Бірнеше жыл бұрын Раджа Хасан Ахтер елден қалмай жеке көлігін тазарақ жанатын табиғи газға көшіріп алған еді. Қоршаған ортаны таза ұстайын деген ниеттен емес, күнделікті шаруасы үшін тиімді болғандықтан солай еткен. Сығымдалған табиғи газ (СТГ) өте арзан болатын, оның шағын Suzuki көлігі әлі де қажет боп жатса бұрынғыша бензинмен жүре беруге жарайтын.
Алайда қазір бұл жаңарту оның көлігі үшін тиімді болмай шықты. Ахтердің Исламабадтағы жанар-жағар май станциясында тұрғанына екі сағат болып қалды, ал оның алдында әлі бес машина кезегін күтіп тұр.
Ахтер шағын көлігінің багын 50 АҚШ долларына толтырып алады. СТГ-бен ол екі есе ұзағырақ жүреді. Бірақ уақыт деген ақша емес пе, ол станцияда кезекте тұрып уақыт қана емес, ақша да жоғалтып жатыр. Сәті түскен күндері, оның өзінде аптасына төрт күн газды кезексіз алатын кезде, Ахтер көлігін күніне екі рет толтырып алады.
- Бүгін ештеңе де үнемдей алмаймын. Бензин алсам да, СТГ алсам да бала-шағама тамақ тауып беруім өте қиын сияқты. Осы жылдың басынан бастап СТГ-ның өзін пайдалану көп қиындық туғызды. Себебі газ құйып алатын бак қажетті қысымды бере алмады. Ұзақ-сонар отынның кезегінде тұрғанда алатының аз ғана газ. Бензин болса одан да қымбат, - дейді ол.
СТГ бензинге қарағанда әлі де арзан, осының өзі Ахтерге аз болсын пайда түсіруге сеп.
СТГ-ға ауысып алу деген жаппай ұмтылыс сұранысты өсірді де, ақырында жаңа жанар-жағар майдың жетіспеуіне әкеп соқтырды. Табиғи газға ауысудың стандартқа сәйкес жасалмауы, оның дұрыс қадағаланбауы көшедегі қауіпсіздік мәселесін тудырды. Жаңадан пайда болған сығымдалған табиғи газ станцияларының қадағаланбай ретсіз салынуы қоршаған ортаға зиян келтіріп, жемқорлықты күшейткен.
Пәкістан үкіметінің мұнай мен газ істерін реттеу бойынша аға өкілі Мансур Музаффар СТГ-ның кең тарауынан туған жаңа мәселелер жөнінде былайша түсініктеме береді.
- Пәкістанда көпшіліктің қолы жететін ең таза жанар-жағар май – СТГ. Біз көріп отырған жанар май бекеттеріндегі ұзын сонар кезектер де газдың жетіспеушілігінен туындаған проблема. СТГ-ны қолдану кезінде көліктер мен адамдардың да қауіпсіздігін қорғау деген жаңа проблемаға тап болдық. Өткен жылы (желтоқсан айында) көптеген адамдар СТГ-ны қолдану себепті жол апаттарына ұшырап, қаза тапты, - дейді Мансур Музаффар.
Пәкістан үкіметі СТГ-ны қолдану туралы заңды 1990 жылдың басында қоғамдық көліктерді арзандату үшін қабылдаған болатын. Таза жанатын, әрі арзан табиғи газ көпшілікті таситын автобустарға таптырмайын арзан жанар-жағар май ретінде ұсынылған еді.
Бірақ әл-ауқаты орташа көлік иелері соңғы жылдары бензин мен дизельдің бағасының төрт есеге қымбаттап кеткенін көрген соң осы сығымдалған табиғи газды пайдалануға көшкен.
Осылайша жекеменшік көлік иелерінің арасында СТГ-ға ауысу деген жаппай жарыс жүріп жатыр. Қазір Пәкістанда СТГ-мен жүретін жекеменшік көлік саны үш миллионнан асып кетті. Табиғи газды көлікке пайдалану жағынан Пәкістан әлем бойынша алдыңғы орынға шықты. Бұл өзгеріс елдің сырттан келетін жанар-жағар майға деген тәуелділігін азайтты. Одан бөлек СТГ-мен жабдықтайтын үш мың станция ашылып, жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындары пайда болды.
Бірақ, осы өзгерістің бәрі зор тәуекелмен жүзеге асып жатыр. Жекеменшік көліктің көбі табиғи газға сапасыз саймандармен көшіріліп жатыр.
Туындаған қауіп пен қатердің жан-жақты статистикалық есебін дәл келтіру мүмкін емес. Алайда желтоқсан айында пәкістандық БАҚ СТГ-ны жолаушылар таситын көлікте қолданудың кесірінен адам өліміне әкеп соқтырған үш оқиғаны хабарлады. Осы үш оқиға барысында газ цилиндр жарылып, өрт шалудан кем дегенде 24 адам қаза тауып, 27 адам жараланды.
Мұнай мен газ саласын бақылаушы органның Әли есімді жауапты маманы қауіпсіздік шараларын күшейту үшін әрекеттер жасалып жатыр дейді.
- Ішкі істер министрі Рехман Малик құрған арнайы топ СТГ бекеттері мен шеберханалары үшін қызмет көрсету стандарттарын жасады. Жолдың шетіндегі талапқа сай келмейтін материалдармен жұмыс жасап, көлік иелеріне қызмет көрсетіп жатқан жөндеу дүкендерінің бәрі таяуда жабылады, - деді Әли.
СТГ бекеттері газ тұтынатын қарапайым халықтың тарапынан да сынға ұшырап жатыр. Олардың айтуынша СТГ бекеттері ас үйде тұтынуға арналған табиғи газды көлікке ыңғайлап, қымбат бағамен қайта сатып, пайда тауып жатыр.
«Жекеменшік көлік иелеріне бұл отынды пайдалануға тиым салу керек»
- Әу баста біз бұл отынды қалтасы көтермейтін кедейлерге арнап шығарып едік. Бірақ қазір Prado мен Merсedes мінгендердің өзі арзан сығымдалған газды қолданатын болды. Бұл ұмтылыс сығымдалған табиғи газды балама арзан отын ретінде пайдалану мақсатына қайшы келеді, - деді Әли.
Бұл проблеманы оңай жолмен шешуге болады дейді Али. «Жекеменшік көлік иелеріне бұл отынды пайдалануға тиым салу керек».
(Мақаланы қазақ тіліне аударған - Сағынай Кәрім)