Accessibility links

Обама ауызашар дастарханында ортақ мүдде мен өзара құрмет негіздері туралы айтты


АҚШ президенті Барак Обама мен мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон Сұлтан Хассан мешітінде. Қаир, 4 маусым 2009 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама мен мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон Сұлтан Хассан мешітінде. Қаир, 4 маусым 2009 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама сейсенбі күні кешке мұсылмандардың қасиетті Рамазан айында ауызашар берді. Оған кабинет министрлері, Конгресс мүшелері, мұсылман елдерінің елшілері мен мұсылман қауымдастықтарының басшылары шақырылды.

Қыркүйектің 1-де Ақ үйде берілген ауызашарда АҚШ президенті Барак Обама американдық мұсылмандарды елдің мәдениетін байытқаны үшін мадақтады. Оның мәлімдеуінше, мұсылмандардың АҚШ-тың дамуына қосқан үлесі өте мол.

«Бүгін кешке біз керемет дінді және оның әділеттік пен дамуға деген міндеттемесін тойлап жатырмыз. Біз американдық мұсылмандардың зор үлестері мен олардың өз өмірлері арқылы көрсеткен оң үлгілерін құрметтейміз», - деді Обама.

Ассошиэйтед пресс агенттігінің хабарлауынша, Обама ауызашарға жиналған қонақтарға Массачусетс мектебіндегі алдыңғы қатарлы мұсылман оқушысы әрі атлетика бойынша мемлекеттік рекордты жаңартқан Билқис Абдул-Қадирдің әңгімесін айтып берген.

Билқис тек мұсылман қыздарының ғана емес бәріміздің шабытымызды көтерді деді Обама. Ол сондай-ақ әйгілі боксшы Мұхаммед Әлидің АҚШ қоғамына қосқан үлесін айрықша тоқталды.

Сонымен қатар АҚШ президенті Рамазан айындағы ауызашарда былай деп мәлімдеді:

«Біз ортақ мүдде мен өзара құрмет негізінде қарым-қатынас құруға жауаптымыз. Бұл - өз елімізде болсын, шетелде болсын, менің президент ретіндегі негізгі міндеттемем боп табылады. АҚШ пен әлем мұсылмандары арасында жаңа кезеңнің басталуы өте маңызды. Және бұл міндеттемені біз қасиетті кезеңде жаңарта аламыз».

Ақ үйдегі ауызашарға кабинет министрлері, Конгресс мүшелері, мұсылман елдерінің елшілері мен мұсылман қауымдастықтарының басшылары шақырылды. Оған сондай-ақ Конгрестің екі мұсылман мүшесі – Кис Эллисон мен Андре Карсон және АҚШ-тағы Израиль елшісі де қатысты.

Жалпы ауызашар жасау Ақ Үй үшін жаңалық емес. Бұрынғы президент Джордж Буш та сегіз жылдық билігі кезінде Рамазан айы құрметіне орай ауызашар беріп келген еді.

Осы жерде айта кететін бір ерекшелік бар. Обама президенттік қызметіне кіріскелі бері АҚШ пен мұсылман әлемі арасындағы қарым-қатынастарды жақсартуды көздеп келеді. Ол осы мақсатта биыл Түркия мен Қаирге барған болатын. Маусым айында Мысыр астанасында, сондай-ақ Түркияда мұсылмандардың алдында сөйлеген сөзінде Барак Обама «Америка Исламмен соғыста емес және исламмен ешқашан соғыс бастамайды» деп мәлімдеген болатын.

Сонымен қатар Обама Рамазан айының басталуы қарсаңында мұсылмандарға арналған бейнетаспа жариялады. Онда ол Рамазан дәстүрлері мұсылмандар мен христиандардың ортақ принциптерін, олардың ішінде әділеттік пен дамуды және төзімділікті сондай-ақ бүкіл адамзаттың құрметтелуін талап ететінін еске түсіреді деп атап көрсетті.

Мұсылман елдерінің көбінде биыл Рамазан айы тамыздың 22-де басталды.
XS
SM
MD
LG