Accessibility links

Пештен табылған «Пикассо»


Румыниялық сот мамандары былтыр Голландиядағы көркемөнер галереясынан ұрланған әйгілі өнер туындыларының өртеніп кеткеніне көз жеткізді.

Суреттердің кенеп, шеге, бояу сияқты бөліктері ұрылардың бірінің анасының пешінен табылған. Ұрылар Матисс, Пикассо мен Моне сияқты әйгілі суретшілердің жүздеген миллион долларға бағаланатын картиналарын жымқырған болатын.

ӨРТЕЛГЕН СУРЕТТЕР

Өнер әлемін шулатқан соңғы 20 жылдағы ең атышулы ұрлық оқиғасы ұлын құтқармақ болған ананың оқыс әрекетімен аяқталды. Ольга Догару баласын тергеушілер күдікті санаған кезде өнер туындыларын өртеп жібергенін мойындады. Румыниялық үш күдіктінің бірі Раду Догару былтыр қазанда Роттердамның Кунстхал галереясынан үздік туындыларды ұрлады деп айыпталған.

Ұрланған суреттер - Пабло Пикассоның 1971 жылғы «Арлекиннің басы», Клод Моненің 1901 жылғы «Ватерлоо көпірі, Лондон» мен «Чэринг-Кросс көпірі, Лондон», Анри Матистің 1919 жылы салған «Ақ пен сары көйлекті кітап оқып отырған қыз» картинасы, Поль Гогеннің 1898 жылғы «Ашық терезе алдында отырған қыз», 1890 жылдар шамасында салынған Мейер де Хаанның «Автопортрет» туындылары, 2002 жылы Люсьен Фрейдтің қаламынан туған «Көзі жұмулы әйел» сияқты шығармалар болатын.

Кунстхал галереясында Анри Матистің картинасының орны бос тұр. Роттердам, қазан, 2012 жыл.
Кунстхал галереясында Анри Матистің картинасының орны бос тұр. Роттердам, қазан, 2012 жыл.
Нидерландыда соңғы 10 жылдам астам уақытта өнер туындылары бірінші рет аса үлкен көлемде ұрланды. Жоғалған дүниелердің құны 100 миллионнан 200 миллион евроға дейін (130-260 миллион АҚШ доллары шамасында) жеткен.

Ольга Догару тергеушілерге қаңтар айында ұлы тұтқындалған соң картиналарды иесіз қалған үйде сақтағанын, кейін Караклиу ауылындағы, Дунай сағасындағы молаға жасырғанын айтты. Әйел оларды ақпан айында қазып алып, айғақ қалдырмас үшін жойып жіберуге оқталады. Оның ұлы көркемсурет галереясын тонау тобын басқарған қылмыскер ретінде айыпталады.

Румыния Ұлттық тарихи музейінің директоры Эрнест Оберландер-Тарновяну сот-медициналық сарапшылардың наурыздан бері өрт қалдықтарын зерттеп жатқанын, келесі аптаның басында прокуратураға қорытындысын мәлімдейтінін айтты.

«ОРНЫ ТОЛМАС ШЫҒЫН»

Оберландер-Тарновянудың айтуынша, тергеушілер күлден суретшілер ондаған жылдар бұрын пайдаланған материалдарды тапқан. «Бұлардың кейбірі өте улы, қазір қолданылмайды. Кенепті жақтауға бекіткен шегелерді де таптық, қазір олар да қолданылмайды. Оны арнайы мамандар мыстан жасаған». Оберландер-Тарновянудың пікірі бойынша, табылған қалдықтар картинаға тиесілі.

- Картиналардың біраз бөлігі өртеніп кеткені анық. Олар салынған кенептің, әртүрлі бояулардың: қызыл, жасыл, сары, көк түстердің қалдықтары анықталды, - дейді ол.

Полиция қызметкері өнер туындылары қолды болған Кунстхал галереясында тексеру жүргізіп жатыр. Роттердам, 16 қазан 2012 жыл.
Полиция қызметкері өнер туындылары қолды болған Кунстхал галереясында тексеру жүргізіп жатыр. Роттердам, 16 қазан 2012 жыл.
Нидерландыдағы жезөкшелікті бақылап, дүкендерді тонаумен айналысқан ұрылар қауіпсіздік қызметінің осалдығын пайдаланып, былтырғы қазанның 16-сы күні галереяға бұзып-жарып кірген. Автокөлікке жеткенше туындыларды арзан пластик сөмкелерге салып алған оларды жолда жол-полициясының күзеті тоқтата жаздаған. Раду Догару мен басқа екі күдікті тергеушілер картиналар мен айғақтар іздеп жатқанда қамауда отырды.

Өнер туындаларын ұрлауға машықтанбаған күдіктілер қаншалықты қымбат мұраны қолды еткендерін ұқпайтын сияқты. Ұрланған картиналар авангардтық өнер туындысын жинайтын Тритон жеке қорының мұрасы болатын. 1991 жылы Амстердамнан Ван Гогтың 20 жұмысын ұрлағаннан бері Нидерландыда бұндай ауқымды өнер туындысын жымқыру оқиғасы тіркелген емес. Оберландер-Тарновяну «картиналардың өртенгені дәлелденсе, бұл ең сұмдық қылмыс және орны толмас шығын болып саналады» дейді.

Азаттық тілшісі Еуджен Томюктың мақаласын аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG