Бішкекте күтпеген жерден ірі наразылық митингі өтті. Оған екі күн бұрын бір топ жігіт алып қашқан 27 жастағы қыздың өлімі түрткі болды. Ашулы жұрт ішкі істер министрін "салғыртық танытты" деп айыптап, одан отставкаға кетуді талап етті. Мәселе жөнінде қырғыз президенті Садыр Жапаров та пікір білдіріп үлгерді.
КІСІ ҰРЛЫҒЫНЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ
Ашық ақпаратқа қарағанда, 5 сәуір күні таңертең Бішкек көшелерінің бірінде 1994 жылы туған Айзада Қанатбекованы үш жігіт көлікке күштеп отырғызып, алып қашқан. Оқиға камераға түскен, видеодан көліктің маркасы мен нөмірі де көрінеді. Айналадағы адамдардың кісі ұрлығына ешқандай реакция танытпағанын байқауға болады.
Анасы полицияға жүгініп, қызға іздеу салынған. Құқық қорғау органдары көлік иесін тапқанымен, ол машинасын "жалға бергенін" айтқан, ал жалға алушы көліктің бауырында болғанын хабарлаған.
Полицияның сөзінше, Айзада Қанатбекованың анасы 5 сәуір күні кешке қызына қоңырау шалып үлгерген, қызы жуық арада үйге келетінін айтқан. Бірақ ол үйіне сол күйі келмепті, осы әңгімеден кейін телефоны да сөніп қалған. 7 сәуір күні Бішкектен 25 километрдей жерде Honda Civic көлігі видеоға түскен. Ішінде ұрланған Айзада мен оны алып қашпақ болған жігіттердің бірінің денесі болыпты. Көлікті байқап қалған жергілікті шопан оның сол жерде 5 сәуірден бері тұрғанын айтқан.
Полиция таратқан ақпаратта қызды қылқындырып өлтіргені, ал жігіттің мойнынан пышақталғаны хабарланды.
НАРАЗЫЛАРДЫҢ УӘЖІ ҚАНДАЙ?
Көшеге шыққан жұрт "ішкі істер министрлігі мен полиция басқармасы қызды іздеуде салғырттық танытты" деп мекеме басшыларынан қызметтен кетуді талап етті.
Акция қатысушылары ішкі істер министрлігінің алдына келіп, "Алып қашу салт емес", "Министр кетсін" деп ұрандатты. Бірақ наразы жұртқа министр Ұлан Ниязбеков шықпады. Оның орнына шыққан орынбасары Нұрбек Әбдиев пен ішкі тергеу қызметінің басшысы Қонақбай Өскенбаев шерушілермен тіл табыса алмады.
Осыдан кейін митингшілер үкімет үйіне тартып, премьер-министр Ұлықбек Мариповпен кездесті. "Ішкі істер министрі отставкаға кете ме?" деген сұраққа Марипов "қызметтік тергеу жүріп жатыр, содан кейін барлық шара қолданылады" деп жауап берді.
"Бұл мәселе президенттің бақылауында, бізге мәселені шешуге уақыт беріңіздер. Қазір кімнің кінәлі екенін айта алмаймын, тергеу жүріп жатыр" деді қырғыз үкіметінің басшысы.
Осыдан кейін митинг қатысушылары әр бейсенбі сайын ІІМ ғимараты алдында жиналатын болып тарқасты.
Осы арада Айзада Қанатбековамен бірге өлі табылған Замирбек Теңізбаевтың бұған дейін Ресейде бірнеше мәрте істі болғаны белгілі болды. Полиция мәліметіне қарағанда, 2008 жылы Теңізбаев ұрлық үшін 3 айға, 2009 жылы тонау ісімен 2 жылға, 2012 жылы бұзақылық пен бопсалау үшін 5 жыл 6 айға сотталған. 2017 жылы 29 маусымда босатылып, Қырғызстанға депортацияланған. 2020 жылғы 30 шілдеден бастап Теңізбаевқа Ресейге кіруге тыйым салынған.
ОҚИҒА ХАЛЫҚТЫ НЕ ҮШІН ШУЛАТТЫ?
Кісі ұрлығына не түрткі болғаны белгісіз. Бірақ құқық қорғау органдарының мәліметіне қарағанда, өлі табылған қыз бен жігіт төрт ай бұрын танысып, кездесіп жүрген. Адамдар осыған қарап бұл оқиғаны "қыз алып қашу" (үйлену мақсатында қызды еркінен тыс алып кету) деп бағалап жатыр.
БҰҰ мәліметіне қарағанда, 24 жасқа дейінгі әрбір жетінші қыз күйеуге мәжбүрлі түрде шығады. Кейінгі бес жылда Қырғызстанда 900-дей адам "қыз алып қашқаны" жөнінде арыз берген. Бұл істердің көбінде қылмыстық іс қозғалмаған да. Кей өңірлерде ерлердің 40 пайызы қыз алып қашуда тұрған ешқандай сөкеттік жоқ деп санайды.
Қырғызстандық саясаттанушы Әзім Әзімов мұндай жағдайда билік өкілдері жедел қимылдап, халыққа үндеу жолдауы тиіс дейді:
– Біздің қоғамда алып қашу сияқты қылмыстарға немқұрайлы қарайды. Көбі мұны адам құқығын бұзу, заңға қайшы әрекет деп санамайды. Соның кесірінен милиция (қырғыз полициясы – Ред.) мұндайды елеулі оқиға санамайды, жедел шара қабылдамайды.
Оқиға туралы пікір білдірген Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қыздарды күштеп үйлендіруге жол жоқ деді.
"Айзаданың оқиғасы – жалғыз соның отбасы үшін ғана емес, бүкіл ел үшін трагедия. Алып қашу, қызды күштеп ұстау, еркінен тыс некеге тұрғызу трагедияға әкеледі. Әрдайым" деді ол.
АЛЫП ҚАШУДАН ҚАЗА ТАПҚАН БУРУЛАЙДЫҢ ОҚИҒАСЫ
2018 жылғы 17 мамырда Қырғызстанның Шу облысы Жайыл ауданындағы полиция бөлімінінде медицина колледжінің 20 жастағы студенті Бурулай Тұрдалықызын өлтірді. Кісі өлтірді деп айыпталған Марс Бодошев оны үйлену үшін алып қашқан. Полиция бөлімінде болғанда Бодошев Тұрдалықызына пышақ сұғып, арты қайғылы қазаға душар етті. Сот Бодошевті 20 жылға, оның досы Ақмат Сейітовты жеті жылға бостандығынан айырды.
Осыдан кейін Қырғызстан қылмыстық кодексіне өзгеріс еніп, қыз алып қашудың жазасы қатая түсті. 2019 жылы күшіне енген кодексте мұндай қылмыс үшін 5 жылдан 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды.
Бірақ бұл заң қыз алып қашуды жоя алмады. Мұны президент Жапаров та мойындады.
"Өкінішке қарай, қыз алып қашудың жазасын қатайтуға қарамастан, жастар ұрлау мен некеге күштеп тұрғызуға әлі де барады. Мұндай жағдай болмауы тиіс. Алып қашу мен некеге күштеу заң бойынша қатаң жазаланып, адам ұрлау мен күштеп ұстауға сыбайластық танытқандар үшін кешірім болмауы тиіс" деді Жапаров Facebook желісінде Айзада Қанабекованың өлімі жөнінде пікір білдіре отырып.
ПІКІРЛЕР