Accessibility links

“Непотизм мен жемқорлыққа батқан” Қазақстанның достары мен дұшпандары


Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес жиыны. Оң жақта сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен қол алысып жатыр. Шанхай, 20 мамыр 2014 жыл.
Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес жиыны. Оң жақта сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен қол алысып жатыр. Шанхай, 20 мамыр 2014 жыл.

Халықаралық басылымдар Қазақстанда жүргізілген сауалнама нәтижесі туралы жазды, онда респонденттерден елдің “дұшпандары мен достары кімдер?” деп сұраған. Сонымен бірге ақпарат құралдары коронавирус дағдарысының Қазақстан экономикасына ықпалын, мұнай өндірісін азайтудың Каспийдегі ірі кен орындарына әсерін сөз етеді.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ РЕСЕЙ, АҚШ ПЕН ҚЫТАЙҒА КӨЗҚАРАСЫ

Британиядағы Open Democracy онлайн-платформасында жарық көрген “Қазақстан қолы ашық көршілерінен секемденеді” деген мақалада халықтың геосаяси көзқарасына қатысты ақпанда жүргізілген сауалнама нәтижелерін саралайды. Қазақстандағы респонденттердің АҚШ, Қытай, Ресей және басқа елдер туралы пікірлерін біліп, кімнен секем алатынын, ал кіммен дос болғысы келетіндерін сұраған.

Респонденттердің 49 пайызы Ресеймен арадағы қазіргі қарым-қатынасқа көңілі толатынын жеткізген, ал 26 пайызы солтүстіктегі көршімен бұдан да тығыз байланыс болса деген ойын айтқан. Есесіне, сұралғандардың 24 пайызы ғана Ресейге үлгі ретінде қарайды. Сарапшылардың айтуынша, бұл – өте төмен нәтиже, демек қазақстандықтардың басым бөлігі елдің өз даму жолымен жүргенін қалайды, “Ресейдің інісі емес, терезесі тең әріптесі болғанын” көксейді.

“Ресейдің ықпалы бұдан аз болса деген 17 пайыз халықтың пікіріне көз жұма қарауға болмайды, бұл анағұрлым ұлтшыл, Ресейге қарсы топтардың біртіндеп құрылымданып келе жатқанын дәлелдейді, 2010 жылдың басынан бері олардың даусы жарқын шыға бастады” деп жазады зерттеушілер. Мақала авторларының арасында Орталық Азия бойынша маман, “Қазақстан көктеміне барар жол” кітабының авторы Марлен Ларуэль де бар.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық ынтымақтастық саммитінде. Омбы қаласы, 7 қараша 2019 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық ынтымақтастық саммитінде. Омбы қаласы, 7 қараша 2019 жыл.

Ресми түрде көпвекторлы саясат ұстанатын Қазақстанда Ресейдің аймақтағы ең басты бақталастары – АҚШ пен Қытайды қолдайтындар тым аз.

Open Democracy сайтының жазуына қарағанда, сұралғандарың 23 пайызы АҚШ-пен арадағы қазіргі қарым-қатынасты дұрыс деп санайды, ал 65 пайызы АҚШ-пен бұдан аз араласқан жөн дейді. Халықтың бұл көзқарасын басқа зерттеулерден де байқауға болады. Мәселен, Gallup сауалнамасы бойынша, аймақ халқы он жылға жуық уақыт бойы Америкаға қырын қарап келеді. 2013 жылы қазақстандықтардың 37 пайызы АҚШ көшбасшы болуы керек десе, 2015 жылы бұл көзқарастағылар саны 8 пайызға дейін түсіп кеткен. 2017 жылы бұлардың саны 24 пайызға көтерілгенімен, Америкаға қолдау әлі де төмен болып тұр деп жазады сарапшылар.

“Әдетте АҚШ-ты мұсылман әлеміне және Ресейге қарсы агрессияшыл сыртқы саясат ұстанады әрі “ЛГБТ қауымының құқын қорғау сияқты “моральға жат” құндылықтарды қорғап, “мәдени империализм” орнатады деп айыптайды” деп жазады Open Democracy.

“Жағымсыз кейіпкерлер” қатарында Қытай да аталады, оны “жұмсақ күшті” пайдаланып, Қазақстан элитасының аузын майлап жатыр деп айыптау басым. Сұралғандардың 24 пайызы Қытаймен арадағы қазіргі жағдай жақсы дейді, ал 55 пайызы оның ықпалының азайғанын қалайды. Зерттеушілер мұны бірнеше себеппен түсіндіреді. Қазақстандықтар егемендігінен айрылып қаламыз деп қауіп етеді, сондықтан ауылшаруашылық жерінің қытайлықтарға жалға берілуіне қарсы. Тұрғындардың елде жұмыс істеп жатқан Қытай компанияларының қызметіне көңілі толмайды әрі Нұр-Сұлтанның Пекинге қарызына алаңдайды. Бұрыннан келе жатқан Қытайға қарсы наразылықты “Қытайдың Қазақстанды демографиялық тұрғыда білдіртпей жаулауы мүмкін” деген үрей өршіте түсті” деп жазады авторлар.

Видео: Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл (30 желтоқсан 2019 жыл):

Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:26 0:00

Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтардың АҚШ пен Қытайға қатысты ұстанымы “негативке толы”. Ел тұрғындарына екі мемлекеттің де саяси жүйесі ұнамайды: Американың құндылықтары тым либерал көрінсе, Қытай Коммунистік партиясының бағытын қолдайтындар некен-саяқ.

Респонденттерге “Қай елді Қазақстанның дұшпаны деп санайсыз?” деген сауал қойған. Жауап нұсқаларында көрсетілген елдердің барлығы дерлік бір пайыздан артық көрсеткішке ие болса, тек Қытай (10 пайыз) мен АҚШ (7,4 пайыз) көп дауыс алған. Сұралғандардың жартысы Қазақстанның жауы жоқ деп жауап берген. Пекин мен Вашингтонды қолдайтын азғантай топтың өзі оларға қатысты жағымды пікір айтпайды. “Қазақстанның ең жақын досы қай ел?” деген сұраққа жауап берген респонденттердің 2,5 пайызы ғана Қытайды таңдаса, АҚШ-ты тек 0,1 пайыз адам қолдаған. Есесіне сұралғандардың 51 пайызы Ресейді Қазақстанның досы санайды. 20 пайыз халықтың айтуынша, Қазақстанның мүлде досы жоқ.

“Өз имиджін жақсартып, Қазақстан халқының алдындағы жағымсыз бейнесін өзгерту үшін АҚШ пен Қытайға көп тер төгуге тура келеді. Бұл негативті түрлі себептермен түсіндіруге болады: қоғамның Америкаға қарсы пікір қалыптастыруына көбіне жергілікті және ресейлік ақпарат құралдары септігін тигізеді, ал халықтың Қытайға қарсы көзқарасы Қазақстан басшылығының Пекинмен арадағы достық туралы ресми ұстанымына түбірімен қайшы келеді” деп жазады Open Democracy.

“КЕРЕМЕТ ДАУЫЛ”

Франциядағы Radio France International радиосының сайтында жарық көрген “Қазақстан экономикасына коронавирустың “керемет дауылы” жақындап келеді” деген материалда COVID-19 кесірінен болған дағдарыс және індетті тоқтату мақсатында қолға алынған шектеу шаралары туралы айтылады.

Бір жеке кәсіпкерді мысалға ала отырып, журналист карантин кесірінен көп азаматтың, соның ішінде бизнес өкілдерінің жапа шегіп жатқанын көрсетеді. Кәсіпкер әйел шағын цех ашып, мектеп бітірушілерге арнап көйлек тігуге дайындалып жатқан. Бірақ оның жоспары күл-талқан болады: оқушылар қашықтан оқу жүйесіне көшірілді, ал бітіру кештері өткізілмейтін сыңайлы, сондықтан көйлек цехы жабылып тынды. Кәсіпкер 95 доллар шамасында көмек алды, үкімет төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға осынша жәрдемақы беруге уәде еткен. Бұл көмек 4 миллиондай азаматқа берілді (Қазақстанда 18 миллиондай адам тұрады).

Видео: 42 500 теңге көмектің артында жұмыссыздарды азайтып көрсету саясаты тұр ма? (30 сәуір 2020 жыл).

42 500 теңге көмектің артында жұмыссыздарды азайтып көрсету саясаты тұр ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:38 0:00

“Билік вирус кесірінен және елдің басты экспорттық тауары – мұнай бағасының күрт арзандауына байланысты қолға алып жатқан дағдарысқа қарсы шаралардың бірі – азаматтардың банктегі есепшоттарына түсіп жатқан осы жәрдемақы” деп жазады Radio France Internationale.

Халықаралық валюта қорының және Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі ел – Қазақстанда биыл рецессия болады.

Үкіметтің шараларына жұрттың бәрі бірдей қолдау білдіріп отырған жоқ деп жазады Radio France Internationale. Былтыр президенттіктен кетсе де биліктің біраз тетігін қолында ұстап отырған Нұрсұлтан Назарбаев наурызда коронавируспен күреске ақша жинау үшін Birgemiz деген қор ашуды ұсынған. Көп ұзамай ақпарат құралдарында мемлекеттік қызметкерлерді сол қорға ақша салуға міндеттеп жатыр деген хабар шықты.

Экология, геология және табиғат ресурстары министрлігінің аты-жөнін айтпаған қызметкері бастығының барлық қызметкерлерді 8-12 мың теңгедей болатын (18-28 доллар) болатын бір күндік жалақыларын қорға аударуды талап еткенін AFP агенттігіне айтқан. Назарбаев кеңсесі бұл үндеу ең алдымен ірі бизнесмендерге қаратып айтылған деп мәлімдеді.

“Непотизм мен жемқорлық жайлаған елде ірі бизнестің кейбір қайырылымдылық көмегіне сыни көзбен қарағандар көп болды” деп жазады Radio France Internationale. Мәселен, Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев бақылайтын елдегі ең ірі банкпен байланысы бар қордан 10 миллион доллардан астам қаржы бөлінген. Әлеуметтік желі қолданушыларының жазуынша, бұл – Құлыбаева былтыр Швейцарияда сатып алды делінген зәулім үй құнының алтыдан біріне ғана тең сома.

Қазақстандық экономикалық сарапшы Төлеген Асқаровтың айтуынша, мұнай бағасы барреліне 22 доллардың төңірегінде саудаланып, ал қызмет көрсету саласы мен өңдеуші өнеркәсіп толық тоқтаған қазіргі кез Совет одағы құлаған тұстағы жағдайға ұқсайды. “Бұрыннан бар экономикалық байланыстар үзіліп жатыр. Бәлкім, әлеуметтік және мәдени байланыстар да үзіліп жатқан болар” деді Төлеген Асқаров Radio France Internationale радиосына берген сұхбатында.

МҰНАЙ ӨНДІРУ КӨЛЕМІНІҢ АЗАЮЫ

Британдық Reuters ақпарат агенттігінің сайтына шыққан “Қазақстан ірі кеніштерінің біразында өндірісті қысқартпақ” деген мақалада өнім өндіруді шектеу туралы жаһандық келісім аясында шикі мұнай шығаруды азайту жайын сөз етеді.

Қазақстан мұнай өндірісін тәулігіне 390 мың баррельге кемітуге уәде берген. Әлемдегі энергетика алпауыттары игеріп жатыр Қазақстандағы ең ірі кен орындары – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақта өнім өндіру көлемі азаяды.

Reuters-тің келесі бір хабарында келіссөздер барысынан хабары бар бір дереккөз “ExxonMobil (XOM.N), Chevron (CVX.N), Eni, Total және Shell Қазақстандағы жалпы өндірілетін мұнайдың 60 пайызын шығарады, оның ауқымы – тәулігіне 1,7 миллион баррель. Бұл елдің басты операторлардың қатысуынсыз өнім өндіруді тәулігіне 390 мың баррельге азайту туралы ОПЕК+ квотасын орындауына мүмкіндік бермейді. Үкімет соңғы екі апта бойы ірі компаниялармен келіссөз жүргізіп жатыр” дегенді айтқан.

Германиядан хабар таратын Deutsche Welle арнасының сайтында шыққан “Коронавирустың мұнайға ықпалы ОПЕК+ алдамшыларын тыя ма?” деген мақалада өнім көлемін азайту жөніндегі бұрынғы келісімдердің үнемі орындала бермегенін айтқан. Келісімді бұзғандардың қатарында Ресей, Нигерия, Ирак және Қазақстан аталады. Ал қазір мұнай нарығындағы жағдай өзгерген, қоймалар толып тұр, баға құлдырап барады, сондықтан елдер келісімнің талабына мойынсұнатын шығар деп жазады автор.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG