Қазақстанның Екібастұз қаласында электр станциясындағы ақаудан кейін халық қақаған аязда жылусыз қалды.
Тәжікстан ауылдарының бірінде электр энергиясы болмаған соң, тұрғындар сусыз қалған.
Ал Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында көше жарығы шектелді.
Орталық Азияда күн суыған соң энергетика саласындағы проблемалар алғаш рет байқалып отырған жоқ. Бұл халықтың билікке ашулануына себеп болғалы қашан.
"Негізінен, тапшылық салақтықтан туындаған" деді Қырғызстан астанасы Бішкекте тұратын сарапшы, даму жобалары жөніндегі кеңесші Әлішер Хамидов.
"Желілер қатты ескіріп, билік оны жылдар бойы жаңартпаған соң, кейбір елдерде электр энергиясы тапшылығы 40 пайызға дейін жеткен" дейді ол Азаттыққа.
ҚОРДА ЕШТЕҢЕ ҚАЛМАҒАН БА?
Сафармо Бобохонова Тәжікстанның Куляб қаласынан он шақырым жердегі ауылда тұрады. Қазанда ауылда электр жарығын жоспарлы түрде өшіре бастаған.
Бірақ проблемалардың үлкені бұл емес еді дейді ол Азаттықтың Тәжік қызметіне.
"Су тартқышқа электр жарығы керек болған соң, бір ай бойы сусыз отырмыз" деді Бобохонова.
Тәжікстандағы елді мекендерде жыл сайын электр энергиясын өшіру жиілеп кеткен соң, тұрғындар көмірге көшуге мәжбүр болған.
Дегенмен, инфляция жағдайында көмір бағасы 20 пайыз қымбаттап кеткен. Жағдайды ірі компанияның жол шығыны төлемін арттыруы одан сайын қиындатып отыр деді трейдерлер Азаттыққа.
Биыл Орталық Азиядағы энергия ресурстарына ең бай ел энергетикалық коллапсты көрсеткендей болды.
Жағдай 150 мың адам тұратын Екібастұзда болды. Бұл қала Орталық Азиядағы ең ірі екі көмір шахтасына жақын маңда және елдегі электр энергиясының 15 пайызын қамтамасыз ететін станциядан 15 шақырым жерде орналасқан.
Қаланы электр жарығымен қамтитын, салынғанына жетпіс жыл болған жекеменшік электр станциясы 27 қараша күні істен шықты. Дәл сол кездері күн суытып, ауа райы минус 30 градусқа жетті.
Апаттан кейінгі күндері түсірілген видеолардан тұрғындардың үйде тоңып отырғанша далада оттың жанында жылығанды жөн көретіні байқалады.
Өскемен қаласының тұрғындары да орталық жылыту жүйесінде проблемалар барын хабарлаған.
Электр станциясының өкілі Азаттық радиосына станцияны кеңейту жоспарын жүзеге асыруға Ресейдің Украинаға басқыншылығы мен ресейлік компаниялардың қажет жабдықтарды жеткізгісі келмегені кедергі келтіргенін айтты.
Өткен айда Орталық Азиядағы бес елдің төртеуі электр энергиясы тапшылығына тап болды. Мұндай проблема газға бай, ақпаратқа сараң Түркіменстанда байқалған жоқ.
Екі жыл бұрын Өзбекстанда электр энергиясы жетіспеушілігі үшін азды-көпті наразылықтар өтті. Биыл да сондай көзқарас басым болып отыр.
Қарашаның бірінші жартысында Ферғана облысындағы ауыл шаруашылығы тыңайтқыштарын өндіру зауыты газ жетіспеген соң, өндірісті жоспардағыдан екі ай ерте аяқтады дейді Азаттықтың Өзбек қызметіне "Ферғанаазот" компаниясының қызметкерлері.
Ташкентте қаланы жарықтандыруға жауап беретін мемлекеттік компания 16 қарашадан бастап орталық көшелерге жарық беру шектелетінін мәлімдеді.
"Ташкент тұрғындары мен қонақтары түнге уақыттағы уақытша келеңсіздіктерге түсіністікпен қарап, электр энергиясын тұрмыста тиімді әрі үнемді пайдалану міндетіне белсенді атсалысады деген ойдамыз" делінген "Тошшахарнұр" компаниясының хабарламасында.
