"НАЗАРБАЕВ МЕМЛЕКЕТІ" МЕН ӘЛІ ДЕ НАҚТЫ ЕМЕС ЖАЙТТАР
"Қазақстан Назарбаевтың мемлекеті болып қала береді". Вашингтонда шығатын Diplomat газеті осындай тақырыппен мақала жариялады. Онда автор 30 жылға жуық ел билеген соң биыл наурызда қызметінен кеткен Назарбаевтың өзін президент сияқты ұстайтынын, "президент сияқты сөйлейтінін, президенттікімен тең өкілетке ие екенін" жазған.
Мақалада қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі негізгі қызмет орындарына адамдарды тағайындағанда Назарбаев басқаратын Қауіпсіздік кеңесімен кеңесу керектігі туралы жарлығы сараланған. 21 қазанда жарияланған жарлыққа сенсек, аймақтар мен республикалық маңызы бар қала әкімдерін, министрлердің көпшілігін, ҰҚК, Бас прокуратура, Ұлттық банк және басқа да құрылымдардың басшылығына кандидаттарды ұсынар алдында Қауіпсіздік кеңесімен талқылап, келісу қажет.
11 қазанда ресми телеарнаға берген сұхбатында Назарбаев уақытын көркем өнер мен оқуға арнап, ырғақты өмір сүріп жүргенін айтқанына қарамастан, ол Қазақстанның атынан өкілдік етіп, шетелге сапарға шығып жүр деп жазады Diplomat. Соңғы рет Жапонияда жаңа императорды таққа отырғызу рәсіміне қатысқаны, Токиода Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездескені, Бакуда Түрік елдері ынтымақтастығының саммитіне қатысқаны айтылады.
"Елде қос президент бар ма деп ойлап қаласың, кей жағдайларда шынымен солай да сияқты. Қазақстандағы кадрларға қатысты заңға енгізілген соңғы өзгерістер Тоқаевтың президент қызметінде болуы Назарбаевтың көзқарасынан алшақ болмауы керек деген пікірді орнықтыра түседі" деп жазады автор. Мақалада айтылғанындай, Тоқаевтың тәуелсіздігі бұдан бұрын-ақ күмәнді болып келген, ал енді оның "елде терең саяси реформалар жүргіземін" деген сөзі тіпті орындалмастай көрінеді.
"Қазақстан Назарбаев мемлекеті болып қала береді. Ол отставкаға кеткен шығар, бірақ ол биліктен кеткен лидерге тән емес ерекше өкілетті сақтап қалды, оның орнына келген Тоқаев Назарбаевтың айтқанымен жүреді деген пікір орнығып қалған. Тоқаевтың "сөзге құлақ асатын мемлекеті" Назарбаевтың сөзіне ғана құлақ салатын сияқты" деп қорытады Diplomat.
Америкадағы Jamestown Foundation сараптама орталығы да "Қазақстанның бұрынғы президенті Назарбаев кең өкілетке ие болғандықтан, биліктің тапсырылуы түсініксіз болып тұр" деп аталған мақалада да осы тақырыпты қозғайды. Мақалада Тоқаевтың 21 қазанда жарияланған кадр саясаты туралы жарлығын Назарбаевқа "үкіметтегі басты тағайындауларға қатысты вето құқығын" де-факто беретін құжат деп атайды.
Автордың айтуынша, Қазақстандағы басылымдар бұл жарлық туралы "бейтарап сарында" ақпарат берген. Қазақстанда "жалғыз адамның билеп-төстеуін" жиі сынап келе жатқан батыс басылымдары Назарбаевтың өкілетін кеңейткен бұл құжатқа ерекше назар аударған. Бұл жарлыққа Ресей басылымдары да тоқталған. Мәселен, редакциялық саясаты Ресей президенті Путинді қолдайды деп жиі айыпталатын "Независимая газета" 22 қазанда "Тұңғыш президент елдің басты қожайыны болып қала береді" деген тақырыпшамен мақала жариялады. Онда елдегі белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаевтың пікірі келтіріледі. Сарапшының айтуынша, "бұл жағдай Тоқаев айтқан "күшті президент, ықпалды парламент және есепті үкімет тезисіне қайшы келеді, себебі бюрократиялық аппарат елде кімнің қожайын екеніне қатысты нақты сигнал алды".
Қазіргі жағдайға қарасақ, Орталық Азияның ең ірі елінде 2019 жылғы наурыздағы билікті тапсыру рәсімі "жай ғана қағаз жүзінде болды" деп санайды автор. "Назарбаев [билікті] бақылаудан толық бас тартқанда ғана билікті тапсыру жүзеге асты деуге болады" деп жазады Jamestown Foundation.
Тоқаевтың жемқорлық дауына ұшырап, жоспарлы мерзімнен қала беретін астанадағы жеңіл рельсті транспорт жобасын, Алматы қаласын басқару жүйесін және Назарбаевтың жеке өзі бақылаған қазақ тілінің алфавитін реформалау жобасын сынауы "алдыңғы президенттің айналасындағыларды байқатпай сынауы" деп түсінуге болады.
"Көп жұрт Қазақстанда билікті бейбіт түрде тапсырған соң нақтылық болады деп күтті, бірақ анық емес нәрсе көп" деп санайды Jamestown Foundation сайтында жарияланған мақала авторы.
ҚЫТАЙҒА ҚАРСЫ НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ АРТЫНДА НЕ ТҰР?
Мәскеудегі Карнеги орталығының вебсайтында жарық көрген "Қазақстандағы Қытайға қарсы наразылықтардың артында не тұр?" деген мақалада автор елде Қытайға деген қарсылықтың арту себептерін саралауға тырысқан.
"Қытайға тәуелділіктің артуына деген наразылық Қазақстанда көп жылдан бері ұлғайып келеді. Оның бір себебі – Қазақстан басшылығы (аймақтың басқа елдерінің басшылығы тәрізді) мәселелердің арақатынасы және Қытаймен байланыстың мүмкіндіктері туралы ашық сөйлесе алмай келеді. Ел басшылығы қазіргі бар сын-қатерді ресми түрде мойындаудан бас тартып, оның орнына Интернетті бақылауды күшейтіп, тұрақтылықты шайқаушыларды сырттан емес, елдің ішінен іздеуді жалғастырып келеді" деп жазады Carnegie.ru.
Қыркүйекте Жаңаөзенде бұрқ еткен қарсылық Қазақстанның басқа қалаларына да жайылды. Мақала авторының жазуына қарағанда, басында "билік сабырмен әрекет етіп, диалогқа барды. Шараларға рұқсат берілмегеніне қарамастан, бірде-бір адам тұтқындалмады". Алайда, Францияда тұратын Мұхтар Әблязов басқаратын, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы ұйымдастырған 21 қыркүйектегі митинг кезінде сегіз қалада 100-ге тарта кісі қамалған деп жазады мақалада.
Билік бұл митингілердің артында "әлдебір күштер" тұр деді, Қазақстан аумағында Қытаймен байланысты ортақ жобаларға қатысты "фейк" жаңалықтар таралып жатқанын айтты. Carnegie.ru сайтының жазуына қарағанда, бұл наразылық осыдан бес жыл бұрынғы Қазақстан мен Қытайдың бірлескен 55 компаниясы туралы ақпарат WhatsApp мессенджері арқылы таралған соң басталған.
Наразылық болып жатқанда Қазақстан үкіметі Қытай жағы технологиясы жоғары дамыған мекемелер құрып, соның арқасында қазақстандықтарға арнап 20 мың жұмыс орны ашылады деп мәлімдеген.
"Бұл мәлімдеменің шынайылығына сену қиын. Қазіргі таңда 55 жобаның жалпы құны 4 миллиард доллар болатын тек 15-і іске асырылған, 11-і әлі жүзеге асырылып жатыр, ал 27-сі әлі басталмаған. Іске асқан жобалар арасында Қазақстан компанияларының капиталындағы үлестерді сатып алу да айтылады, мұнда жаңа жұмыс орындарының ашылмауы да мүмкін" деп жазады автор.
Сарапшының айтуынша, Қытаймен қарым-қатынасқа қатысты Қазақстан қоғамындағы үрейлердің бірі – көрші елмен арадағы саудада, соның ішінде кеденде жемқорлықтың және құжаттармен жасалатын алаяқтықтың көптігі. 2017 жылы Пекин Қазақстанға тауар экспорты 11,56 миллиард доллар болды десе, Қазақстан жағы Қытайдан 4,69 миллиард доллардың тауарын импорттадық деген. Айырмашылық екі еседен көп. Екі миллиардтай тауар айналымы шекарадағы Қорғас экономикалық аймағы арқылы өтеді, жаңалықтарда бұл жер көбіне жемқорлық, қызмет бабын асыра пайдалану, конрабанда сияқты дау-дамайдың ортасы ретінде аталады деп жазады Carnegie.ru.
Сарапшынын жазуынша, кей жағдайда үрейленуге негіз жоқ. Мәселен, бұл Қытай алдындағы қарыздың өсуіне қатысты. 2019 жылғы сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстанның Қытай алдындағы борышы 11 миллиард доллар болған. Нақты сандар бойынша айтсақ, бұл – аймақтағы ең үлкен көрсеткіш. Ал бұл Қазақстанның ЖІӨ көлеміне шақсақ, бар-жоғы 6,5 пайызды құрайды, бұл Орталық Азияның басқа елдеріндегі шамадан төмен. Оның үстіне, 2013 жылдан бері Қазақстанның Қытай алдындағы сыртқы қарызы өспей, керісінше жыл сайын орта есеппен 7 пайызға кеміп келеді.
