Accessibility links

"Еуропаны бопсалау" және Ресейдің "газ суициді". 2023 жылы әлем энергетикасын не күтіп тұр?


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Еуроодақтың бағы жанып, биыл қыста электр энергиясынан ажырап, жылусыз қалу қаупінен құтылды. Бірақ Мәскеу табиғи газ экспортын тоқтатса, келесі жылы бұдан да қиын болуы мүмкін. Ал сарапшылар ұзақ мерзімде қарастырғанда Ресей жапа шегетінін анық дейді.

Еуропа одағы күн жылы болып, жылдам әрекет ете алғанының арқасында электр энергиясы тапшылығының алдын алды. Мәскеу Украинаға басып кірген соң Ресейден энергия экспорты күрт азайып, осындай қауіп пайда болған еді.

Қазан мен қарашада күннің жылы болуы табиғи газды тұтыну көлемін азайтып, көбірек қор жинауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Қытайда коронавирусқа байланысты сұраныстың күрт төмендеуінен Азияға бағытталған сұйытылған табиғи газ танкерлері Еуропа одағына жіберілді.

Еуроодақ шенеуніктері мемлекеттерден газ тұтыну көлемін азайтып, тиімділікті арттыруды, сұранысты өтеу үшін балама энергия көздерін ұлғайтуды тапсырды.

Биыл Ресей табиғи газ экспортын азайта берсе Еуропада энергия жетіспеушілігі мен бағаның аспандап кетуіне әкелуі мүмкін дейді сарапшылар.

"2023 жылы Еуроодаққа Ресейден импорттау нөлге жетіп, Қытайда сұйытылған табиғи газдың сұранысы 2021 жылғы дейінгі деңгейге келсе, ұсыныс пен сұраныстың арасы алшақтайды" деп жазылған Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) 12 желтоқсандағы есебінде.

"Қысқа мерзімде қарастырғанда, Еуропа қиын жағдайда қалды" деп жазды Economist Intelligence Unit ұйымының жаһандық болжамдар жөніндегі директоры Агата Демаре Рolitico басылымында. Ол келесі жылы жағдай қиындай түседі дейді.

"Бірақ ұзақ мерзімде қарастырғанда, Ресей бұл энергетикалық соғыста жеңе алмайды" деп жазды ол.

2023 жылы Еуроодақта 57 миллиард текше мерт газ жетіспеуі мүмкін дейді ХЭА. Бұл болжанған сұраныстың шамамен 15 пайызын құрайды. Ал қазір жүзеге асырылып жатқан күн және жел энергиясы секілді жобалар тапшылықты тек 27 млрд текше метрге қысқарта алады.

Еуропа одағы балама энергетика жобаларына және энергия тиімділігін арттыруға дереу қосымша 100 млрд еуро инвестиция салса, қалған тапшылықты жоя алады дейді ХЭА.

Табиғи газ негізінен үйлер мен ғимараттарды жылытады, электр станциялары мен өндіріс процестерінде қолданылады. Тапшылық Еуроодақтағы энергия бағасының қымбат әрі тұрақсыз болуына алып келеді. Бұл өндіріске кері әсер етіп, халықтың тұрмысын қиындатады.

Кейбір мемлекеттер дағдарысқа дайындалып, жоспар да құрған.

Көбі Кремльдің не істейтініне немесе не істемейтініне байланысты болғалы тұр.

РЕСЕЙ ЕУРОПАҒА ГАЗ ЖІБЕТУДІ ТОҚТАТСА НЕ БОЛАДЫ?

Ресей – Еуроодаққа ең көп табиғи газ тасымалдайтын мемлекет. 2021 жылы одақ қажетінің 40 пайызын өтеді. Бұл Мәскеу үшін Еуроодақтың энергетика секторына ықпал ету тетігі болды.

Ақпанда Украинаға басқыншылық жасаған соң Мәскеу Батыстың Киевті қолдауына кедергі келтіру үшін осы тетікті пайдаланды: Ресей Еуроодаққа газ экспорттауды азайтты, ал бұл бағаның қымбаттауына алып келді.

Ресейдің Еуроодаққа табиғи газ экспорты биыл 60 млрд текше метрге дейін азаяды деген болжам бар. Былтыр бұл көрсеткіш 140 млрд, 2019 жылы 200 млрд текше метр болған.

Мәскеу мен Батыстың кейінгі ондаған жылдағы қарым-қатынасының ең нашар деңгейге жеткеніне қарамастан, Ресей әлі де Еуроодаққа Украина мен Түркия арқылы өтетін газ құбырларымен газ жібереді.

Бірақ 2023 жылы Ресей газ экспорттауды азайтуы немесе мүлдем тоқтатуы мүмкін дейді сарапшылар. Осылайша ол Еуроодақты мүмкіндіктер шектеулі әлемде газ іздеуге итермелейді.

Қазір Ресей Еуроодаққа жылына 25 млрд текше метр газ жеткізеді дейді ХЭА. Мұның үштен екісі қазір соғыс жүріп жатқан Украина арқылы өтіп жатыр.

"Украинадағы газ құбырына әдейі немесе байқамай залал келуі мүмкін деп ойлаймын" деді Лондондағы Renaissance Energy Advisors компаниясының сарапшысы Надя Казакова Азаттыққа.

Кремль саяси және әскери себептермен Еуроодаққа газ жіберуді мүлдем тоқтату керек деп шешпесе, Ресей экспортты Түркия арқылы жалғастыра береді дейді ол.

"Олар Украинада бар күшін сарқығанға дейін [газ құбырлары] жұмыс істей береді" деді ол.

Мәскеуге ақша керек болғандықтан, инфрақұрылым болмаған соң, басқа мемлекеттерге газ сата алмағандықтан, Ресей Еуропаға газ жіберуді азайтады деп ойламаймын дейді Мәскеудегі Macro Advisory компаниясының энергетика жөніндегі сарапшысы Крис Уифер.

2022 жылы шикізат қымбаттаған соң, Ресей экспорттан қыруар пайда тапты. Бірақ Мәскеу ақшаны көбіне Украинадағы соғысты қаржыландыруға жұмсады.

2023 жылы Мәскеу экспорттан айтарлықтай табыс таба алмайтын сияқты. Ресейдің негізгі экспорт тауары – мұнай бағасы наурызда жеткен рекордты 130 доллардан 80 долларға түсті.

Батыс санкцияларына ұшыраған Ресей мұнайды нарықтағы бағадан арзанға сатып жатыр.

РЕСЕЙ МЕН ЕУРООДАҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ?

Былтыр мұнай мен мұнай өнімдерінің экспорты Ресей федералды бюджеті табысының 34 пайызын, газ шамамен 10 пайызын құрады дейді Вашингтондағы халықаралық қаржы институтының экономисі Элина Рыбакова.

2022-23 жылдары Ресейде бюджет тапшылығы шамамен 2 пайыз болады деп болжанып отыр. Бұл Кремльді "қиын күндерге" деп жинап жүрген қор ақшасын пайдалануға мәжбүрлейді.

Бюджет тапшылығын өте төмен деңгейде ұстап тұру үшін Ресейге газ экспортын кем дегенде қазіргі көлемде сақтап қалу қажет болады деді Уифер Азаттыққа.

Бірақ қазір мұның екі жаққа да әсері байқалып жатыр.

Еуропа мен Ресей "бір-біріне газ тұрғысынан тәуелділігін азайта алды, бірақ оның көлемі ең төменгі шегіне жетті" деді Уифер. "Олардың ешбірі 2023 жылы, бәлкім 2024 жылы да Ресейден Еуропаға жіберілетін газ көлемін азайтуға жол бере алмайды".

Еуропа одағы Ресей газ құбырына балама табуға барынша тырысқанымен, 2022 жылы Ресейден сұйытылған табиғи газды былтырғыға қарағанда көбірек импорттады.

"Ресейдің сұйытылған табиғи газы Еуропа үшін саяси жағынан тиімдірек... Ол Брюссельге оның басқа таңдауы да бар екенін, Ресейге қарап қалмағанын айтуға мүмкіндік береді" деді Уифер.

Еуропа одағы көмірге көшіп, энергиямен қамтуды арттыру арқылы және АҚШ пен Таяу Шығыстан 80 млрд текше метр сұйытылған газ алу арқылы Ресей газының орнын біршама толтырды.

Десе де, энергияның күрт қымбаттауы өндірістегі сұраныстың 10 млрд текше метрге қысқаруына алып келді дейді ХЭА.

ҚЫТАЙМЕН БӘСЕКЕ

Ресей құбырмен газ экспорттауды азайтқан соң, оның орнын толтыру үшін Еуроодақ 2022 жылы 50 млрд текше метр сұйытылған газ импорттады. Қытай короновирус кесірінен экономикасын шектемегенде, бұл қиынға соғар еді.

2016-21 жылдар аралығында Қытай сатып алған сұйытылған газ көлемі үш есе өсті. Осылайша былтыр ол әлемдегі ең үлкен импорттаушыға айналды. 2022 жылы оның одан да көп импорттайтыны болжанды. Бірақ коронавирус шектеулерінен сұраныс 20 млрд текше метрге азайды. Бұл сұйытылған табиғи газды Еуроодаққа жіберуге мүмкіндік берді.

Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин. Шанхай, 20 мамыр, 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин. Шанхай, 20 мамыр, 2014 жыл.

2023 жыл Еуропа бұл несібеден қағылуы мүмкін. Қытай шектеулерін жеңілдетті. Енді оның табиғи газға сұранысы 2021 жылғы деңгейге жетуі ықтимал. Бұл Еуропамен бәсекеге әкеледі дейді сарапшылар.

"Еуропа қыс қарсаңында қоймаларын толтыру үшін сұйытылған газды әзер дегенде сатып алып жатыр" деді Ослодағы Rystad Energy сарапшысы Карлос Диас Азаттыққа.

Одан да жаманы, 2023 жылы Ресейдікінен басқа құбырлармен газ тасымалы мардымсыз болмақ дейді Диас.

Еуропа одағына газ жеткізетін Норвегия, Әзербайжан және Солтүстік Африкадағы елдер қазір бар күшімен жұмыс істеп жатыр. АҚШ пен Катар табиғи газ экспорты бойынша алдағы екі жылда ірі жобалар бастамайды деді ол.

Еуроодақ 2023 жылы су энергиясы өндірісін арттыру арқылы табиғи газ тапшылығын ішінара өтей алады, бірақ атом энергиясы қалпына келеді деп үміттену қиын.

Еуроодақта тұтыну көлемі ауа райына байланысты болғандықтан, алдағы жағдайдың қандай болары қыстың жылы я суық болуына байланысты.

Күз жылы болған соң желтоқсанда Еуроодақ табиғи газ қорын ұлғайта алды. Бірақ айдың аяғында күннің аз уақытқа болса да суытуы бұл қорды азайтты.

Газ қоры неғұрлым аз болса, Еуроодақ 2023-2024 жылдың қысына дайындау үшін соғұрлым көп газ сатып алуы керек болады.

"Қыстың қалған уақыты қалыпты өтсе, Еуроодақ қордағы жеткілікті газ көлемімен жылыту маусымынан шығады және оны келесі жылы толтыру жеңіл болады. Күн суық болса, Еуроодақтың жолы болмауы мүмкін" дейді сарапшы.

"Алда әлі үш ай қыс бар. Қор азая бастады, сондықтан қыстың кейбірі күткендей жайлы болатынына сенім жоқ" деді Диас (сарапшы бұл комментарийді Азаттыққа 2022 жылғы 20 желтоқсанда берген).

"ГАЗ СУИЦИДІ"

Брюссель мен Мәскеудің Украинадағы соғысқа байланысты текетіресінен кейін Еуроодақ қысқа мерзімде газдың азайғанынан зардап шеккенімен, ұзақ мерзімде қарастырғанда Ресей жеңіледі дейді сарапшылар.

"Мәскеудің бопсасынан кейін Еуроодақ елдері Ресейдің сенімді энергия тасымалдаушы емес екеніне көз жеткізді" деп жазды Демаре. "Еуропа Мәскеуге тәуелділігін азайтуға тырысып жатыр, ал шамамен үш жылдан соң Еуропаға Ресей мұнайы мен газы керек болмай қалуы мүмкін".

24 ақпанда Путин Украинаға шабуылды бастағанға дейін бұл маңызды өзгерісті болжау мүмкін емес еді.

"Ресейдің Еуропадағы газ бизнесі өлуге шақ қалды" деп жазды 12 желтоқсанда Джорджтаун универсиетінің профессоры, Ресей энергетика саласы туралы бірнеше кітап авторы, профессор Тейн Густафсон.

Ресей Еуропаға 1960 жылдардан бастап газ экспорттайды. Бұл қарым-қатынас қырғиқабақ соғыстан, 1991 жылы Совет одағының құлауынан және Мәскеудің нарықтық экономикаға өту кезеңдерінен өтті.

2000 жылдары Ресейдің Еуропаға газ тасымалдайтын негізгі мемлекет ретіндегі рөлі ондаған жылға белгіленіп қойғандай көрінген. 1990 жылдардың аяғында билікке келген Путин табиғи газ алудың жаңа жобаларына 200 млрд доллар инвестиция салуға келіскен.

Украинаны айналып өтіп, нарыққа газ жеткізу үшін ол "Солтүстік ағын 1, 2", "Түрік ағыны" сияқты газ құбырларын салуға пәрмен берді.

Бұл инвестиция Ресейге Еуропаға газ экспорттаудан жылына 50 млрд доллар пайда табуға көмектесті. Еуропада газ өндірісі азайған соң, Ресей Еуроодаққа газ экспорттаудан қыруар пайда көре береді деп болжанған.

"Еуропада газ сұранысы кемінде он жыл бойы арта береді деген болжам бар. Бірақ Путиннің Украинаға басқыншылық жасау шешімі мен одан кейін Еуропаға газ экспорттауды азайтуы Еуроодақтың Кремльге деген сеніміне сызат түсірді" деп жазды Густафсон

Соғыс Еуропаның қазба байлықтан балама энергия көздеріне өтуін жылдамдатты. Соның нәтижесінде бес жылдан соң Түркия Ресейден газ сатып алатын Еуропадағы жалғыз мемлекет болып қалады деді.

"Нәтиже белгілі... Путин газ суицидін жасап қана қойған жоқ. Ол сонымен бірге кейінгі елу жылдағы ынтымақтастықты да тоқтатты".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG