Осы аптада басылымдар Қазақстан элитасындағы ықпалды тұлға, миллиардер Болат Өтемұратов биліктің "басты сыншысы" аталып жүрген Мұхтар Әблязовтың "ақшасын жасыруға тырысқан болуы мүмкін" деген болжам айтты және мұны саяси элита ішіндегі алауыздыққа балады. Бұған қоса басылымдар "ұйқы келтіретін" сайлаудың "көркін қыздырған" Әблязов феноменіне тоқталды. Сонымен бірге, ақпарат құралдары Назарбаевты мемлекеттік телеарнада мақтаған Британия экс-премьерінің "бұл сөзді басқа жағдайда, басқа себеппен айтқанын" анықтады.
"ӘМИЯН" "БИЛІКТІҢ БАСТЫ СЫНШЫСЫНА" КӨМЕКТЕСІП КЕЛГЕН БЕ?
Осы аптада халықаралық басылымдар, соның ішінде америкалық Wall Street Journal "БТА банктің" өтінішімен британ соты Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "әмияны" деп жиі аталатын, билікте жоғары лауазымды қызметтер атқарған миллиардер Болат Өтемұратовтың 5 млрд долларға жуық активін бұғаттағанын жазған. Бұл жөнінде іс бойынша негізгі жауапкер – "БТА-ның" бұрынғы басшысы, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтың өзі хабарлаған. Facebook парақшасындағы постында ол "Қазақстан билігінің өкілдері Өтемұратовты Әблязовтың ақшасын жасыруға көмектесті деп айыптап отыр" деген. Құқықтық ақпарат пен анализ жариялайтын Law360 ресурсы бұл атышулы істің өзге де жай-жапсарын жариялады.
Мақала авторының жазуынша, он жыл бойы жүріп, миллиардтар дауланып жатқан бұл істе жаңа жауапкерлердің пайда болуына осы іс бойынша бертінде "ұрланған" 500 млн доллар себеп болған. Яғни бұл Қазақстан билігіндегі адамдар сол билікті сынап жүрген, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына сырттай кесілген Мұхтар Әблязовпен кейінге дейін байланыста болған деген тұжырымға жетелейді. Іске жауапкер ретінде тартылғандардың арасында биліктің "өз" адамы саналатын Өтемұратовпен қоса, Алматы қаласының бұрынғы әкімі, Виктор Храпуновтың қызы Эльвира Кудряшова да бар.
"БТА банк" Әблязовты ағылшын соттары арқылы 2009 жылдан бері қудалап келеді, содан бері олар біршама жеңіске жетіп, 4,6 миллиард доллардай шығынның орнын толтыруға қол жеткізген. Бұған қоса, кредитор Әблязов бенефициар ретінде иелік еткен 1 мыңға жуық компанияға қатысты бұғаттау шешімдерін шығартқызған" деп жазады басылым.
Оның үстіне, ағылшын соты 2018 жылы жазда "БТА банкке" Виктор Храпуновтың ұлы, Швейцарияда тұратын Ілияс Храпуновтан 500 млн доллар өндіру туралы шешім шығарған. Бірақ банк "арам жолмен жасырылды" деп санайтын бұл ақшаны әлі ала алмағанға ұқсайды. "БТА банктің" мәлімдеуінше, іске жаңа тартылған 10 жауапкер "талапкерді алдау үшін күш біріктірген, әрі бұл заңсыз әрекеттер талапкерге шығын келтірген".
Ілияс Храпунов – Мұхтар Әблязовтың қызына үйленген, яғни оның күйеу баласы.
Сот материалдарына сілтеме жасаған басылым: "Әблязов пен [Ілияс] Храпунов активтерінің құнын кемітіп, оларды банктің "қолы жетпейтіндей" ету үшін Храпуновтың әпкесі Эльвира Кудряшовамен, "Верный капиталмен" (Өтемұратовқа тиесілі қазақстандық компания – Ред.), Өтемұратовпен және Panolos Ltd., Darelia Ltd., Janus SARL, Vilder Company SA және Crownway Ltd сияқты заңды тұлғалармен келісім жасасқан" деп жазады. "БТА банк" осы келісімдердің күшін жоюды талап етіп отыр.
"Бұл – "БТА банк" АҚШ, Англия және басқа оншақты елде жүргізіп жатқан азаматтық істердің бір бөлігі. Банк 2005-2009 жылдар аралығында басқарма төрағасы болған Әблязов оны жеке ақша көзі деп қарастырып, несие қаражатты өз бақылауындағы офшор компанияларға жөнелтіп, қаржы мекемесін 10 млрд доллар шығынға батырды деп мәлімдеген соң ағылшын соттары банктің пайдасына шешімдер шығарған" деп жазады басылым.
Банк өкілдерінің айтуынша, Ілияс Храпунов Дубайда орналасқан англиялық есепшінің көмегімен "Әблязов активтерін жасыруға, заңдастыруға мүмкіндік жасайтын құрылым қалыптастырған".
Қуғындағы банкир Әблязов айыптың бәрін жоққа шығарады және мұны өзінің саяси әрекеті үшін Қазақстан билігі жасап отырған қысым деп санайды.
Өтемұратовтың "Верный капитал" компаниясы бұл айыптаудың барлығы "БТА банк" пен оның заңгерлері ұсынған жалған құжаттарға негізделгенін және оны көп ұзамай жоққа шығаратынын" мәлімдеген.
Басылымның жазылуынша, Эльвира Кудряшованың және аты аталған басқа ұйымдардың өкілдері іске қатысты пікір білдірмеген.
"ЭЛИТА ІШІНДЕГІ ТАРТЫС"
Осы іске назар аударған Eurasianet сайтының авторы Джоанна Лиллис бұл оқиға Қазақстанның саяси элитасында шиеленіс болып жатыр деген ойға жетелейді деп тұжырымдаған.
"Әблязов та соңғы он жылын Назарбаевпен өштесуге, режимді өзгерту жолындағы күреске арнағандықтан, үкімет қолдауына сүйенетін "БТА банк" Назарбаевқа жақын бизнесменге шүйлікті деген ақпарат элита ішіндегі тартыс туралы қаңқу сөзді өршітті" деп жазады автор.
Әблязовтың өзі де осындай "конспирологиялық" болжам жасаған. Оның айтуынша, бұл іске Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің "қатысы бар". Оның мақсаты - "билік үшін күрестегі бұрынғы бақталасы мен қарсыласын физикалық және қаржылық тұрғыда тұқырту" деген еді Әблязов.
Журналистің жазуынша, "биыл 80 жасқа толған Назарбаев саяси сахнадан кеткенде не болады деген белгісіздік сахна сыртындағы элитаішілік кикілжің туралы әңгімені бұрыннан қоздырып келеді".
Назарбаев 2019 жылдың наурызында президент қызметінен кеткенімен, билік тізгінінің елеулі бөлігін қолында ұстап отыр. "Елбасы" деген ресми мәртебесі бар ол Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы басшысы және биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы қызметтерін қатар атқарады. "Қасым-Жомарт Тоқаев – президент, бірақ екеуінің арасында билік үшін талас бар деген дәлелденбеген болжамдар жиі айтылып тұрады" деп жазады Eurasianet.
"Өткен аптада Тоқаев Өтемұратов туралы жақсы пікір айтты, бірақ президент Лондонда оған қатысты сот ісі жүріп жатқанын біле ме, жоқ па, ол жағы беймәлім" деп жазады автор.
"ҰЙЫҚТАП ӨТКІЗЕТІН" САЙЛАУҒА "ЖАН БІТІРГЕН"
Халықаралық басылымдар Қазақстанда 2021 жылы 10 қаңтарда өтетін парламент сайлауының "қызықсыздығына" назар аударды. Eurasianet "әдеттегідей "Нұр Отан" үстем түсетін келесі айдағы сайлауды электорат ұйықтап өткізеді" деп санайды.
Автордың болжауынша, дауыс беруге қатысқан кісі көп болады, себебі Қазақстан билігі "қалың бұқараны псевдодемократиялық сайлауға мәжбүрлеп қатыстыруды жақсы меңгерген".
Парламенттің төменгі палатасы – мәжілістегі партиялық тізіммен сайланатын депутаттарға арналған 98 орынға 5 саяси партия таласпақ. Бірақ автор бұл додада ешқандай шынайы бәсеке жоқ деп санайды.
"Мұның барлығы – шоу. Билік тізгіні қолында жоқ партиялардың ешқайсысы өз тарихында ешқашан үкіметтің саясатын сынаған емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси өмірді жандандыру туралы жақындағы мәлімдемесіне қарамастан, сыни көзқарас айта алады деген партиялар әдетте тіркеуден өте алмайды" деп жазады Eurasianet.
Автордың жазуынша, "Нұр Отанның" жақында өткізген ішкі сайлауы (праймериз) – "партияның қоғам өміріне араласып отырмыз деп сайлаушыларды иландыру ишарасы". Себебі "Нұр Отан" "тек көшеге шығу арқылы ғана қоғамның ашуын білдіру мүмкіндігінің қауіпті екенін түсінеді... Қоғамда созылмалы біржола түңілу процесі басталса, бұл одан да қауіпті" деп жазады автор.
Десе де, бұл "ұйқы келтіретін" сайлауды "қызықты" етіп отырған бір ғана құбылыс бар. Ол – қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов деп жазады Diplomat.
Автордың айтуынша, "сыртта жатып-ақ елдегі саяси жағдайға ықпал еткен" Әблязов өткен аптада өз жақтастарын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға дауыс беріп, сол арқылы "Нұр Отанды" әлсіретуге шақырған. Одан соң көп ұзамай бұл партия сайлауға қатыспайтынын жариялады. Бұдан соң қуғындағы саясаткер "Ақ жол" партиясына дауыс беруге үндеді.
"Әблязов беларустердың сценарийін көздеп отырған сыңайлы. Онда үкіметтің сенімді жеңісі ұлғайтылып көрсетілгені сондай, шындыққа ұқсамай қалды, мұның соңы наразылыққа ұласты" деп жазады автор. Қуғындағы саясаткердің айтуынша, "жұрт жаппай "Ақ жолға" дауыс берсе, бұл сайлау комиссияларындағы шенеуніктердің дауысты көп бұрмалауына әкеледі, ал ол заңсыздықты көптеп әшкерелеуге мүмкіндік беріп, жалпы нәтижені қабылдамау шешімімізді негіздейді".
Бұған жауап ретінде "Ақ жол" құрамына мүше қабылдауды екі айға тоқтататынын мәлімдеді.
"Іс жүзінде Әблязов – Қазақстан саясатындағы "қара таңба". Онымен байланысы бар деген кез келген адам немесе партияның позициясы нашарлайды. Оның кесірінен белсенділер психиатриялық ауруханаларға күшпен жатқызылды, бұрынғы және қазіргі нақты байланыстарына қарамастан, саяси үміткерлерді тіркемей тастайды" деп жазады автор.
Оның кесірінен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы 2018 жылы "экстремистік ұйым" деп танылды. "Осындай күшті атағы" болғандықтан, Әблязовпен байланысты болуы мүмкін деген кез келген болжам бір мәшине толы АК-47 автоматы мен бетпердені елестетеді" дейді автор.
"Ол саяси сахнаға ықпал етуге қабілетті, ол кемінде қазіргі саяси элитаны састыратындай әрекет жасай алады. Әблязов биліктегі партияны көздеп отырғаны анық, дегенмен ол "оппозицияның" рөлін ойнап жүрген, бірақ іс жүзінде оппозиция емес партияларды тұқыртып жатыр" деп жазады Diplomat.
МЕМЛЕКЕТТІК ТЕЛЕАРНА БЛЭР СӨЗІН БҰРМАЛАДЫ МА?
Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр "адам құқықтары ұйымдары цензура орнатты, саяси қудалау ұйымдастырып, адам құқықтарын бұзды деп айыптайтын" Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мақтайтын видеоға түсті. Британдық Telegraph басылымы Қазақстанның мемлекеттік телеарнасынан көрсетілген осы видеоның жай-жапсарын анықтаған.
Басылымның жазуынша, "Назарбаевтың 30 жылдық мұрасын мадақтау мақсатында" 30 қарашада Қазақстанда өткен конференцияға арнап түсірілген видеода сөйлеген Батыс елдерінің өкілдері арасында Британияның бұрынғы премьері де болған.
"Оның [Қазақстан] табысты да тұрақты ел болуы президент Назарбаевтың арқасы екені анық. Барлық сын-қатер мен алда көп реформаның күтіп тұрғанына қарамастан, Қазақстан дәл қазіргі уақытта болашаққа сеніммен қарай алады" деді Блэр мемлекеттік телеарнадан көрсетілген екі минуттық видеоклипте.
Басылымның жазуынша, "қазақстандық шенеуніктер бұрынғы басшысының беделін көтере түскісі келгендей, Блэр сөзінің орыс тіліндегі аудармасына "оған құрмет көрсету – мен үшін үлкен мәртебе" деген сөзді қосқан.
Дегенмен Тони Блэрдің Жаһандық өзгеріс институты "ол мұндай сөзді айтқан жоқ" дейді.
Блэр бірнеше жыл Назарбаевтың кеңесшісі болып, бұл қызметі үшін жалақы алған. "Ол 2011 жылы желтоқсанда Батыс Қазақстанда полиция ереуілге шыққан 14 мұнайшыны атып не ұрып өлтірген оқиғаның саяси салдарымен күресте Назарбаев мырзаға көмектескен" деп жазады Telegraph.
Тони Блэр институты өкілінің айтуынша, Назарбаевқа құрмет лебізі "Қазақстанның 1991 жылы Совет одағы тараған соң қол жеткізген жетістігін және оның мұраға алып қалған ядролық қарудан бас тартқанын мадақтау үшін тек жеке сипатта" айтылған.
"Блэр мырза да, институт та Қазақстанмен жұмыс істемейді. Блэр мырза бұрынғы президентпен жұмыс істемейді, оған ешкім ештеңе төлемейді" деді ол құрған институт өкілі Telegraph газетіне.
Журналистің жазуынша, "құқық қорғау ұйымдары Қазақстанды бейбіт жиын өткізу және ұйымдарға бірігу сияқты негізгі құқықтарды бұзатыны және жаппай жемқорлық жайлағаны үшін бұрыннан сынап келеді".
Назарбаев 2019 жылы наурызда биліктен кетсе де, президенттікке өз адамын қойып, тізгінде қолында ұстап отыр деп жазады британ басылымы.
"Содан бері Қазақстан астанасы Астана Назарбаев мырзаның құрметіне Нұр-Сұлтан деп аталды, оның құрметіне тұңғыш президент күні деген ресми мереке енгізілді" деп жазады Telegraph.
ПІКІРЛЕР