Еңбек миграциясына қатысты да үрей көп. Дегенмен, ресми статистикаға қарасақ, қауіп жоқ. 2017 жылы Қазақстанға келген шетелдік жұмысшының 43 пайызы Қытай азаматы, бірақ бұл бар-жоғы 12 мың адам. 2019 жылы Қытайдан келетін жұмысшыларға бөлінген квота 23 мың адам деп жазады мақала авторы.
Қазақстандағы Қытайға қатысты көзқарастың қалыптасуына ең көп әсер етіп отырған нәрсе – Қытайдың Шыңжаңда аз ұлт өкілдеріне, соның ішінде қазақтарға қатысты жүргізіп отырған саясаты. Қытайдың солтүстік-батысындағы аймақтан көбіне ислам дінін ұстанатын жергілікті түркітілді қауым өкілдерін "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" күштеп қамап жатқаны туралы ақпарат көп келеді. Шыңжаңдағы қазақтардың Қазақстанда тұрып жатқан туыстары Пекиннің дискриминациялық саясаты туралы жиі айтады. Бұл саясат "Орталық Азия елдерінің басшыларын қиын жағдайда қалдырып отыр": олар өз азаматтарының мұң-зарын түсінуі мүмкін, бірақ алпауыт көршінің ішкі саясатын сынау проблема тудыруы мүмкін дейді мақала авторы.
"Қазақстандағы экономикалық өсім Қытаймен арадағы байланысқа тәуелді, сондықтан жергілікті элита әріптестіктің қажеттігін жақсы түсінеді. Сонымен бірге олар тәуелділіктің ұлғайып бара жатқанын да түсінеді. Мұндай жағдайда Қазақстанның (және Орталық Азияның басқа елдерінің) басшылығына елдегі Қытайға қарсы наразылықпен күресу қиынға соқпақ. Бұл көзқарастың себептерін мойындамайынша, проблема күрделене береді. Ал бұл үрейді оппозиция да, билік элитасындағы түрлі топтар да ықпал ету жолындағы күресте жиі пайдаланады" деп жазады Carnegie.ru.
ҚЫТАЙ ИНВЕСТИЦИЯСЫ МЕН ЭКОЛОГТАР ҚАУПІ
Chinadialogue.net ұйымының сайтындағы "Қытайдың Қазақстанға салған инвестициясының жартысы мұнай-газ секторына кетеді" атты мақалада Пекиннің қатысуымен қолға алынады деген 55 жобаның тізімі келтірілген. Инвестициялардың жалпы сомасы 27,6 миллиард долларға тең, олардың жартысына жуығы мұнай-газ жобаларына тиесілі болса, қалғаны кен өндіру және өңдеу, машина жасау, энергетика және азық-түлік өнімдерін өндіру салаларына тиесілі.
"Тауар өндіруде Қытаймен бәсекеге түсудің орнына Қазақстан үкіметі экономикасын жақсартудың ең жақсы әдісі ретінде өндірістік ынтымақтастыққа күш салуды жөн көрді" деп жазады мақала авторы.
Билік өкілдерінің сөйлеген сөздері мен құжаттарында бұл 55 жоба туралы көп айтылады. Сарапшылар мен белсенді экологтар бірнеше жылдан бері тізімді жариялауды сұрап келеді, алайда билік бұл ақпараттың "коммерциялық құпия" екенін айтқан деп жазады автор. Ал белсенділер болса, бұл тізімді ашық жарияласа, өсек пен үрейге орын аз қалады, Қытайдың жобаларына қатысты қоғамның қордаланған сұрақтарына жауап беруге және Қытайға қарсы наразылықты бәсеңдетуге мүмкіндік болады деп сендіруге тырысқан.
Қыркүйектегі Қытайға қарсы наразылықтан соң "ЭкоФорум" және Crude Accountability деп аталатын екі үкіметтік емес ұйым үкіметтен тізімді жариялауды тағы да сұраған, бұл жолы олардың талабы орындалды.
"Қазақстанның экологиялық кодексінің 21-бабына сәйкес бұл ақпаратты жариялау, оған қоғам өкілдерінің қатысуы міндетті. Жоба әзірлеушілерден ол ақпаратты сұрату үшін қоғам қандай жобалардың бар екенін білуі тиіс. Сондықтан тізімнің кеш те болса жариялануын сарапшылардың көбі Қазақстанның жаңа басшылығы аясында саясаттың өзгеріп жатқаны деп бағалады. Алайда, Қытай компаниялары нақты жобалардың әлеуметтік және экологиялық салдарын қашан ашық көрсетері белгісіз" деп жазады Chinadialogue.net.
ПІКІРЛЕР