Accessibility links

Пекинді шаттандырып, Алматыны жылатқан шешім


Халықаралық олимпиада комитетінің 2022 жылғы қысқы олимпиаданы Пекинде өткізу туралы шешімін естіген кездегі Қытай ресми делегациясы мүшелерінің қуанышы. Куала-Лумпур, 31 шілде 2015 жыл.
Халықаралық олимпиада комитетінің 2022 жылғы қысқы олимпиаданы Пекинде өткізу туралы шешімін естіген кездегі Қытай ресми делегациясы мүшелерінің қуанышы. Куала-Лумпур, 31 шілде 2015 жыл.

2022 жылғы қысқы олимпиада Қытайда өтетінін естігенде Пекин орталығы шат-шадыман күйге бөленді. Алматы орталығына жиналғандардың көңілі жабырқап, кейбірі көзіне жас алды.

Әлем баспасөзінде 2022 жылғы қысқы олимпиада ойындарын өткізу құқығын иеленуде Қазақстан неліктен Қытайдан ұтылып қалды деген сұраққа қатысты алғашқы болжамдар жариялана бастады. Бұл – қысқы спорт түрлерінен аса ірі халықаралық жарыстар өткізу мәртебесіне таластағы Қазақстан билігінің екінші жеңілісі.

Бұдан ертеректе Алматы қаласы бәсекелесі – ресейлік Сочиден жеңілген. Бірақ авторитарлық билік басқарып отырған екі ел – Қазақстан мен Қытай арасындағы бұл жолғы талас кезінде қилы болжамдар айтылды. Малайзия астанасы Куала-Лумпурде өткен халықаралық олимпиада комитетінің шешуші отырысы қарсаңында Human Right Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін «адам құқығын жиі бұзады, әсіресе лесбилер, гейлер бисексуал және трансгендерлерге (ЛГБТ) төзімсіздік танытатын ахуал қалыптасқан» деп сынаған.

Қазақстанда гомосексуализм 1998 жылдан бері қылмыс болып саналмағанымен, ЛГБТ өкілдері әлі күнге шейін үрей, зорлық-зомбылық, кемсітушілік пен қатыгездікке толы ортада өмір сүруге мәжбүр.

Американың Newnownext веб-сайты бұл сұрақты «Олимпиада өткізу үміті ақталмаған гомофоб Қазақстаннан Қытай қаншалықты артық?» деген мақаласына тақырып ретінде алған.

Веб-сайт халықаралық қоғамдастықтың мұндай сынына Сочиде қысқы Олимпиада өткізуге үміткер болып, кейін құрметті мәртебені иеленген Ресейдің де ұшырағанын ескертеді. Қазақстанда гомосексуализм 1998 жылдан бері қылмыс болып саналмағанымен, ЛГБТ өкілдері әлі күнге шейін қорқыныш пен үрей, зорлық-зомбылық, кемсітушілік пен қатыгездікке толы ортада өмір сүруге мәжбүр.

Бірақ олимпиада өткізу мәртебесін алған Қытай астанасы бұл мәселеде Алматы қаласынан қаншалықты артық?

Американың Newnownext веб-сайтының жазуынша, гомосексуалистердің көбі Ресейден өздерін еркінірек сезінетін Пекинге қашқан. Қазір шамамен 200-500 адам Пекинді паналап, Ресейдегідей қатыгез шабуылға ұшырау қаупінен құтылған.

Бірақ, құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, Қытай адам құқығын бұзу проблемасы жағынан Қазақстаннан қалыспайды. Human Right Watch ұйымы халықаралық олимпиада комитетінің 2022 жылғы олимпиаданы Пекинде өткізу шешімін сынаған.

Сentralchronicle веб-сайтының жазуынша, Human Right Watch ұйымы өкілі София Ричардсон «Олимпиаданың «Шапшаңырақ, биігірек, күштірек» ұраны Қытай үкіметінің азаматтық қоғамға шабуылын тамаша сипаттайды. Рекордты мерзім ішінде көптеген бейбіт белсенді күшті қысымға ұшырап, қамауға алынған» деп мәлімдеген.

Пекиннің жеңісі жарияланған сәттегі алматылықтардың реакциясы. Алматы, 31 шілде 2015 жыл.
Пекиннің жеңісі жарияланған сәттегі алматылықтардың реакциясы. Алматы, 31 шілде 2015 жыл.

Moscow Times газетінің жазуынша, олимпиада өткізу мәртебесіне таласта Алматының Пекиннен жеңіліп қалғаны туралы жаңалықты Қазақстан қоғамы екіұдай сезіммен қабылдаған. Алматының орталық алаңында жиналған қала тұрғындарының кейбірі қамығып, көзіне жас алған, бірақ әлеуметтік желілерде ел билігінің орасан күрделі әрі шығыны көп жобаларға әуестігін мысқылдаған сарказм да аз болмаған.

Moscow Times газетінің жазуынша, 2014 жылғы сәтсіздіктен соң қысқы Олимпиада өткізуге тағы талпыныс жасау елді басқарғанына 26 жыл болған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көңілінен шығудың амалы екенін қарапайым азаматтардың көбі түсінген. «Бірақ Астанада салтанатты ресми шеруден өткізуден бас тартуға тура келді» деп жазадыMoscow Times.

Ал Куала-Лумпурдан жеткен сүйінші хабар Пекиндегі жұртты шат-шадыман сезімге бөлеп, жаппай салтанатқа ұласқан.

Сhannelnewsasia веб-сайтының хабарлауынша, Қытайдың бас газеті «енді әлем жұрты мұндай ауқымды шараны Пекин өткізе ала ма деп алаңдамаса да болады» деген мақала жариялаған. «Жэминь Жибао» газетіндегі бас мақалада «Қытай кез келген уәдесін толық орындайды» деп жазылған.

XS
SM
MD
LG