Accessibility links

Чехтардың мұсылмандарды қолдаған «кәуәп жеу» акциясы


Мұсылмандарды айыптаған чех саясаткері Томио Окамура.
Мұсылмандарды айыптаған чех саясаткері Томио Окамура.

Чехтар мұсылмандарды кемсіткен популист саясаткерге наразылықтарын кәуәп жеу арқылы білдірмек.

Мыңдаған чехтар Facebook-те арнайы парақша ашып, қаңтардың 9-ы күні мұсылман тұрғындарды қолдау акциясын өткізбекке келісті. «Ақымақтыққа қарсы кәуәп» акциясы елдегі саны аз мұсылмандарды қолдайды. Бұл бастама – ислам дініне қарсы пікір айтқан популист саясаткерге жауап берудің ерекше әдісі болмақ.

Қаңтардың 3-і күні чех парламентіндегі 200 орынның 14-ін иеленген «Тікелей демократияның өркендеуі» партиясының жетекшісі Томио Окамура Facebook парақшасында чехтардың әсіредіншілдер ықпалынан қорғанып, «демократиялық өмір салтын ұстануының» 14 әдісін жазған.

КӘУӘП ПЕН ЛАҢКЕСТІКТІҢ «БАЙЛАНЫСЫ»

Окамураның айтуынша, ол әлеуметтік желідегі хабарламасын партиядағы әріптестерімен бірге әзірлеген. Онда мұсылмандарға «қонақжайлылықтың да шегі бар екені» ескертіледі. Ол чехтарға «доңыздар мен иттерді (ислам дінінде лас саналатын хайуандар) ертіп алып, мешіт жанынан өтіңдер» деп кеңес береді. Саясаткер мұсылмандардың ғибадат орны қасындағы паб қожайындарын мекемелерін «Жақсы ит» немесе «Бақытты доңыз» деп атауға шақырған.

Окамура тіпті исламды «жануарларды қатыгездікпен өлтіретін дін» деп айыптап, халал етті жемеуге шақырған. Ол «Біз жеген әр кәуәп - орамалға (исламдағы әйелдер киімі – ред.) қарай жасалған бір қадам» деп жазады ол. Ол кәуәп жей берсек, күндердің күнінде чех әйелдері де хиджап киеді дегенге меңзеген.

Окамура «Чехия қауіпсіздік қызметі баяндамасымен таныстым, онда радикал діншілдердің елде өте белсенді екені, өздерінің діни әрекеттерін қаржыландыру үшін белгілі бір кәсіпорындардың табысын пайдалануы мүмкін екені айтылған» дейді.

Кәуәп. (Көрнекі сурет)
Кәуәп. (Көрнекі сурет)

Ал «Томиоға арнаған кәуәп» Facebook кампаниясын ұйымдастырғандар «Окамураның пікірлері күлкілі» дейді. Олар «кәуәп сату -лаңкестікті қаржыландыру» деген уәж айтып, оны жеуді саясиландыру – ақылға сыймайтын әрекет» деп, «оған лайықты жауап берілуі керек» екенін айтады.

Бірақ қаңтардың 7-сі күні Париждегі Charlie Hebdo сатира журналына шабуыл жасалған соң әлеуметтік желідегі Окамураға қарсы акцияны ұйымдастырушылар «енді оның осы қайғылы оқиғаны пайдалануға тырысуы мүмкін екенін» ескертеді.

Ұйымдастырушы топтың өкілі «Бәріміз лаңкестікті сынаймыз, айыптаймыз. Бірақ біздің Facebook парақшамыздың ашылу себебін ұмытпау керек» деп жазады. Ұйымдастырушылардың ойынша, «Мұсылмандардың көбі терроршы емес, олар да содырларды қолдамайды. Олар да терроршылардың әрекетінен шошынады, сондықтан мұсылмандарды жаппай айыптауға болмайды».

ПОПУЛИСТ САЯСАТКЕР

Токиода туған Окамура - Чехияда даулы саясаткер. Бұрындары ол елдегі сығандар Үндістанға көшірілсін деген жанжал шығарған еді. Бірақ ол өзін нәсілшіл деп айыптайтындармен келіспейді. Қарсы уәж ретінде аралас некеден туғанын айтып, чех қоғамына «бейімделе алмаған» тұрғындар мен экстремистерге қарсы күресетінін мәлімдеген.

Окамура «кәуәп жеу» шарасын ұйымдастырушылар туралы ештеңе білмейтінін айтты. «Олардың кім екенін білмеймін, акция туралы да естімедім. Бірақ Париждегі терактіден адамдар қаза тапты, бұл мәселеге күліп қарайтындар әрекеттерінің орынсыз екенін ұққан шығар» дейді ол.

Менің мұсылмандарға қарсылығым жоқ, кәуәп та тамаша тағам.

Халық саны 10 миллион шамасындағы Чехияда мұсылмандар жұрттың бір пайызына тақайды. Прага көшесінде Азаттыққа сұхбат бергендердің пікірі әртүрлі болды. 77 жастағы Жармила атты Прага тұрғыны «Окамура - шындықты айтатын ақылды және дана саясаткер. Халал асқа қатысты күмәнді пікірлер бар. Окумара - осы күмәнді ашық айтқан адам» дейді.

Ал 30 жастағы Мартин «Окамураның пікірлері чехтардың көңілінен шығады деп ойламайтынын» айтады. Ол «Оның ойларының бәрі баспасөзге жария болады. Біз одан теріс айналамыз. Менің мұсылмандарға қарсылығым жоқ, кәуәп та тамаша тағам» дейді.

(Коллин О’Коннордың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG