Сребреницада мұсылмандарды жаппай қырған оқиғаның 20 жылдығына байланысты өткізілген қаралы рәсімге қатысуға келген Сербия премьер-министрі Александр Вучичке ашулы топ тас пен бөтелкелер лақтырып, ол жерден кетуге мәжбүр еткен.
Боснияның шығысындағы Сребреница қаласына бүгін ондаған мың адам осыдан 20 жыл бұрын болған қырғын құрбандарын еске алуға арналған қаралы шараға жиналды. Еуропада екінші дүниежүзілік соғыстағы Холокостан кейінгі ең үлкен қырғын саналатын жаппай қырып-жойған қылмыс құрбандарын еске алу рәсіміне Сербия премьер-министрі Александр Вучич, АҚШ экс-президенті Билл Клинтон, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт, Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуіт Оглу және өзге де ресми тұлғалар келген еді.
Бүгін қаралы шарада осы уақытқа дейін Сребреница қырғынында қаза тапқан 7 мыңдай құрбанның кім екенін анықтауға көмектескен ДНК-тексеруден өткен соңғы 136 адамның сүйегін жерлеу рәсімі де өтті.
1995 жылы шілденің 11-і күні, Босниядағы үш айлық соғыстың соңына қарай, генерал Ратко Младич басқарған босниялық сербтер армиясы Боснияның шығысындағы БҰҰ «қауіпсіздік аймағы» деп жариялаған Сребреница анклавынан БҰҰ бітімгершілік күші ретінде тұрған голландиялық жасақты ығыстырып шығарған соң жастары 13-77 аралығындағы мыңдаған қарусыз босниялық мұсылманды қырып тастаған.
Қырғында қаза тапқан алты мыңнан аса адамның сүйегі БҰҰ-ның бұрынғы базасы болған Потокаридегі мемориалдық кешенге қайта жерленген. Бүгінгі қаралы шара сонда өтіп жатыр.
Бұдан бірнеше күн бұрын, шілденің 8-і күні БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің отырысында Сребреница қырғынын геноцид деп тану туралы қарар жобасына осы кеңеске мүше Ресей вето қойып, құжатты қабылдатқызбай тастаған.
Александр Вучичке тас лақтырғаны туралы видео: