Ресей әскери техникасының бір бөлігін Сириядан әкетуге дайындалып жатыр. Ашық дереккөздерге сүйенген OSINT-талдаушылары мен журналистер осындай қорытындыға келген.
Дроннан түсірілген видеода Хмеймим әуе базасында шабадан көтерген адамдардың ұшаққа қонуға дайындалып жатқаны көрінеді. Бұған қоса, С-300 және С-400 ракета кешендерімен 91Н6Е радиолокациялық кешенін әскери-көлік ұшағымен алып кетуге де әзірлік байқалады.
Зерттеушілердің айтуынша, ракета кешендері әзірге авиабазадан әкетілмеген, бірақ қондырғылары әскери режимге көшірілмеген. Желтоқсан басында Башар Асад режимі құламай тұрған шақта С-300 және С-400 соғысқа толық дайын тұрған.
Британдық Times басылымының Сириядағы тілшісі Самер Әл-Атруш жұма күні Хмеймим әуе базасына ресейлік техника келгені көрінетін видео жариялады. Ол сонымен бірге базаның кіреберісін күзеткен Асад режимін құлатуда шешуші рөл атқарған "Хаят Тахрир аш-Шам" тобының (АҚШ және өзге елдерде террористік ұйым танылған) өкілдерімен сөйлескен. Базаның күзетшілері журналистке Ресей әскерін Сириядан әкететінін айтқан.
Бұған дейін ашық дереккөздерге сүйенген зерттеушілер Ресей Сирияға бірнеше десант кемесі мен азаматтық корабльдер жібергенін жазған. Карнеги қорының Ресей және Еуразия бойынша бағдарламасының ғылыми қызметкері Массикот Х желісінде "Ресей Сириядан өз әскерін әкетпекші, бірақ бұл жартылай көшіру ме әлде тұтас па, әзірге белгісіз" деп жазды.
13 желтоқсан күнгі спутник суреттеріне қарағанда Хмеймим әуе базасында кейінгі күндері ұшақтар көбейіп, екі Ан-124 ұшағының бірі ұшу-қону жолағында тұрғаны байқалады. Ил-76 ұшағының да қонғаны видеоға түсіп қалған.
Бұған дейін Ресейдің Сириядағы базаларды сақтап қалу үшін ереуілшілермен келіссөз жүргізіп жатқаны хабарланған. Мәскеу, Еуропа және Таяу Шығыстағы дереккөздерге сүйенген Bloomberg-тің жазуынша, тараптар келісімге келуге жақын.
- 2011 жылдан бері Сирияда азаматтық соғыс жалғасып жатыр. Ресей әскері 2015 жылдан бері президент Башар Асад жағында соғысып, қарсыластардың нысандарына әуеден соққы жасаған. Бұған қоса, "Вагнер" жалдамалы әскерінің көмегімен құрлық операцияларына қатысқан. Ресми түрде мұның мақсаты "террористік топтармен күрес" деп айтылды.
- Сирияда Ресейдің теңіз және әуе базалары бар. Олардың тағдыры әзірге белгісіз.
- 8 желтоқсанда Асад қарсыластары Дамаскіні басып алған кезде Ресей билігі Башар Асад пен оның отбасы Ресейде екенін, ол жақтан саяси баспана алғанын мәлімдеген.