Accessibility links

Қазақстандағы жас буын мен дәстүрлі құндылықтар


Тұңғыш президент күніне орайластырылған шараға қатысушы оқушы жастар. Астана, 20 қараша 2012 жыл.
Тұңғыш президент күніне орайластырылған шараға қатысушы оқушы жастар. Астана, 20 қараша 2012 жыл.

Батыс баспасөзі Қазақстандағы жаңа буын, АҚШ-та бекітілген жаңа коммерциялық келісімдер жайлы комментарийлер жариялаған. Бұған қоса, британ судьяларының Астанаға сапары және Головкиннің Альвареспен алдағы қарымта жекпе-жегі туралы жазған.

Z БУЫНЫ

Жапонияда шығатын Diplomat газеті "Z буыны уайымы" деген мақаласында Алматы мен Астанадан өзге алты ірі қаласында тұратын бір жарым мыңнан көп жасөспірім (14-17 жастағы) арасында "Нархоз университеті" жүргізген зерттеуге қатысты комментарий жариялаған.

"Жуырда жүргізілген социологиялық зерттеу кейінгі 10 жыл бойы Қазақстанды жайлап тұрған экономикалық дағдарыс жағдайында кәмелетке толған ұрпақтың жаңғыруды қалайтынын, бірақ мықты дәстүрлі құндылықтарға сүйенгенді жөн санайтынын көрсетті" деп жазған Diplomat.

2017 жылғы қарашада жарияланған сауалнама жастардың отбасын, денсаулықты және мансапты бірінші кезектегі мақсаттар санайтынын көрсетті. Зерттеу көрсекендей, қазақстандық жас буын теңгерімді диета мен дене жаттығуларына алдыңғы ұрпақтармен салыстырғанда, ерекше көңіл бөледі әрі өмірде табысқа жету үшін технологиялар көп мүмкіндік беретінін өте жақсы біледі. "Қазақстанда жұрт сандық технологияларды жетік біледі және әлеуметтік желілерді көп пайдаланады" делінген мақалада.

"Табысқа жету отбасылық және саяси желілерге тәуелді екенін Қазақстан жастары арасында жүргізілген бұрынғы зерттеулер де растаған". Diplomat қазақстандық саяси сарапшы Досым Сәтпаевтың 2016 жылы Германиядағы Фридрих Эберт қоры үшін әзірлеген баяндамасынан "Қоғамда білім емес, меритократияның кез-келген түріне жол бермейтін тамыр-таныстыққа сүйену белең алғаны өте қорқынышты" деген сөздерін келтірген.

АҚШ-ПЕН ЖАСАЛҒАН КЕЛІСІМДЕР

Америкалық CNBC телеарнасы сайты "Қазақстан Қытай инвестициясына сүйеніп АҚШ-пен жаңа келісімдер бекітуге ұмтылып отыр" деген мақаласында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа 16 қаңтардағы сапарына қатысты комментарий жариялаған. Сапар кезінде Назарбаев екі ел арасындағы "жаңа қарым-қатынастар дәуірі" туралы мәлімдеген болатын. Дәл сол күні кешкісін америкалық компаниялар Қазақстанмен 7,5 миллиард долларға жуық соманың коммерциялық құжатына қол қойған. Мысалы, 17 қаңтарда жаңа локомотивтер сатуға және сервис қызметін көрсетуге қатысты "Қазақстан темір жолы" компаниясымен шамамен 900 миллион долларға жасалған екі келісім-шартты аяқтадық деп мәлімдеген General Electric концернінің еншілес кәсіпорыны - GE Transportation компаниясымен бекітілген келісім туралы жазған.

Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Дональд Трамп. Вашингтон, 16 қаңтар 2018 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Дональд Трамп. Вашингтон, 16 қаңтар 2018 жыл.

Баспасөзге арналған бірлескен мәлімдемеде аталған үш бағыттың бірі- Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасы аясында Қазақстан мен Қытай сауда-саттығы ұлғайып келе жатқан ауыл шаруашылығы саласы.

CNBC сайты АҚШ-та орналасқан Atlantic Council зерттеу орталығы сарапшысының "Қазақстандықтар Қытай нарығына кіруге қол жеткізген табысын «АҚШ инвесторларына Қазақстан нарығы ғана емес, сонымен бірге елдегі Қытай нарығы мен одан тысқары елдер нарығына да инвестиция құя алатынын көрсету тетігі" ретінде пайдаланып отыр пікірін келтірген.

"АҚШ пен Қазақстан арасында жөні түзу сауда-саттық орнамаған, сондықтан келісім шарттарын орындау мен адам құқығы проблемаларына қатысты қауіп әлі бар. Бұған қоса, америкалық компанияларға Қытайдың Қазақстанда ұлғайып бара жатқан ықпалын да ескеруі қажет болуы мүмкін" деп жазған CNBC.

АСТАНАДАҒЫ ЖАҢА СОТ

Ұлыбританиялық Times газеті "Қазақстандағы жаңа сотты британдық судьялар басқаратын болды" деген мақаласында Астанада құрылған жаңа экономикалық сот жайлы жазған. Оны Англия мен Уэльстің бұрынғы жоғарғы судьясы лорд Вульф басқаратыны мәлім болды.

Астанадағы "Бәйтерек" ескерткіші.
Астанадағы "Бәйтерек" ескерткіші.

"Қазақстан жайлы ақпараттың мардымсыздығы соншалық, жұрттың көбінің бұл ел туралы пікірі комедиант Саша Барон Коэн сомдаған байғұс тілші - Бораттың бейнесі негізінде қалыптасқан. Бұл көп ұзамай өзгереді. Ұлыбританиядағы сот жүйесінің белгілі судьяларының бірі- бұрынғы жоғарғы судья лорд Вульф Қазақстандағы жаңа коммерциялық соттың төрағалығына тағайындалды әрі жаңа сот құрамына британдық өзге сегіз судья және жоғары лауазымды заңгерлер кіретін болды" деп жазған Times.

Құрамына британдық судьялар кірген Астанадағы халықаралық қаржы орталығы жанынан құрылған тәуелсіз қаржы соты ағылшын сот жүйесіне негізделген айрықша құқықты пайдаланатын болады. "Бұл - Сингапур, Гонконг, Дубай, Абу-Даби және Катар сынды жерлердегі осы сипаттас соттар құру тәжірибесінің жалғасы. Астана соты Астана халықаралық қаржы орталығын Орталық Азиядағы жетекші қаржы орталығына айналдыру үшін әрі жаңғыру бағдарламасы аясында құрылып отыр" деп жазған Times. Сот биылғы жылдың басында ашылған, бірақ бірінші кезеңде жергілікті судьялар мен заңгерлерді даярлап, үйрету шаруасы атқарылатын болады.

GGG-ДІҢ ҚАРЫМТА ЖЕКПЕ-ЖЕГІ

Ал америкалық Los Angeles Times газеті қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Канело Альварестің арасында биылғы 5 мамырда өтетін қарымта жекпе-жек туралы жазған. Былтыр 16 қыркүйекте өткен алдыңғы жекпе-жек төрешілер пікірі екіге жарылғаннан кейін тең есеппен аяқталған.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин.

"Альвареспен алғашқы жекпе-жегіндегі нәтижесіне ренжігені анық Головкин (37-0-1, 33 нокаут) Твиттер парақшасында World Boxing Assn - Бүкіләлемдік бокс кеңесінің бесінші атағын қорғау жайлы "Бұл жолы бізге төрешілердің қажеті болмайды" деп жазды" деп хабарлайды газет.

XS
SM
MD
LG