кремльге адал билікті сақтап қалу маңызды болды. Бейберекетсіздік кезінде Тоқаевтан артық лайық адам болмады. Сондықтан ҰҚШҰ күштері қолданылды. [Ресейге] басымдыққа ие тұлғаны таңдауға тура келді.

Наразылықтың басында Қазақстандағы мәселелерге елбасы кінәлі ("ұлт көшбасшысы" – Назарбаевқа берілген, жеке басқа табынушылық белгісі саналатын титул. – Ред.) деген ұрандар айтылды. Билік бір адамның қолына шоғырланған кезде осылай болуы заңды нәрсе. Жұрт жақсыны да, жаманды да елді ұзақ жыл басқарған басшының образымен байланыстырады. Путинді де осы нәрсе күтіп тұр. Ол қазірдің өзінде осының жемісін көріп жатыр: жетістіктер ғана емес, жеккөрініш, наразылық пен "еліміз дұрыс дамымай жатыр" деген айыптаулар да – бәрі-бәрі Путиннің еншісіне тиеді. Автократтардың бәрі осы қақпанға түсіп қалады.

Азаттық: Назарбаев Тоқаевты элитаға немесе олигархтар тобына қатысы жоқ, бейтарап саясаткер болғаны үшін таңдаған сияқты. Мұндай мықты байланыстары болмаса да, Тоқаев өз билігін қалай сақтап қалды?

Андрей Колесников: Тарихи тәжірибеге сүйенсек, президент құзыреті бар адамның қолынан көп нәрсе келеді. Әсіресе, жедел әрі сенімді әрекет еткен басшының алмайтын асуы жоқ. Ол үшін халық емес, бюрократия мен күш құрылымдарының аз ғана бөлігі қолдаса да жетіп жатыр.

Тоқаевтың одақтасы кім болғанын, бұл жоспарын қалай құрғанын білмеймін. Ары қарай не болады, жағдай тұрақталғаннан кейін Тоқаев билігін сақтап қала ма – ол да белгісіз. Бірақ ол өз қолындағы құралдарды жылдам әрі сенімді түрде пайдаланды. Мүмкін президент бірінші кезекте, саяси билігін емес, өз өмірін сақтап қалу үшін жанталасқан шығар. Ол қолынан келгеннің бәрін жасады. Нәтижесінде, қазір елді басқа адам емес, Тоқаев басқарып отыр.

Азаттық: Тоқаев билігінен айырылып қалуы мүмкін деген қауіп бар ма?

Андрей Колесников: Бар. Оқиға әлі аяқталған жоқ. Әзірге президенттің қолындағы билікті пайдаланып, барлық мемлекеттік құрылым мен қаржы ағындарын жедел өзгертуден өткізуге мүмкіндігі бар. Бірақ бұл оңай шаруа емес, ол үшін өте көп ойыншымен келісуге тура келеді.

НАЗАРБАЕВ ҚАЙДА ЖӘНЕ ОНЫ НЕ КҮТІП ТҰР?

Азаттық: Бұрынғы президент өткен жылдың соңынан бастап ел алдына шықпады. Оның баспасөз хатшысы 7 қаңтарда "Назарбаев – астанада, ол қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін Тоқаевқа өз еркімен тапсырды" деп мәлімдеді. Назарбаевтың біраз уақыттан бері көптің көзіне түспеуінің сыры неде деп ойлайсыз?

Андрей Колесников: Бұл – спекуляциялық тақырып, мұндай болжам айтудың кофе қалдығына қарап, бал ашудан еш айырмашылығы жоғын бәріміз түсініп отырмыз. Бірақ қазір Тоқаевқа Назарбаевтың көзін жою тиімді деп ойламаймын. Қазақстан халқы Назарбаевты ықпалды тұлға көрмейтіні түсінікті. Тоқаев 11 қаңтарда жасаған мәлімдемесінде елбасыны атағанына қарағанда, Назарбаевқа физикалық қауіп төніп тұрмағанға ұқсайды. Бірақ "Қазір Назарбаев қайда?" деген сұрақ туады. Рублево-Успенский күре жолының бойындағы мемлекеттік саяжайлардың бірінде ме? Олай болуы да мүмкін. "Назарбаев Қытайға кетіп қалыпты, жоқ, әлі Қазақстанда екен" деген сыбыс та тарады. Бірақ елде болса, неге әлі күнге халық алдына шықпады?

Назарбаевтан хабар жоқ, қызы "ауырып жатыр"
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:23 0:00

Осыған дейін болған оқиғаларға көз жүгіртсек, Назарбаев сияқты көшбасшылардың көбіне Ресейдің мемлекеттік саяжайларын паналайтынын білеміз. Солай болған күннің өзінде Назарбаевтың Ресейде жатқанын көрсету ыңғайсыз болар еді. Онда ол – ұлт көшбасшысы емес, Путиннің қолындағы ойыншыққа айналып шыға келмей ме? Өз халқынан қашқан адамның беделі болмайды. Сондықтан Назарбаевтың беделін сақтап қалудың жалғыз амалы –оны ел көзінен таса жерде ұстау болып отырған сияқты.

Бірақ оны мәңгілік жасыру мүмкін емес. Бұл қазір жағдайдың жедел өрбіп жатқанын, Мәскеу не Нұр-Сұлтан болсын, биліктегі тұлғаларға дұрыс шешім табу қиынға соғып отырғанын көрсетеді. Алда тығырыққа тірейтін жағдайлар аз болмайды. Жағдай ушығып, белең ала түседі. Сондықтан өзін ақтап алу үшін бәріне, бірінші кезекте, Тоқаевқа көп күш жұмсауға тура келеді.

Азаттық: Сізге Путиннің баспасөз хатшысы Песковтың "Назарбаев қайда?" деген сұраққа "Қолымда ондай ақпарат жоқ, жаңа жылдан кейін Путин мен Назарбаев сөйлесті ме, жоқ па, білмеймін" деп жауап беруі қызық көрінбеді ме?

Андрей Колесников: Ол осы арқылы Ресейдің бұл мәселеге араласпайтынын көрсетуге тырысты. Бұл – өте маңызды месседж және мұндайда "хабарым жоқ" деу ең үздік пиар-позиция саналады. Песков Назарбаевтың қайда екенін білсе де, жақ ашпайды.

Азаттық: Назарбаев 30 жыл бойы жүйені өзіне ыңғайлап, елдегі негізгі институттарды бақылауда ұстап келді. Отставкаға кеткеннен кейін элитаны сахна сыртынан басқарып отырды. Енді бұл жүйе қалай өзгереді?

Андрей Колесников: Бұл автократиялық жүйе деп ойлаймын. Автократизм элементтері экономикадағы олигархтардан, қаржы ағындарын өз адамдары арасында бөлуден көрінеді. Бірақ Тоқаевтың қазіргі қадамдарынан, дәулетті адамдар қатаң бақылауға алынып, бар ақша халықтың игілігіне жұмсалады деген популистік мәлімдемелерінен қаржы ресурстарын қайта бөлу механизмдерінің негізінен мемлекеттік бюджетті толтыруға жұмыс істейтіні байқалады. Ол бизнес каналдарды, олигархтардың байланысын әп сәтте бұзып тастай алмайды ғой.

Жекеменшікке қол сұғу – қаңды іс. Бірақ ол саяси жағдай қызып тұрғанда осындай мәлімдемелер жасаудан қателескен жоқ. Билігін сақтап қалғысы келген басшыны бәрі әлсіз саясаткер көретін болса, тұтқындаулар, атқарушы билік құзыретін радикалды түрде қайта бөлу басталуы мүмкін. Тоқаев та қазір дәл солай жасап жатыр.

Тоқаев үшін ең қиын міндеттердің бірі – қаржы ағындарын қайта бөлу. Оған өз жүйесін құруға едәуір уақыт керек. Әрине, олигархиялық, автократиялық жүйе жоғалып кетеді дегенге сену қиын. Тоқаев бұл жүйелерді жойып жібермейді, тек оларды өзіне ыңғайлы етіп өзгертіп алады.

Азаттық: Сонда билік бір автократтың қолынан екіншісіне өтетін саяси жүйе жалғаса бере ме?

Андрей Колесников: Қазіргі жағдай осыны дәлелдейді дей алмаймын. Бірақ постсоветтік елдердің тарихы осыны көрсетеді. Постсоветтік елдердің көбі (бірлі-екілі мемлекетті қоспағанда) тура мағынасындағы демократияға айнала алмады. Билікке келген әр басшы жеке автократиялық билігін құруға тырысады. Сондықтан осыған дейінгі тәжірибе тұрғысынан алғанда, солай болуы әбден мүмкін.

Азаттық: Назарбаевтың билікке өз адамын қойғанда "тарихта тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы болып қаламын, дана бақылаушы ретінде қамсыз өмір сүремін" деп ойлағаны сөзсіз. Назарбаевтың мұрасының жайы не болады?

Андрей Колесников: Бұл автократтарға жақсы сабақ болды. Билікте қанша ұзақ отырса да, ұлт көшбасшысы болса да, жылдар бойы жиған абыройы әп сәтте айрандай төгілетін сәт туады. Сол үшін биліктен дер кезінде кету керек, ротация (биліктің ауысымы) сияқты демократиялық құрал тарихта жақсы атпен қалуға мүмкіндік береді.

Тұрақтылық – өте нәзік дүние, сырты бүтін көрінгенімен, кем-кетігі көп. Сондықтан ол қолдан тез тайып кете береді.

Бірақ постсоветтік автократияларда бұлай болуы мүмкін емес. Назарбаев осындай транзит моделін пайдаланып, ұзақ жыл билікте отырып, өмірін де, өзіне арнап құрған жүйесін де қауіпсіз ете алмады. Бұл жүйенің сырты қанша тұрақты болғанымен, іші тұрақсыз екенін көрдік. Тұрақтылық – өте нәзік дүние, сырты бүтін көрінгенімен, кем-кетігі көп. Сондықтан ол қолдан тез тайып кете береді.

Назарбаев биліктен біраз бұрын кетсе, тарихта беделді тұлға болып қалар еді. Бірақ бұл шешім көп жыл бұрын қабылдануы керек еді. Биліктен алаңсыз кету үшін демократиялық жүйе құру қажет. Автократтар тұйықталған жүйе құру арқылы өздерін тығырыққа тірейді. Путин биліктен кете алмайды. Кетсе, өзінің жағдайы не болады? Оған жасырынып өмір сүруге тура келеді. Ал ол қайда барып тығылады? Минскіні паналай ма? Мұндайда әрине, билеуші жақсы беделдің өзінен жұрдай болады, бірақ бұған автократтардың өздері кінәлі. Құрдымнан құтқаратын жалғыз жол – демократиялық ережелерге негізделген билік ауысымы. Путин биліктен кеткенде, Назарбаев сияқты жұрт алдында беделі қалмайды. Бір кездері тұрақтылық болғанын бәрі ұмытып кетеді. Олар автократия қақпанына өздері барып түседі.

Азаттық: Орталық Азия басшылары өздерін және отбасы мүшелерін қылмыстық қудалаудан қорғайтын заңдар қабылдау арқылы күні бұрын қорғаныс амалын қарастырып қойған. Бірақ Өзбекстан мысалынан, мемлекет басшысы биліктен кеткеннен кейін бұл заңдардың өздерін де, отбасы мүшелерін де қорғап қала алмағанын көрдік. Назарбаевтың отбасын не күтіп тұр?

Андрей Колесников: Иә, әрине, заңдар автократтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды. Өйткені автократ тура және ауыспалы мағынасында тұғырынан құлаған кезде оған ешқандай заң көмектеспейді. Билікке жаңадан келген автократ немесе демократиялық үкімет бұл заңдардың күшін жояды. Сондықтан ешқандай кепілдік жоқ.

Өзбекстанда отбасының өз ішінде де қауіпсіздікті сақтау қиын болғанын білеміз. Өзбек автократының қызы [бұрынғы президент Ислам Каримовтың қызы Гульнара] барлық қорғаныс механизмдеріне қарамастан, ауыр жағдайға тап болды. Сондықтан автократтарға ешқандай кепілдік жоқ. Олар тұйық шеңберде жүреді. Мұндай жағдайда жеке басты қорғаудың басқа елге қашудан басқа амалы жоқ. Осы тұжырымға сүйеніп, Назарбаев Қазақстанда емес деп топшылауға болады. Бірақ бұл жай ғана спекуляция екенін тағы да қайталаймын.

КРЕМЛЬГЕ ЖЕҢІЛДІКТЕР ЖАСАЛА МА? ОҚИҒА ҚАЛАЙ ӨРБИДІ?

Азаттық: Қазақстанға ҰҚШҰ әскері кіргізілгеннен кейін Ресейде Мәскеу Нұр-Сұлтанға талаптар қойып, елдің ішкі ісіне араласып, территориялық тұтастығына нұқсан келтіруі керек деген пікірлер айтыла бастады. Ресейліктердің бір бөлігі Қазақстанға әскер жіберуге қарсы болды. Қазір Ресейде қандай көңіл-күй басым?

Андрей Колесников: Бұл тақырыптағы талқылаулар да долбар, әлеуметтік желі сипатына ие. Лукашенко мен Путиннің жақсы қарым-қатынаста екеніне қарамастан, Ресей Беларусьтің ішкі мәселелеріне араласу мақсатының өзін дұрыс орындай алмай отыр. Ресей Беларусьті қол астына алғысы келсе де, әлі күнге дейін мұны қалай жүзеге асырарын білмейді. Кремльді қолдайтын, бірақ Мәскеуге қолайсыз Лукашенконы ауыстыру амалын да таба алмады.

Ресей Қазақстандағы жағдайларды түсінбейді, сондықтан ішкі саяси процестерге ықпал ете алмайды. Мүмкін, бұл жаңсақ пікір болар, Ресейдің арнаулы қызметі азаматтық және әскери күштерге өзін қалай ұстау керегі жөнінде кеңес бере алатын шығар. Бірақ Ресейдің басқа елдердегі тәжірибесі, постсоветтік кеңістікте болып жатқан оқиғаларды жақсы түсінбеуі Мәскеу Қазақстаннан не алғысы келетінін нақты білмейді деген ойға итермелейді.

Оның үстіне, қандай да бір талап қою үшін елдегі жағдай сәл де болса тұрақталуы керек. Тоқаевтың билігі әлі нығайған жоқ, оған біраз маневр жасауға тура келеді. Қазақстан президенті Ресейге ғана арқа сүйеп, Мәскеудің қуыршағы бола алмайды. Әйтпесе, қазіргі қаталдығымен жинаған беделін жоғалтады.

Сондықтан біріншіден әлі ерте; екіншіден, Тоқаев қандай жеңілдіктерге баруға дайын екені белгісіз; үшіншіден, Тоқаев Ресейдің дегеніне көне береді деп ойламаймын; төртіншіден, Ресей әзірге Қазақстаннан не алғысы келетінін түсінбей, талап-ұсыныстарын түзе алмай отыр.

Азаттық: Бұл жай ғана Путиннің жылы лебізі емес шығар. Қазақстанда Тоқаев Мәскеуге алғыс білдіру үшін Кремльге бірқатар жеңілдіктер жасайды деген пікір бар. Осыған қарап, Путиннің өңірдегі ықпалы күшейді деуге бола ма?

Андрей Колесников: Үлкен емес, символикалық, шектеулі жеңілдіктер ғана болады. Өйткені Тоқаевқа Ресейден тәуелсіз болу керек. ҰҚШҰ әскерін кіргізу Путиннің беделіне еш әсер етпейді. Бұл қадамды біреу қолдайды, біреу сынайды, бірақ одан ештеңе өзгермейді. Ресейде осы әрекеті үшін Путиннің рейтингі көтерілмейді. Қателесуім мүмкін, бірақ 2018 жылдан бері сыртқы саясаттағы әскери "жеңістер" Путинге бедел әкеліп жатқан жоқ. Бұл – ресейліктер үшін президентті мақтан тұтатын себеп емес. Көбі үшін бұл ресейліктердің өмірін өзгертпейтін, бәрі күткен, әдеттегі әрекет саналады.

Азаттық: Назарбаевтың тұсында Қазақстан сыртқы саясатында көпвекторлы бағытты ұстанып, Ресей, Қытай және батыс мемлекеттерімен тең қарым-қатынаста болуға тырысып келді. Тоқаев та осы саясатты жалғастыра ма?

Андрей Колесников: Өз билігін сақтап қалу үшін көпвекторлы саясатты жалғастырады деп ойлаймын. Өйткені жалғыз Ресейге сенім артып, оның қуыршағы болу қауіпті. Сондықтан жағдай тұрақталған кезде Тоқаевқа көпвекторлы саясатты сақтап қалуға тура келеді. Онсыз президент өзін жаңа қазақ басшысы ретінде мойындата алмайды.

Азаттық: Қазақстандағы жағдай ары қарай қалай өрбиді деп ойлайсыз?

Андрей Колесников: Тоқаев бүкіл билікті өз қолына біріктірсе, саяси тұрғыдан тұрақтылық орнайды. Одан бөлек, президент нарықтық экономикамен айналысып, ұлт байлығын әл-ауқаты төмен топтардың пайдасына қайта бөлуі керек. Онсыз билікте қалып, экономиканың ашықтығын қамтамасыз ете алмайды. Экономикалық қиындықтар басталып, әлеуметтік наразылық тағы да саяси талаптарға ұласады. Сондықтан Тоқаевтың экономикаға баса назар аударып, нарықтық шарттарды сақтаудан басқа амалы жоқ.

"Енді қайдан іздеймін?" Дүрбелең кезінде қаза болғандар дерегі әлі жарияланбады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:20 0:00

Президенттің [қаңтар оқиғалары кезіндегі] алғашқы қадамы түсінікті, бірақ қате болды: наразылық көңіл-күйді басу керек еді. Тоқаев 180 күнге әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына мемлекеттік бақылау орнатты. Бұл – өте қауіпті экономикалық қадам. Мораторий мерзімі аяқталғаннан кейін инфляция артып, жіберіп алған пайданың орнын толтыруға тырысады.

Бұл қауіптер бірден болмаса да, әйтеуір бір қайта көріне бастайды. Президент нарық талаптары бойынша әрекет еткен сайын экономиканы, сәйкесінше, өз билігін сақтап қалу мүмкіндігі артады. Экономика жақсы жұмыс істеуі керек, әйтпесе, Тоқаев қазіргі орнында ұзақ отыра алмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG