Өзбекстанда үкіметке наразылық білдіріп шығу - өте сирек кездесетін құбылыс. 2005 жылы қауіпсіздік қызметкерлері елдің шығысындағы Әндіжан қаласында болған наразылықты күшпен басып, салдарынан жүздеген адам қаза тапқан. Елде қазір болып жатқан наразылыққа қараша айында Өзбекстанның бірқатар өңіріндегі электр тапшылығын сезініп отырған тұрғын үйлер мен кәсіпорындардың күн суытқан шақта табиғи газсыз қалуы себеп болған. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметі - Озодлик радиосы хабарлады.
Желтоқсанның 1-іне арасында бірнеше әйел бар наразылар тобы Қарақалпақстан автономиялық республикасы Бустон қаласындағы даңғыл жолды жапты. Азаттықтың Өзбек қызметіне келген видеода Елікқала ауданының әкімшілік орталығында наразылардың жол үстіне ағаш жағып, көлік қозғалысын бөгегені көрінеді.
Наразылыққа қатысқан жергілікті тұрғындардың біразы Азаттық тілшісіне жиналғандар әкіммен кездесуден кейін тарағанын айтқан.
- Біз ол жерде шамамен екі сағаттай тұрдық. Кейін әкім мен полиция келді. Олар "барлық жерде газ тапшы болып отыр. Бұл мәселені шешуге тырысып жатырмыз" деді. Осыдан кейін жиналғандар тарай бастады, - деді аты-жөнін атамауды сұраған наразылардың бірі.
НАҚТЫ ЖАУАП ЖОҚ
Аты-жөнін айтудан бас тартқан жергілікті билік өкілінің сөзінше, наразылықтан соң желтоқсанның 2-сі күні аудан әкімдігі мәселені шешу үшін барлық сала шенеуніктерін жинаған. Азаттық тілшісінің Бустондағы ақпарат көзі наразылықтан кейін газ тарату біршама жақсарғанын айтады.
Өзбекстандағы ақпарат құралдары ел астанасы Ташкентте президент Шавкат Мирзияев пен премьер-министр Абдулла Орипов шенеуніктерді энергетикалық дағдарыс үшін сынағанын жазды. Бірақ үкіметтің бұл мәселені шешу үшін нақты қандай шараларды қолға алғаны белгісіз.
Билік басындағылар энергетикалық дағдарысқа не себеп болғанын айтқан жоқ.
Премьер-министр Орипов елдің бірқатар аймағында табиғи газ бен электр жарығы мүлде берілмей немесе өте аз мөлшерде беріліп отырғанын растады.
Қарашаның 28-і күні Орипов "Тұрғын үйлер, мектептер мен ауруханаларда энергетикалық дағдарыс болып жатқан кезде, электр жарығы мен газ тарату жұмысына жауапты шенеуніктер жылы кеңсесінде отыр" деген пікір айтты.
ХАЛЫҚ НАРАЗЫЛЫҒЫ
Желтоқсанның 1-іне Бустонда өткен наразылық шарасынан үш күн бұрын Қарақалпақстанның Нөкіс ауданындағы Шортанбай ауылының 70 тұрғыны жолдың ортасына от жағып, көлік қозғалысын бөгеген.
Ауыл тұрғындары табиғи газ тапшылығына наразылығын осылай білдірген. Өзбекстан ақпарат құралдарының дерегінше, наразыларға энергетикалық дағдарыс себептерін түсіндіріп, мәселені шешу жолын ұсынуға аудан әкімі, бас прокурор мен "Қарақалпақстангаз" акционерлік қоғамының басшысы келген.
Шенеуніктер халыққа ауылға тартылған газ құбырының 16 километр бөлігін жөндеу қажет екенін айтқан. Жергілікті билік әлеуметтік жағдайы төмен 420 отбасының әрқайсысына 500 килограмм көмір, 2 газ баллонын және 10 арба ағаш берген.
Соңғы күндері осыған ұқсас наразылықтар Әндіжан, Ферғана және Сырдария облыстарында болған.
Қарашаның 28-і күні наразылар Далварзин мен Олтынкүл аудандары арасындағы жолды жапқанда Әндіжан тұрғыны "Үйімізде электр жарығы мен газ жоқ. Жұрт соған ашулы" деген пікір білдірген еді.
- Қала билігі наразыларға мәселені шешуге уәде берген. Үкімет берген уәдесін орындамаса, халық қайтадан көшеге шығамыз деп отыр, - дейді ол.
"Адамдар бұдан ары шыдай алмайды" деді аты-жөнін атамауды сұраған тағы бір азамат.
"ӨЛІМ МЕН ӨМІР МӘСЕЛЕСІ"
Ферғанада бір топ тұрғын Баркамол ауданындағы 29 тұрғын үйге табиғи газдың жеткіліксіз мөлшерде беріліп отырғанына шағынып, қала әкімдігі алдына жиналды. Наразылардың бірі Азаттық тілшісіне "Кей пәтерде газ мүлде жоқ. Ал кейбірінде газ қысымының төмендігі соншалық, шай қайнатып ішу мүмкін емес" деді.
Ферғана билігі тұрғындармен кездесуден кейін жағдайды реттеу үшін қажет шаралар қабылдағанын айтты.
Қарашаның 27-сі күні елдің оңтүстік-шығысындағы Сұрқандария аймағында ауа температурасы минус бес градусқа дейін суытқан. Жергілікті тұрғындар пәтерде тұратындардың үйін жылытуға мүмкіндігі болмағанын айтады.
Сұрқандария облысында газ тарату қызметімен айналысатын шенеуніктердің бірі "Аурухана, мектеп пен емханалардағы газ тапшылығы өлім мен өмір мәселесіне айналып отыр" деді.
Аты-жөнін жария еткісі келмеген шенеунік Сұрқандарияда шекара қызметі сияқты энергиясыз қалдыруға болмайтын стратегиялық маңызды нысандар да барын айтты.
ПІКІРЛЕР