Accessibility links

"Жетім бұрыш" пен билік қыспағындағы тағдыр. Баспанасыздар бүлігі


Жалға берілетін пәтер туралы хабарландырулар. "Жетім бұрыш", Алматы, 10 сәуір, 2009 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Жалға берілетін пәтер туралы хабарландырулар. "Жетім бұрыш", Алматы, 10 сәуір, 2009 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Совет одағы ыдырар қарсаңда Алматыда өз талап-мұңын билікке жеткізбек болған баспанасыздар зомбылыққа ұшырағанын айтады. 1990 жылы күзде бос тұрған жатақхана мен есептен шыққан үйлерді басып алған соң милиция оларға күш қолданып, қуып шыққан.

Баспанасыздардың бас көтеруі. Бос тұрған үйлерді басып алғандар туралы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:22:49 0:00

1990 жылы қараша айында "Желтоқсан" ұйымының тең төрағалары Хасен Қожахмет пен Аманжол Нәлібаев Азаттық радиосына берген кеңейтілген сұхбатында баспанасыздар наразылығы жөнінде сөз болған.

"ЖЕТІМ БҰРЫШТАН" БАСТАЛҒАН БАС КӨТЕРУ

Алматыдағы қазіргі Қонаев пен Мақатаев көшелері қиылысы совет тұсынан бері жұрт арасында "Жетім бұрыш" аталып кеткен. Үйді жалға берушілер мен баспана іздеп сабылған адамдардың бас қосатын жері. Интернет, әлеуметтік желі жоқ заманда баспана саудасы үнемі жүріп жататын бұл жерде қазір бұрынғыдай болмаса да, баспана іздеушілер мен жалға берушілерді кезіктіруге болады.

"Жетім бұрыштағы" дәптерде жалға берілетін пәтер бағасы жазылған. Алматы, 25 қазан, 2011 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
"Жетім бұрыштағы" дәптерде жалға берілетін пәтер бағасы жазылған. Алматы, 25 қазан, 2011 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Совет одағы ыдырар қарсаңда ел экономикасы нарықтық қатынастарға көшеді деп жарияланып, халықты қымбатшылық қысқан кезде "Жетім бұрыш" нағыз әлеуметтік мүшкіл мәселенің көрсеткішіне айналды.

Шаруашылық ыдырап, жұмыссыздық белең алған кезеңде ауылдардан жұрт қалаға ағылды. Екі қолға бір күрек, қара жұмыс істесем де күнделікті нәпақа табамыз деп үміттенді. Жанбағыс, күнкөріс қалаға қуып әкелген адамдар алдымен баспанаға мұқтаж еді.

"Жетім бұрышты" жағалағандар 1990 жылы күзде Алматыда бос тұрған жатақханалар мен көпқабатты үйлерді басып қалды. Бұл туралы алдыңғы хабарымызда "Желтоқсан" қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Аманжол Нәлібаев таратып айтқан.

Сол кездегі Алматы қаласының басшысы Заманбек Нұрқаділовтің қалалық газетте жарияланған мақаласында баспанасыздар 6 рет жер телімдерін басып алғаны және 6 рет тұрғын үйлерге басып кіргені айтылған.

"ӘСКЕРИ КҮШ ҚОЛДАНУҒА ДАЯРЛЫҚ"

Азаттықтың сол кездегі хабарларында Алматының жергілікті билік органдары қалада "қоғамдық-саяси ахуалды қалыпқа келтірудің қосымша шараларын" қабылдағаны айтылған. Тоқсаныншы жылдардың басында Совет одағы құрамындағы елдердің денінде билік осындай шараларды қолға алынғанын көреміз. Биліктің қоғамдық тәртіпті сақтаудағы ерекше белсенділігі одақ астанасы Мәскеуде басталған.

Одақтас республикалардың кейбірінде Мәскеудегі орталық билікпен арадағы айтыс-тартыс шиеленісіп, шырқау шегіне жеткен еді. Мысалы, 1991 жылғы қаңтарда Литва астанасы Вильнюсте ел тәуелсіздігін жақтаушылар мен совет әскері арасында қақтығыс болды. Салдарынан 14 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланды.

Литва радиотелеорталығын басып алуға келген совет әскери танкі жолын бөгемек болған демонстранттар. Әскер қару қолданды, 14 бейбіт адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланды. Вильнюс, 13 қаңтар, 1991 жыл.
Литва радиотелеорталығын басып алуға келген совет әскери танкі жолын бөгемек болған демонстранттар. Әскер қару қолданды, 14 бейбіт адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланды. Вильнюс, 13 қаңтар, 1991 жыл.

Ыдырау алдында шатқаяқтап тұрған одақтағы ахуалды Азаттық радиосының тілшісі Талғат Көкбұлақ 1991 жылғы 26 қаңтарда эфирден былай сипаттаған.

"БАҚ-тың хабарлауы бойынша, өткен жұма күні [1991 жылғы 25 қаңтар – Азаттық] Совет одағының қорғаныс және ішкі істер министрлері жағдай күрделене қалғандай болса, Мәскеудегі, республикалар астаналарындағы және аса маңызды индустрия және аса маңызды әскери құрылыстары бар қалаларда қоғамдық тәртіпті сақтау үшін армия мен полициялық күзет бөлімшелерінің біріккен жасақтарын құру турасында нұсқау берген. Бұл нұсқау алдағы ақпанның 1-інен тартып, күшіне енетін болады. Бұл туралы жарлықтар Сергей Ющенковтың "Интерфакс" тәуелсіз ақпарат агенттігіне берген мәліметінен гөрі, мұндай нұсқау төтенше жағдайды еске түсіреді. Язов пен Пугоның қатарында КГБ төрағасы Крючков тізбекті түрде жарлықтар және мәлімдемелер жариялау арқылы Кремльдің одақты және орталық әкімшілікті сақтау үшін, қажет бола қалған жағдайда әскери күш қолдануға даяр екендігін айқындап берген-ді".

Азаттық радиосы Желтоқсан оқиғасын басынан өткерген Қазақстандағы ахуалды сипаттап, қайғылы жағдайдың қайталануына жол бермеу абзал болатынын айтқан.

"Қазақстан республикасы ондай қаталдықтың дәмін осыдан 4 жыл әуел, яғни 1986 жылдың желтоқсанында-ақ татып үлгерген-ді. Онда ішкі әскердің қазақ жастарын, әсіресе, қыздарды аяусыз жаныштағаны мәлім. Сондықтан бұдан былайғы кезеңде сақтықты қолдан шығармау жағын көбірек ойлау қажет болатын сияқты".

Ал Азаттық эфирінде аты-жөні аталған Борис Пуго, Дмитрий Язов пен Владимир Крючков сол жылы, яғни 1991 жылы Мәскеуде атышулы "Тамыз бүлігін" ұйымдастырушылар қатарында болды. Олар сол кезде Совет одағы президенті Михаил Горбачевті орнынан тайдырып, мемлекеттік төңкеріс жасап, билікті өз қолдарына алуды мақсат тұтты.

ЗАҢДЫ БҰЗҒАН КІМ?

Азаттық радиосының Алматыдағы тілшісі Қиял Сабдалин 1990 жылы қазан айында Алматыда үй басып алып, наразылық танытқан, аяғында 15 қарашада милиция қуып шыққанда күш қолданудан зардап шеккендерге барып, сұхбат алған. Сонда баспанасыздар өз жағдайын баяндап, милиция әлгі үйлерден оларды қалай қуып шыққанын, соңынан сол кездегі Алматы қаласының басшысы Заманбек Нұрқаділовпен кездесу қалай өткенін айтқан.

Азаттық сөзге тартқан адамдардың айтқанынан осы наразылыққа қатысқандардың көбі күнкөрістік қана қауқары бар, тыраштанып жүріп тапқан жалақысы келесісіне жетпейтін жандар екені байқалады. Олардың арасында түрлі саланың: ғылымнан бастап метро құрылысшысына дейін кездеседі. Жетімдер мен жесірлер де, суы тартылған Арал теңізі аймағы мен Семей облысындағы ядролық сынақ полигонынан зардап шегіп, бір үмітпен Алматыға жеткендер де бар.

