Accessibility links

Дональд Трампты Қазақстаннан жымқырылған ақшаға қатысты айыптайды


Нью-Йорктің Манхэттен ауданы. 13 қыркүйек 2016 жыл.
Нью-Йорктің Манхэттен ауданы. 13 қыркүйек 2016 жыл.

Ұлыбританияның Financial Times газеті журналистері жүргізген зерттеуде АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамптың арасында Қазақстаннан да жымқырылған «лас ақшаны» заңдастырумен айналысатын халықаралық желімен байланысы болуы мүмкін деген болжам жасалған. Зерттеуде Алматының бұрынғы мэрі Виктор Храпунов пен оның балалары да аталады.

НЬЮ-ЙОРК ТӨРІНДЕГІ ҚЫМБАТ ПӘТЕРЛЕР

Ұлыбританияның Financial Times газетінде осы аптада жарияланған «Трамптың қазақстандық «лас ақшаға» қатысы» деген мақала авторлары миллиардер әрі АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамптың бизнес-империясы АҚШ-тың қымбат тұратын жылжымайтын мүлік саласына салынған «лас ақшаны» заңдастыру үшін пайдаланылуы мүмкін деп жазады. Ұлыбританияның беделді газетінің әлгі мақаласы Қазақстанда үлкен резонанс тудырып, ол жайлы бірнеше жергілікті веб-сайт хабарлады.

«АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамп жылдар бойы жанына өзіне қолдау танытатын және қызмет жасайтын небір қызық жандарды жинаған. Олардың кейбірі бұрын ұйымдасқан қылмысқа немесе алаяқтық айла-шарғыларға қатысы болғандар. Бірақ Трамптың күрделі әрі көбінесе жабық империясы үшін ең қауіптісі – оны АҚШ билігі лас ақшаны заңдастыру дендеген деп қауіптенетін елдің жылжымайтын мүлік саласындағы мақсатқа пайдаланған тәрізді» деп жазады Financial Times.

АҚШ президенттігіне кандидаттар Хиллари Клинтон (сол жақта) мен Дональд Трамп қайырымдылық асында әңгімелесіп отыр. Нью-Йорк, 20 қазан 2016 жыл.
АҚШ президенттігіне кандидаттар Хиллари Клинтон (сол жақта) мен Дональд Трамп қайырымдылық асында әңгімелесіп отыр. Нью-Йорк, 20 қазан 2016 жыл.

Financial Times зерттеуі болжамынша, жымқырылған ақшаны заңдастырумен «айналысатын» халықаралық желімен Трампқа тиесілі кәсіпорындардың бірінің көптеген байланысы болған. «Жымқырылған жүздеген миллион долларды заңдастырды деп айыпталатын қазақстандық әулет Манхэттендегі Трампқа жартылай тиесілі ғимараттардан қымбат пәтерлер сатып алып, қаржы магнаты әріптестерінің бірінің үлкен коммерциялық жобаларына қатысқанын меншікке қатысты жасалған келісім-шарттар, банк құжаттары және алыс-беріс хаттар көрсетіп отыр» делінген мақалада.

Журналистер зерттеуінде жылжымайтын мүлікті сатып алу үшін 2013 жылғы сәуірде Нью-Йоркте құрылған жауапкершілігі шектеулі үш компания пайдаланылған деп көрсетілген. Жылжымайтын мүлікті тіркеу жазбаларына қарағанда, әлгі компанияларды құрғаннан соң бір аптадан кейін олар 46 қабатты Trump Soho сәнді қонақ үй-кондоминимумынан бірнеше пәтер сатып алуға 3,1 миллион доллар төлеген. Алматылық адвокаттар ұсынған банк құжаттары негізгі бенефициар Виктор Храпуновтың Калифорнияда тұратын қызы Эльвира Кудряшова екенін көрсетеді. Қазақстан билігі дерегінше, ол інісі Ілияс екеуі «отбасының ақшасын заңдастыру желісіндегі негізгі буын» деп жазады Financial Times.

