Қостанай облысы Перцовка ауылының 35 жастағы тұрғыны Анна Белоусоваға бес жыл (2011 жылы) бұрынғы оқиғаны еске алу әлі қиын.
- Мен Перцовка ауылында туып-өстім. 9 сыныптық ауыл мектебінде менің ата-анам жұмыс істеген. 9 сыныпты сонда оқып бітірдім де, анам ауырған соң ешқайда оқуға бара алған жоқпын. Кейін ата-анам қайтыс болған соң, 16 жасымда сол мектепте жұмыс істей бастадым. Алдымен мектеп ішілік шараларды ұйымдастыруға көмектестім, кейін би үйірмесін аштық. Ал 18-ге толған соң мектеп әкімшілігі ресми түрде жұмысқа гардеробшы етіп алды, - дейді ол.
ІСТІҢ БАСЫ
Аннаның еңбек шарты жылына бір рет қыркүйек айында жасалып, жыл сайын ұзартылып келген. 1999-2010 жылдар аралығында солай қызмет еткен Аннаның сөзінше, 2010 жылы келген жаңа директордың кесірінен басындағы ахуал өзгерген.
- Жаңа басшы күзде келді, менімен түйдей құрдас екен. Жаңа жылға жақын кезде кабинетіне шақырып алып, «жұмысыңнан айырылып қалғың келмесе, менің айтқанымды істейсің» деп талап қойды. Мен «түк түсінбедім» деп едім, «менімен төсектес боласың, әйтпесе орныңды босатасың» деді. Мен әрине оның бұл сөздерін қалжың деп ойладым, алайда уақыт өте ол мені кабинетіне шақыртуды жиілетті, мен бәрібір келіспедім, - дейді Анна.
«Мектеп басшысы тарапынан қысым күшейе бастаған соң» Анна қалалық білім бөліміне, ол жақтан тиісті әрекет болмаған соң ішкі істер бөліміне шағым жазған. Шағымын қараған тергеуші «қылмысты іс қозғауға ешқандай негіз жоқ» деп, ешқандай шара қолданбаған, ал бұл арада мектеп басшысы «ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпарат таратты» деп айыптап, оның үстінен сотқа шағым түсірген. Рудный қалалық соты, кейін Қостанай облысының апелляциялық және кассациялық соттары шағым берушінің талап-арызын қанағаттандырып, Белоусованы «көпшілік алдында кешірім сұрау мен соттың барлық шығындарын өтеуді міндеттеген».
Анна Белоуосова сотқа берген кезде Перцовка ауылы мектебінің директоры қызметкерін атқарған азамат Азаттыққа комментарий берді, алайда аты-жөнін атамауды өтінді.
- Ешқандай жыныстық қатынасқа үгіттеу, я мәжбүрлеу, ақша талап ету болған жоқ. Ол (Анна Белоусова – ред.) менің атыма қалалық білім басқармасына, прокуратураға шығым жазып, атыма кір келтірген соң сотқа бердім. Қолымда үш соттың – Рудный қалалық, Қостанай облыстық апелляциялық және кассациялық соттарының шешімдері бар. Сот менің талап-арызымды қанағаттандырды. Маған ол адамнан ешнәрсе керек емес, мен тек өз атымды, беделімді ақтап алу керек болды. Сотқа түсірген шағым-арызда мен сотқа кеткен шығындар мен моральдық өтемақы ретінде 1 теңге талап еттім. Сот шағымымды қанағаттандырып, мектеп ұжымы алдында кешірім сұрауды міндеттеді, - деді экс-директор.
«ПРЕЦЕДЕНТ»
2012 жылы Анна Белоусова Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроға арыздана барған. Бюро Аннаның арызын, қолындағы айғақ – мектеп директорымен арадағы болған әңгіменің диктафон жазбасы мен соттардың шешімдерін жинап, БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комиссиясына жіберген. Үш жылдан кейін, 2015 жылғы шілденің 13-і күні комиссия Анна Белоусованың құқығы расымен де бұзылғаны жайлы шешім шығарып, бірқатар талаптар қойған. Комиссия жұмысына Аннаның өкілі ретінде қатысқан Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның Қостанай облысындағы филиалының жетекшісі Анастасия Миллер, бұл істің прецедент екенін айтады.
- Бұл – Қазақстан, тіпті Орта Азия елдері бойынша БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комиссиясы қарап, шешім шығарған алғашқы іс. Бірақ бұл – Қазақстанда әйелдерге қатысты жыныстық қатынасқа итермелеу немесе үгіттеу, я болмаса өзге де қысым жоқ деген сөз емес. Бізде әдетте әйелдер мұндай мәселені жария етпей, өз ішінде сақтауды жөн санайды, - дейді Анастасия Миллер.
Құқық қорғаушының сөзінше, БҰҰ комитеті Қазақстан билігіне Анна Белоусоваға осы оқиға кесірінен шеккен моральдық және материалдық шығынын өндіріп беруді және қылмыстық заңнамаға «жыныстық қатынасқа үгіттеу» ұғымын ендіріп, оған қылмыстық жаза тағайындау» туралы кеңес берген.
- Комитет шешімінде Аннаның жұмыстан айырылып қалғанын, осы оқиғадан кейін жүйкесінің сыр беріп, соның салдарынан көзі нашарлап, бүгінде көзіне байланысты 1-топтағы мүгедек болып қалғанын ескере отырып, өтемақы төлеуді міндеттеді. Алайда өтемақының сомасы аталған жоқ. Ол соманы Аннаның өзі атады, ол 7,5 миллион теңге, - деді Анастасия Миллер.
Оның сөзінше, мамырдың 16-сы күні БҰҰ комитеті шешімінің негізінде Рудный қалалық білім басқармасының атына Рудный қалалық сотына шағым түсірген. Комитет шешімінде «Анна Белоусованы жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу мен оған қатысты кемсітушілік болғаны, соған қарамастан жұмыс берушімен арадағы келісім-шарттың заңсыз бұзылғаны» айтылады.
Рудный қалалық білім басқармасының басшылығынан бірден комментарий алу мүмкін болмады. Басқарма бастығының хатшысы «бастық жиналыста, бірақ сізге «сотқа қатысты әзірге ешқандай ескерту-қағаз келген жоқ, сондықтан ешқандай комментарий бере алмаймын» деп айтуды сұрады» деп жауап берді.
Құқық қорғаушылар Қазақстанда көптеген жыныстық әлімжеттік көрсету оқиғаларының тіркелмей және жазаланбай қала беретініне назар аударады. Қылмыстық кодекстің 120 және 121-баптарында зорлау мен сексуалдық сипаттағы әрекеттер үшін жаза қарастырылған. 123-бапта сексуалдық қатынасқа шантаж арқылы мәжбүрлеу үшін де жаза түрі тағайындалған. Бірақ құқық қорғаушылардың сөзінше, заңда «сексуалдық сипаттағы әрекетке шақыру ниетінің» я азаматтық заңбұзушылық, я қылмыстық әрекет екені анық көрсетілмеген.