Павел – Луганск облысындағы Антрацит қаласының тумасы. Ал Денис Донецк қаласында дүниеге келген. 25 сәуір күні Донецкіден Киевке бара жатып, сепаратистер басып алған Славянск қаласында не болып жатқанын білмек болған екеуін аңдамай айтқан сөзі үшін сол кездегі «халықтық мэр» – Пономаревтің (кейін оның өзін Стрелков тұтқындаған) адамдары ұстап алып, сепаратистер басып алған Славянскідегі Украина қауіпсіздік кеңесі ғимаратына апарған. Онда екеуін соққыға жыққан. Украина әскері Славянскіні сепаратистерден босатқанға дейін Павел мен Денис әуелгіде қауіпсіздік кеңесі ғимаратының жертөлесінде, кейін қалалық милиция бөлімшесінің тергеу абақтысында қамауда отырған. Қазір олар Киевте психологиялық реабилитация курсынан өтіп, денсаулықтарын қалпына келтіріп жатыр. Павелге операция жасату керек болады – қамауда отырғанда мұрнын сындырған.
Павел Юров пен Денис Грищук Азаттық радиосы Орыс қызметінің тілшісі Дмитрий Волчекке Славянскіге жоспарлаған қысқа саяхаттарының қалайша 70 күндік тозаққа айналғанын айтып берді.
Денис Грищук: – Бәрі екеуміз тамақтанып алуға кірген кафеде басталды. Біз планшеттен жаңалықтар қарап отырғанда бір әйел не жаңалық барын сұрады. Мүмкін, оған Украинаның біртұтастығын қолдайтынымызды аңғартатындай бірдеңе айтқан болармыз, қазір анық есімде жоқ. Олар бізге «бандерашылар» деп айқайлай бастады. Біз оларға паспорттарымызды көрсетіп, осы аймақтың адамдары екенімізді айттық. Олар бізге «бұны сатып алғансыңдар» деп айқайлауын қоймады. Біз жиналып, шығып кеттік. 300 метрдей ұзағанымызда қарулы адамдар тоқтатып, мэрдің бұйрығымен тұтқындалғанымызды айтты. Олар бізді қауіпсіздік кеңесі кеңсесіне апарды. 9 мамырға дейін сонда жөртөледе ұстап, одан кейін уақытша ұстау изоляторына алып кетті.
– Сіздерді барлығынан күдіктенгендей «Оңшыл сектор» мүшелері деп ойлады ма? Әлде Киевтен келген тыңшылар деп қабылдады ма? Жиі тергеді ме?
Денис Грищук: – Олар бұны әртүрлі атайтын: бірде «Оңшыл сектор», бірде Майданның координаторы. Олар менен Майданда түсірілген видеоны тауып алды, бұл – енді басталып жатқан кезі болатын – шамамен қараша-желтоқсан айларында. Телефонымнан харьковтік Еуромайданның бір дерегін тауып алған кезде қатты ашуланды. Олар өздерін қолдамағанның бәрін «тыңшы» деп қабылдайтын. 26 сәуір күні тергегенде білетінімнің бәрін айттым. Олар ақпаратты тексеруге кеткен, ештеңе таппаған болар, сірә. Бұдан соң ештеңе сұраған жоқ.
– Туған-туыс, жақындарыңызбен кездесуге рұқсат бермеді ме? Неге? Бұған себеп болды ма? Әлде жай қанішерліктен осылай етті ме?
Денис Грищук: – Жоқ, бұл мәселеде олар айтқанынан қайтпады. Біз олардан қалай болса да туыстарымызбен байланысуды өтіндік. Бірақ олар бізге тыйым салынғанын айтты: «кейбіреулерге ондайға рұқсат беріледі, ал дәл сендерге – болмайды» деп түсіндірді.
Павел Юров: – Үшінші не төртінші күні жақындарымызға қысқа хат беріп жібермек болдық. Бір жолдасты босату керек болған, біз оған телефон номерін бердік. Достарымыз туыстарымызға аман екенімізді, қауіпсіздік кеңесінде отырғанымызды жеткізсін дегенбіз. Күзетшілер бұны біліп қойып, осы үшін бізді 12 сағат бойы ұрып-соқты.
– Мұрныңызды сол кезде сындырып па еді?
Павел Юров: – Мұрнымды қауіпсіздік кеңесінің аумағына алғаш кіргізгенде-ақ бірінші соққыда сындырған. Заттарымыздың тізімін жасап жатқанбыз, кенеттен мұрнымнан қатты соққы алдым. Қан жауып кетті, мен аң-таңмын. Сосын бізді гаражға сүйреп апарып, аяқ-қолды аямай жұмсап сілейте сабады. Басымыздан, денемізден ұрды. Денистің қолын кесіп жіберді. Әдейі ме, байқамай жасады ма – оны білмедім. Әлдебір медицина қызметкерін шақырды. Ол бір жағынан қолын таңып жатса, екінші жағынан оны қабырғасынан ұрып жатты. Маған да дәл солай жасады: мұрным қанамасын деп мақта салып жатқанда, арқамнан соғуды тоқтатқан жоқ.
Нешетүрліні айтып қорқытты: құлағымызды кесіп аламыз деді, қайдағы бір Гоги келіп, бізді зорлайды деп те айтты, шалбарымызды шешіп тастамақ болды. Бұл – бізді енді ғана ұстап, жертөлеге қамаған кеште болған жайттар. Сосын қысқа хатты беріп жібермек болған күні бір садист «жолдастың» кезегі еді. Ол 15 минут сайын келіп, еш себепсіз иықтан, бүйірден, қабырғадан, тізеден жуан таяқпен (дубинка) ұратын. Ал аптаның басқа күндері денемнің әр жерінен бір-екі соққы алатынмын – жай «профилактика үшін» десе де болады.
Бізді алғаш келгенде қабылдағандардың біреуі жертөлеге түскенде: «Әлі отырсыңдар ма? Онда, мә сендерге!» дегендей ұрып-соғып кететін. Мамырдың 4-і күні Славянск түбінде шайқас болғанда әлгілердің біреуі жүгіріп келіп, «бүгін командирімді өлтірді» деп әлденелерді айта бастады. Сонда қамауда отырған «Днепр» батальонының мүшесі бар еді, соны аяусыз ұрып, ауыр соққыға жықты.
– Түрмеде отырғандармен сөйлесуге мүмкіндік болды ма? Олар сіздермен тіл қатысты ма?
Денис Грищук: – Иә, біз өзімізді күзеткендермен сөйлесетінбіз. Олар бізді сондағы барлық жұмыстарға жекті: Паша екеуміз тамақ тараттық, қауіпсіздік кеңесі ғимаратының аумағын тазаладық, сосын қалалық бөлімде терезелерді сырладық, едендер пен камераларды жудық. Кейбірі тіпті: «Сендердің еш айыпсыз отырғандарыңды білеміз, бірақ тағы отыра тұруларың керек» дейтін.
Павел Юров: – Бұл оқиғалардың бәрі маған театрды елестетеді. Бұған дейінгі шайқастардың реконструкциясын ұйымдастырған Стрелковтың өзі де сондай әсер қалдырды. «Штрафбатқа» барған жігіттер окоптар қазғанын, бекіністер жасағанын, шайқас көрінісін жасайтын тағы бірдеңелер тұрғызғанын айтқан еді.
Шынайы соғыс жағдайында ондай окоптар мен бекіністер ешкімді қорғай алмайды. Тұтқында болғанымызда бұл сұмдық театрдың ішкі жағына куә болдық. Ол – сондағы тұтқындарға бағытталған болатын. Біз кепілдегілерді «Донбастың еркін емес конвертацияланатын валютасы» деп атайтынбыз. Яғни кепілдегі адамдарды тағы біреулерге айырбастауға, оларды қалқан ретінде пайдалануға, қажет болғанда оларды әлдебір іске тығып жіберуге, осылайша олардан қандай да бір пайда көруге болатын еді. Олардың негізінен белсенділік танытып жүргендері арасында қаражаяуы да, ұры-қары, қылмыскері де, сол сияқты бұрынғы милиция қызметкерлері, әскерилер, есірткінің ауыр түрін пайдаланатындар да бар еді.
– Есірткінің ауыр түрін пайдаланды дедіңіз. Олар түрмеде сіздің көзіңізше ине шанышты ма?
Павел Юров: – Мен есірткіге бөгіп алған адамдарды да көрдім. Жігіттер первитинді шприцтер мен «винт» деп аталатын есірткі әзірлеуге қажетті түрлі ингредиенттерді көрген. Меніңше, тылдағылар есірткі қолданатын, себебі олардың айналысатын істері болмайтын. Ал әртүрлі тапсырмалармен шығатындары құдды бір каунтерстрайк ойнап жүрміз деп ойлайтындай: айналадағы оқиғаны бірнеше өмірім бар деп қабылдап, есінен ауып кеткен адамның қылығын жасайтын.
– Сіздермен бірге тағы кімдер отырды?
Павел Юров: – Жай машинада кетіп бара жатқанда ұсталғандар да отырды, сол сияқты дәл осы жасақты қолдауға келгендер де отырды: оларды құжаттары болмағандықтан не мас болғандықтан, күдікті деп бәрін қамай берген. Оң жағымызда Артемовскіден келген қылмыс әлеміне танымал біреу отырды. Сол жағымыздағы – қала деңгейіндегі жергілікті олигарх-бизнесмен еді. Үш күн бір поп отырды, оны баррикадада мас күйінде екі мың гривнамен ұстап алған көрінеді. Екі күн америкалық кришнаит отырды, ол күнде мантралар айтатын. Жасақшылардың өздері де отырды. Бізді қауіпсіздік кеңесі үйінен алып кеткен соң, екі аптадан кейін бізді күзетіп алып жүрген адамды қамап қойды. Ол біз босатылғанға дейін қамауда отырды. Қарапайым тұрғындар да отырды. Көлігімен жүріп, айналада көргенін фотоаппаратқа түсірген бір әйелді ұстап әкелді. Олар бәрінен бұрын суретке түсіретіндерді жаратпайтын. Ұсталған әйелдің украиналық және ресейлік екі паспорты болды. Ол апта бойы айғай-шу шығарумен болды: айқайлады, тәрелкені қабырға мен есікке лақтырды. Ақырында олар оны Донецкідегі бір психикалық ауруханаға ауыстырып жіберді. Шайқас алаңында қолға түскен украина әскерилері отырды. Журналистер отырды: РИА Новости, Russia Тoday журналистері, украиналық журналистер. Қауіпсіздік кеңесінің жертөлесінде журналист Сергей Лефтер де болды.
Денис Грищук: – Бізбен Қызыл Лиманда тұратын Игорь Опря есімді студент те отырды. Ол ата-анасына демалысқа бара жатып, қауіпсіздік кеңесінің жанынан өткен. Оны 2 мамыр күні тұтқындаған, бізбен бірге босатылды. «Свобода» партиясынан Вячеслав Маланчукты да ұзақ ұстады. Нелли Штепаға дейін басқарған Славянск мэрі – Валентин Рыбачук те отырды. Ол бізге қарама-қарсы отырған. Оны босату үшін төлем талап етті.
– «Халықтың мэрі» Пономаревті тұтқындағанда сіздердің жандарыңызға отырғызбады ма?
Денис Грищук: – Жоқ, оны жолдың ар жағындағы аудандық милиция бөлімінде қамауда ұстады. Қалалық кеңесте бізге осылай айтты. Бұны «мэрлер үшбұрышы» деп атаса да болады – әр ғимаратта бір экс-мэрден отырды.
– Пономаревті алып тастағанда, сепаратистер билігінің ауысқанын сездіңіздер ме?
Денис Грищук: – Біз камерамыздан, қалалық бөлімнен әрі не болып жатқанын білген жоқпыз. Бізге жеткен ақпарат мардымсыз болатын, сондықтан биліктің ауысқанын білмедік. Тек кімнің президент болып сайланғанын және бітім уақытын ғана білдік, бұны олар өздері айтатын.
Павел Юров: – Көңіл-күйлерінің өзгергенін ресейшіл референдум іске аспай қалған соң байқадым. Ресей олардан бас тартып, бойларын сенімсіздік билегенде олар бұрынғыдан бетер қиялдай бастады. Күзетші бізге келіп, енді Украинаның жоқ екенін, өздерінің «Киев пен Львовке танкілермен жететінін айтатын. Бір офицер Киевті тонауға үш күн беретінін айтты. Бірақ бұрынғыға қарағанда өздеріне сенімсіздеу болатын. Дегенмен, бұлар – «жоғалтатын дәнеңесі де жоқ» контингент еді. Олар соңғы сәтке дейін қолға түскеннің бәрін өздеріне тыққыштап, шілденің 4-і күні қашып кетті. Янукович те дәл осылай етті ғой: соңғы сәтке дейін тонап, қысымды сезінгенде қашып кеткен еді. Бір қызығы, бұлар да Януковичке қарсы болғандарын, Януковичтің демократиялық жолмен алмасқанын қалағандарын айтады. Сірә, бұл «бізге қанша жерден ұнамаса да паханның аты – пахан» дейтін менталитетке байланысты мәселе шығар.
– Ал Путинді де «пахан» ретінде қабылдаушы ма еді?
Павел Юров: – Жоспарлары іске аспай қалған соң, алдымен қауіпсіздік кеңесінде, сосын қалалық бөлімде тұтқындардың бәрі үшін жауапты болған күзетші Путинге де қарсы пікір білдіре бастады. Бір кезде ол «орыстар, украиндар, белорустар деген дұрыс емес, славяндар деген біртұтас халық бар, сондықтан славян әлемі болуы керек» деуге көшті. «Киевтегілер – неонацистік хунта, Ресейде, Мәскеуде де сатқындар бар, бірақ біз бір полюстен екінші полюске дейін созылатын Новороссия құрып жатырмыз» дейтін. Бұны саяси және экономикалық тұрғыдан қалай іске асырмақшы екендерін білгім келіп ұзақ ойландым. Бірақ, сен қамалған камераны күзететін әрі қолтығына пистолет қыстырған адаммен пікір таластыру оңай емес қой.
Сонда күштеп, мәжбүрлегендіктен жұмыс істеген адамдар да болды. Мысалы, тамақ әзірлеген аспаз әйелдерді немесе асүйде картоп тазалап, қазан тасыған жігіттерді де бізбен бірге ұстады, оларды да тұтқын деуге болады. Жаңағы айтқан «штрафбатқа» (айыптылар батальоны - ред) Славянск айналасында окоп қазуға және минометтерге арналған бекіністер жасауға адамдарды мәжбүрлеп жұмсайтын. Олар кетерден үш күн бұрын бір жігіттің қан-қан аяғы мен қанға боялған еденді жуғанмын. Ол жігіт Славянск қаласының 25 жастағы тұрғыны еді, соның үйіне келіп «жасағымызға қосыл» деген. Ол бас тартқан соң аяғынан атып, түрмеге алып кеткен. Бомбалардың астында өлуге дайын еріктілері қалмағанда олар осылай жұртты күштеуге көшкен.
– Тұтқындар мен «штрафбатты» қандай принцип бойынша бөлетін?
Денис Грищук: – Ұсталғандардың барлығын камераға отырғызатын, сосын қайдан және неге келгендерін, өздері айтпақшы «айыбының ауырлығын» анықтайтын. Сосын біреулерін 10, біреулерін 20, тағы біреулерін 30 күнге, ал кейбіреулерді тіпті мерзімсіз уақытқа «штрафбатқа» жіберетін. Оларға аулаға шығуға рұқсат болды, оларды камераға жауып қоймайтын. Бірақ қалай дегенмен олар тұтқындар еді, еркіндіктері шектеулі болатын.
– Көбісін бір-екі күннен кейін жібере салыпты, ал сіздер бәрінен ұзақ отырдыңыздар – бақандай 70 күн. Неліктен сіздерді жібергісі келмеді?
Павел Юров: – Себебі біз үшін барлық жақтан қорғаушылар шыға бастады. Украиналықтар да, Қауіпсіздік кеңесі де, жергілікті донецкілік билік те, орыстар арқылы да келісімге келгілері келді. Мәдениет қызметкерлері де хат жолдады. Таныс актерлер де мәскеулік әріптестерімен келісіп, бірдеңе шешкілері келді. Бізді ұстап отырғандар біздің құнымызды біле алмай дал болды. «Бұл жігіттер айтарлықтай маңызды тұлғалар емес сияқты, бірақ бәрі солардың сөзін сөйлеп жүр, сонда бұлардың бағасы қандай?» деген сұраққа жауап таба алмады. Сондықтан олар бізді соңғы сәтке дейін ұстады. Маусым айында олар бізді гуманитарлық көмекке айырбастағылары келді, бірақ ақыр соңында одан ештеңе шықпады. Бұлар – жартылай әскери топтар, әрқайсысы өз бетінше жұмыс істейді. Сондықтан әрқайсысы өз шешімін ғана іске асырады.
– Сол 70 күн ішінде ең қорқыныштысы не болды?
Денис Грищук: – Туыс-туған, достарымды қаншама уайымға салып қойдым-ау деген ой зердемді жегідей жеді, бәрінен де сол ауыр соқты.
Павел Юров: – Мен үшін ең үрейлісі жертөледе болды: алғашқы есеңгіреуден соң, ес жиған кезімде айналамда не болып жатқанын барлап-бақылай бастадым. Себебі, мен мұның адами тұрғыдан да, режиссерлік тұрғыдан да бірегей тәжірибе екенін ұқтым. Қандай да бір диалогтарды, көріністер мен оқиғаларды, қайшылықтар мен қақтығыстарды қадағалап, есте сақтауға тырыстым. Ең қорқыныштысы «Ал осының барлығын ешкімге айта алмасам, көрсете алмасам ше?» деген ойдың жылт еткен кезі еді. Өйткені мен, біріншіден, олар бізді атып тастайтындарын айтып қанша айқайлағанымен, мұны жасамайтындарын және оған себеп те жоқ екенін қисынмен түсіндім, бірақ екінші жағынан, бұлар – басқаруға көнбейтін жандар, әрқайсысының оқ ататын қаруы бар. Не болары мүлде түсініксіз. Бізді ұзақ уақыт бойы ұрып-соққан кезде, шынымен де өлтірулері мүмкін деген ой қайта келді. Бірақ, босатылардан бұрын, қалалық бөлімде отырған соңғы бір жарым-екі аптада тіпті күн сайын таңертең медбике келіп, денсаулығымызды тексеріп тұрды.
– Тұтқындағы соңғы күндер қалай өтті және сіздерді қалай босатты?
Денис Грищук: – Паша екеуімізді штрафбатқа жібермеді, бізді тек айырбастайтындарын, оқ астында жүгіріп жүрудің қажет еместігін айтты. Ал біздің камерадағы Игорь мен Ярославты жіберді, ол жерде оларды бомбалаған, олар окоп қазған. 4 шілде күні АТО (үкіметтің терроризмге қарсы операциясы - ред.) күштерінің қалаға жақындағанын, енді аз уақыттан соң әскердің Славянскіде болатынын айтты. Дәл 6 сағаттан соң түрмедегілер шұғыл жиналды. Барлық камераларды, терезелердегі желдеткіштің барлығын жауып тастады, камераларда өте қапырық болды. 20 минуттан соң біз машиналардың қалалық бөлімнен шыға бастағанын естідік. Кейінірек, шамамен түнгі сағат бір кезінде бізге камераны жергілікті славян олигархы ашты, олар оны "олигарх" деп атайтын, оның өз бизнесі болатын, ол да екі ай бойы бізбен бірге отырған. Ашты да бізгеі: «Олар қашып кетті, бұл ғимараттан кету керек, себебі шабуыл жасалуы мүмкін» деді. Біз тамақ тарататынбыз, сондықтан өзге камералардың кілттерін алу мүмкіндігіміз болды. Барлық тұтқындардың камераларын аштық, штрафбаттың 40 адамын босатып, ғимаратты тастап шықтық. Киевпен байланыстық, бізді АТО басшыларымен жалғады, олар бізге қайда бару керектігін, бізді қай жерден алып кететіндерін түсіндірді. Таңертең украиналық әскерилер келіп, бізді блокпостыға жөнелтті: одан соң Изюмге, содан кейін Харьковке, ал содан соң Киевке жеттік.
– Қазір тергеу жүріп жатыр ма, сіздерден Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) жауап алды ма?
Денис Грищук: – Біз бостандыққа шыға салысымен Изюмде жауап берген болатынбыз. Әзірге СБУ-ға шақырған жоқ. Біз Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотына талап-арыздар берумен шұғылданатын құқыққорғаушылармен бірге Ресейге қарсы жұмыс жасап жатырмыз. Әзірге ес жиып, емделіп, айналамызға бой үйретуге тырысамыз, өйткені ол жерге қарағанда, бұл жерге бейімделу қиынырақ болып шықты.
Павел Юров: – Мен талап-арызбен әлі танысқан жоқпын, бірақ мұның халықаралық инстанциялар арқылы өтетініне ырзамын. Бұл, менің ойымша, еуроинтеграцияға оң ықпалын тигізеді. Біз құқықтық істерді Еуропамен бірлесіп көбірек жүзеге асырған сайын, соғұрлым Ресейден алысырақ бола түсеміз.
– Ең алдымен Ресей кінәлі деп санайсыз ба?
Денис Грищук: – Мен барлығы кінәлі деп санаймын. Барлық кінәні біреуге - ол Ресей ме, олигархтар ма, бандеровшылар немесе Украинаның шығысы ма - аудара салуға болмайды. Бұған барлығы кінәлі. Меніңше, қоғамдағы қолға қару алуға себеп болған осындай жіктелуге дейін жеткізген өзіміз де кінәлі сияқтымыз.
Қазақшаға ықшамдалып аударылған сұхбаттың орыс тіліндегі толық нұсқасын мына жерден оқуға болады.