Accessibility links

"Тас дәуірінде өмір сүрмеуіміз керек". Ресейде әйелдерді күштеп стерилизациялау шағымы тексеріліп жатыр


Ота жасау құралдары. Көрнекі сурет.
Ота жасау құралдары. Көрнекі сурет.

Ресейдің Екатеринбург қаласында кемі екі әйел мәжбүрлі түрде стерилденгенін мәлімдеді. Қарттар мен мүгедектерге арналған мемлекеттік пансионатта тұратын бұл екі әйел отаның дәрігердің қысымынан соң жасалғанын айтады. Свердловск облысы адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) мен жергілікті прокурорлар кейінгі 15 жылда пансионатта кемі 18 адамның күштеп стерилденгені туралы шағымды тексеріп жатыр.

Екатеринбургте денсаулық сақтау және құқық қорғау органдары мемлекеттік пансионатта тұратын әйелдердің күштеп стерилденгені туралы шағымды тергей бастады.

20 қазан күні Свердловск облысының омбудсмені Татьяна Мерзлякова Уктусск пансионаты басшылығымен және жергілікті билік өкілдерімен кездесіп, артынан журналистерге әйелдерді мәжбүрлеп стерилизация болғанын растады. Оның сөзінше, пансионат бұл қадамға балалы әйелдерді тұрғыза алмайтындықтан барған.

Свердловск облысының омбудсмені Татьяна Мерзлякова Ресей президенті Владимир Путиннің адам құқықтары жөніндегі жергілікті уәкілдермен кездесуінде. Мәскеу, 10 желтоқсан 2019 жыл.
Свердловск облысының омбудсмені Татьяна Мерзлякова Ресей президенті Владимир Путиннің адам құқықтары жөніндегі жергілікті уәкілдермен кездесуінде. Мәскеу, 10 желтоқсан 2019 жыл.

"[Свердловск облыстық] "әлеуметтік саясат министрінің орынбасарымен кездесіп, мұның қылмыс екенін, себебі оның мәжбүрлі түрде жасалғанын айттым" деді Мерзлякова журналистерге. "Олар барлығын заңды түрде жасадық деп отыр. Бірақ біз тас дәуірінде өмір сүріп жатқан жоқпыз ғой. Қазір жүктіліктің алдын алудың ондаған жолы бар. Мұндай әдіс қолданылмауы тиіс".

"Аргументы и факты" газетінің жазуынша, 20 қазан күні Мерзлякова қарттар мен мүгедектерге арналған пансионатта 2006-2012 жылдары 15, 2016 жылы үш стерилизация болғанын айтқан.

"Содан бері ешқандай оқиға болмаған" деп келтіреді газет омбудсменнің сөзін.

"ОҚИҒА ҚАНШАЛЫҚ ЕСКІ БОЛҒАНЫМЕН, ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС АШУҒА КЕШ ЕМЕС"

РЕН-ТВ телеарнасы жергілікті филиалының 21 қазандағы хабарында күштеп стерилизацияға ұшырадық деген алты әйелдің прокуратураға арызданғаны айтылады.

Заңгер Юрий Емелятдинов телеарнаға берген пікірінде мұндай қылмыс міндетті түрде тексерілуі тиіс екенін, оқиғаның қаншалық ескі болғанымен, қылмыстық іс ашуға кеш емесін айтты.

"Бастысы – қылмыс жасалған деп нық сеніммен айту" дейді Емелятдинов.

Ота жасау сәті. Көрнекі сурет.
Ота жасау сәті. Көрнекі сурет.

Әйелдердің мәжбүрлі стерилизацияға ұшырағаны 17 қазан күні Telegram-дағы Baza каналында жарияланған видеоүндеуден соң мәлім болды. Видеода өзін Людмила Гусева деп таныстырған әйел пансионатта өзіне қысым көрсетіп, стерилдегенін айтады. Әйелдің сөзінше, пансионат стерилизацияға көнбегендерді психиатрлық ауруханаға жатқызатынын айтып қорқытқан. Видеода 2008 жылғы деген бұлыңғыр құжат көрсетіледі.

Видеода мәжбүрлеп стерилизацияға "оннан астам" әйел ұшырады дейтін мәтін көрсетіледі. Ондағы мәлімет бойынша, ол әйелдердің "бірнешеуі" пансионатқа балалар үйінен тікелей түскен.

"СТЕРИЛИЗАЦИЯДАН СОҢ ҚАЙТЫС БОЛДЫ"

Репортажда "ерекше күтімді қажет ететін (мүгедек) бұл әйелдердің мемлекеттен берілетін пәтер кезегінде ұзақ уақыттан бері тұрып, баспаналы бола алмай жүргендіктен пансионатқа орналастырылғаны" айтылады. Телеарна ақпаратына қарағанда, стерилденген әйелдердің бірі кейін қайтыс болған және оның өлімі "операциямен байланысты болуы мүмкін". Репортажда қайтыс болған әйелдің күйеуімін деген ер адам "стерилденген соң әйелінің іші қатты ауыра бастағанын" айтады. "Қайтыс боларының алдында да осылай ауырды" деген ер адам оқиғаның қашан болғанын айтпайды.

РЕН-ТВ мәжбүрлеп стерилизация туралы арыз жергілікті прокуратураға да тапсырылған деп хабарлады.

19 қазан күні Baza каналы бұл дауға қатысты екінші видео жариялады.

Видеода Анна Бахтеева мен оның күйеуі Владимир Бахтеев басынан өткен жайтты баяндайды. Олардың сөзінше, 2016 жылы болашақ күйеуімен отбасын құрайын деп жүрген Анна Бахтеева Уктусск пансионатында тұрған. Сол жылы пансионатта Анна Бахтееваны мәжбүрлеп түсік тастатуға мәжбүрлеп, артынан стерилдеген.

Осыдан кейін ерлі-зайыптылар мемлекеттен берілетін баспанаға ие болып, Анна Бахтеева пансионаттан шығып кеткен.

20 қазан күні Мемлекеттік дума депутаты Оксана Пушкина стерилденуге мәжбүрлеу туралы видеоларды "сорақылық" деп атады. Мемлекеттік думада отбасы, әйелдер мен балалар ісі жөніндегі комитет төрағасының орынбасары қызметін атқаратын Пушкина Бас прокуратураны "жағдайды бақылауға алуды" сұрағанын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG