Теңіз ортасына тоқтаған грек танкері. Жалға алынған неміс яхтасы. Қолға түскен ресейлік хабарламалар. Балтық теңізіндегі жарылыстан Ресейден Еуропаға газ жеткізетін құбырдың бір бөлігі зақымданды. Германияда жүргізілген зерттеу мен Даниядан алынған теңіз үстіндегі қозғалысты бақылау деректері жарылыс қалай болғанын болжауға мүмкіндік береді. Азаттық әзірге белгілі деректерді топтастырып шықты.
2022 жылы қыркүйектің бірінші жартысында грек туы ілінген танкер Роттердам портынан шығысқа қарай Балтық теңізіне шықты. Бұл каналдан Германия, Ресей және Балтық теңізінің жағалауындағы порттарға ондаған кеме жүреді.
Теңіз үстіндегі қозғалысты бақылау деректеріне сәйкес, танкер Данияға қарасты аралдан шығысқа қарай тоқтап, бір апта бойы тұрған. Кейін шығысқа қарай бет алды.
Екі аптадан кейін дәл сол жерде бірнеше суасты жарылысы болып, Ресейден Германия мен Еуропадан тыс аудандарға газ тасымалдайтын "Солтүстік ағын 1", "Солтүстік ағын 2" құбырларының бір бөлігі істен шықты.
Танкер мен оның қозғалыс бағыты туралы алғаш Финляндиядағы жергілікті басылым жазды. Өткен аптада Данияның телерадиокорпорациясы осы тақырыпта репортаж жасады.
Неміс полициясы Германияның портынан жалға алынған яхтаны адамдарымен қоса тексерген. Олар Украина төлқұжатын көрсеткені анықталған. Бұл деректер жарылысты кім ұйымдастырды деген жұмбақты одан әрі күрделендіріп жіберді.
Сонымен өзіміз білетін деректерді теріп шығайық.
ҚҰБЫРҒА НЕ БОЛДЫ?
Жылдар бойы Ресейден газ құбырын тарту мәселесі Еуропа мемлекеттері мен АҚШ арасындағы қайшылықтарға себеп болып келді. АҚШ Ресей бұл жоба арқылы Еуропаның тәуелділігін арттырғысы келеді деп есептеді. Жобаға қарсы тараптың бірі Украина еді. Киев өз аумағындағы құбырлар арқылы Ресей газын Еуропаға тасымалдаудан жақсы табыс тауып отырған.
2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргенде газ тасымалы қысқарды. Еуропа елдері Ресей газынан бас тартты. Жарылыс болған кезде құбыр жұмыс істеп тұрған жоқ еді, бірақ ішінде газ болған.
27 қыркүйекте Швеция ғалымдары бір күн бұрын Балтық теңізінің түбінен 100 метр тереңдікте жарылыстан болған сейсмикалық толқын тіркелгенін хабарлады.
Данияның әскерилері дәл осы жерде теңіз үстіне газ шығып жатқанын айтып, видеосын жариялады.
Батыс елдері құбырды істен шығаруға жарылғыш зат қолданылған деген қорытындыға келді. Кейінірек Еуропа басшылары жарылғыш зат тереңге қойылғанына назар аударып, бұған су астына сүңгитін құрылғы мен детонатор сияқты қымбат жабдықтар қажет болғандықтан, оқиғаға бір мемлекеттің қатысы болуы мүмкін деп топшылады.
ГРЕК ТАНКЕРІНІҢ ҚАТЫСЫ ҚАНША?
Өткен айда Финляндияның Verkkouutiset газеті теңіз үстіндегі қозғалысты бақылау деректеріне сүйеніп, материал жариялады. Ұшақтар сияқты коммерциялық кемелердің көбінде транспондер бар. Бұл кеме иелеріне, құтқарушылар мен құқық қорғау органдарына кеме қайда кетіп бара жатқанын бақылап отыруға мүмкіндік береді.
Бұл деректерде 2 қыркүйекте Солтүстік теңіздегі Роттердам портынан шығып, шығысқа қарай бет алған, грек туы ілінген, 183 метрлік мұнай мен химиялық заттар тасымалдайтын Minerva Julie кемесі туралы сөз болып отыр.
Бір апта бойы кеме екі аптадан кейін жарылыс болған жерге жақын маңда тоқтап тұрған.
Данияның TV 2 телекомпаниясының дерегінше, кеме жарылыс болған жерден 500 метр қашықтықта тоқтап, құбырлардың үстінен 29 рет өткен.
Кейін кеме шығысқа қарай бет алған. 14 қыркүйекте Таллиннге тоқтап, ары қарай Санкт-Петербургке кеткен.
Теңіз сарапшылары кеменің бір орында тоқтап, ұзақ аялдауында тұрған ештеңе жоқ дейді. Кейде кемелер корпорация иелерінен тапсырма күтіп қалады.
Афиныдағы Minerva Marine грек танкерінің иегері кеме әлгі жерде тоқтағанын растады, бірақ мұны бұйрықты күтіп тұрды деп түсіндірді.
"Бұйрық түскеннен кейін кеме жоспар бойынша Таллиннге бет алды. Рейс туралы бұйрықты күтіп, теңіз үстінде тоқтап тұру қалыпты жағдай деп есептеледі, мұнда таңғаларлық ештеңе жоқ" делінген кеме иегерінің Азаттыққа жіберген хатында.
TV2 ресейлік журналист Александр Невзоровтың Minerva Marinе иегерлерінің бірі осыған дейін Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктерімен және президент Владимир Путинмен кездескен деген репортажын мысалға келтіреді. Украинаның өкілетті тұлғалары аталған компания Еуроодақ санкцияларына қарамастан Ресей мұнайы мен көмірін тасымалдаумен айналысқанын мәлімдеді.
Ресей жарылысқа қатысы барын жоққа шығарды.
ГЕРМАНИЯ ҚАНДАЙ ШАРА ҚОЛДАНДЫ?
Қаңтарда Германия билігі Росток портынан жалға алынған крейсерлік яхтаға тінту жүргізді. Кейіннен ол 15 метрлік "Андромеда" крейсерлік яхтасы екені анықталды.
Неміс тергеушілері 8 наурызда Азаттыққа жіберген хатында тінту жүргізуге "кемеде Балтық теңізіндегі жарылысқа қолданылған жарылғыш заттар тасымалданған болуы мүмкін" деген күдік негіз болғанын жазды.
"Кемеден табылған саусақ іздері мен тәркіленген заттар тексеріліп жатыр. Әзірге бұл оқиғаға қандай да бір мемлекет қатысқан деп нақты айта алмаймыз" деді олар.
Германияның Der Spiegel және Die Zeit сияқты басылымдары "Андромеданы" алты адам жалға алғанын хабарлады. Ақпарат құралдарының дерегінше, олардың кейбірі Украинаның төлқұжатын көрсеткен. 6 қыркүйекте кеме Ростоктан теңізге шығып кеткен. Кемені Польшада тіркелген, екі украин азаматына тиесілі компания жалға алған.
Тергеушілер каютадағы үстел үстінен жарылғыш заттың ізін тапқан.
Die Zeit бұл материалды ARD телерадиокорпорациясымен және басқа да ақпарат құралдарымен бірлесіп дайындаған. Бірақ басылым ақпарат көздерін көрсетпеді. Журналистердің сөзінше, оларға әртүрлі мемлекетте тұратын бірнеше адам ақпарат берген.
12 наурызда Sueddeutsche Zeitung газеті топтағы кей адамда Болгарияның төлқұжаты болған деп топшылады.
Die Zeit және The Wall Street Journal дерегінше, "Андромеда" 6 қыркүйекте Ростоктан шығып, Германияның Вик портына, кейін Данияның Кристиансо аралына тоқтаған. Бұл арал Борнхольмнан 30 шақырым жерде орналасқан.
Minerva Julia мен "Андромеда" арасындағы байланыс туралы ақпарат жоқ.
Сонымен жарылысты кім ұйымдастырған?
Бұл сұрақтың жауабы әлі белгісіз.
