Accessibility links

Қадыровтың қошеметі Салахқа кесір болып тиді


Египет құрамасының ойыншысы Салах (сол жақта) пен Шешенстан президенті Рамзан Қадыров Грозныйда.
Египет құрамасының ойыншысы Салах (сол жақта) пен Шешенстан президенті Рамзан Қадыров Грозныйда.

Ресейдегі әлем чемпионатына қатысқан Египет құрамасы дайындық базасы ретінде Шешенстанның Грозный қаласын таңдаған. Египет футбол федерациясының бұл таңдауы Египет командасының бас жұлдызы Мохаммед Салахтың құрамадан кетуіне әсер етуі мүмкін. Шешенстан президенті Рамзан Қадыровпен бірге фотоға түскені үшін Салахты құқық қорғаушылар сынады. Қадыров футболшыға "Шешенстанның құрметті азаматы" атағын бергенін де жанкүйерлер көп сынады. Осыдан кейін халықаралық агенттіктер Англияның "Ливерпуль" клубында ойнайтын 26 жастағы шабуылдаушы Египет құрамасынан кетпек деп хабарлады.

Салахтың жоспары туралы жексенбі және дүйсенбі күндері CNN мен Associated Press агенттігі аты-жөнін жарияламауды жөн көрген әрі бір-бірін танымайтын үш дереккөзге сілтеме жасап хабарлады. Салахтың құрама командадан қай уақытта кететіні белгісіз. Маусымның 25-інде ол Египет - Сауд Арабиясы арасындағы ойында бір гол салған. Египет футбол федерациясы өкілдері мен Шешенстан билігі халықаралық агенттіктерде жариялаған ақпарат шындыққа жанаспайды деп мәлімдейді.

Ресейде әлем чемпионатын өткізу Владимир Путин үшін қандай маңызды болса, чемпионат кезінде Египет құрамасын Грозныйда қабылдау адам құқықтарын бұзғаны үшін жиі сыналатын Рамзан Қадыров үшін де маңызды жоба болды. Сарапшылардың "мүлде сәтсіз таңдау" деген қаупіне қарамастан, Египет футбол құрамасы чемпионат кезінде Шешенстан астанасын жаттығатын база ретінде пайдалануға келісімін берді. Грозный Египет құрамасы ойнаған Екатеринбург, Санкт-Петербург және Волоградтан мүлде шалғайда орналасқан. Египет топта Уругвай және Ресейден жеңіліп, плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігінен ерте айырылды. Салах Чемпиондар лигасы финалында алған жарақатының кесірінен Уругваймен өткен ойынға қатыса алмады.

Қадыров пен Салах Грозныйда. 10 маусым 2018 жыл.
Қадыров пен Салах Грозныйда. 10 маусым 2018 жыл.

Египеттің ақпарат құралдары Англия чемпионатында 32 гол салып, үздік мерген атанған Салахты "Тутанхамон перғауынан кейінгі ең әйгілі египеттік" деп атайды.

Кей ақпарат құралдарының жазуынша, Қадыров Шешенстанның "Ахмат" клубы мен Египет құрамасы арасындағы жолдастық матч ұйымдастыруға тырысқан. Бірақ Шешенстандағы әбігерден кейін "Ливерпуль" командасының басшылығы Салахты тезірек қайтарып алғысы келеді.

"ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТ"

11 маусым күні, яғни Египет құрамасы Грозныйға барған күннің ертеңінде ресейлік және халықаралық БАҚ-тарда Салахтың Рамзан Қадыров және оның "Лорд" деген лақап есімімен танылған "оң қолы", Шешенстан парламентінің төрағасы Магомед Даудов екеуімен бірге түскен фотосуреттері тарап кетті.

Халықаралық басылымдар Шешенстан шенеуніктері билікті сынаған кез келген адамды мәжбүрлеп кешірім сұрату практикасын кең қолданатыны туралы жиі жазады. Адам құқығын қорғау ұйымдары "Қадыров пен Даудов гейлерді сотсыз жазалауды ұйымдастырды, "Мемориал" қоғамының Шешенстандағы бөлімшесінің жетекшісі Оюб Титиев пен өзге де тәуелсіз құқық қорғаушыларды қудалады" деп жиі айыптайды.

New York Times дерегінше, Салахпен фотоға түсу үшін Қадыров қонақүйге барып, алыс жолдан кейін ұйықтап жатқан әрі жарақатына бола командасының "Ахмат-Аренадағы" кешкі жаттығуына қатыспауды ұйғарған футболшыны оятып алған.

