Шымкенттегі "Көмек" әлеуметтік орталығы 2017 жылдан бері жүздеген адамға уақытша пана болып, мыңдаған адамға құқықтық, психологиялық көмек көрсетіп келеді. Орталық қызметкерлері күн сайын түрлі тағдыр иесін тыңдайды, қабылдайды. Мамандар кейінгі жылдары қоғамда әйелдер мәселесін жасырмай айтуға, проблемамен күресуге бейімделе бастады дейді.
Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тұрғыны 28 жастағы Сәуленің (аты-жөні өзгертілді – ред.) төрт баласы бар. Үлкені 8 жаста, кенжесі 1 жасар. Бесінші баласына аяғы ауыр. Айтуынша, күйеуінен бірнеше жылдан бері зорлық-зомбылық көрген. Бір рет өзіне-өзі қол салмақ болып дәрі ішіп, әйтеуір ажалдан аман қалған.
"Шаршап кеттім. Шыдай беретін едім. Балаларым: "Мама, кетейікші" деген соң оларды алып үйден шығып кеттім", – дейді келіншек көзіне жас алып.
Сайрам ауданының тұрғыны 25 жастағы Нигора (аты-жөні өзгертілді – ред.) өзі мен үш баласының құжаттарын, киім-кешегін алып, үйінен шығып кеткен. Ол да күйеуінен зәбір көргенін айтты.
"Шыдамның да шегі бар. Ол өзгермейді. Енді қайта бармаймын. Өз күнімді өзім көремін", – деді ол ашуланып.
Ал Түлкібас ауданында тұратын 23 жастағы Жазираның (аты-жөні өзгертілді – ред.) екі перзенті де ерекше бала. Айтуынша, балалары мазасызданып жылағанда күйеуі ұрып-соғады екен. Соңғы рет таяқтың астына алғанда үйінен қашып шығуға мәжбүр болған.
Бұл бір күнде "Көмек" дағдарыс орталығынан жәрдем сұрап келген әйелдер. Олардың бар уайымы – балалары. Қайда барып, кімнен көмек сұрауды білмей шарасыз қалған аналарды орталық қызметкерлері жеке-жеке қабылдап жатыр.
Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген орталық директоры 60 жастағы Мәлика Жүсіпованың зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен олардың балаларына көмек беру ісіне араласқанына 20 жылдан асқан. Ол жұмысын "Қызыл жарты ай" қоғамынан бастап, кейін өзі "Көмек" дағдарыс орталығын ашқан. Өткен сегіз жыл ішінде орталық басына іс түскен 8 адамға көмектескен.
"Әйелдер зар жылайды"
"Көмек" дағдарыс орталығы 40 адамға шақталған. Онда әйелдер мен олардың балалары алты ай паналай алады. Оларға осы аралықта психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмек беріледі. Орталық мемлекеттен қаржылай көмек алмайды. Арнайы гранттар мен демеушілер есебінен жұмыс істейді.
Мәлика Жүсіпованың сөзінше, 2017 жылы отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдер дағдарыс орталықтарына келіп, көмек сұрауға намыстанып, ұялатын. Кейбірі басына орамал тартып, бетін бүркеп жауып алатын. Өз бөлмесінен шықпай, жасырынатындар да болған. Екі жылдан кейін ғана әйелдер өзі және балалары үшін ашық күресуді бастаған.
"Кейде қиын кейстер болады. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін білмейсің. Ерлі-зайыптының арасына түсу өте қиын. Келін – біреудің қызы, күйеубала да бір үйдің перзенті. Мәселе, көпшілік бір үйде тұрып жатқан ата-ене, бала мен келіннің бір отбасы емес, екі отбасы екенін айыра бермеуінде. Оларды бір "мемлекет" деп айта алмаймыз, олар екі бөлек "мемлекет". Осы екі отбасы біріне-бірі кіріспеу керек. Бізде ата-енемен жұмыс істеу қиын. Өйткені олар келінді бағынышты адам ретінде көреді", – деді Мәлика Жүсіпова.
Дағдарыс орталығынан көмек сұрап келетін әйелдердің дені Түркістан облысындағы елді мекендердің тұрғындары. Олар физикалық, психологиялық, экономикалық, сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар. Басым бөлігі өзіне қол салуға оқталғанын айтады.
"Алғаш келгенде депрессияға түсіп жүрген едім. Өмірден түңіліп кеттім. Өздігімнен күйзелістен шыға алмадым. Одан мені әрең шығарды. Қорқыныш әлі де бар. Өткен өмірімді есіме түсіргім келмейді. Жаңа өмір бастағым келеді", – деді дағдарыс орталығының психологы Перизат Қалдаровадан көмек сұрап келген әйел жыларман болып.
Психологтың сөзінше, орталыққа келетін әйелдердің барлығының дерлік балалары бар. Олардың жан-дүниесі күйреп, күйзеліп келеді. Жылдар бойы физикалық зорлық-зомбылық көріп жүрген әйел ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмейді. Өзіне-өзі сенімсіз бала күйге түскен дәрменсіз халде болады деді маман.
"Өмір сүргісі келмейді. Әйелдер бірінші кездесудің өзінде зар жылайды. Балалары үшін өмір сүріп жүргенін айтады. Балаларынан да безіп, не істерін білмей, оларды ұрып-соғып, агрессиясын шығаратын әйелдер де бар. Кейде психиатрдың көмегіне жүгінетін кездер болады", – деді Перизат Қалдарова.
Психологтың пайымдауынша, анасының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырауы оның балаларына ауыр соққы болып тиеді. Өкініштісі сол, ұрып-соғу, физикалық қорлау сияқты зорлық-зомбылықтың бәрі баланың көз алдында болады. Ата-анасының ажырасуы, туған-туыстарынан, достарынан алыстауы баланың жан-дүниесін дағдарысқа ұшыратады. Бұл өзгеріс баланы депрессияға түсіреді.
"Әкесі екі қызын зорлап келген"
Қорқыныш, үрейден күйзеліске түскен бала мен ананы орталық директоры мамандармен бірге өзі қабылдайды.Әрбірімен жеке-дара сөйлесіп, шағымын тыңдайды. Одан кейін 3 күн жеке қалдырып, ойлануға мұрсат береді.
– 2010 жылы бір әйел келді. Күйеуі қайтыс болғанын естігенде жылады, артынан күлді. Әйелдің алты баласы бар. Әкесі екі қызын зорлап келген. Анасы қарсы тұра алмаған. Өйткені өз әке-шешесі де, ата-енесі де әйелдің өзін кінәлаған. Қыздарыңа дұрыс тәрбие бермедің, күйеуіңмен қарым-қатынасың нашар деп айыптаған. Әйел өз уайым-шеріне тұншығып өмір сүрген. Сол әйел күйеуін жоқтамады, жаназасында көзінен жас шықпады. Жарымнан айырылдым деп өкінбеді. Керісінше, қуанды, – деді Мәлика Жүсіпова.
Дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері Нұргүл Бердібаева зорлық-зомбылыққа ұшыраған жасөспірім қыздармен жұмыс істеу өте қиын әрі ауыр екенін айтады. Оның сөзінше, бұл бүкіл бір отбасының күйреуі, психологиялық тұрғыдан өте қиын кезең.
Дағдарыс орталығының мамандары, әуелі әйелдерді күйзелістен шығару үшін олардың өмір сүруге сенімін арттыру керек деп есептейді. Себебі тұрмыста зорлық-зомбылық көргендер өз-өзіне деген сенімнен айырылғандар. Олардың дені жақын адамдарынан теперіш көрген. Кейде орталыққа көмек сұрап барған әйелдің күйеуі не туыстары келіп, оған күш қолдануға талпынады. Қызметкерлер мұндайда жедел полиция шақырады.
"Бізде бір әйел болды. Төрт қызы бар. Бесінші баласына аяғы ауыр. Дәрігерлер оның қыз болатынын айтқанын естіген күйеуі ұрып, енесі келінін қыздарымен қоса үйінен қуып шыққан. Әйел өзіне-өзі қол салып, ауруханаға түскен. Күйеуін шақырып сөйлестім. "Неге әйеліңді қорлайсың, аяғы ауыр адамды үйден неге қуасың?" дедім. "Маған ер бала керек. Күшік, күшікті туа береді" деді. Екінші бір оқиға әлі есімнен кетпейді. Әкесі қызын зорлаған, анасы қызына сенбей ұрып-соққан. Мұны естігенде ата-анасынан айырып, орталыққа алып келдім. Орталық қызметкерлеріне бауыр басып қалғанымен, қыз күрсіне берді. Басынан қандай қиындық өтіп, қорлық көрсе де отбасын іздеп тұрды. Баланы ата-анасынан айыру өте қиын", – деді Мәлика Жүсіпова.
Дағдарыс орталығында жұмыс істейтін мамандар күнделікті түрлі тағдыр иесімен бетпе-бет келеді. Мәлика Жүсіпова бір кезеңде өзгеге көмектесемін деп, өз отбасына жөнді көңіл бөлмей қалғанын, ол қателігін бірер жылдан кейін түсінгенін айтады. Осы теңдіктің маңызын түсінген әйел әлі де тұрмыста зәбір, зорлық-зомбылық көргендерге демеу болуды жалғастыратынын айтады.
Бас прокуратураның дерегінше, 2024 жылы Қазақстанда әйелдерге қатысты "Адам өлтіру" бабымен – 137, "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабымен – 191, "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" бабымен – 594 қылмыстық іс тіркелген. 198 әйел өзіне қол салған.
ПІКІРЛЕР