Норвегия полициясы жұма күнгі бомбалық жарылыстар мен атыстан құрбан болғандар саны 92-ге жеткенін айтты. Соңғы мәліметтерге қарағанда, 84 адам Еңбек партиясы ұйымдастырған Утоя аралындағы жастардың еңбек лагерінде қаза тауып отыр.
Тағы бір шабуыл ел астанасы Ослодағы премьер-министр кеңсесінің сыртында болып, жеті адамның өмірі қиылды.
Сенбі күні полиция басшысы Ойстен Мейланд журналистерге аралдағы атыстан кейін тергеушілер тағы біраз адамның мәйітін тапты деді. Оның айтуынша, құрбандар саны бұдан да өсе түсуі мүмкін, себебі бірнеше кісі қатты жараланған.
Андерс Бехринг Брейвик, Норвегиядағы 22 шілде болған шабуылдарға қатысы бар күдікті адам ретінде қамауға алынған норвегиялық.
Полиция жұма күнгі екі бірдей террорлық шабуыл үшін тек бір адамды күдікті ретінде қамауға алып отыр.
Норвегияның ұлттық NRK арнасы оның аты Андерс Бехринг Брейвик деп жариялады. Бірақ полиция күдіктінің атын атаудан бас тартып отыр. Ал бірқатар норвегиялық ақпарат құралдары Брейвиктің суретін де көрсетіп жіберді.
«АҚЫЛЫНАН АДАСҚАН БОЛУЫ МҮМКІН»
Утоя аралындағы шабуылды көзбен көргендердің айтуынша, полиция офицері ретінде бетперде киген қарулы жігіт бір нәрсе айтамын деп адамдарды өзіне жақын шақырып алып, сосын оқ жаудырған.
Куәлар Хана Барзинги мен Кавитира Аравинтан бірауыздан тілшілерге болған оқиға жайлы былай деді:
- Лагерімізде болған әлгі қарулы адам полиция сияқты көрінді. Ол полицияның киімін киіп, қаруы мен тағы басқа заттарын тағынып алған. Бірақ Норвегияда полиция қару қолданбайды, сондықтан ол өте қорқынышты көрінді. Біз бәріміз басында бір жерге жинала бастадық, сосын ол оқ жаудыра жөнелді. Басында бәріміз ол қалжыңдап тұрған шығар деп ойладық.
Норвегия полициясы шабуыл жасады деп күдікке ілінген 32 жастағы норвегиялықты тұтқынға алды. Қазір ол тергеушілер сұрағына жауап беріп, өзінің жаппай кісі өлтіру себебін түсіндіргісі келетінін білдірген.
Бұл туралы полиция өкілі Рогер Андресен журналистерге айтып, ол өзінің әрекеті жайлы түсініктеме беретінін ашық айтты деген.
Тағы бір полиция өкілі Ассошейтед пресс агенттігіне, оның халықаралық террорлық ұйыммен еш байланысы жоқ сияқты деген. «Бұл ақылынан адасқан адамға ұқсайды» деді ол.
ХРИСТИАН ФУНДАМЕНТАЛИЗМІ ТУРАЛЫ БОЛЖАМ
Норвегиялық полиция күдіктінің үйінен табылған компьютердегі вебсайттар оның фундаменталистік христиан тобының мүшесі екенін танытты деді.
Норвегия премьер-министрі Йенс Столтенберг шілденің 23-і Ослода ақпарат құралдарына берген баспасөз мәслихатында, елде христиан фундаменталистерінің оңшыл тобы бар екенін айтты:
- Басқа елдермен салыстырғанда, мен бізде оңшыл экстремистерге қатысты үлкен проблемалар бар деп айтпаймын, бірақ бізде олардың біраз тобы бар. Біз оларды қарап жүретінбіз, біздің полиция да елде әсіре діни топтың оң қанаты бар екенін білген.
Бірақ Норвегия премьерінің пікірінше әуелі күдіктінің жұма күнгі шабуылға қатысы барлығын, қандай да бір христиандық діни топпен байланысы бар-жоқтығын анықтау қажет.
Норвегия осыған дейін бейбіт ел ретінде танылып келген. Қарулы адамның халыққа жаппай оқ ату оқиғасы ел тарихындағы ең жаман қырғын болып отыр. Осыған дейін Батыс Еуропада ең қанды террорлық оқиға ретінде 2004 жылы Мадридте 191 адамның өмірін қиған теракт саналып келген.