Қадыровтың рекорд орнатқаны туралы жаңалық Interrecord "халықаралық рекордтарды тіркеу агенттігінің" сайтында жарияланды.
"Өңір басшыларының сайлауында ең көп дауысты, яғни 99,7 пайызды Шешенстан республикасы басшысының сайлауында Рамзан Қадыров алды" деп жазды сайт авторлары.
Бұл жаңалықты Шешенстанның ақпарат құралдары іліп әкетіп, Қадыров әлемдік рекорд орнатты деп жаза бастады.
Қадыровқа жүз пайызға сәл ғана жетпейтін нәтиже не үшін керек? Қадыровтың шектен тыс жоғары рейтингіне Кремль қалай қарайды? Шешенстан басшысына федералды жаңалықтар легінен көрінуге кім көмектесті?
Қадыровтың рекорд орнатқаны туралы жаңалықты бірінші болып Interrecord халықаралық агенттігінің сайты жазды. Шетелдік және ресейлік ірі ақпарат құралдарында бұл сайт туралы ақпарат аз. Агенттік 1998 жылы Прагада ашылып, 2010 жылы Ресейге көшкен. Штаб-пәтері Сочи қаласындағы Полтавская көшесінде тіркелген. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сәйкес, бұл мекенжайда сырт көзге елеусіз жекеменшік үй орналасқан.
Interrecord агенттігінің редакторы Влад Копылов басқа басылымдарға берген бірлі-екілі сұхбатында "Гиннестің рекордтар кітабына" берілген өтініштерді қараудың өзі бірнеше мың фунт стерлинг тұратынын айтудан жалықпайды. Сочидегі агенттік тұрғанда "Гиннестің рекордтар кітабына" артық ақша төлеудің не қажеті бар?
"Жеке тұлғалар үшін орташа баға 7-11 мың рубль (шамамен 100-150 доллар). Компаниялар үшін – 30-100 мың рубль (таңдалған қосымша қызметтер пакетіне байланысты)" дейді Копылов.
АУШЕВ ПЕН ЗАВГАЕВТЫҢ ІЗІМЕН
Interrecord иесі дәл осы сұхбатында бәсекелес рейтинг агенттіктерін сынап, олардың бұрынғы және қазіргі рекордтарды, рекордсмендердің көрсеткіштерін бақылап отырмайтынын айтқан.
Ресейдің жаңа саяси тарихында Қадыровтан бұрын бұл рекордты Солтүстік Кавказдың басқа бір саясаткері орнатқан: 1993 жылы ақпанда Ингушетияда өткен бәсекесіз сайлауда Руслан Аушев 99,94 пайыз дауыс жинаған. Бұл даулы сайлаудың нәтижесін есепке алмаса, Шешенстан басшысы шынымен рекордсмен болып шыға келеді. Қадыров бұл рекордын екінші рет жаңартып отыр: ол 2016 жылғы сайлауда 97,94 пайыз қолдауға ие болған. Биылғы қыркүйекке дейін бұл Ресей саясаткерлерінің арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш болып келген.
Қадыровқа Кемеров облысының губернаторы Аман Тулеев (1997 жылы 94 пайыз, 2001 жылы 93 пайыз, 2015 жылы 96 пайыз алған), Татарстан президенті Рустам Минниханов (2015 жылы 94 пайыз жиған) және Самараның губернаторы Николай Меркушин (2014 жылы 91 пайыз алған) ғана бәсекелес бола алады.
Шешенстанда Қадыровтың осы көрсеткішіне жақындау нәтижеге 1995 жылы өткен даулы сайлауда Ресей билігіне жақын, бұрынғы совет функционері Доку Завгаев ғана ие болған. Тіпті Шешенстанның қазіргі басшысының әкесі Ахмат Қадыров та 2003 жылы "небәрі" 80 пайыз дауыспен сайланған. Қадыров президент Владимир Путинді ғана емес (2018 жылғы сайлауда 76 пайыз дауыс жинаған), республикада ерекше ұлықталатын әкесін де басып озған.
"ШЕШЕНСТАН БИЛІГІ САЙЛАУДЫҢ ҚҰНЫН ТҮСІРІП ЖІБЕРДІ"
"Азаптауға қарсы комитет" құқық қорғау ұйымының заңгері Абубакар Янгулбаев "Қадыровтың сайлауда 99 пайыз дауыс жинауы Кремльдің шамына тимейді, өйткені федералды орталық үшін Қадыров – Шешенстанды Ресейдің уысында ұстаудың кепілі" деп есептейді.
"Қадыровтың шектен тыс жоғары нәтиже көрсетуін логикалық жүйелі әрекетпен байланыстыруға болмайды. Бұдан ақылды шахматшының күрделі қадамын іздеудің қажеті жоқ. Бұл – алысты болжай алмайтын адамның қадамы. Шешенстан билігі осы арқылы сайлаудың құнын түсіріп, диктатураны дәлелдегендей болды. Қадыровтың диктаторлық мемлекет идеясымен тәрбиеленгенін, оны әкесі де осы жолды ұстанып, "Шешенстанда диктатура болуы керек" деп ашық мәлімдеп келгенін ұмытпаған жөн. Бірақ Рамзан үнемі делебесі қозып, басқалармен жарысып жүреді" дейді сарапшы.
