Accessibility links

Тәжікстанда Қытайдың климатты "бақылау" станциясы ашылды. Тыңшылық қаупі қандай?


Осы айда Тәжікстандағы Шахритузда Қытайдың климатты бақылау станциясы ашылды.
Осы айда Тәжікстандағы Шахритузда Қытайдың климатты бақылау станциясы ашылды.

Тәжікстанда Ауғанстанмен шекараға жақын жерде климатты бақылайтын қытайлық станция ашылды. Бұл станциялар қауіпсіздік мақсатында қолданылуы мүмкін деген болжам бар. Сарапшылар станцияның мұндай әлеуеті барын жоққа шығармайды. Бұл Қытайдың технологиялық басымдыққа ие болу жоспарының бір бөлігі болуы да мүмкін.

Тәжікстанда климат пен қоршаған ортаны бақылауға арналған жаңа станция ашылды. Қытай технология саласында ілгері жылжып, Орталық және Оңтүстік Азиядағы экологиялық көрсеткіштерін жақсартқысы келеді.

Тәжікстанның оңтүстік-батысындағы Шахритуз қаласында, Ауғанстан мен Өзбекстан шекарасына жақын орналасқан станция туралы 16 маусымда Синьхуа агенттігі жазды. Тәжік ақпарат құралдары жаңа станция туралы жақ ашқан жоқ.

Бұл – Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасына қатысушы елдерде салынып жатқан станциялар желісінің бір бөлігі. Станция Ланчжоу университетінің қадағалауымен жұмыс істейді.

"Бір белдеу – бір жол" дәлізі бойында орнатылған LiDAR (жарық, анықтау және қашықтықты өлшеу) жүйесі тағы бір станциямен толықты. Өңірдегі экстремалды ауа-райын бақылауға арналған жүйе Қытайдың технологиялық амбициясын көрсетеді.

Жаңа станцияның ашылуы мен Тәжікстан үкіметінің Қытаймен тығыз байланысы бұл құрылғылар қауіпсіздік мақсатында қолданылуы мүмкін деген қауіпті күшейтті.

Oxus Society ұйымының Орталық Азия бойынша директоры Брэдли Жардин Шахритуздағы станция да жақында АҚШ атып түсірген нысан секілді метеорологиялық спутниктермен жұмыс істейтінін айтады.

Жыл басында Вашингтон Аляска, Батыс Канада мен АҚШ-тың үстінен ұшып бара жатқан қытайлық әуе шарын атып түсірген. Пекин әуе шары климаттық мақсатта ғана пайдаланылғанын айтып ақталды. АҚШ-тың өкілетті тұлғалары әуе шарында құпия аудандарды бақылайтын құрылғылар болды дейді. Канаданың әскерилері де қытайлық нысанда бақылау құрылғылары болғанын растады.

– Тәжікстан шекарасында бақылау құрылғылары болуы мүмкін, – деді Жардин.

Күні ыстық, ауасы құрғақ Шахритуз тәжік-ауған шекарасына жақын.
Күні ыстық, ауасы құрғақ Шахритуз тәжік-ауған шекарасына жақын.

LiDAR жүйесі ғалымдарға табиғи және жасанды ортаны, ақылды, автономды, электрлі көлік құралдарының қызметін зерттеуге көмектеседі. Қытай осындай көлік құралдарын жасауда жетекші елге айналып келеді.

Жардиннің айтуынша, Қытайға LiDAR сияқты "батыл жобалар" ішкі технологияларын жетілдіріп, автономды және электрлі көлік құралдары саласындағы басымдығын күшейтіп, экологиялық көрсеткіштерін жақсарту үшін керек.

– Қытай өзін болашақ көлік өнеркәсібі саласындағы жетекші ел көреді. Сондықтан технологиялық жобаларға арналған мемлекеттер гранттар көп. Ланчжоу университеті сияқты зерттеу орталықтары алдыңғы қатарда дамып келе жатыр, – дейді Жардин.

LiDAR ЖӘНЕ БАСҚА ДА ЖҮЙЕЛЕР

LiDAR желісі Қытайдың солтүстік-батысындағы Ланчжоу қаласынан басталып, Шыңжаң арқылы Пәкістан, Тәжікстан, Иран, Израиль, Алжирді қамтиды. Аталған елдерде барлығы 20 станция орнатылған.

Ланчжоу университетінің профессоры Хуан Цзяньпин Синьхуа агенттігіне берген сұхбатында LiDAR станциялары Орталық Азиядағы ауа-райы, шаң-тозаң, ауадағы улы заттар туралы дерек жинап, климаттың өзгеруі туралы ақпарат береді, экстремалды табиғат құбылыстарын алдын-ала ескертеді деп түсіндірді.

Тәжікстандағы жаңа нысан ең ыстық жерде орналасқан. 2016 жылдан бері LiDAR станцияларын салумен айналысып келе жатқан Ланчжоу университетінің ұжымы дәл осы аумақта климаты өзгерген территориялардың 3D картасын жасауға болады дейді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон "Қытай — Орталық Азия" саммитінде. Сиань, Қытай. 19 мамыр 2023 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон "Қытай — Орталық Азия" саммитінде. Сиань, Қытай. 19 мамыр 2023 жыл.

Пекин Тәжікстандағы жаңа станция экологиялық мәселелермен айналысады дегенімен, нысан құрылысы Орталық Азияда Қытайдың әртүрлі мақсатта пайдаланылатын құпия жобалары көбейген кезге тұспа-тұс келіп отыр.

Ланчжоу университеті Қытайдың қорғаныс өнеркәсібімен тығыс байланыста жұмыс істейді. Австралиялық стратегиялық саясат институтының 2019 жылы дайындаған есебіне сәйкес, бұл университет Қытай қорғаныс жүйесіне кіретін 68 оқу орнының бірі саналады. Аталған оқу орындары Қытайдың қорғаныс өнеркәсібі агенттігі мен Ұлттық қорғаныс өнеркәсібі, ғылым және технология мемлекеттік басқармасына қарайды.

Қытай Тәжікстанға Ауғанстанмен шекарасына бақылау нысандары мен қауіпсіздік бекеттерін орнатуға қаржы бөліп, көмектескен. Осындай нысандардың бірі Шаймакқа жақын орналасқан. Шыңжаң өңірінің кішкене бөлігімен шектесетін Вахан дәлізіне іргелес аумақта Қытай мен Тәжікстан Совет одағы кезіндегі шекара бекеттерін жөндеп, модернизациядан өткізіп жатыр.

Душанбе 2021 жылы Ауғанстанмен шекараға жақын жерде Қытайдың қаржыландыруымен полиция бекетін салуға келіскен.

Қытай Ауғанстандағы ислам содырлары Шыңжаңға өтіп, өңір тұрақтылығын бұзуы мүмкін деп қауіптенеді. Пекиннің Тәжікстан қауіпсіздігіне араласуы осымен байланысты.

Қытай ғылым академиясының дерегінше, 2021 жылы Пекин Тәжікстандағы Сарез көлінде экологиялық зерттеулер жүргізетін станция ашқан.

Табиғи апаттардың алдын-алуға көмектеседі делінген станция қызметі туралы ақпарат аз. Кей сарапшылар бұл нысан экологиялық зерттеуден бөлек мониторинг жұмыстарын жүргізуі мүмкін деп топшылайды.

Шахритустағы жаңа станцияның қызметі қалай болары әзірге белгісіз.

Жардин Қытай қауіпсіздік мәселесінде Памир таулары мен Вахан дәлізіне ерекше көңіл бөлетінін айтып, жаңа станцияның Тәжікстанның басқа бөлігінде орналасқанына назар аударды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG