Зойир Мирзаевты біреу білсе, біреу білмес. Алайда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевке жақында Қашқадария облысының жаңа басшысы болып тағайындалған бұл адамның билікте болғаны керек сияқты.
51 жастағы Зойир Мирзаевтың аймақ басқарудан тәжірибесі бар. Ол 2010 жылдан 2016 жылға дейін Самарқан облысының әкімі (хоким) болып қызмет атқарған.
Бірақ осыдан бір жыл бұрын ол өзбек үкіметін "масқара" қылды деп жаманатты болды. Әлеуметтік желілерде мақта алқабындағы арықта тізеден асатын суда жүзін төмен салып тұрған, қолында кітап-қағаздары бар алты ер адамның суреті тараған. Оларды сол кездегі премьер-министрдің орынбасары, оның алдында ауыл және су шаруашылығы министрі болған Мирзаев осылайша жазалаған.
Мирзаевтың пікірінше, бұл алтауы осы өңірде бидай түсімі нашар болғанына кінәлі деп танылған. Елдің айтуынша, олар жарты сағат бойы арықта су кешіп тұрған.
Президент Шавкат Мирзияев өзіне дейін елді басқарған марқұм Ислам Каримовтың кезіндегідей әкімшіл-әміршіл тәсілмен жұмыс істеткізу тәжірибесінен бас тарту қажеттігі туралы бірнеше рет мәлімдеген. Каримовтың билігі тұсында жұртты жаппай мақта теруге мәжбүрлеп, әйелдер мен балаларды да жұмысқа еркінін тыс жегетін. Жоспарды орындамаған фермерлер жазаға ұшырайтын, кейде оларды жергілікті шенеуніктер ұрып-соғатын.
2003 жылдан бастап Өзбекстан үкіметін басқарған және жүйенің қалыптасуына елеулі үлес қосқан Шавкат Мирзияев 2016 жылы ел президенті қызметіне кіріскен кезде әлгіндей әдіс-тәсілмен билікті асыра пайдалануды доғаруға уәде еткен болатын.
Өткен жылы лауазымды шенеуніктің фермерлерді арықтағы суға тұрғызып қойып жазалағаны жайлы халықаралық басылымдар, соның ішінде Азат Еуропа / Азаттық радиосы мен ВВС де хабарлаған.
2018 жылы қазанның 29-ы күні президент Мирзияев "елеулі кемшіліктер" жіберген премьер-министрдің орынбасары Зойир Мирзаевты қызметінен босатқан. Президент үкіметтің "мәжбүрлеп жұмысқа салуға" немесе ауыл шаруашылығындағы еңбек туралы заң талабын бұзатын кез келген әрекетке төзбейтінін мәлімдеген. Үлкен шу туғызған бұл оқиға Өзбекстанды бұрынғы әдеттен арылып, жаңаруға бет алған ел ретінде көрсетуге тырысқан Мирзияев үкіметіне оңбай тиген соққы болды. Осыдан кейін өзгелерге Зойир Мирзаевқа енді билікте орын жоқтай көрінген.
Бірақ ол бар болғаны бір апта ғана жұмыссыз отырды. 2018 жылы қарашаның 7-і күні Зойир Мирзаев Жизақ облысындағы Шараф Рашидов ауданының басшысы болып тағайындалды. Әрине, бұрынғыдан әлдеқайда төмен қызмет, бірақ биліктегі іс-әрекетіне жұрттың наразылығы басылмай жатқан шақта шенеуніктің жамбасына "жұмсақ орын" тиді. Жизақ облысы – президент Мирзияевтің туған өлкесі (ол Заамин ауданында дүниеге келген). Мирзияевтің өзі бұл аймақты 1996 жылдан 2001 жылға дейін басқарған. Ал Мирзаевтың басы дауға қалған кезде, айғай-шу басылғанға дейін оны қауіпсіз жерге жіберуді жөн көрді.
Екеуі бір-бірін кемінде 20 жылдан бері таниды. Мирзаев 2001 жылдан 2003 жылға дейін Самарқан облысының қаржы бөлімін басқарған, шамамен сол кезде Мирзияев осы аймаққа жетекшілік етті.
Мирзияев пен Мирзаевты не байланыстырады? Ол жағы беймәлім. Бірақ Өзбекстанды Мирзияев басқарып тұрған кезде биліктің бір пұшпағын Мирзаев та ұстап жүреді деп болжам жасауға негіз бар тәрізді.
(Автордың пікірі Азат Еуропа/Азаттық радиосының көзқарасын білдірмеуі мүмкін.)
ПІКІРЛЕР