Қазақстан мен Өзбекстан энергия теңгеріміне жылу электр станциялары септеседі десе, Қырғызстан мен Тәжікстанда жарықтандыруда гидроэнергетика маңызды рөл атқарады.
Сондықтан Қырғызстандағы Тоқтағұл, Тәжікстандағы Нүрек су қоймаларындағы су деңгейі үнемі назарда жүреді.
Бірақ Азаттықтың Тәжік қызметіне сұхбат берген сарапшы "Барқи Тожик" электр энергия компаниясы осы кезеңде мұндай сылтау айтпағанын, ауылдардағы жарықтың сөнуіне Душанбенің саясаты ықпал еткенін айтады.
"Өндіріс кәсіпорындары электр энергиясын шексіз көлемде алады. Электр энергиясының Ауғанстаннан экспортталатынын білеміз ғой" дейді экономист Абдурахмон Хакимзаде. "Алдымен Тәжікстан тұрғындарын электр энергиясымен қамту керек".
РЕСЕЙДІҢ ҰСЫНЫСЫ, ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ
Халқы мен бюджеті көп Қазақстан мен Өзбекстан энергетиканы әртараптандыруға айқын басымдық беріп отыр.
Екібастұздағы апат кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парижде сапарда болды. Онда Қазақстан мен Франция Жамбыл облысында жел электр станциясын салу үшін 2 миллиард доллар болатын келісімшартқа қол қойды. Қазақстанның оңтүстіктегі бұл өңірінде электр энергиясы тапшылығы ерекше байқалады.
Ташкент жаңартылатын энергия көздерін дамытуға кірісіп кетті. Тамызда Өзбекстан Сауд Арабиясымен 12 млрд доллар болатын келісімшартқа қол қойды. Онда әлемдегі ең үлкен жел электр станциясы және жасыл энергетика жобалары қамтылған.
Аймақтың бұрыннан келе жатқан энергетикалық серіктесі Ресей де оқшау қалғысы келмейді.
Кремль ақпанда Украинаға басқыншылық жасамай тұрып, Ресейдің "Росатом" компаниясы Қазақстан мен Өзбекстанда атом электр станциясын салуды ұсынды.
"Росатом" Батыстың тікелей санкцияларына ұшырамағанымен, соғыс бұл мега жобалар жоспарына белгісіздік ұялатты.
Өткен аптада Ресей мен Қазақстан президенттері 28 қарашада Мәскеуде өткен кездесуде Владимир Путиннің Астана мен Ташкентке "үшжақты газ одағын" құруды ұсынғанын растады.
Бұл елдер осы күнге дейін одаққа қосылғысы келетінін айтқан жоқ.
Екі ел үшін де газ жетіспеушілігі кедергі болып отыр. Олар аймақта газ сатып алатын ең ірі Қытаймен сауданы үзеді.
Маусымда QazaqGaz компаниясының басшысы Санжар Жаркешов салада түбегейлі өзгеріс болмаса, келесі жылы экспорттың төмен болатынын ескертті.
Ол газ бағасының ішкі нарықта төмен болуы секілді ең үлкен проблемалардың бірі өндірісті тартымсыз етіп отырғанын айтты.
Қазақстанның энергетика министрлігі де осы ойды ұстанып отыр. Олар жылу бағасы төмен болған соң компаниялар ескірген инфрақұрылымдарды жаңартуға мүдделі емес дейді.
Қаңтарда Қазақстанда сұйытылған газ бағасының өсуінен басталған наразылықтардан соң Орталық Азия елдерінің басшылары энергия бағасын өсіруге абайлап барады дейді Хамидов.
"Биліктегілер совет дәуіріндегі орталықтандырылған субсидияны сақтап қалуды тиімдірек көреді, себебі бұл инфрақұрылым нашар болса да, халықты ұстап тұрады" деді Хамидов.
25 қаңтарда Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанда электр энергиясында проблемалар болды. Сарапшылар бұған криптовалюта өндірісі әсер еткенін айтқан еді.
ПІКІРЛЕР