Азаттық радиосы 1991 жылғы 26 қаңтардағы эфирін осы тақырыпқа арнаған.

Баспанасыздар бас көтеруіне қатысқандардың бірі өзін сол кездегі Ғылым академиясының тарих институтында еңбек ететін Әуезхан Шашаев деп таныстырған.

"Мен жылдың алты айында ғылыми экспедицияда боламын. Бұл жолы экспедициядан келгенімде пәтер иесі үйге кіргізбеді. Бір жағы әскерден баласы келгенін сылтауратып, екінші жағынан қосымша ақы сұрап отыр. Қазір олардың көбі нарықтық экономикаға көшіп жатырмыз дегенді желеу етіп, сіздерден қымбаттау алуымыз керек дейді. Өз басым 140 сом айлық аламын. Оның 70 сомы пәтерақы төлеуге кетеді. Ар жағында қалай өмір сүру керек?!" – деп мұңын шағады. Әуезхан 1990 жылғы 14 қазанда "Жетім бұрышта" жиналған адамдардың ұйымдасқан түрде Алматыда сол кезде Есеп-кредит техникумының бірнеше жылдан бері бос тұрған жатақханасын басып алғанын айтқан. Ол өз әрекеттерінің заңсыз екенін біле тұра осындай қадамға баруға мәжбүр болдық дейді. Уәжі – жатақхана коменданттары онда тұруға заңды құқы бар адамдарды емес, пара алып, сырттан келген бөгде кісілерді тұрғызып келген.

"Біз соның бәрін ойластырып барып, заңсыз болса да кіріп алдық. Ал ең алдымен заңды бұзып отырған – коменданттардың өздері. Бұл үй таба алмай далада тентіреп қалған бізді ашындырып, осындай іске итермеледі", – деген Әуезхан Шашаев.

ЗАҢСЫЗДЫҚТАН КЕЙІНГІ – ЗАҢСЫЗДЫҚ

Әуезхан Шашаевтың сөзінше, бір айдан кейін оларды жатақханадан милиция күш қолданып қуып шыққан. "Желтоқсан" қоғамдық бірлестігі жетекшілерінің бірі Аманжол Нәлібаев соған дейін Азаттыққа берген сұхбатында осы оқиға туралы айтып берген.

– "Ақсай" ықшамауданындағы 61-64 үйлерге 82 отбасы кірген. Оның алдында Морис Терез көшесіндегі 152 үйге 42-50 отбасы кіріп алды. Олардың бұл әрекеті – заңсыз. Алайда өздерінің мүшкіл жағдайына назар аударту үшін олар осыған барып отыр. Бірақ соларды милиция әлгі үйлерден олардан да өткен зорлық-зомбылық жасап қуып шықты. Бұл заңсыздық алдыңғы заңсыздықтан да асып түсті, – деген Аманжол Нәлібаев.

"Шаңырақ" ықшамауданындағы үйлер. Алматы, 4 тамыз, 2008 жыл. Азаттық архивіндегі фото
"Шаңырақ" ықшамауданындағы үйлер. Алматы, 4 тамыз, 2008 жыл. Азаттық архивіндегі фото

Ал Әуезхан Шашаев өздерін жатаханадан қуып шыққаннан кейінгі ахуалын баяндаған. Баспанасыздар "Жетім бұрышқа" қайта жиналып, екі апта өткен соң Морис Торез көшесіндегі 152-үйдің бос тұрғанын көріп, енді соған басып кірген. Бір жыл бойы бос тұрған осы үйге басып кірген отбасы саны – 52. Әуезханның айтуынша, бұл есептен шығарылған соң сейсмология институты сынақ жүргізуге алған эксперименттік ғимарат болған.

"Жер сілкінісіне сынақ жасайтын құралдардың алды тоналып, арты үйдің алдында шашылып жатты. Сол себепті барып, басып алдық. Сонда отырып, өз талаптарымызды айтып, ресми орындарға, қала басшылығына тиісті хат-өтініштерімізді жаздық. Президенттік кеңеске дейін бардық", – деген Әуезхан сол үйде өздері бір ай тұрғанын айтады.

"АЯҒЫ АУЫР ӘЙЕЛДЕРДІ ДЕ АЯМАДЫ"

Баспанасыздар Морис Терез көшесіндегі үйде бір ай мекендегеннен кейін милиция мен арнайы жасақ оларға күш қолданып, тағы да қуып шыққан.

"Адамға мұндай күш қолдану сұмдық болды. Адамдарды итше тепкіледі. Жас балаларды шашынан сүйреді. Бұл 15 қараша күні таңғы 9 жарымда болды. Аудандық милиция отряды бар, ОМОН бар, өрт сөндіру бөлімшелерінің адамдары бар, үй басқармасының адамдары бар – солардың бәрі келіп, ілулі тұрған есіктерді аяқпен теуіп кірді. Әйелдердің қолын бұрап ала жөнелді. Бір әйелдің қолындағы баласын жұлып алды. Тағы бір жас бала шашынан сүйреген кезде талып қалды. Қазір аяғы ауыр екі әйел ауруханада жатыр. Олардың ішінен тепкен", – деді Әуезхан Шашаев.

Азаттыққа сұхбат берген адамдар осы әйелдердің бірінің есімі – Гүлнар Тілеубекова, екіншісі Ырысжан Арықова екенін айтады. Олар түсік тастау қаупімен ауруханада жатқызылған. Бұдан бөлек суық тиіп ауырған төрт бала ауруханаға түскен.

Олар сонда өздерінің бесінші күн қатарынан облыстық комсомол басшылығы ғимаратының суық еденінде жатқанын айтады. Айтуларынша, Қазақстан мұсылман әйелдері лигасы мен Қызыл крест ұйымдары ғана олардың тамағына қарасып, азын-аулақ қаржы бөлген.

Баспанасыздар жергілікті билік пен депутаттар бізге қараспай жатыр деп шағынған.

"Иттің де иесі болады ғой. Оған қарағанда біз адамбыз. Басшылар ойлануы керек қой. Қанша қағаз керек болса, сонша қағаз бердік. Соның бір де біреуі қаралып жатқан жоқ", – деді Әуезхан Шашаев ашынып.

КӨРПЕ АРАСЫНДАҒЫ АҚША ЖӘНЕ ЛАЙҒА АУНАТЫП ТЕПКІЛЕУ

Осындай жағдайға ұшырағандардың ішінде көпбалалы аналар да бар. Солардың бірі пәтер сағалағанда да үнемі қолайсыз орындарға тап болатынын айтады. Себебі жалға алған үйлері маскүнемдер мекені болып шыққан.

Өзін Гүлжан Байдалиева деп таныстырған адам жеті баланың анасы екенін айтады. Ол сол кездегі республика басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа да хат жазғанын, президент бұл мәселені Алматы қаласының басшысы Заманбек Нұрқаділовке тапсырғанын баяндаған. Гүлжанның айтуынша, милиция оларды басып алған үйлерінен қуып шыққаннан кейін ол Заманбек Нұрқаділовке кірген.

"Қызылордадан Алматыға келгенімізге алты жыл болды. Осы алты жылда кірмеген есігіміз жоқ. Жолдасым "Метростройда" шопыр болып істейді. Жеті баланың ішінде екі қызым ауру. Өзімнің жүрегім ауырады. Өзіміз екі квартира болып отырамыз. Жасы сексендегі анамыз бар. Пәтер иелері әр адамға 80 сом сұрайды. Өз жалақым – 100 сом. Жолдасымның алатыны – 150 сом. Адам басына сонша ақшаны мен қайдан тауып берем?!" – деп қапаланады ол.

