Алматы тұрғыны Ақерке Байғазиева зорлығына шыдамай, 12 жыл отасқан күйеуінен ажырасып кеткенін жұртқа жария еткені үшін жұмыстағы әріптестеріне жеккөрінішті болғанын айтады.
– Бізде «ұят болады» деген менталитет бар ғой. «Өзің кінәлісің, оны соған жеткізгенсің ғой, әйтпесе ол жаман емес» дейді. Тіпті мекеме басшысы осы себепті жұмыстан шығуыма кеңес берді. Жеке жағдайымды теледидардан айтқаным үшін ұжымды жаман атты жасаппын. Осылайша зорлық көргенім аздай, үндемей қалмағаным үшін қоғам мені жазалауға көшті, – дейді ол.
ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АХУАЛЫ
Ақерке Байғазиева секілді зорлық-зомбылық құрбаны болған жандардың ахуалы тамыздың 25-інде Астанада өткен «Қорқынышсыз өмір: зорлық пен жазасыздыққа тоқтау саламыз» атты дөңгелек үстелде де қозғалды. Бұл жиынды бірнеше үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) өткізіп, билік өкілдері де қатысты.
Жиында сөйлеген «Әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық ұйымының жетекшісі Алина Орлова зорлық көрген адамдарға мемлекет тарапынан қолдау қажет екенін сөз етті.
– Мемлекеттік субсидия анда-санда емес, үнемі беріліп тұруы керек. Зорлық көрген әйелдерге көп жағдайда қаржылық көмек керек. Олар да білікті заңгерлер мен психологтарға, дәрігерлерге барғысы келеді, – дейді маман.
Зорлыққа ұшыраған соң психологтың көмегіне мұқтаж болғанын мұндай қылмыстың құрбаны Ақерке Байғазиева да айтады. Ол әуелі бірнеше маманнан ақы төлеп кеңес алған.
– Одан кейін аудандық емханаға бардым. Бірақ ондағы психологтар менімен әу бастан-ақ жұмыс істегісі келмеді. Бұл міндетті, тегін қызмет екенін айтып дауласып, басшыларына дейін баратынымды айтқан соң ғана менімен сөйлесе бастады. Бірақ оның қызметі көңіліме толмады. Күйеуіме қайта оралып, бірге тұруыма кеңес берді. Менің жағдайымды түсінуге де тырыспады, – дейді Ақерке Байғазиева.
Психологтардың зорлық көрген адамға көмек көрсету ісі мінсіз емес екенін денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіндегі әлеуметтік қызмет департаментінің директоры Ажар Төреғалиева да мойындайды.
– Емхананы психолог маманмен қамту 2011 жылғы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында басталды. Сол кездегі диплом алған мамандар жас, тәжірибесі де аз еді. Қазір емханаларда 12 мың психолог маман бар. Оларды білім және ғылым министрлігіне қарасты елдегі 18 жоғарғы оқу орындары дайындайды. Бірақ ондағы білім саласы халықаралық стандартқа сай келе бермейді. Сондықтан бізге келген жас мамандарды қайтадан дайындап жатырмыз, – дейді ол.
Ажар Төреғалиева жиынға келген ҮЕҰ өкілдерінің «мемлекет тегін көрсететін әлеуметтік көмек тізімінде жыныстық зорлыққа ұшырағандарға жәрдемдесу жазылмаған» деген пікірлерін де растады.
– Мемлекет тегін көрсететін 11 әлеуметтік қызмет ішінде расымен де жыныстық зорлық көргендер туралы ештеңе жазылмаған. Бірақ тұрмыстық зорлық құрбандарына қызмет көрсету бар. Жыныстық зорлыққа түскендерге біз осы қызмет арқылы жәрдемдесіп жатырмыз. Келер жылы бұл қызметке 120 миллион теңге бөлінді, – деді денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі өкілі.
ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫ ТЕРГЕУ ЖАЙЫ
Жиынға келген ҮЕҰ өкілдері «жыныстық және тұрмыстық зорлыққа қатысты кей істерді тергеушілер дұрыс тексермейді» деген пікірде. Солардың бірі, «Талдықорған аймақтық әйелдерге қолдау орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі Жанар Нұрмұханова сөзіне дәлел ретінде бір жыл бұрын балалар лагеріне барғанда мұғалімнен зорлық көрген қыз баланың оқиғасын әңгімеледі.
– Қыз бала бір жыл бойы үндемей жүрген, себебі зорлық көрсетуші телефонмен үнемі оны қорқытып тұрған. Полицияға шағым түсірген кезде тергеуші сот-медициналық, психиатриялық сараптама жасауға ғана жіберген. Тергеуші қылмысты дәлелдеу айғақтары жоқ болған соң қылмыстық істі қозғамайтынын білген баланың шешесі бізге шағыммен келді, – дейді ол.
Жанар Нұрмұханова кейін тергеу қайта жүріп, зорлық жасағаны анықталған мұғалімнің 11 жылға сотталғанын айтты. Ол «зорлық көрген соң полицияға түрлі себеппен уақытында шағымдана алмаған адамдармен дұрыс жұмыс істей алатынын тергеушілерді дайындау керек» деп біледі.Зорлық көргендер әлеуметтік желі мен қоғамдық ұйымдар арасында адасып жүрмеуі керек.Дина Ботабаева
Зорлық оқиғасын тексеру барысында «тергеушілер тарапынан салғырттық болатынын» ерінен зорлық көрген алматылық Ақерке Байғазиева да растайды.
Әйелдерді көрген қорлығын жасырмай айтуға үгіттеп жүрген «Үндемей қалма» қозғалысының жетекшісі Дина Ботабаева «Қазақстан заңнамасында қылмыс жасады деген күдіктілердің қорғану жолы анық жазылған, ал зорлық көргендердің қорғану мен қажетті алғашқы көмек алу тәртібі жазылмаған» деп біледі.
– Зорлық көргендер әлеуметтік желі мен қоғамдық ұйымдар арасында адасып жүрмеуі керек. Олардың қалай қорғану керектігі заңнамада, арнайы тәртіпте жазылуы тиіс. Кезекші прокурордың өздері үшін отырғанын білуі шарт. Олар үшін кезекші адвокат, кезекші психолог жұмыс істеу керек. Тіпті, оқушылар мен ата-анаға да нұсқаулық қажет. Баласы сондай жағдайға тап болса, ата-ана баласының жанын жараламайтын сөзді айта білу керек, – дейді ол.
Дина Ботабаева жыныстық зорлық жасағандарға тағайындалған жаза мерзімін күшейтуді, оларды бас бостандығынан айыру мерзімін 10 жылдан 20 жылға дейін көбейтуді ұсынды.
«Қорқынышсыз өмір: зорлық пен жазасыздыққа тоқтау саламыз» атты дөңгелек үстелге қатысушылар бұл мәселеге қатысты ұсыныстарын билік орындарына жіберді.
Қазақстанда жылына қанша адамның зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын жиынға келген мамандар анық айтып бере алмады. Олардың сөзінше, елдегі әйелдер «өздері көрген зорлық-зомбылықты сыртқа ашып айтпайды». «Дағдарыс орталығы одағы» заңды тұлғалар ұйымының бастығы Әсел Мұхамедсадықова келтірген дерек бойынша, жыныстық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты шағымның 60 пайызы сотқа жетпей, орта жолда жабылып қалады.