БОЛЖАП БОЛМАЙТЫН САЙЛАУ МЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ "КИЛІГУІ"
Жапонияда шығатын Diplomat газеті "Қырғыз демократиясы келесі сынақтан өте алар ма екен?" деген мақаласында Қырғызстанда 15 қазанға белгіленген әрі ел тәуелсіздігінің 26 жылында "сайланған президенттер арасында алғаш рет бұрын-соңды болмаған билік ауысуына" айналары анық президент сайлауы туралы жазған. Биліктегі алты жылы аяқталған қазіргі президент Алмазбек Атамбаев қызметінен өз еркімен кетеді, ал постсоветтік кезеңнің екі президенті – Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиев қызметтерінен 2005 және 2010 жылдары болған революциялар нәтижесінде қуылған.
Президент қызметіне негізгі кандидаттар ретінде Алмазбек Атамбаев қолдайтын бұрынғы премьер-министр әрі Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының мүшесі Сооронбай Жээнбеков пен "Республика - "Ата Жұрт" партиясының жетекшісі әрі "Қырғызстанның ең бай адамы" саналатын Өмірбек Бабановты атайды. "Бұған қоса, [Өмірбек Бабановты] Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қолдайтын тәрізді. Бабанов Назарбаевпен кездескен кезде мұны Астананың [қырғыздың] ішкі саяси процесіне араласу әрекеті деп санап, Атамбаев үкіметі қатты ашуланды" деп жазған Diplomat.
Қырғызстан Қазақстанға нота жолдады (20 қыркүйектегі видео):
7 қазанда президент Алмазбек Атамбаев Қазақстан билігін "Қырғызстанның ішкі ісіне араласуға тырысып отыр" деп жария түрде айыптап, Қазақстан басшылығын сынағаннан соң бірнеше күннен кейін Қазақстанмен шекарада жағдай қиындап кетті.
Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан билігін сынаған сөзі:
"Дегенмен алдағы жексенбіде өтетін сайлаудан кейін Қырғызстанның келесі президенті кім болатыны әлі күнге дейін белгісіз, бұл Орталық Азия тарихында кездеспеген жағдай (әрі кең байтақ постсоветтік кеңістікте бұрын-соңды болмаған деуге болады)" деп жазған Diplomat.
Ағылшын тіліндегі EurasiaNEТ сайты "Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы "тәжікелесу" ушығып барады" деген мақаласында Бішкек пен Астананың жуырдағы мәлімдемелері және адамдар мен көліктердің ұзын-сонар кезегі пайда болып, шекарадан өткен адамдар "өте баяу өткізіп жатыр" деп шағымданған осы аптадағы ахуалға қатысты комментарийлер жариялаған.
Қазақ-қырғыз шекарасындағы кезек:
11 қазанда Қазақстанның шекара қызметі "заңсыз әрекеттерге жол бермес үшін ...және қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау" үшін Қазақстан тарабы шекарадағы қауіпсіздікті күшейтті деп хабарлаған. "10 қазанның кешінен бері жүздеген азаматы Бішкек түбіндегі "Қордай" өткізу пунктінде бірнеше сағаттап күтуге мәжбүр болған Қырғызстанда жұрттің көбі бұл хикаяға сенбеген тәрізді. Бұл жосықсыз егес 7 қазанда Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев алдағы сайлауда президенттікке кандидаттардың бірін Қазақстанның қолдау танытуына қатысты ашулы пікір білдіргенен кейін басталған. [...] Оның сөздері [Қазақстан тарапынан] да сондай ашуға толы қарымта жауапқа ұласты" деп жазған EurasiaNET. Қазақстандық ресми тұлғалардың сөздерін Азаттық толық сипаттап жазған.
Оқи отырыңыз: Қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал үкіметтердің салғыласуына ұласты
Британдық Guardian газеті де "Қырғызстан Орталық Азиядағы сайлауды бұрмалау тенденциясын бұзып отыр" деген мақаласында Қырғызстанда өтетін сайлауға қатысты комментарий жазған. 12 қазанда басылым "Қырғызстанда өтуі тиіс президент сайлауынан тым оғаштау бір нәрсені байқауға болады – дауыс беруге бір аптаға жетпейтін уақыт қалды, бірақ кім жеңетінін ешкім білмейді" деп жазған. Қырғызстанда орналасқан "жоғары лауазымды Батыс дипломатының" сөзін келтірген Guardian газеті "бұл Орталық Азия тарихындағы ең еркін әрі әділ сайлау болмақ. Ал аймақтың өзге елдерінде әдетте жалғыз интрига – биліктегі президенттің 99 пайыз әлде 105 пайыз алатыны болатын, ал мұнда кім жеңетінін біз шынымен білмейміз" деп жазған.
Мақалада 47 жастағы оппозиициялық кандидат Өмірбек Бабановты "Мәскеуде оқып, саясатқа араласқанға дейін көрші Қазақстанда байыған колхоз директорының баласы" деп сипаттайды. Бұған қоса, ол "экономиканы либералдандырып, салық реформасын жүргізу және инвестиция тартуды көздейді" деп хабарлайды басылым.
ӘЛИЕВТІҢ ІСІ БОЙЫНША АСТАНАМЕН ЫНТЫМАҚТАСУҒА ТЫЙЫМ
Мальтаның Malta Today газеті "Диссиденттің жесірі Мальтаның Қазақстанға көмектесуіне кедергі жасау үшін сотта жеңілді" деген мақаласында хабарлауынша, Мальтаның конституциялық соты ел билігіне Қазақстан президентінің бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиевтің ісі бойынша "Қазақстанмен ақпарат алмасуды доғаруды" бұйырған. Бұл тыйымның Дариға Назарбаевамен ажырасқаннан кейін Әлиев үйленген Эльнара Шоразованың ісіне қатысы жоқ. Сот тыйымды сот саласындағы екі ел арасында ынтымақтастық туралы бекітілген келісімді бұзуға себеп жоқ деген уәжбен негіздеген" деп жазады Malta Today.
Әңгіме Қазақстанда "заңсыз алынған ақшаның ізін жасырды" деген және өзге де қылмыстарға қатысты айыпталатын марқұм Рахат Әлиев пен оның екінші әйелі Эльнара Шоразованың Мальтадағы мүлкіне қатысты ақпарат сұрауға қатысты болып отыр. "Соттың айтуынша, Шоразоваға қатысты айыптаулар мүлде негізсіз деуге келмейтін сияқты. [Бұған қоса, шешімде айтылғандай], "арызданушының екеуі де Қазақстан үкіметінде жұмыс істеген. Кесімді табысына қарамастан, олар құны кірісінен асып кететін қымбат жылжымайтын мүлік сатып алған" деп жазған Malta Today. Бірақ Рахат Әлиевті "аңшылық нысанына айналған аңшы" деп атаған мақалада Мальта соты Рахат Әлиевке қатысты Қазақстанда "әділ сот төрелігіне жүгіну құқығы бұзылып жатыр" деп қаулы қабылдағаны туралы жазған.
Мальта конституциялық сотының Қазақстан билігінің өтініші бойынша Рахат Әлиевке қатысты ақпарат беруді доғарып, бірақ Эльнара Шоразоваға қатысты ақпарат беруге рұқсат еткен әлгі шешімі жайлы "Сот билікке Қазақстанмен Әлиевтің ісі бойынша ынтымақтасуды доғаруды бұйырды" деген мақаласында тағы бір мальталық басылым - Times of Malta газеті де комментарий жариялаған. Бұған қоса, мақалада Мальтада өткен алғашқы сот "бұл заңды әрекет болған, өйткені ерлі-зайыптылар қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің кесімді табысына сай келмейтін құны қымбат жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алған деп мәлімдеді" деп жазылған.
Басылым бұдан былай Астанаға ақпарат жолдамау жайлы қаулы еткен мальталық судьяның "болар іс болып, [Қазақстанға] жолданғаны жолданып қойды" деген сөзін келтірген. Газеттің жазуынша, Мальтада Әлиевтің ісін қарау оның қазасынан кейін тоқтамаған, бұл заңға қайшы саналады. "Сол себепті сот Мальта билігіне марқұмның бір де бір ісіне қатысты ынтымақтаспауды бұйырды" деп жазады Times of Malta.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаға үйленген Австриядағы Қазақстанның бұрынғы елшісі Рахат Әлиев қазақстандық банкирлерді өлтірді деген айып бойынша жауапталуы тиіс болған сот қарсаңында – 2015 жылғы ақпанда Вена түрмесінен өлі күйінде табылған. Австрия билігі Әлиев түрме камерасында өз-өзіне қол салған деп мәлімдеген. Ал Әлиевтің адвокаттары "оны қасақана өлтірді" деп санайды.
Кезінде Әлиевтің Венаға ұшып барып "Австрия билігіне өзі берілгені" туралы хабарланған. Ал оған дейін Әлиев Мальтада, кезінде өзі қуғынға ұшырамай тұрғанда Венадағы Қазақстан елшілігінде жұмыс істеген Эльнара Шоразовамен бірге тұрған. Қазақстанда Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиев 2007 жылы қуғынға ұшыраған. Оны "Нұрбанктің" екі топ-менеджері – Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті ұрлап әкетті деп айыптап, ал кейінірек бүкіл қызметінен және дипломатиялық иммунитетінен айырған (іле-шала "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деген және өзге де бірнеше қылмыстық сипаттағы айыппен 20 жылға соттаған). Рахат Әлиевтің өзі "Назарбаевты сынағаным үшін саяси астармен қудаланып жүрмін" деп талай мәлімдеген.