Германияның ақпарат құралдары жарылыстан кейін Батыстың аты аталмаған барлау қызметі Еуропаның қауіпсіздік қызметіне жарылысты "Украинаның диверсиялық тобы жасаған" деген ақпарат бергенін жазды.
Sueddeutsche Zeitung дерегінше, Орталық барлау басқармасы жіберген ақпарат қолға түскен ресейлік хабарламаларға негізделген, сондықтан бұған аса мән берілмеген.
The New York Times 6 наурызда аты-жөні аталмаған АҚШ шенеунігіне сілтеп, барлау қызметінің дерегінше, жарылысқа украин тобы жауапты, жарылғыш затты орнатуға тәжірибелі сүңгуірлер қатысқан, бірақ олар әскерилерге жұмыс істемейтін сияқты деп хабарлады.
"Жаңа барлау деректеріне сәйкес, ықтимал қылмыскерлер Ресей президенті Владимир Путиннің қарсыластары болуы мүмкін. Бірақ қылмыстық топ мүшелері, операцияны кім басқарғаны, кім ақша төлегені туралы ақпарат жоқ" делінген материалда.
Украина үкіметі де жарылысқа қатысы барын жоққа шығарған. Times материалынан кейін Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк "Украинаның бұл оқиғаға қатысы жоқ" деген пікірін қайталады.
Лондондағы Times неміс тергеушілері "Андромедаға" тінту жүргізгенін растаған күні "яхта мен қымбат сүңгуірлер жалдап, жалған құжат жасатып, арнайы лицензиямен ғана берілетін және өте қымбат тұратын мұнай мен газға арналған жарылғыш заттар алуды қаржыландырған тұлғаны" көрсетті.
"Олардың қыркүйекте теңіздің ортасына кішігірім яхтамен барғанына қарасақ, мұның бәрі авантюраға толы әрекет болып көрінеді" дейді Гамбургтегі қорғаныс және стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Юлиан Павляк.
Павляк Еуропаның өкілетті тұлғаларының осыған дейін құбырға залал келтіру үшін жүздеген тонна жарылғыш зат керек дегенін негізге алып отыр.
"Олар мұны қалай жүзеге асырғаны өте қызық. Бір жағынан, мұны нағыз кәсіби мамандар жасаған сияқты. Бірақ жоғары білікті маман үстелде айғақ қалдыра ма?" деді ол.
СЕЙМУР ХЕРШТІҢ АҚПАРАТЫ
Ақпанның басында америкалық зерттеуші журналист Сеймур Херш Substack платформасындағы блогында "Солтүстік ағын" құбырын жаруға АҚШ-тың қатысы бар деп жазды.
8 ақпанда жарияланған мақала қоғамда қызу талқы туғызды. Ресейдің өкілетті тұлғалары бұл пікірді қуана қолдады. Бірақ журналистің бір ғана аноним ақпарат көзіне сүйенгенін айтып, мақаланы сынағандар да көп болды.
Bellingcat және басқа да зерттеу топтары Херштің материалында ескерілмей қалған тұстар көбін жазып, теңіз үстінде қозғалу деректерін келтірді.
13 наурызда Ресей қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Николай Патрушев Ресейдің бұл оқиғаға қатысы жоғын айтып, еш дәлел келтірместен, жарылысты АҚШ не Ұлыбритания ұйымдастырды деді.
АҚШ-ты кінәлағандардың кейбірі президент Джо Байденнің Ресей Украинаға басып кірерден бірнеше күн бұрын "Ресей шабуыл жасаса, яғни Украина жеріне тағы да әскер кірсе, "Солтүстік ағын 2" болмайды. Бұл жобаның көзін жоямыз" дегенін еске салады.
8 ақпанда Ақ үй Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің ресми өкілі Эдриенн Уотсон Херштің мақаласындағы деректер ойдан шығарылған деп мәлімдеді.
Оқиға болған күні Польшаның бұрынғы сыртқы істер министрі Радослав Сикорский Twitter-дегі парақшасына жарылыстың суретін жариялап, "Рақмет, АҚШ" деп жазды. Кейін ол жазбасын өшіріп тастады.
ПІКІРЛЕР