Accessibility links

"Орыс халқының сыйлығы". СССР картасы қалай "сызылған" еді?


Совет одағын сақтау қалу референдумы алдында шыққан "Правда" газеті. 1991 жыл 16 наурыз.
Совет одағын сақтау қалу референдумы алдында шыққан "Правда" газеті. 1991 жыл 16 наурыз.

"Осы тұста бір сұрақ туындайды, белгілі бір республика Совет одағының құрамына кіргеннен кейін Ресейдің көп жерін өз аумағына қосып алып, кейін одақтан шығуға бел байласа не болмақ? Онда мемлекет одаққа кірген кездегі жер аумағымен шығып, орыс халқының сыйлығын өзімен алып кетпеуі керек".

Жақында Ресей президенті Владимир Путин осындай мәлімдеме жасады. Путиннің бұл сөзі Украинаның алты жыл бұрынғы қайғылы оқиғаны ескерген Ресейге көршілес мемлекеттердің көңіліне селкеу салды. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мемлекет басшысы "Бұрын Совет одағының құрамында болған мемлекеттерге Мәскеудің территориялық талабы бар" дегенді білдірмейді деп түсіндірді. "[Путин] сыйлық туралы айтқан жоқ. Ол [Совет Одағының] Конституциясында жүйелік қателіктер болғанын, біраз жағдай назардан тыс қалғанын айтты" ​деді Песков.

Азаттықтың Орыс редакциясы Совет одағы өмір сүрген 70 жыл ішінде одақтас мемлекеттер бір-біріне қандай территориялық "сый" жасағанын және бұл алыс-берістің артында қандай талап болғанын анықтауға тырысты.

ЛЕНИН СТАЛИНГЕ ҚАРСЫ. ФЕДЕРАЦИЯ АВТОНОМИЯҒА ҚАРСЫ

101 жыл бұрын, 1919 жылдың маусымында – бұрынғы Ресей империясы территориясында Азаматтық соғыс жүріп жатқан кезде – совет билігінің жоғарғы органы – Жалпыресейлік орталық атқарушы комитет "Әлемдік капитализмге қарсы күрес мақсатында Ресей, Латвия, Литва, Белорусь советтік республикаларын біріктіру туралы" қаулы қабылдады. Құжатта аталған республикалардың әскери және шаруашылық органдарын біріктіру, ортақ қаржы, көлік пен әлеуметтік-экономикалық жүйе құру қарастырылды. Ол кезде большевиктер өздері бастаған революция құлаған империяның аумағымен ғана шектеліп қалады деп ойлаған жоқ. Олар революция толқыны Еуропа мен Азияның басқа елдеріне жетіп, әлемдік сипат алады деп үміттенді. 1920 жылы Қызыл әскер дәл осы саяси-идеологиялық мақсатпен Польшаға барды.

Азаматтық соғыс барысында большевиктер мен олардың қарсыластары белгілеген мемлекеттік құрылымдардың шекарасы бірнеше рет өзгерді. Бұл туралы мақалада толығырақ айтамыз. 1918–1922 жылдары бұрынғы империяның картасында аз уақыт ғана өмір сүрген Литва-Белорусь ССР (Литбел) немесе Қиыр Шығыс республикасы сияқты Советтік Ресей мен Жапонияның арасында буфер болған шартты түрде тәуелсіз мемлекеттер құрылды. Большевиктердің ұлттық саясатындағы идеология жабайы прагматизммен аралас жүрді. Бір жағынан, Ленин үкіметі ұлттар дербестігін ұранға қосты, екінші жағынан, мемлекеттің сол кездегі әскери-саяси қажетіне қарай картаны жиі өзгертіп отырды. Территорияға қатысты мұндай көзқарас кейін де жалғасты. 1940 жылы, Совет-фин ("қысқы") соғысынан кейін РСФСР құрамындағы Карелия автономиясы Карелия-Финдік ССР болып қайта құрылды. Бұл мемлекет 16 жыл өмір сүріп, 1956 жылы Совет Одағы мен көрші Финляндияның қарым-қатынасы түзелгенде, қайтадан деңгейі автономды мемлекетке "түсті". Көрші елдер “Совет Одағының Финляндияға территориялық талабы бар” деп ойламауы үшін, қос мемлекет арасындағы жылы қарым-қатынастың белгісі ретінде республика атауынан “финдік” деген сөз алынып тасталды.

Әзірге әлемдік революция ұйымдастыра алмайтынын түсінген большевиктер Азаматтық соғыс нәтижесінде қолға түскен дүниені игеруге кірісті. 1920-жылдардың басында Совет республикаларының арасында келісімге құрылған қарым-қатынас болды. Бірақ 1922 жылы большевиктер басшылығы бұл республикаларды бір мемлекетке біріктіру туралы шешім қабылдады. Бірігу қалай жүреді? Осы сұраққа келгенде Ленин мен ұлттар мәселесі бойынша комиссар қызметін атқарған Сталиннің пікірі қарама-қайшы болып шықты. Сталин "автономияландыру" жобасын ұсынды. Оның ұсынысына сәйкес, басқа республикалар РСФСР құрамына автономия болып кіруі керек еді. Ленин Сталиннің ұсынысын "қауіпті бастама" деп атап, тең құқылы республикалар федерациясын құру идеясын қолдап, қарсы шықты. Ол Ресей коммунистік партиясы Орталық комитеті саяси бюросының мүшелеріне 1922 жылы 26 қыркүйекте жазған хатында "Біз өзімізді Украина ССР-і және өзге республикалармен тең құқылы мемлекет деп мойындаймыз. Олармен бірге тең дәрежеде жаңа одақ, жаңа федерацияға кіреміз" деп жазды.

Ол кезде революция көсеміне қарсы шығу мүмкін емес еді. Сондықтан сол жылы 30 желтоқсанда төрт республикадан (РСФСР, Украина ССР, Белорусь ССР және Кавказ Федерациясы (ЗСФСР) тұратын СССР құрылды. Кавказ Федерациясының құрамына бір жыл бұрын Совет идеологиясымен танысқан Грузия, Армения мен Әзербайжан кірді. Сталин өз ойын кейінірек билік қолына тиген жылдары жүзеге асырды. Ол одақтас мемлекеттерге қағаз жүзінде ғана автономия берілген орталықтандырылған мемлекет құрды. Басқа қырынан алғанда, Совет одағының "басты" мемлекеті РСФСР-де басқа одақтас елдердегідей мемлекеттік белгілер, мәселен, Компартия құрылымдары болмады.

2016 жылы Жалпыресейлік ұлттық фронт форумында сөз сөйлеген Владимир Путин совет көсемдерінің ескі дауын сөз қылып, Сталинді қолдайтынын білдірді. Ол СССР-де "шекара еркін, кейде еш негізсіз белгіленген. Мәселен, Украинаға ондағы пролетариат үлесін арттырып, әлеуметтік қолдауға ие болу үшін Донбасты берді. Бұл барып тұрған ақымақтық қой" деді.

Сонымен мемлекеттер арасындағы территориялық алыс-беріс қалай жүрген?

УКРАИНА: ӨЗАРА "СЫЙЛЫҚ" АЛМАСУ

1918 жылы Украина Халық Республикасының тәуелсіздігі жарияланған кезде оған бұрын Ресей империясының құрамында болған, украин халқы көп тұратын Киев, Волынь, Подольск, Херсон, Черниговск, Полтава, Харьковь, Екатеринославск губерниялары мен Солтүстік Таврияның уездері берілді. 1919 жылдың басында Украина Халық Республикасы мен Батыс Украина Халық Республикасы бірігіп, Украина құрамына Бірінші дүниежүзілік соғыстың соңына дейін Австро-Венгрияның иелегінде болған территориялар өтті. 1919 жылы Париж бейбіт конференциясында Украина делегациясы Украина Халық Республикасының құрамына Қырым, Кубань және Войско-Донский, Слободск облыстарының бірнеше ауданы кірген картаны таныстырды. Бірақ Азаматтық соғыста Украинаның тәуелсіздігі үшін күрескен тараптың жеңіліп қалуына байланысты бұл жоспар жүзеге асқан жоқ.

1919 жылы Париж бейбіт конференциясы өкілдері таныстырған Украина халық республикасының картасы
1919 жылы Париж бейбіт конференциясы өкілдері таныстырған Украина халық республикасының картасы

Большевиктердің Украина территориясындағы мемлекеттік-әкімшілік жоспары да әртүрлі болды. 1918 жылдың ақпанында Украинаның Левобережная аудандарында Донецк-Криворог советтік республикасы құрылды. Бірақ көп ұзамай Мәскеудің жарлығымен бұл территория большевиктердің бастамасымен Украина Халық Республикасының "баламасы" ретінде құрылған Украина советтік республикасына (УССР) қосылды (Владимир Путин Украинаға Донбасты беру туралы айтқанда, осы кезді меңзеген болса керек). 1922 жылы УССР Совет одағының құрамына кірді, ал ел шекарасы бірнеше рет өзгерді. 1919 жылы УССР аумағындағы Черниговск губерниясының төрт солтүстік ауданы РСФСР-ге берілді. Сол кезде советтік Украина Слобожанщина өңіріне (Ресейдің қазіргі Белгород және Курск облыстары) кіретін бірнеше ауданды алғысы келді. 1919 жылы 13 қаңтарда Украинаның уақытша жұмысшы-шаруа үкіметі "Белгород ауданының Харьковь губерниясына қосылғысы келетінін... Белгород ревкомының Белгород ауданын Харьковщинаға қосу туралы өтінішін ескеріп дайындалған" қаулы қабылдады. Бірақ бұл өтініштер қанағаттандырылған жоқ. Керісінше, қазіргі Ростов облысының Таганрог, Каменск және Шахты қалалары 1920 жылы УССР құрамына қосылды, бірақ бес жылдан кейін бұл территориялардың көбін РСФСР өзіне қайтарып алды. Ресей мен Украина шекарасындағы Донбасс аумағында қазіргі картаға ұқсайтын шекара 1928 жылы бір-ақ бекітілді.

Совет империясының Германиямен бірігіп, Еуропаның шығысын бөліп алу туралы келісім негізінде батысқа жылжуы советтік Украина шекарасына да әсер етті. 1939 жылы күзде УССР-ге 1921 жылдан бері Польшаның құрамында болған Батыс Украина қосылды. 1940 жылы Украина территориясы СССР-дің қысымымен берілген, бұрын Румынияның иелігінде болған Солтүстік Буковина, (Бессарабиямен бірге), 1944 жылы Совет одағына Чехословакиядан өткен Закарпатье жерлерімен толықты. 1954 жылы Украина ССР мен Қырым облысының территориясы жақын, экономикасы ортақ, шаруашылық және мәдени байланыстары берік екенін ескеріп, сол кездегі ресми бөлініс нәтижесінде Қырым облысы УССР-дің еншісіне тиді.

БЕЛАРУСЬ: БӨЛІП АЛУ МЕН ҚОСЫП БЕРУ

1903 жылы этнограф, профессор Ефим Карский "Белорусь тайпасының этнографиялық картасын" жасап, оның ішінде "Белорусь облысының шекарасын" белгіледі. Ғалым картаға Белорусь Республикасының қазіргі территориясынан бөлек сол кездегі халықтың этникалық құрамын ескеріп, Вильна (Вильнюс) қаласын және Ресейдің Смоленск, Брянск облыстарының көп бөлігін қосқан. 1918 жылы аз уақыт ғана "өмір сүрген" Белорусь Халық Республикасының басшылығы осы картаға сүйеніп, жаңадан құрылған мемлекеттің шекарасын белгілеуге тырысты. Азаматтық соғыстың салдарынан, Белорусь территориясын бекіту жұмысы 1919 жылдың басында Советтік Белорусь республикасын жариялаған большевиктердің қолына өтті. Большевиктер Белорусьті біраз уақыт қағаз жүзінде Литваға қосып келген, өйткені майдандағы жағдай тез өзгеріп отырған. Соңында Минск пен Могилевтен және олардың айналасындағы аумақтардан ғана тұратын шағын территорияда БССР құрылды.

"Беларусь тайпасының этнографиялық картасы" (1903)
"Беларусь тайпасының этнографиялық картасы" (1903)

1920-жылдардың ортасында БССР-ге Витебск, Смоленск және Гомельск губерниялары қосылды. 1939 жылы Польшаны Совет одағы мен Германия екіге бөліп алғанда, батыстағы белорусь жерлері БССР аумағына кірді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бір бөлігі Польшаға қайтарылған Белосток ауданы БССР құрамына өтті. Ал белорусь ұлттық қозғалысы "өз жері" деп санаған Виленск өңірі Беларусь мемлекетінің аумағынан тыс қалды. 1940 жылдың соңында СССР құрамына Балтық аумағының үш мемлекеті кірді. Сталин Белорусь-Литва шекарасына түзету енгізіп, БССР-дің бірнеше ауданын, оның ішінде Друскининкай (Друскеники) курортын Литваға берді.

1944 жылы тамызда Кремль Полоцкая облысын құрып, оны РСФСР құрамына қоспақ болғанын бәрі біле бермейді. Бұл идеяны Сталинге жақын адамдардың бірі Георгий Маленков ұсынған деседі. Бірақ бұл жоспар белорусь коммунистерінің сол кездегі басшысы Пантелеймон Пономаренконың күтпеген қарсылығының арқасында жүзеге аспай қалған. Пономаренконың естеліктерінде оның диктаторды шекараны өзгертпеуге көндіргені баяндалады: "Сталин қабағын шытқанда, бөлмеде зілдей ауыр тыныштық орнады. Бәрі үнсіз Сталиннің шешімін күтіп отырды. Ақыры ол орнына тұрып: "Жарайды, бұл мәселенің соңғы нүктесін қояйық. Полоцкая облысын құру керек, бірақ оны Белорусь аумағында қалдырамыз. Олар жақсы халық, ренжітпейік" деді".

Қазіргі белорусь тарихшылары Сталин "сол кездің өзінде Польшаның советтік үкіметіне БССР құрамындағы Белосток облысын беруді шешіп қойған, сондықтан осындай жұмсақтық танытқан" деп түсіндіреді. Ол осы шешімімен қатар Белорусьтің тағы бір аумағын Ресейге берсе, БССР халқы наразылық білдіруі мүмкін еді. Ал соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде совет билігіне мұндай наразылық керек болмады.

"ОРЫНБОР ҚАЗАҚТЫҢ СЫЙЛЫҒЫ ЕМЕС ПЕ?"

Азаматтық соғыс кезінде қазіргі Қазақстан территориясында Алаш автономиясы құрылды. 1920 жылы большевиктер мықты әскери күші жоқ автономияның күл-талқанын шығарды. Олар қазақ жеріне кіретін көп территорияны әуелі Қырғыз, кейін Қазақ автономиясы деп аталған республика аумағына біріктірді (патша дәуірінде қазақтарды "қырғыз-қайсақ" деп атаған). 1936 жылы автономияның дәрежесі одақтас республика болып өзгерді. Қазақ автономиясының алғашқы астанасы Орынбор болған. 1925 жылы астананы оңтүстіктегі Қызылорда қаласына ауыстырған. Ал Орынбор қаласы облыспен бірге РСФСР құрамына өткен.

Қазақстанда туған, қазір Санкт-Петербургте тұратын саясаттанушы Григорий Голосов "Туған жерім Қазақстанға келсек, сұрақ көп. Бір жағынан, бүкіл Қазақстан аумағын ұлттық және сол сияқты территорияларға жатқызуға болады, өйткені Ұлы Екатерина "қырғыз-кайсақ ордасының" Құдайға тең патшасы болған (Г. Державин). Екінші жағынан, кейін Қазақстан атанған Қырғыз АССР-дің алғашқы астанасы Орынбор болған. Бұл жағдайда мұны қазақ халқының сыйлығы деп қараған дұрыс емес пе?" дейді.

Орталық Азияның қалған халықтарына келсек, олар 1920–30-жылдары ұлттық-территориялық бөлініс процесінен өтті. Нәтижесінде бүгінгі шекарасына жақын аумақта (қазір тәуелсіз мемлекет атанған) одақтас республикалар құрылды. Бірақ 1928 жылы Советтік Орта Азия картасы мынадай болған:

СССР құрамындағы одақтас және автономды республикалардың шекарасы әртүрлі ұлттар тұратын аумақтармен сәйкес келе бермейтін. Шекаралар көбіне коммунистік режимнің саяси, экономикалық және әкімшілік мүддесіне сәйкес жүргізілетін. Коммунистік режим үшін бұл шекаралар мемлекеттерді өзара бөлетін сызықтар ғана болды. Совет билігі одақ тарайтын күн келеді деп ойлаған жоқ. Нәтижесінде СССР территориясында одақ тарағанға дейін немесе осы тарихи оқиғадан кейін Таулы Қарабақ, Среднеостровье, Абхазия, Өзбекстан мен Қырғызстанның шекаралас аудандары сияқты ұлтаралық кикілжіңге негіз болған аумақтар қалыптасты. Дегенмен Совет одағын құру туралы келісім бұзылған кезде жаңа тәуелсіз мемлекеттер көршілеріне территориялық талаптар қойған жоқ, ешқандай "сый" туралы да сөз болмады. Бұл СССР-ді бұрынғы Югославияның мысалындағыдай қайғылы сценарийден құтқарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG