Accessibility links

Ресейдің "таяғы", Қытай несиесі һәм Қазақстанның жаңа экономикалық мәселелері


Қытай басшысы Си Цзиньпин және Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 5 маусым 2019 жыл.
Қытай басшысы Си Цзиньпин және Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 5 маусым 2019 жыл.

Осы аптада батыс басылымдары Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстанның пандемия салдарынан туған экономикалық мәселелері енді басталғанын және оның соңы наразылықтың жаңа толқынына әкелуі мүмкін екенін жазды.

ТОҚАЕВТЫҢ “ЖҰРТТЫ ТҮҢІЛТКЕН РЕФОРМАЛАРЫ”​

Ақпарат құралдары Орталық Азияның Қытаймен қарым-қатынасын талдап, биліктің сын-пікірлерді бақылауда ұстауға тырысқанына қарамастан, халық арасында Қытайға қарсы көңіл-күй артуы мүмкін деген болжам жасады. Батыс басылымдары Еуразиялық экономикалық одақ ішіндегі қарым-қатынасқа да тоқталып, мемлекеттердің ұйым қызметіне “ынтасы жоғала” бастағанын байқаған.

“[Орталық Азияны] алда шынайы экономикалық және әлеуметтік мәселелер күтіп тұр”. дейді британдық Chattham House сараптама орталығына пікір берген Ресей және Еуразия бағдарламасының сарапшысы Кейт Маллинсон.

Зерттеуші Орталық Азия елдерінің мұнай бағасының күрт төмендеуіне тұспа-тұс келген COVID-19 пандемиясына жауабын талдап көрген. Оның айтуынша, дағдарыс аймақ елдері арасындағы “теңсіздікті” күшейтіп, “шындықты жасыру” амалы Чернобыль апатынан бері өзгермегенін көрсетті.

Маллинсон Қазақстан үкіметінің саясатын "пандемия жайлы айтуға тыйым салып, елде коронавирус жоқ" деп мәлімдеген Түркіменстанмен салыстырғанда әлдеқайда ашық деп сипаттайды. Бірақ Маллинсон Қазақстанда “коронавирустан көз жұмған адамдар саны ресми деректен көп болуы мүмкін” деп топшылайды.

Қазақстанда вирус жұқтырған кем дегенде 72 адам қайтыс болған. Ресми деректе - 37 адам
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

Жақында Азаттық коронавирустан қайтыс болғандар туралы ресми дерек пен арнаулы зиратқа жерленген адамдар санының арасында айырмашылық барын жазған. Билік деректер сәйкессіздігін “зираттағы адамдар COVID-19 вирусынан емес, қосымша аурулардың себебінен қайтыс болды” деп түсіндірген.

“Орталық Азиядағы экономикалық жағдайға келсек, өңір елдерінде халықтың ашу-ызасы артуы мүмкін. Қазақстанда бұл көрініс қазірдің өзінде байқала бастады” дейді сарапшы.

Маллинсон “карантин толық аяқталып, үкімет төлеу мерзімін ұзартқан несиелерді қайтару уақыты келгенде”, Орталық Азия бес мемлекетінің ішінде Қазақстан мен Өзбекстанда ғана жүрген “экономикалық қолдау” шарасына қарамастан, халық наразылығы артады деп есептейді.

“Қазақстан үкіметі халықты қолдау шарасына кемі 5,9 триллион теңге (13,4 миллиард доллар) бөлетінін хабарлады. Бірақ несиеден босату және салықтық жеңілдік беру уақытша қолданылған шаралар ғана” дейді сарапшы.

Маллинсонның пікірінше, алдағы қиын кезең саяси науқандарды, оның ішінде Қазақстанда 2021 жылы өтуі тиіс парламент сайлауын біраз уақытқа шегеруі мүмкін. Сарапшы Орталық Азия халқы бұл кезеңді “өздері толық мойындамайтын мемлекет басшыларымен бірге өткізетінін” айтады.

Ол Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовті мысалға келтіреді. Маллинсон "пандемия кезінде халық көп жиналатын қоғамдық шаралар, жеңіс күніне орай салтанатты жиындар өткізген Бердімұхамедов осы әрекеті арқылы елді жауапкершілікпен басқара алмайтынын көрсетті" дейді.

Сарапшы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басымдығы сақталған қазақстандық жүйеге ықпалын арттыруға күш салып жүргенін жазады. Маллинсон "Тоқаев саяси бағдарламасында маңызды деп көрсеткен реформалары халықты түңілдіреді" дейді.

Маллинсон Орталық Азияда болатын дағдарыстар оның “бес жылдағы” болашағын анықтайды деп сенеді.

“Алда жағдайдың қалай өзгеретіні халықтың үкімет ұсынған шарттарға келісу ниетіне байланысты” дейді сарапшы.

“ҚЫТАЙ ТУРАЛЫ СӨЙЛЕСЕТІН УАҚЫТ КЕЛДІ”

Америкалық Economist журналы “Орталық Азия елдерінің үкіметі Қытай туралы қалай сөйлеу керегін білмейді” деген мақаласында "Орталық Азия мемлекеттерінің Қытаймен қарым-қатынасында шиеленіс артып келеді" деп жазады. Мақала авторлары "Қытайдың өңірдің гүлденуінде негізгі, кейде басты рөл атқаратынын", “Орталық Азия мемлекеттеріне тікелей шетелдік инвестиция, коммерциялық және жеңілдетілген несие беру бойынша көш бастап тұрғанын" айта келе, “Қазақстан мұнайының төрттен бірі Қытай инвестициясының есебінен өндіріледі” деген дерек келтіреді.

Economist дерегінше, Қытай инвестиция құйған елдерінен өзінің “территориялық тұтастығын қолдауды”, “Шыңжаң мұсылмандарына қарсы әрекетін сынамауды” талап етеді. Қытай қаржысын алған елдердің билігі баспасөзді бақылауда ұстап, қанша жерден сын-пікірлерді басып-жаншып отырса да, жергілікті халық наразылығы бәрібір ара-тұра естіліп тұрады. Economist биліктің қысымы болмаса, “[бұл мемлекеттерде] Қытайға қарсы шағымдар әлдеқайда көбірек айтылар еді” деп жазады.

Журнал Қазақстанда “елге ондаған ескі зауытты көшіреді екен”, “Қытай фирмалары жерімізді жаулап алады” деген қауесеттен туған митингілерді, Шыңжаңдағы репрессияны сынайтын наразылық акцияларын мысалға келтіреді.

Мақала авторлары “Орталық Азия бір ғана державаға шектен тыс тәуелді. Жергілікті билікке ұзақ жыл орыс билігі мен Совет одағының боданында болып, тәуелсіздікке қолы біраз жыл бұрын ғана жеткен халыққа бұл тәуелдікті түсіндіру оңай емес” деп жазады.

Economist авторларының пікірінше, “элита мен қарапайым адамдар арасындағы мүдделер қайшылығы” күшейе түседі. Бұған коронавирус дағдарысының кері әсерін көрген Қытай экономикасынан келетін инвестиция мен экономикалық сұраныс көлемінің төмендеуі де әсер етеді.

“Наурыз айында Қытай аяқасты туған мәселелерін алға тартып, Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан келетін газ экспортын азайту туралы келіссөздер бастады” деп жазады Economist.

Мақала авторларының пікірінше, Орталық Азияда Қытаймен қарым-қатынаста мәселе барын мойындамау жағдайды қиындатып отыр.

“ЖІБЕК ЖОЛЫ ТЕГІС БОЛУДАН ҚАЛДЫ”

Economist басылымы “Қытайдың “Бір белдеу - бір жол” бастамасына пандемияның зардабы тиді. Си Цзиньпиннің ең ірі жобасы қалай аман қалады?” деп аталатын мақаласында COVID-19 пандемиясының экономикалық салдары Қытайдың халықаралық бастамаларына, бірінші кезекте “Бір белдеу – бір жол” жобасына кері әсер етті деген ойға тоқтаған.

Журнал дерегінше, “Бір белдеу – бір жол” бастамасына қатысушы көп мемлекет Қытайдан осы жоба аясында алған несиелерін әрең төлеп отыр, осыдан жобалардың жүзеге асуы кешеуілдеп жатыр. Жобаның "Жаңа Жібек жолын құру" бастамасы аясында ашылғанын меңзеген Economist “Жібек жолы тегіс болудан қалды” деп жазды.

"Бұл – президент Си Цзиньпиннің “сыртқы саясатындағы басты” жоба. Қытай аталған жоба аясында Африка, Латын Америкасы, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азия, Еуропада электр станциялары, порттар мен темір жолдар және өзге де нысандар салуға грант не қарыз түрінде жүздеген миллиард доллар бөлуге уәде берген. Пандемия кезінде бірқатар жоба тоқтап, кейбірі мүлде жабылған. Кейбір қарыз қайтпай, ал борышкер мемлекеттер төлем уақытын ұзартудың жолын іздеп жатыр” деп жазған журнал қаржыдан қиналып отырған Египет, Пәкістан, Бангладеш пен Нигерияның жағдайын мысалға келтіреді. Қытай мамандарының пандемияға байланысты Вьетнамға кіре алмауынан, Ханойдағы метро бағытын іске қосып, тексеру жұмыстары кейінге қалды.

Economist басылымы мұның бәрі Қытайға экономика, сыртқы және ішкі саясат тұрғысынан соққы болып отырғанын, өйткені “Бір белдеу – бір жол” жобасы ел президентінің “беделімен тығыз байланысты” екенін жазады.

Сарапшылар экономикалық дағдарыс кезінде “Бір белдеу – бір жол” жобасына қатысушы елдер тарапынан жаппай дефолт толқыны болуы мүмкін” деп болжайды. Авторлардың пікірінше, Қытайдың қолында борышкерлердің қарызына кепіл болатын активтер сияқты экономикалық тетіктер бар, бірақ бұл механизмді қолданудың “дипломатиялық қаупі” болуы мүмкін.

- Бұл Қытайдың “Бір белдеу – бір жол” жобасы экономикамызға пайдалы деп түсінген елдердегі беделіне кері әсер етіп, Батыс елдерінің "Пекин бұл жобаны мемлекеттердің мойнына қарыз артып қою үшін пайдаланып отыр" деген күдігін күшейтеді, - деп жазады медиа.

Economist Қытай бұл жобаға қанша күш пен қаржы жұмсағандықтан, қиындықтарға қарамастан, одан бас тартпайтынын айтады. Басылымға пікір берген сарапшылар да Қытай банктерінің “Бір белдеу – бір жол” жобасының серіктестеріне бұрынғы көлемде несие беруге қауқары жетеді деген пікір айтқан. “Бірақ әзірге әлем экономикасы бір қалыпқа түспейінше, бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз” дейді сарапшылар.

Журнал оған дейін пропагандистер жобаны ребрендингтен өткізуді қолға алғанын жазады. Economist ақпаратына сәйкес, енді Қытай “Бір белдеу – бір жол” жобасының аясында бүкіл әлемге медициналық тауарлар мен азық-түлік жеткізуге көмектесетін “Денсаулық Жібек жолы” идеясын ұсынып отыр. Одан бөлек, “Цифрлық Жібек жолының” да бұлыңғыр елесі” байқалады. Журнал дерегінше, Қытай басқа мемлекеттерге технологиялық шешімдер, оның ішінде коронавирусты бақылайтын қосымшалар енгізуге көмегін осылай атайды.

ЕЭО: “ОДАҚҚА ЫНТА ЖОҒАЛҒАН”

Eurasianet онлайн басылымы Қазақстан мүше басқа геосаяси жоба – Еуразиялық экономикалық одақтың айналасындағы және ішіндегі көңіл-күйді бақылап отырады. Сәуір айында Өзбекстан парламенті елдің Еуразиялық экономикалық одақтағы бақылаушы мәртебесін ратификациялады. Өзбекстан президенті жанындағы экономикалық зерттеулер мен реформалар орталығының дерегіне сәйкес, елдің Еуразиялық экономикалық одаққа толыққанды мүше болғанын сауалнамаға қатысушы жергілікті азаматтардың 74 пайызы "қолдаған".

Eurasianet басылымының жазуынша, “Өзбекстан әзірге одаққа тек сырттай ғана қарап отыр”, ал ұйымның ішінде бәрі ойдағыдай емес. Автор “одаққа ынта жоғалғанына” Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мамырдың 19-ы күні ұйымның онлайн-саммитінде сөйлеген сөзінен дәлел келтіреді. Ол кезде Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың бес жылға арналған стратегиялық құжатын “жетілдіру керегін” айтқан. Нәтижесінде стратегия жобасы қабылданған жоқ.

Тоқаевтың мәлімдемесі елдің одаққа мүше болуын қолдайтындар мен бұған түбегейлі қарсы азаматтардың тарапынан қызу реакция туғызды. Eurasianet одақ ішінде алауыздық болған күннің өзінде, бұл келіспеушілік мамырдың 26-сы күні Ресей президенті Владимир Путинмен болған әңгіме барысында шешілгенін, Тоқаев “жағымсыз сезімдерді” біржола сейілту үшін ресейлік “Комсомольская правда” басылымына сұхбат бергенін жазады.

Eurasianet Еуразиялық экономикалық одақтағы келіспеушіліктерге тоқталғанда, қазақстандық қызметкерлердің рұқсат қағазын өте баяу беруінен жүк көліктері Қазақстан шекарасында тұрып қалған Қырғызстанның наразылығы туралы да жазған. Eurasianet мұндай кептеліс “жаңалық болудан қалғанын” айтып, бұл "тауарлар мен адамдардың одақ ішінде еркін қозғалу принципіне қайшы келетініне" назар аударады.

Видео: Қырғыз-қазақ шекарасында жүздеген жүк көлігі қаңтарылды

Қырғыз-қазақ шекарасында жүздеген жүк көлігі қаңтарылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:09 0:00

Автор "Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін басқа екі мемлекет – Армения мен Беларусь Ресей газы үшін Батыс Еуропа тұтынушыларына қарағанда, көбірек ақша төлейді" деп жазады. Eurasianet хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин бұған жауап ретінде жалпыға ортақ төмен тариф "бірыңғай бюджеті мен салық жүйесі бар нарықта ғана мүмкін болады" деген жауап қайырған.

Сайт мақаласын “Сыншылар Мәскеу экономикалық серіктестерін уысында ұстау үшін жиі қолданып келген таяғынан бас тартқысы келмейді деп күдіктенуі мүмкін” деп қорытындылайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG