ҚЫТАЙДЫҢ "АРБАУ МЕН МӘЖБҮРЛЕУ" ТӘСІЛІ
Америкалық New York Times газеті "[ШЫҰ] кездесуі Қытайдың Орталық Азияда ұлғайып бара жатқан жоспарын көрсетеді" деген мақаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Қытайдың Циндао портында өтуі тиіс кездесуіне қатысты комментарий жариялаған.
2001 жылы құрылғаннан бері қазір сегіз мемлекет кіретін ұйым "шекара мәселелерін шешу, терроризмге қарсы күрес және Ауғанстанға кіргеннен кейін Американың Орталық Азиядағы ықпалына бүркемелі түрде тойтарыс беру құралы ретінде қарастырылып келген" деп жазған газет. Кейінгі жылдары "[Си Цзиньпиннің] миллиардтарға сүйенген сыртқы саясаты мен Қорғас (Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Алматы облысында орналасқан – ред.) тәрізді жүк ауыстырып тиейтін пункттер негізгі рөл ойнайтын "Бір белдеу – бір жол бастамасы" ретінде белгілі инфрақұрылымның арқасында оның экономикалық компоненті едәуір ұлғайды".
Бірақ алдағы жиында аймақта Қытай ықпалының ұлғаюы Орталық Азиядағы ықпалын күшейткісі келетін Үндістан мен Ресей тарапынан "жайсыз үнсіздік" тудыруы мүмкін. Колумбия университетіне қарасты Харриман институтының директоры Александр Кулидің пікірінше, ұйым кездесуінде "астарлы едәуір шиеленіс" тууы мүмкін. "Көп полярлы әлем құрудағы ортақ мақсатында" Ресей мен Қытайдың кей мүдделері тоғысқанымен, екі ел бұл мақсатты әрқилы түсінеді деп санайды Кули. Иран президенті Хасан Роуханидің ШЫҰ жиынына бақылаушы ел басшысы ретінде қатысуы Иран мен АҚШ арасы шиеленісіп тұрған тұста бұл жиынға халықаралық қауымдастық назарын аударуға септеседі.
Америкалық Washington Post газетінде Вашингтондағы Хадсон институтының зерттеушісі әрі Австралия сыртқы істер министрінің бұрынғы кеңесшісі Джон Лидің "Қытай – теңізде жалғыз. Бұл АҚШ басымдыққа ие дегенді білдіреді" деген мақаласы шықты. Материал қорғаныс министрлерінің Азия қауіпсіздік саммиті аясында Сингапурда өткен жыл сайынғы жиыны ізімен жазылған. Басылымның жазуынша, жиында АҚШ қорғаныс министрі Джим Мэттис "Қытайдың аймақтағы шағын елдерді қорқыту және мәжбүрлеу саясатын қозғап, жиналғандардың көбінің ойынан шыққан".
"Өткен ғасырдың соңғы онжылдығында Қытай шекараға қатысты даулы мәселелерді шешіп, қарым-қатынасын жақсарту үшін Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен біршама жомарт келісім-шарттарға қол қойды. Бұл елдермен қарым-қатынасты жөндеу нәтижесінде Қытайдың экономикалық салмағы артты, бұл оған Орталық Азиядағы ең маңызды ойыншы ретінде Ресейді ығыстыруға мүмкіндік берді" деп жазған Джон Ли.
Қытай авторитаризмінің сипаты оны шарықтауға және стратегиялық тұрғыдан оқшаулануға душар етеді деп санайды зерттеуші. "Қытайдың өз перифериясындағы елдерге бастаған қазіргі жорығы элиталарды экономикалық арбау арқылы көндіріп, кіріптар ету немесе қоқан-лоқы көрсетіп, мәжбүрлеу арқылы коммунистік партияның билігін өз уысында шоғырландыру үшін Си [Цзиньпин] пайдаланып отырған принциптерге негізделген" деп жазады автор.
ҚЫТАЙДЫҢ "БІР БЕЛДЕУІ" ЖӘНЕ ҒАЛАМДЫҚ САУДА-САТТЫҚ
Америкалық Bloomberg жаңалықтар агенттігі сайты осы аптада "ING Groep NV сарапшыларының сөзінше, Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" кампаниясы ғаламдық сауда-саттықты 12 пайызға өсіруі мүмкін" деген мақала жариялады. Онда транзит елдер үшін сауда шығындары екі есеге азаюына байланысты тауар айналымы өседі деп болжанған.
Азаттық видеосы: Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма?
Нидерландтық ING Groep NV зерттеу орталығының бас экономисі Йоанна Конингстің есебінше, сауда-саттық көлемі бірнеше сценарий бойынша өсуі мүмкін. Ең консервативті сценарий бойынша, Еуразия экономикалық дәлізі елдері (Қытай, Қазақстан, Ресей, Беларусь және Польша) үшін тауар айналымы төрт пайызға ұлғаяды. Ал бұдан гөрі оптимистік сценарий бойынша, Ресей, Қазақстан, Польша, Непал және Мьянма елдері үшін сауда-саттық көлемі 35-тен 45 пайызға дейін, ал Қытай үшін 20 пайызға өседі.
ҚЫТАЙДЫ МЫС КЕНІШІН ИГЕРУГЕ ШАҚЫРУ
Ұлыбританиялық Financial Times газетінің хабарлауынша, акциялары Лондон, Гонконг және Қазақстан биржаларында сатылатын KAZ Minerals компаниясы қытайлық инвесторды Алматы облысындағы кенішін игеруге шақырған. Маусымның 8-і күні KAZ Minerals Көксай жобасындағы 19,4 пайыз үлесін 70 миллион доллар көлеміндегі инвестицияға айырбастап, Қытайдың Non Ferrous China (NFC) компаниясына сатқанын хабарлаған.
"Goldman Sachs (әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі – ред.) өкілдерінің айтуынша, бұл мәміле биылғы жылы Лондондағы ең қарымды тау-кен өндіруші акционер болған KAZ Minerals компаниясы Көксай жобасымен жұмысын жалғастыра беретінін, сондықтан ресейлік бизнесмен Роман Абрамовичтен Баим мыс кенішін сатып алмайтынын көрсетеді" деп жазған Financial Times.
АЙШОЛПАН МОҢҒОЛИЯНЫ БІРІКТІРДІ
Жапониялық Nikkei Asian Review журналының сайты "Бүркітші қыз Моңғолиядағы этникалық дүрдараздықты жуып-шаюға көмектесіп жүр" деген мақаласында Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында тұратын әрі Азаттық алғашқылардың бірі болып егжей-тегжейлі жазған этникалық қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыптың өмірі жайлы баяндаған. Айшолпан 13 жасында Моңғолияда өткен бүркітшілер сайысында бас жүлдені жеңіп алған әрі Батыс елдерінде көрсетілген "Бүркітші" (The Eagle Huntress) деген деректі фильмнен кейін Батыста кең танылған.
Nikkei Asian Review журналының мақаласында Моңғолия халқының небәрі 0,4 пайызын құрайтын қазақтар мен үлесі 95 пайыз болатын моңғолдар арасындағы этникалық дүрдараздықтар туралы жазған. Мысалы, моңғолиялық қазақтардың көбі қазақша сөйлейді әрі мұсылман дінін ұстанады, мұны этникалық моңғолдардың көбі жақтырмайды. Бұған қоса, олар моңғолиялық қазақтардың көбінің қоныс аудару бағдарламасы бойынша Қазақстанға көшіп кеткенін де құптамайды.
"Бүркітші" фильмі шыққаннан кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Айшолпанның отбасына Қазақстанға көшіп келіп, молшылықта өмір сүруді ұсынған болатын, бірақ Айшолпан бұл ұсыныстан бас тартқан. Этникалық моңғолдар жас бүркітшінің бұл шешіміне қайран қалып, Айшолпанның отбасын патриоттар деп атай бастаған. Бүркітшілердің биылғы сайысына рекордты адам саны – 3500 адам барған, ал былтырғы сайысқа 1500 адам жиналған болатын.
ПІКІРЛЕР