Accessibility links

ИМ-ді «шайтан» деген Қадыров жастарды сақтандырды


Шешенстан президенті Рамзан Қадыров «Ислам мемлекеті» ұйымының лидері Әбу Бәкір әл-Бағдадиді (суретте) "ЦРУ агенті" деп атады.
Шешенстан президенті Рамзан Қадыров «Ислам мемлекеті» ұйымының лидері Әбу Бәкір әл-Бағдадиді (суретте) "ЦРУ агенті" деп атады.

Шешенстан президенті Рамзан Қадыров «Ислам мемлекеті» экстремистік тобын «шайтан» деп атап, шешен жастарына олардың ықпалы күшеюі мүмкін екенін ескертті.

Рамзан Қадыров «Ислам мемлекеті» (ИМ) тобына қарсы пікір айтып, экстремистерге Батыстың барлау қызметтері көмектесіп отыр деп мәлімдеді. Бұған қоса ол «Ислам мемлекеті» ұйымының басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдадиді АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) агенті деп айыптап, одан мұсылман бауырлардың қанын төккені үшін кешірім сұрауды талап етті.

Қазанның 21-і күні Шешенстан астанасы Грозныйда сөйлеген Қадыров «Ислам мемлекетін» Батыс қолдап отыр» деген Мәскеудің позициясын қайталап айтты.

- Оларды «Ислам мемлекеті» деп атамайық. Олар – көп ақша табуды көздеген шайтандар. Батыстың тапсырмасын орындап, мұсылмандарды қасақана өлтіріп жатыр, - деді Қадыров.

Мәскеу «Ислам мемлекеті» Батыстың саясатымен құрылды» деумен шектелсе, шешен басшысы Кремльден асып түсіп, «Батыс елдері бұл террорлық топты қару-жарақпен қамтамасыз етіп отыр» деп мәлімдеді.

"Ислам мемлекеті" ұйымының туын ұстаған содыр. (Көрнекі сурет)
"Ислам мемлекеті" ұйымының туын ұстаған содыр. (Көрнекі сурет)

- Бұл бұзақылар ұшақтарды қайдан алды? Мыңдаған адамды қаруландыратындай қаржыны қайдан тапты? Мұның барлығы қайдан келіп жатыр? Оларды жоғарғы лауазымды адамдар қолдап отырғаны анық, - деді Қадыров.

Оның айтуынша, «Ислам мемлекетінің» басшысы Бағдадиді ЦРУ-дің өзі тағайындаған.

- Бағдади бетпердесін сыпырып, ЦРУ агенті екенін, өзін әдейі тағайындағанын ашық айтуы тиіс. Егер ол өзін шын мұсылманмын деп есептесе, өз бауырларын өлтіріп жатқанын мойындап, жамағаттан кешірім сұрап, бандасын таратуы керек. Сонда ғана бейбітшілік орнайды. Әйтпесе олардың көзін жоюға тура келеді, - деді Шешенстан басшысы.

Сөз саптау мәнерін еске алмасақ, Қадыров шешен жастарының радикалдануынан, Сирияда соғысқа қатысып жатқан шешендердің оралып, елді дүрліктіруінен шын мәнінде қауіптенетінін білдірді.

СИРИЯДАҒЫ ШЕШЕН «ЖИҺАДШЫЛАР»

Жүздеген шешен азаматы Сирияға «жиһадқа» аттанып, сонда соғысып жатыр. Олардың көбі «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына кірген.

Соңғы деректерге қарағанда, Сирияның Кобани қаласына шабуылға «Ислам мемлекетінің» шешен отряды да қатысқан. Шешендердің Сириядағы ұрысқа қатысып жатқаны туралы ақпараттар да жиі тарайтын болды.

Шешенстан президенті Рамзан Қадыров (сол жақта) Герменчук ауылындағы этнографиялық музейді ашып тұр. Ресей, Шешенстан, 16 тамыз 2014 жыл.
Шешенстан президенті Рамзан Қадыров (сол жақта) Герменчук ауылындағы этнографиялық музейді ашып тұр. Ресей, Шешенстан, 16 тамыз 2014 жыл.

«Ислам мемлекетінен» басқа «жиһадшылардың» қатарында жүрген шешендердің біразы Ресейге қарсы Солтүстік Кавказ бүлікшілер тобымен байланыс орнатқан. Мәселен, Сириядағы «Жаиш әл-Мухажирин әл-Ансар» тобы өздерін «Кавказ әмірлігі» террористік ұйымының бөлімшесіміз деп атайды. Ресейде болған көп жарылыстарды осы «Кавказ әмірлігі» ұйымдастырған деп есептеледі.

Шешенстандағы діни эстремизмнің күшеюі және «Ислам мемлекетінің» үгіт-насихаты Шешенстан мен Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіріп қана қоймай, Шешенстандағы ұлт құру процесіне кедергі жасайды.

ШЕШЕН СОПЫЛЫҒЫН НАСИХАТТАУ

Өзін шешендердің саяси басшысы ғана емес, ұлттық әрі діни көсемі санайтын Рамзан Қадыров халқының ұлттық салт-дәстүрі мен киім үлгісін, туысқандық жүйе мен жол-жоралғылардың негізіндегі дәстүрлі ислам – сопылықты насихаттап, оны Солтүстік Кавказ бүлікшілері сияқты экстремистік ұйымдар ұстанатын салафизм және басқа жат ағымдарға қарсы қойып келеді.

Қадыровтың «шешен сопылығын» қолдауының бір мысалы – Грозный қаласындағы Ахмад Қадыров мешіті. 2008 жылы Қадыров пен Ресей президенті Путин бірге ашқан бұл ғибадат орны – Ресейдегі ең үлкен мешіт. Мұнда Мұхаммед пайғамбардың жәдігерлерінің бірі сақталған.

Рамзан Қадыровтың шешесі Аймани Қадырованың атындағы мешіт. Шешенстан. (Көрнекі сурет)
Рамзан Қадыровтың шешесі Аймани Қадырованың атындағы мешіт. Шешенстан. (Көрнекі сурет)

Қазанның 21-і күні Қадыров шешен жастарының экстремистік діни топтардың жетегінде кетіп, радикалдық пиғылдарға бой алдырып жатқанынан қауіптенетінін айтты. Оның сөзіне қарағанда, Шешенстан үкіметі жастарды «уаххабилердің» ықпалынан арашалап, «Ислам мемлекеті» ұйымының қатарына қосылудан сақтайтын арнайы жобалар әзірленіп жатыр.

- Жастар бұл ұйымға қосылып кетпеуі үшін біз оларға уағыз айтып, мектептерде, университеттер мен түрлі форумдарда ағарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жастарға «Ислам мемлекеті» деген ұйымның террористік шайтани топ екенін, оларға қосылып, мұсылман бауырларды өлтіруге болмайтынын түсіндіріп келеміз, - деді Шешенстан президенті.

Оның айтуынша, шешен жастарының исламның экстремистік формасын қабылдауына интернеттің ықпалы басым. «Әр үй интернетке қосылған. Уаххабистердің уағыздарын тыңдауға әркімнің мүмкіндігі бар» дейді Рамзан Қадыров.

Әлеуметтік желілерде, соның ішінде «Вконтакте» сайтында «Ислам мемлекеті» ұйымын қолдайтын орыс тілді топтар көбейді. Өткен айда экстремистерді қолдайтын топтарға тыйым салынған, соған қарамастан «Ислам мемлекетін» қолдайтын материалдар жарияланған аккаунттар мен топтар қаптап кетті. Осы ұйымның құрамындағы орыс тілді шешендердің, мәселен, Умар Шишанидің жақын серігі Әбу Жиһадтың уағыздары әлеуметтік желілерде, Zello дауыс алмасу жүйесінде жиі жарияланып тұрады.

(Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).

XS
SM
MD
LG