Маусымның 15-і күні, яғни Египет Уругвайдан жеңіліп, Екатеринбургтен Шешенстан астанасына оралған күні Салах 26 жасқа толды. Осы күні Салахты қонақүй холында салмағы 100 килограмм тартатын алтын түсті бутсымен безендірілген үш қабатты торт күтіп тұрған. НТВ телеарнасының хабарлауынша, торт "шешенстандық жанкүйерлерінің тартуы" болған.

Маусымның 22-і күні Рамзан Қадыров өзінің президенттік резиденциясында көл-көсір дастархан жайып, Египет құрамасын қонақасыға шақырған. Қонақасы кезінде Салахқа "Шешенстанның құрметті азаматы" атағын берген.

Associated Press ақпарат агенттігінің жазуынша, өз есімін "саяси символ" ретінде пайдалануға наразы футболшыға Қадыровтың бұл қылығы жақпаған. АР агенттігінің болжамынша, Қадыровтың имиджі мен оның келіспейтіндерге қарсы қолданатын радикалды тәсілдері "біртоға ислам елшісі" рөлінде көрінуге тырысып жүрген Салахтың Англиядағы карьерасына кесірі тиюі мүмкін. CNN агентігінің жазуынша, Шешенстанда көрсетілген құрмет Салахқа ұнамаған. Ол өз есімін футболдан бөлек әлдебір контексте талқылағанын және әлдебіреудің саяси имиджін жақсарту үшін пайдалануға қарсы.

​ТЕРІСТЕУ

Шешенстанда өзіне көрсетілген құрметке наразы болғаны туралы хабарларға қатысты Салах әзірше қандай да бір пікір айтпады. Маусымның 26-ы күні өткен матчқа Салах қатыспайды деген сыбыстан кейін футболшы Twitter парақшасына "Бәрін бір мақсат біріктіреді, құрамада ешқандай келіспеушілік жоқ. Бір-бірімізді құрметтейміз" деп жазды.

"Салах Египет құрамасынан түпкілікті кетеді" екен деген қауесетті Египет құрамасы өкілдері мен Шешенстан билігі өкілдері терістеуге тырысып жатыр.

Russia Today Египет құрамасының ақпарат бөлімі бастығы Усама Исмаилдің "Салахтың құрамадан біржола кетпек түгілі, "Ливерпульмен" бірге жаңа маусымға дайындалу үшін де кететін ойы жоқ" деген сөзін келтірген.

Египет футбол федерациясы CNN телеарнасына Салах [құрамадан кететіні туралы] мәселені делегация мүшелерінің ешқайсысымен талқылаған жоқ деп жауап берген. Египет құрамасы дүйсенбі күні жариялаған ресми мәлімдемесінде Салахты құрамадан кететіні туралы қауесеттерді "негізсіз" деп атаған.

Мохаммед Салах Ресей-Египет ойынында. 19 маусым 2018 жыл.
Мохаммед Салах Ресей-Египет ойынында. 19 маусым 2018 жыл.

Шешенстанның ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат министрі Джамбулат Умаров "Говорит Москва" радиосына берген сұхбатында Салахтың Египет құрамасынан кететіні туралы ақпарат "былжырақ" деп мәлімдеп, CNN-нің хабарын "жала" деп атады.

Қадыровтың баспасөз хатшысы Альви Каримов Шешенстан шенеуніктері тарапынан көрсетілген артық қолпаштың кесірінен Салах Египет құрамасынан кетеді екен деген хабарды "арсыз өтірік" деп атады.

Маусымның 25-і күні Сауд Арабиясынан 1:2 есебімен жеңілгеннен кейін Мохаммед Салах баспасөз мәслихатына қатыспаған. Египет құрамасының бас бапкері Эктор Купер "Салахқа медициналық көмек қажет болды" деген. FIFA Салахтың баспасөз жиынына қатыспауын тексеретінін хабарлады. FIFA ережесі бойынша әр матчтан кейін құрама бапкері мен капитан баспасөз мәслихатына қатысуы тиіс.

Маусымның 26-ында Салах ақпарат құралдарына берген шағын сұхбатында "Египет жанкүйерлерінен кешірім сұрап, 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатында қайта ораламыз" деген.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Марк Крутовтың мақаласы орысшадан аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG