"Әріп пен Конституция рухы" атты мақалада Зорькин "түбегейлі конституциялық реформаларға қатысты көптің көңілін алаңдатқан үндеулерге" жауап береді. Бірақ Конституцияны өзгерту бойынша нақты жоспар ұсынбайды.
Мақаланың негізгі тұстары:
- Конституцияның кемшіліктерін біртіндеп жоюға болады;
- Қазір қоғам бас қатырып отырған мәселе – әлеуметтік әділдік;
- Екі партиялы жүйе тиімдірек;
- Азаматтар "ұлттық органнан жоғары органның реттеу экспансиясына" наразы, мысалы АҚЕС (Адам құқығы жөніндегі Еуропалық сот);
- Ресейдің "конституциялық тұтастығы" мен "ресей халқына тән ұжымшылдықты" бәсекелес экономикалық және саяси ортамен қабыстыра алу керек.
ЗОРЬКИН МАҚАЛАСЫ
Зорькин өзі байқаған Конституция кемшіліктерін тізіп шығады: билікті бөлуде тепе-теңдіктің жоқтығы, атқарушы биліктің үстемдігі, президент пен парламент арасында өкілеттікті үлестіруде нақтылықтың болмауы.
Зорькин жергілікті басқару мекемелерін мемлекеттік билікке қарсы қою мәселелерін қозғайды. Жергілікті өзін-өзі басқару мекемелерінің табиғатынан "биліктің төменгі, жергілікті буыны" екенін ескертеді.
Зорькиннің пікірі бойынша, бұндай кемшіліктерді "біртіндеп" - "тірі Конституция" доктринасы аясында түзеуге болады. Осы жерде судья "радикалды конституциялық реформаға" қарсы шығып, аяқ астынан әлеуметтік-саяси тұрақсыздық тудыруы мүмкін дейді.
Бұдан соң Зорькин "қоғамдық келісім мен әділдікке апаратын конституциялық жол" туралы ойларын айтады.
"Конституциялық сотқа түскен көп шағымдарға қарасақ, Ресей қоғамындағы алаңдаудың қайнар көзі – әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілмеуі, соның ішінде азаматтардың әлеуметтік құқығының жеткілікті қорғалмауы. Әлеуметтік зерттеулер тұрғындардың әлеуметтік әділдікті күтуі, тіпті талап етуі бірінші орынға шыққанын көрсетті, өмірдің түрлі саласындағы әділетсіздікті адамдар өте ауыр қабылдайды.
Әділетсіздік салдарынан туындаған әлеуметтік шиеленіс халықтың отыз жыл бойғы реформалардан шаршағанын байқатады. Бұл сонымен бірге АҚШ пен Батыс Еуропа тарабынан Ресейге бұрын-соңғы болмаған (оған қоса – құқыққа қайшы, яғни, халықаралық құқық нормаларына қайшы) экономикалық, ең алдымен санкция түрінде қысым жасауына байланысты" делінген мақалада.
Бұдан соң Зорькин "жеке бас еркіндігі мен әлеуметтік ынтымақтастық идеяларын жинақтайтын" құқықтық теория керектігін айтады. Ол "Ресей халқының менталитетіне барынша сәйкес" дейді.
Ол әлеуметтік әділетсіздік туралы айта отырып, "90-жылдардағы ірі меншікті жекешелендірудегі әділетсіздіктерді" еске алады. Осы жерде Зорькин саяси құрылымға өтіп, қос партиялы жүйеге оң көзқарас танытады. "Бұл - ұйымдастыру жағынан" нақты демократияны қамтамасыз ететін жүйе дейді.
"Дәл осындай "сызба" бойынша АҚШ қоспартиялы жүйесі жасалды. Ғасырлар бойы сыннан өткен бөтеннің тәжірибесін пайдалану ұят емес" делінген мақалада.
Зорькин Адам құқығы жөніндегі еуропалық сотты (АҚЕС) сынап, "өзінің белсенді позициясын шектен тыс іске асырады" дейді және "ұлттық мемлекеттердің ұлттық органнан жоғары тұратын мекемелердің реттеу экспансиясына наразы" екенін айтады.
"Ұлттық мемлекетте көнгіштік шегі бар, оны ұлттық конституциялық тұтастықты түсінуінен байқай аласыз" деп жазды Зорькин.
Зорькиннің айтуынша, Ресейдің конституциялық тұтастығы "адам құқығы ұғымын түсінуге байланысты қоғамда қалыптасқан келісімнің нәтижесін көрсетеді", "бұл келісімнің түрлі мемлекеттерде "әлеуметтік-мәдени" ерекшелігі бар".
РЕАКЦИЯ
Кремльде Владимир Путиннің мәңгілік билікте қалуына жол ашатын Конституцияға өзгеріс енгізу мүмкіндігін талқылап жатқаны туралы сыбыстар президенттік сайлауға дейін пайда болған.
Қазіргі заңнама бойынша, Путин қазіргі мерзімі аяқталған соң қалай болғанда да президент лауазымынан кетуі тиіс. Егер ресей билігінде қалғысы келсе президент тағын 2008 жылы Дмитрий Медведевке бергені тәрізді "ізбасарына" беруі керек немесе басқа бір өзіне арналған жоғары мемлекеттік лауазымды иеленуі керек.
Зорькиннің мақаласы шыққанға дейін бірнеше Telegram арналарда Ресейде конституциялық реформа дайындалып жатқаны жайлы (расталмаған) ақпарат тарады.
Мысалы, танымал "Незыгарь" анонимді Telegram арнасында мынадай жазба болды: "Ресей конституциясының 25 жылдығы алдында президент конституциялық реформа жасау туралы бастама көтеруі мүмкін. Оны Жаңа жыл алдындағы федералдық жиынға дейін рәсімдейді. Конституциялық реформа биліктің жаңа конституциялық моделін жасауға мүмкіндік береді және РФ президентін мерзімінен бұрын сайлауға мұрындық болуы мүмкін".
Ресейдің қазіргі конституциясы 1993 жылы желтоқсанның 12-сі күні қабылданды. Оған өзгеріс енгізу үшін Конституциялық жиынды шақыру керек. Ол туралы заң 1993 жылдан бері қабылданбаған немесе референдум өткізу керек. Аймақтық парламенттің үштен екісі қолдаған жағдайда өзгерістің бір бөлігін Мемлекеттік дума енгізе алады.
Саясаттанушы Валерий Соловейдің пікірі мынадай:
- Конституциялық реформаны әзірлеу, нақтырақ айтсақ, конституциялық заңға ірі өзгерістер енгізу 2017 жылдың күзінде басталды.
- Өзгеріс келесі бағытта әзірленді: а) мемлекеттік билік пен басқарудың жаңа конфигурациясын қалыптастыру; б) федерация субъектілері санын түбегейлі қысқарту (15-20-ға дейін) дейін; оларды басқару жеңіл болуы үшін біріктіру керек, даму деңгейін теңестіріп, этносепаратистік үрдістерді бейтараптандыру керек; в) сайлау және саяси партиялар туралы заңға өзгеріс енгізу (либералдандыру мағынасында емес); г) мемлекеттік идеологияны енгізу.
- Басында қандай өзгерісті қандай ауқымды қолдайтындары белгісіз болды. Қалай болғанда да теріс реакция болатындықтан бәрін бір уақытта енгізу жоспарланбады.
- Sine qua non – жүйе транзитін институционалды-құқықтық шекте қамтамасыз етуге тиіс мемлекеттік билік пен басқарудың реконфигурациясы. Бұнда да бірнеше нұсқа бар. Политбюро аналогы ретінде мемлекеттік кеңес құру сияқты танымал модельден басталады, онда президенттің рөлі өкілеттік және символикалық функцияларға ие болады немесе, керісінше, президенттік өкілеттікті күшейту мен кеңейту және вице-президент лауазымын тағайындау (Тағы бірнеше нұсқасы бар).
- Жүйе транзиті 2024 жылға дейін жасалуы керек. 2020-2021 жылдар ең шешуші кезең болады деген болжам бар.
- Бұл мерзімді азайтуға ықпал етуі мүмкін жалғыз себеп бар. Бұл себептің саясат пен төмендей бастаған рейтингіге еш қатысы жоқ. Бұл алаңдарлық жағдай, бірақ оны бақылауда ұстауға болады.
- Мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Мемлекеттік билік ұйымдары мен басқаруды түбегейлі өзгерту сайлау өткізіп, жүйеге ауыр күйзеліс әкелуді көздемейді.
- Реформаның негізгі бенефициарлары ретінде билік үш адамды атайды, олар онсыз да саяси-бюрократиялық салмағына қарай алғашқы ондыққа еніп тұр.
Тарихшы Иван Курилла:
"Таңертеңнен бастап Telegram арналарға сілтеме жасап, Конституцияны қайта қарауға дайындық туралы жазып жатыр. Енді оған Зорькин қосылыпты. Шынымен де, сигнал болған сияқты. Зорькин жергілікті өзін-өзі басқаруды тарату туралы айтады, ол жағы түсінікті, бақылауға көнбейтін мэрлерден шаршаған ғой, қаншасын қамады.
Бірақ өзгеріс Путинді өмір бойы билікте қалдыру мақсатында жасалатын сияқты. Либералды бөлігін (еркіндік пен құқық туралы) және халықаралық шарттар басымдығы туралы бөлікті алып тастайтын шығар. Бұрынғы тәжірибеге қарасақ, бұндай арнайы операцияда ешкім сынға қарамайды. Бірақ жағдай дәл бұрынғыдай емес: бұл жолы режим қатты тәуекелге бармақ (қандай тәуекелге баратынын өзі де есептеп отырған жоқ: біреу көшеге шыға ма? элитадағы біреу бөлініп кете ме? басқаруға көнбейтіндер бола ма? – мүмкін ештеңе болмас – қазір оған сенімді болу қиын)".
Публицист Николай Подосокорский:
Конституциялық сотты 17 жылдан астам басқарып келе жатқан 75 жастағы Валерий Зорькиннің қалыптасқан саяси режимді либералдандыруға ниетті екеніне тек аңқау ғана сенетін шығар. 2017 жылдың желтоқсанында Валерий Зорькин Ресейдегі еркіндікті кеңейтуге қарсы шыққан болатын. Оның айтуынша, шектен тыс еркіндік "қоғамның моралдық негізін құртады".
2014 жылдың қыркүйегінде Валерий Зорькин басыбайлы құқықты "ұлттың ішкі бірлігін ұстап тұратын басты біріктіргіш" деп атады. Оның пікірінше, шаруаларға бостандық беру қателік болған, революцияның тууына ықпал еткен.
2014 жылдың желтоқсанында конституциялық сот төрағасы ресейліктердің әлеуметтік құқығын шектеуді қолдап сөйледі, бұл "ортақ игіліктің конституциялық құндылықтарын қорғау үшін қажет" деді. Оның айтуынша, РФ конституциясындағы 7-баптағы "әлеуметтік мемлекет" түсінігі "әр адамның негізгі талаптарын орындауға мемлекетті міндеттемейді"
2017 жылдың мамырында Зорькин құқық қорғаушыларды сынап, "адам құқығын қорғау мемлекеттік егемендікке қатер төндірмеуі керек, қоғамның діни тұтастығын бұзбауы керек" деген.
Соңғы жылдары Зорькин көп нәрсе айтты, оның Ресейдегі жаңа революция қаупі туралы айтқан ескертуін тек былайша ғана түсінуге болады: Конституциядағы кез келген өзгеріс Ресей азаматтарының құқығы мен еркіндігіне соққы болмақ, қарсылық көңіл-күйді басып, шатқаяқтап тұрған режимді күшейтуге бағытталады.
Ал президент әкімшілігінде [Конституцияға өзгеріс енгізу] жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ деп мәлімдеді президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
"Біз Зорькиннің мақаласын жеке сарапшы көзқарасы деп қабылдаймыз" деді ол.
(Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы)
ПІКІРЛЕР