Financial Times газетінің жазуынша, пәтерлерді сату бенефицары бір қарағанда Дональд Трамп емес сияқты көрінеді, өйткені пәтерді сатушы - Bayrock/Sapir Organization LLC деген тағы бір компания. Бірақ әлгі компания құрамына Trump Soho-ның негізгі екі әріптесі - Тамир Сапирдің Sapir Organization және Тевфик Арифтің Bayrock компаниясынан бөлек, жеке брэндін пайдалануға лицензия берген Дональд Трамп та кіреді. Дональд Трамптың Trump Organisation компаниясы бас заңгері сатып алушыларды қаржылық тұрғыдан тексеруге Bayrock/Sapir Organization компаниясы жауапты болғанын, сондықтан «заңда қарастырылған барлық талаптарды» орындағанына сенімді екенін айтады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен сол кезде басшылық қызметте болған Виктор Храпунов. 2000 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен сол кезде басшылық қызметте болған Виктор Храпунов. 2000 жыл.

Қазақстан үкіметінің «Виктор Храпунов пен оның отбасы жымқырылған миллиондаған долларды заңдастырған» деген айыбын Храпунов жоққа шығарады. Қазір Швейцарияда тұратын Виктор Храпунов «Қазақстанның авторитарлы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы шығып, оппозиционер болғаным үшін қудаландым» деп мәлімдейді.

Храпуновтың жақтастарының айтуынша, оның отбасы ақша жымқыру арқылы емес, «бизнестегі табыстарының арқасында байыған».

Виктор Храпунов отбасының өкілі Нью-Йорктегі пәтерлер мен өзге мәмілелер үшін аударылған төлемдерге қатысты сұраққа жауап беруден жалтарып, «клиентімнің ешқандай жазығы жоқ, ол - режимнің құрбаны, ал активтері Швейцария заңдарына толық сай ресімделген» деумен шектелді.

Financial Times газетіне сілтеме жасаған америкалық Fortune журналында да осы тақырыпқа мақала шыққан. Әлгі мақалада «Қазақстандағы ресми тұлғалар жымқырған ақшасын заңдастыру үшін Дональд Трамптың Манхэттендегі негізгі жобаларының бірін пайдаланған, ақырында оның пайдасын АҚШ президенттігіне кандидаттың [Дональд Трамп…] өзі көрген» деп жазылған. Бұл тақырыпты Tengrinews, Nur.kz сайттары мен КТК телеарнасы сияқты көптеген қазақстандық БАҚ іліп әкетті, ал CA-News.org сайты мақала мәтінін толық аударып жариялаған.

УРАН ӨНДІРУ МЕН ҚАРУЛАНУ

All Africa жаңалықтар сайтында Африкада - Танзаниядағы Мкуджу өзенінен уран өндіретін жаңа жоба жайлы жазған. Uranium One жобасы 2013 жылдан бері ресейлік «Росатом» компаниясы иелігінде. Мақала авторларының жазуынша, Мкуджу өзеніндегі кеніштен уран ISR (жер астын ұңғылап шаймалау жолымен) технологиялары арқылы өндіріледі. Бұл тәсіл «Росатомның» Қазақстандағы алты жобасына қарасты шахталары мен АҚШ-тағы Willow Creek кенішінде де қолданылады.

Ал америкалық Boston Glob газетінің «АҚШ-тың ресми тұлғаларының айтуынша, Ресей зымыран бағдарламасын жалғастырып, келісім-шартты бұзып отыр» деген мақаласында 1987 жылғы желтоқсанда СССР мен АҚШ арасында қол қойылған орта және жақын қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісім-шартты бұзды деп АҚШ тарапынан Ресейге тағылған айыптаулар туралы жазған.

СССР ыдырағаннан кейін әлгі келісім-шарт талаптарын орындау міндеті Ресейге жүктелген, бірақ келісім-шартқа Украина, Беларусь және Қазақстан да қол қойған әрі 2003 жылдан бері келісім шарттарын орындауды тексеретін комиссия отырысына өз өкілдерін жіберіп келеді. АҚШ билігі Ресейді зымыран ұшыру сынақтарын «сынақ бағдарламасына қажет мөлшерден көп өткізеді» деп айыптайды. Ал Ресей «қаруланған дрондарды пайдаланып, келісімді бұзды» деп АҚШ-ты кінәлайды.

XS
SM
MD
LG