Accessibility links

БҰҰ әйел құқығын талқылайды


Киі үй жанында ас әзірлеп отырған әйел және балалар. Сусамыртау, Қырғызстан, 8 шілде 2014 жыл.
Киі үй жанында ас әзірлеп отырған әйел және балалар. Сусамыртау, Қырғызстан, 8 шілде 2014 жыл.

Бүгін Нью-Йоркте әйел мәртебесі жөніндегі дүниежүзілік БҰҰ конференциясы басталады. Жиында әлемдегі барлық әйелдердің, оның ішінде Орталық Азия елдерінде тұратын әйелдердің теңдігі мен дамуына қатысты жетістіктер талқыланады. Нью-Йорктегі конференцияда Азаттық тілшісі де жүр.

Нью-Йорктегі БҰҰ конференциясына 20 жыл бұрын Пекин декларациясы мен әйелдердің жағдайына қатысты іс-қимыл платформасын қабылдаған елдердің өкілдері жиналған. Олар бұл елдерде әлі күнге жойылмай келе жатқан ерлер мен әйелдер арасындағы теңсіздік себептерін анықтауы тиіс.

Декларацияны ескертпесіз қабылдаған Қазақстанда гендерлік теңдікті толық қамтамасыз ету ақша мәселесіне тіреледі екен. Кейбір әлеуметтік міндеттемелерді іске асыруға қаржы қажет.

Қазақстандағы «Феминистік лига» президенті Евгения Козыреваның айтуынша, Қазақстан декларация тармақтарын шамамен 70 пайызға орындаған. Бұл ұйым БҰҰ әйел мәртебесі комитеті ұсыныстарын орындау барысын бақылайтын мониторингке қатысады.

Алматы көшесінде қайыр сұрап тұрған балалы әйел.
Алматы көшесінде қайыр сұрап тұрған балалы әйел.

– Әсіресе, «экономикалық тұрғыдан тәуелсіз әйел» деген тармаққа қатысты жағдай қиын. Бізде экономикалық тұрғыдан тәуелсіз әйелдер аз. Бір немесе бірнеше баланың күтіміне байланысты бірнеше жыл декретте отырған әйелді кейін ешкім жұмысқа алмайды, - дейді Евгения Козырева Азаттық тілшісіне.

Ал әйел құқығы дамыған елдерде декреттегі әйелге кез келген формада білім алып немесе жұмыс істеу мүмкіндігін беру үшін үздіксіз білім алу механизмі қарастырылған. Мұндай бағдарламалар әдетте мемлекет есебінен қаржыландырылады.

– Тағы бір проблема – жұмыс орындарының тапшылығы. Біздің елде өзін өзі қамтитын әйелдер көп – шамамен 85 пайыз, яғни екі миллион 700 мың әйел бар. Олар балаларына үміттеніп, зейнетақы жинамайды, - дейді Евгения Козырева.

Қазақстанда 85 пайыздай, яғни екі миллион 700 мың әйел өзін өзі қамтитындар санатында

«Феминситік лига» президентінің айтуынша, гендерлік теңдік экономикалық заңдарға «жұмыстағы сексуалдық қысым көрсету» бабын енгізуді талап етеді. Қазақстан заңдарында мұндай түсінік жоқ. Бұл ұйым «Ерлер мен әйелдердің тең құқығы мен тең мүмкіндігін қамтамасыз етудің мемлекеттік кепілдері» заңына өзгеріс енгізуге көптен бері тырысып жүр, бірақ депутаттар тарапынан әзірше қолдау көре алмай келеді.

БҰҰ әйелдердің жағдайына қатысты келесі кездесуін биыл қыркүйек айында министрлер деңгейінде өткізеді. Сол кезде ел басшылары гендерлік теңдікті қолдайтынын бюджет бөлу арқылы дәлелдеуі тиіс.

Евгения Козырева Қазақстан үкіметіне қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға гендерлік тармақтарды қазірден бастап енгізуге кеңес береді.

«Мысалы, Қытай мен Еуропа арасындағы жол құрылысында ер адамдарға арналған жұмыс орындары көп, ал әйелдер айналысатын жұмыстар жоқ. Ал әйелсіз ер адам болушы ма еді. Жол бойында кенттер пайда болып, кейін қалаларға айналуы мүмкін. Сондықтан балабақшалар салуды бірден жоспарлау керек» дейді «Феминистік лига» президенті.

XS
SM
MD
LG