Accessibility links

Әлемдік саясатта Ресей мен Иранның орындары алмаспақ


Иран президенті Хассан Роухани (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер башыларының жиынында. Душанбе, 12 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Иран президенті Хассан Роухани (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер башыларының жиынында. Душанбе, 12 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ұзақ жылдар әлемнен оқшау қалып келген Иран ««зұлым ел» айдарынан құтылғалы жатса, ондаған жылдар Батыспен әріптес болғансып келген Ресей ол санатқа қосылғалы тұр.

Венада шілденің 14-і күні Тегеран мен «алтылық» арасында қол жеткен келісім бойынша, ядролық бағдарламадан бас тартқаны үшін Иранға салынған халықаралық санкциялар алынатын болды.

«Мәскеу бұл келісімді қуана құптайды, енді әлем «үстінен жүк түскендей терең тыныстаса болады» деді Владимир Путин.

Алайда, жақын уақытта Кремльдің өзі Иранның кебін киюі мүмкін. Келісімге алып келген келіссөздердің қатарында болса да, Мәскеудің бұдан жоғалтары көп.

«МҰҢДАСТАР ДОСТЫҒЫ» АЯҚТАЛА МА?

Ең алдымен бұл келісім Ресей мен Иран арасындағы ерекше қарым-қатынасқа зиянын тигізеді. Батыс билеп-төстеген әлемдік тәртіпке деген ортақ наразылықты ұтымды пайдаланған Мәскеу Тегеранмен әмпей-жәмпей болып келген. Иранның қазір Батыспен қарым-қатынасты жақсартуға ұмтылып отырғанын ескерсек, ендігі жерде мұндай «мұңдастар достығын» сақтап тұру қиынға соғары анық.

Жақында Reuters агенттігінде шыққан мақаласында «Кремльдің сыртында: жаңа Ресей империясы» кітабының авторы Агниа Григас пен Таяу Шығыс жөніндегі маман Амид Ханджани «Батыстың қазір Мәскеудің гегемониялық амбициясының негізінде құрылған Иран мен Ресейдің жасанды альянсын таратып, Иранды ғаламдық экономика кеңістігіне қайтаруға мүмкіндігі бар» деген еді.

Батыстан бөлектеніп қалған Тегеран Мәскеудің құшағына құлай кеткен. Дамыған елдердің үлкен сегіздігіне мүше болып, Батыспен конструктивті қарым-қатынаста тұрған кезде Ресей Иранның халықаралық қауымдастықтағы жанашыры әрі қорғаушысы болып келген еді.

Енді міне, Иранды оқшаулау аяқталды, ал Ресей болса Украинаны аннексиялап алғаны үшін әлемдегі «зұлым елдер» қатарына қосылды. Осындай жағдайда бұл екі елді жақындастырып тұрған іргетас сөгіліп барады.

«Бұл жолғы Ресей-Иран альянсы нағыз әріптестіктен гөрі мәжбүрліктен болған некеге көбірек ұқсады» деген зерттеушілер Григас пен Ханджани тарихта Мәскеу мен Тегеранның арасы күрделі болғанын еске салады. Сарапшылардың айтуынша, «энергетика, сауда және ядролық отынды бейбіт мақсатқа пайдалану салаларында ынтымақтасатын Иран үшін енді «мүдделерін қорғауға ат салысатын» Ресейдің қажеті шамалы» болмақ.

ГАЗ ОЙЫНЫ

Мұнда және бір түйткіл бар. Ол – мұнай мен газ мәселесі. Ресей мен Иранның халықаралық қауымдастықтағы рөлдерінің ауысуы олардың арасындағы әріптестіктің түп негізін жоятын болса, энергетика нарығы оларды тіпті жауластыруы мүмкін.

«Иран енді Еуропада Ресеймен ашық бақталасатын болады» дейді Citigroup сарапшысы Эд Морс Bloomberg агенттігіне сұхбатында.

Иран әлемдік энергетика нарығынан оқшауланғанда Ресей жалғанды жалпағынан басты. Иран – табиғи газ өндірісі жөнінен әлемде үшінші орындағы ел. Санкциялар кесірінен газ экспорттаушылардың тізімінде тек 25-орында тұр. Санкциялар алынған соң Иран газы әлемдік нарыққа жол тартады, ал бұл Ресейдің Еуропа нарығын билеп-төстеу дәурені аяқталады деген сөз.

Еуропадағы энергетика компаниялары Иранмен келісім-шарт жасасатын күнді тағатсыздана күтіп отыр. Ол күннің де ауылы алыс емес. Иранның балама газы нарыққа келген соң Еуропа Одағының монополияға қарсы заңдарын өрескел бұзып отырған «Газпром» мен Брюссель арасындағы текетірес жаңадан қарқын алуы бек мүмкін.

МҰНАЙ, АТОМ ЖӘНЕ ҚАРУ-ЖАРАҚ

Ресей мұнай нарығында да көп нәрсені жоғалтатын сыңайлы. Еуропа одағы 2012 жылы Ираннан мұнай экспорттауға тыйым салған. АҚШ санкцияларының кесірінен Иран мұнайын доллармен сатып алу мүмкін болмай қалды. Осы сәтті пайдаланған Ресей Еуропа мен Азиядағы Тегеранға тиесілі нарықты басып ала қойды. Енді бұл тренд қайта өзгеруі мүмкін.

Оның үстіне АҚШ энергетикалық ақпарат әкімшілігінің зерттеуіне сүйенсек, келер жылға дейін әлемдік нарықтағы мұнай бағасы барреліне 15 долларға дейін құлдырауы ықтимал. Бұл онсыз да титықтап тұрған, шикізат саудасына тәуелді Ресей экономикасын қатты күйзелтіп жіберуі мүмкін.

Әйтсе де, Мәскеудің бұл келісімнен ұтатын тұстары да бар. Мәселен, Ресей Иранның бейбіт атом бағдарламаларын дамыту бойынша келісім-шарттар жасаса алады. Бірақ мұнда ол Батыс компанияларымен бәсекеге түседі.

Мәскеудің тағы бір үміті – БҰҰ-ның Иранмен қару-жарақ саудасына тыйым салған 2007 жылғы эмбаргосының күші жойылса, Кремль Тегеранмен арадағы үзіліп қалған қару-жарақ саласындағы сауда-саттықты одан әрі жалғыстырар еді. Бірақ, қару саудасына салынған эмбарго тағы бес жыл тұрады.

Иран мен Ресей Батыспен қарым-қатынаста таразының екі басына қарай жылжып барады. Бұл өзгерістің салдары да ауыр болуы болатын түрі бар.

Брайан Уитмордың материалы ағылшыннан аударылды.

XS
SM
MD
LG