Янгулбаевтың пікірінше, бұрынғы диктаторлардың бәрін басып озған Шешенстан басшысы өз әрекетінің кері әсері болуы мүмкін екенін түсінбеген.
Саясаттанушы Константин Калачев Кавказ.Реалии сайтына "Кремль Шешенстан басшысының толық билігін көрсеткен нәтижені құптап, Қадыров билікте мейлінше ұзақ отыруы үшін оның бар жағдайын жасауға дайын екенін көрсетті. Клишастың заң жобасы да дәл осы туралы" деген пікір берген.
Мемлекеттік думадағы ықпалды комитеттер мен мемлекеттік құрылыс және заңнама жөніндегі федерация кеңесінің басшылары Павел Крашенинников пен Андрей Клишас парламентке өңірлік билік органдарын реформалау туралы заң жобасын ұсынды. Бұл заң жобасы өңір басшыларына екі мерзімнен кейін қызметінде қалуға болмайды деген тыйымның күшін жояды.
Шын мәнінде Рамзан Қадыров өңірді төртінші рет қатарынан басқарып отыр. Ол екі рет сайланған, екі рет Қадыровты Ресей президенті тағайындаған. Бірақ федералды заңға өзгеріс енгізілгеннен кейін губернаторлық құзырет 2012 жылдан бастап есептелетін болды. Осылай Карачаево-Черкесия өңірінің басшысы Рашид Темрезов республиканы үшінші рет қатарынан басқарып отырса да, қыркүйекте екінші мерзімге сайланды.
"ДИКТАТОРЛЫҚ РЕЖИМ ҮШІН ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙ"
"Шешенстандағы сайлау нәтижесіне таңғалуға болмайды. Өйткені республикада оппозиция жоқ. ЛДПР партиясы осы республикадағы парламент сайлауына кандидаттар тізімін екінші мәрте ұсынбады. Ал Қадыров республикада ЛДПР партиясына орын жоқ" деп кесіп айтқан" дейді саясаттанушы Александр Кынев.
Сарапшы осы тұста Қытайдағы "бір ел – екі жүйе" қағидасын (Гонконг пен Макаода бір жүйе, ішкі Қытайда бір жүйе) мысалға келтіреді.
"Мұнда да дәл солай: Шешенстан және Ресейдің қалған бөлігі бар. Ол жақта саяси жүйе басқаша жұмыс істейтінін бәрі түсінеді. Қадыровтың қанша пайыз дауыс жинайтыны алдын-ала келісілді немесе біреу осы қорытынды үшін әбден тер төкті деп ойламаймын. Сайлау бәсекесіз өтті" дейді Кынев.
"Справедливая Россия" партиясының атынан ұсынылған Шешенстан басшысының әкімшілігі мен үкіметі төрағасының орынбасары Иса Хаджымұрадов әлеуметтік желі қолданушылары өзін жақтап, әзілмен қолдап пікір қалдыра бастаған соң, парақшасын жауып тастады. Сайлауда 0,15 пайыз дауыспен екінші орын алған, КПРФ партиясының атынан сайланған парламент депутаты Халид Накаев та сайлауалды науқан кезінде белсенділік танытпады.
"99,7 пайыз – диктаторлық режимдер үшін қалыпты нәрсе. Әдетте қатаң авторитарлық режимнің көшбасшылары географиялық жағдайына қарамастан, айрықша нәтижелерді жақсы көреді. 100 пайыз әдемі емес, одан сәл аз болса – дәл өзі. Шешенстанда мұндай нәтиже – республикадағы электоралды сұлтанаттың айқын көрінісі", дейді сараптау және кикілжіңдердің алдын-алу орталығының директоры Екатерина Сокирянская.
Ол басқа сарапшылардың "Шешенстан басшысының сайлауда көп дауыс жинауы – жоғарыдан берілген тапсырма емес, аз көрсеткіш жазып, басшының қырына ілігуден қорыққан сайлау комиссиясының қызметкерлері мен ұйымдастырушылардың республика басшысына жағынуға тырысуынан туған нәтиже" деген пікірімен келіседі.
"Бұл месседж бірінші кезекте сыртқы ортаға – Мәскеуге бағытталған. Бұл нәтиже Кремльге Рамзан Қадыровтың үлкен қолдауға ие екенін, республикадағы жағдайды толық бақылап отырғанын көрсетеді. Ал шешендер мен әртүрлі диаспора өкілдеріне ештеңе дәлелдеудің қажеті жоқ, олар елдегі жағдайды және қазіргі режимнің қоғамда қандай қолдауға ие екенін жақсы біледі", – дейді сарапшы.
Рамзан Қадыров Шешенстан республикасын 2007 жылдан бері басқарады. Осы уақыт ішінде Ресей, АҚШ пен Еуроодақтың құқық қорғаушылары өңірдегі адам құқықтарының жайына алаңдап, бірнеше рет мәселе көтерген. Шешенстанда ЛГБТ өкілдерін қудалап, сотсыз өлтіру оқиғалары болғаны жөнінде хабар тараған. Қадыров пен оның айналасындағылар бұл айыптауларды жоққа шығарады.
ПІКІРЛЕР