Гүлжан Байдалиева басып алған үйден оларды күштік құрылым өкілдері қалай қуып шыққанын айтып берген.

"Таң атпай есігімізді теуіп ашты. "Айналайын, көрпенің арасында 1400 сом ақшам жатыр, соны алайын" дегенде алғызбады. Мені далаға шығарып, лайдың үстіне апарып тепкіледі. Үстім батпақ, қазір кеуіп қалды. Осы суық күнде аш-жалаңаш дегендей далада жатырмыз", – дейді ол.

"МИЛИЦИЯ ШАҚЫР, АЛЫП КЕТСІН"

Гүлжан Байдалиева өздері Алматы қаласының басшысы Заманбек Нұрқаділовке кіргенде мәселені шешу жолдарын ұсынғанын айтады.

"Кеше Нұрқаділовке де кірдік. Кешірім жасап, сол үйді бізге қаратуын сұрадық. Есептен шығарылған сол үйді сейсмология институты алған екен. 48 отбасы 20 мың сомға сатып алайық дедік. Оған көнбесеңіз, жарнасын төлеп "Шаңырақ" ұйымына аударуды ұсындық. Не болмаса, көктемге дейін отыра тұрайық десек, оған да көнбеді", – деді Гүлжан Байдалиева.

"Нұрқаділов соңында "милиция шақыр, мына кісіні алып кетсін" деді", – дейді ол өзі турасында.

Гүлжанның сөзінше, өзін екі рет жедел жәрдем ауруханаға алып кеткенімен, ондағылар инемен дәрі салып, дереу қайтарып жіберген. Ол соққы алған денесін тексертіп, анализ жасатпақ болған. Ауруханадағылар сондайда әлдебір жерден телефон соғып, оларға баспанасыздар бүлігінде зардап шеккендерді қарамау жөнінде тапсырма болғанын айтқан.

"ОТБАСЫ ЖОҚ АДАМДАРҒА ҒАНА ЖАТАҚХАНА БЕРІЛЕДІ"

Гүлжан Байдалиева баспанасыздар басып алған үй қараусыз қалған ғимарат екенін, болашақта сүрілетіні жоспарланғанын айтады.

"Біз ойланып барып осыған барып тұрмыз ғой. Біреудің ордер алып, заңды тұрып жатқан үйі болса бір сәрі. Бос тұрған, құлататын үйге ең құрығанда көктемге дейін тұра тұрсақ деп едік", – дейді ол. Айтуынша, уақытша мекендеген ғимараттары да қолайсыз. Адамдар күннің суығында тақыр еденге жатуға мәжбүр.

"Мына бір төсек-орындарды кеше ғана біреулер әкеп берді. Мұның өзі жеткенге – жетеді, жетпегенге – жетпейді. Біздің мәселемізді ешкім шешетін емес", – дейді налыған көп балалы ана.

Гүлжан Байдалиева өзі істейтін жұмыс орыны да баспана мәселесін шешуде қауқарсыз екенін айтқан. Бұл бір Гүлжанның ғана мәселесі емес, басқа да көшеде қалған көптеген баспанасыздардың мұңы.

"Өзім ЖенПИ-де [қазіргі Қыздар универсиеті – Азаттық] жұмыс істеймін. Жұмыс орнымнан шақырып, тек отбасы жоқ адамдарға ғана жатақхана берілетінін айтты. Жолдасымның жұмыс орны да қарайласатын емес. Сонда біз ақ қар, көк мұздың үстінде қырылып қалуымыз керек пе екен?! Не істерімізді білмейміз..." – дейді ол шағынып.

1990 жылы қазан-қараша айларында Алматыда баспанасыздар мәселесіне, қымбаттаған пәтер нарқына назар аударту үшін бос тұрған жатақхана мен есептен шыққан үйлерді басып алған адамдармен болған Азаттық сұхбаты толығырақ подкаст нұсқасында беріліп отыр. Алдағы эпизодта бұл тақырып одан әрі жалғасады.

"Азаттық толқынында" аудиоподкасын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG