ЕРТЕ НЕКЕ ПРОБЛЕМАСЫ
Канадалық Columbian газетінің сайты жариялаған «Әр жеті секунд сайын жасы 15-ке толмаған бір қыз бала тұрмысқа беріледі» деген мақалада Save the Children халықаралық үкіметтік емес ұйымы жүргізген зерттеудің жуырда жарияланған нәтижелері келтірілген. «Қыз балаларға жасалған мүмкіндіктер» негізінде құрылған рейтингі ерте неке, ерте жүктілік, қыз балалар арасындағы ана өлімі, әйелдердің билікке араласуы және білім алуға қол жетімділік деңгейі сияқты көрсеткіштерден түзілген. Скандинавия елдері индексте алдыңғы орындарда, ал Африканың Нигер, Орталық Африка Республикасы немесе Чад тәрізді кедей елдері соңғы орындарда тұр. UNICEF ұйымының дерегінше, қазірге дейін 18 жасқа толмай тұрмысқа ұзатылған 700 миллионнан астам қыз баланың әр үшіншісі 15 жасқа толмаған. Мұндай некелер көбінесе мәжбүрлі түрде қиылады әрі қыздар өзінен әлдеқайда үлкен жастағы ер адамға тұрмысқа беріледі.
«Save the Children рейтингінде АҚШ 32-орында - Қазақстан, Алжир тәрізді елдерден төмен тұр. Оның себебі АҚШ-та қыз балалар арасындағы ерте жүктілік пен ана өлімі деңгейі өзге дамыған елдермен салыстырғанда сәл жоғары болуымен байланысты» деп жазады Columbian.
Американың NBC News арнасы сайты осы тақырыпқа арнаған «Save the Children ұйымының қыз балаларға қатысты баяндамасында 144 елдің ішінде АҚШ 32-орынды иеленген» атты мақаласында «Ең озық және ең нашар елдердің жаңа рейтингінде АҚШ Алжир мен Қазақстан сынды елдерден артта қалды» деп жазады.
«Save the Children ұйымы өз зерттеуінде пайдаланған ақпарат негізінде, АҚШ зорлық-зомбылықпен аты шыққан (Алжир, 31-орын), авторитарлы режим орныққан (Қазақстан, 30-орын), экономикалық дағдарыс жайлаған (Грекия, 26-орын), әйел құқығына қарсы тікелей шабуыл жасалған, мысалы, түсік жасатуға мүлде тыйым салуға қарсылық білдіріп өткен аптада ондаған мың әйел көшеге шыққан Польша (22-орын) тәрізді елдерден төмен тұр» деп жазады NBC News.
ҚАШАҒАН МҰНАЙ БАҒАСЫ ТҮСКЕНДЕ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Үндістанның Economic Times газетінің «Түбегейлі бетбұрыста саудиялықтар тәуелсіз мұнай нарығын емес, қымбат бағаны таңдады» деген мақалада Сауд Арабиясының баға қымбаттайды деген үмітпен мұнай өндіру көлемін азайту бастамасы жайлы жазған. Сарапшылар пікірінше, бұл амал бір баррельдің бағасын 10 долларға дейін қымбаттатуы мүмкін, бірақ бұл бастамадан тұшымды нәтиже шығатынына сенбейтіндер көп.
«Сауд Арабиясы өндіру көлемін қысқартуға келіскені сол еді, әлемдегі ең қымбат жоба – Қазақстандағы 50 миллиардтық Қашаған нарыққа шығуға дайындалып жатыр. 10 жылдай даярланған жоба қазірдің өзінде лық толған нарыққа 2017 жылы мыңдаған баррель мұнай құяды» деп жазады газет.
Бұған қоса мақалада ОПЕК ұйымына мүше елдер өкілдері Алжирде кездесу өткізіп жатқанда, Мәскеу «қыркүйекте Ресей күндік мұнай өндіру көлемін 11,1 миллион баррельге жеткізіп,постсоветтік рекордты жаңартты» деп жариялады деп жазған. ОПЕК-ке кірмейтін Мексика, Норвегия сияқты елдер мен АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндірушілер де Ресейге еріп өндіруді арттыруы мүмкін.
Американың жаңалықтар тарататын Fox Business арнасы сайтының жазуынша, мұнай нарығындағы көптен күткен тұрақтылық екі факторға – сұраныстың артуы мен ұсыныстың азаюына негізделген. «Биыл бұл екеуі де дұрыс бағытта жылжып келе жатқанымен, халықаралық энергетика агенттігі (ХЭА) мен ОПЕК-тің жуырдағы есебі таяуда проблемалар пайда болуы мүмкін екенін көрсетеді» деп жазады Fox Business.
Сұраныстың артуына қатысты биыл күндік мұнай өндіру көлемі 1,3 миллион баррельге дейін өседі деген болжамға қарамастан, іс жүзінде ХЭА болжамынан күніне 100 мың баррельге кем болды. Арзан мұнай Қытай мен Үндістанды ынталандыра алған жоқ, ал Еуропа «Брекситтен» кейін әлсірей бастаған экономикасымен әуре.
Мұнай ұсынысы қысқарады дегенге қатысты болжамдар да онша мәз емес. ОПЕК болжамы бойынша, ОПЕК-ке мүше емес елдер биыл да, келер жылы да өндіріс көлемін ұлғайтады. Биыл мұнай өндіру көлемі болжамдағыдан 180 мың баррельге асып кеткенге ұқсайды, бұл үрдіс келер жылы да сақталады. «Қазақстандағы аса ірі Қашаған мұнай кенішінен көптен күткен мұнайдың өндіріле бастауы ондай көзқарастың ең басты факторларының біріне айналды» деп жазады Fox Business.