Accessibility links

Младич өмірлік түрме жазасына тартылды


Бұрынғы серб командирі Ратко Младичтің үкім естіген кездегі түрі. Гаага, 22 қараша 2017 жыл
Бұрынғы серб командирі Ратко Младичтің үкім естіген кездегі түрі. Гаага, 22 қараша 2017 жыл

Гаагадағы әскери қылмыстарды қарайтын БҰҰ соты 1990 жылдары Боснияда болған соғыс кезіндегі қылмыстары үшін серб командиріне ең қатаң жаза кесті.

Боснияда 1992-95 жылдары болған соғыста серб қолбасшысы ретінде танылған Ратко Младичке БҰҰ-ның Гаагадағы халықаралық соты "геноцид ұйымдастырды" деген айып тағып, жазасын өмір бойы түрмеде өтеуге үкім етті.

"Боснияның қасапшысы" деген аты шыққан 75 жастағы Младичке жалпы саны 11 айып тағылған. Олардың ішінде "адамзатқа қарсы жасалған қылмыс" та бар.

Сот бұрынғы серб командирін 1995 жылы Сребреница қаласында жеті мың және Сараево қаласын қоршауға алғанда он мың босниялық мұсылманды қырып тастауға қатысты деп айыптады. Өлгендердің ішінде балалар мен әйелдер де болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: 20 жыл ұлының сүйегін іздеген босниялық ана

Младич 2011 жылы мамырда Белградта ұсталып, маусымда Гаагада соты басталған еді.

Сербия үкіметі Балқан соғысында қылмыс жасады деген соңғы күдікті әскериді 2011 жылғы шілдеде ұстап берген. Соңғы жылдары Сербияда Гаага сотының шешімдеріне қатысты қоғам наразылығы үдей түсті. Әсіре ұлтшылдар халықаралық сотты "тек осы елді нысанаға алуға құмар" деп айыптайды. Балқан соғысындағы қылмыстары үшін жауапқа тартылғандардың 80 пайызы серб екеніне нұсқайды.

Ал соғыстан зардап шеккен мұсылмандар Гаага халықаралық сотының кейбір қылмыскерлерді айғақ жеткіліксіз деп босатып жібергенін, жазаға тарту өкілетінің әлсіз, әсерсіз екенін айтып шағымданады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Балқан соғысының қаһармандары мен жендеттері

Соғыстың зардабын тартқан босниялық әйел Радичтің үкімін естігенде көзіне жас алды. Сребреница, 22 қараша 2017 жыл
Соғыстың зардабын тартқан босниялық әйел Радичтің үкімін естігенде көзіне жас алды. Сребреница, 22 қараша 2017 жыл

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Нюрнберг пен Токиода соғыс қылмыстарын әшкерелеу үшін халықаралық соттар құрылған. Соғыстан кейін 1993 жылы бірінші рет дәл осындай себеппен БҰҰ Гаага халықаралық сотын құрды.

Содан бері Гаага соты бұрынғы Югославия ыдыраған кезде болған соғыстар кезінде жасалған қылмыстарды әшкерелеп, кінәлілерді жазалау үшін бес мыңнан астам куәгерден жауап алды. Жалпы саны 161 адамға айып тағылды, олардың көбі - бұрынғы жоғары лауазымды мемлекет қызметкері.

Балқан соғысындағы қылмыстары үшін халықаралық сотқа тартылған ең лауазымды шенеунік - Югославияның бұрынғы президенті Слободан Милошевич 2006 жылғы наурызда Гаага түрмесінде сот үкіміне жетпей қайтыс болған еді.

Басқа да халықаралық сот мекемелері сияқты Гаага соты кінәлілерді ұстау мен жауапқа тарту кезінде шетел үкіметтерінің көмегіне тәуелді болып келді. Сол себепті құзыретінің шектеулі болғанына байланысты кейбір процестері тым ұзаққа созылып, қоғамның наразылығын тудырды. Әйтсе де соғыстан зардап шеккен адамдар кезінде жаппай қырып-жою операцияларын ұйымдастырған әскерилер мен саясаткерлердің Гаага сотына тартылып, жазаланғандарына разы. Бірақ соттың жетекшілігі мен прокурорлары кейбір соғыс қылмыскерлерінің Сербияда "қаһарманға" айналып бара жатқанына алаңдайды.

Фотогалереяны көре отырыңыз: Босния соғысының Дейтон бітімі

XS
SM
MD
LG