Accessibility links

Ресейдегі парақорлық ісі АҚШ сотында қаралады


Владимир Путиннің кеңесшісі қызметін атқарған Андрей Илларионов «Ресейде бірнеше жыл қатарынан осындай қылмыстар жасалған, біздің одан неге хабарсыз болғанымыз түсініксіз» дейді.
Владимир Путиннің кеңесшісі қызметін атқарған Андрей Илларионов «Ресейде бірнеше жыл қатарынан осындай қылмыстар жасалған, біздің одан неге хабарсыз болғанымыз түсініксіз» дейді.

Бұл іс бір қарағанда заңсыз ақшаға АҚШ-тан жылжымайтын мүлік сатып алу оқиғасы сияқты ғана болып көрінеді. Алайда бажайлай үңілсеңіз, тыңшылар триллерінің барлық белгісін табасыз.

Осы айдың соңында АҚШ федералдық соты қарайтын бұл істің мән-жайына қаныққыңыз келсе, алдымен салықтан жалтарып, алаяқтық жолмен ұрланған 230 миллион доллар жөнінде, қапыда көз жұмған заңгер бухгалтер және Ресей үкіметіндегі шенеуніктердің осы оқиғаларға қатысы туралы хабардар боласыз.

АҚШАНЫҢ ІЗІ

Адам нанғысыз оқиға қазір Манхэттендегі АҚШ округтық сотында қаралып жатыр. Бұл істе қаржы, билік және шытырман оқиғалар тоқайласқан - біреулер салық төлеуден жалтарып, 230 миллион доллар пайда тапқан; оған Ресей шенеуніктерінің қатысы болуы мүмкін; ал ол салықты тексерген заңгер мерт болған, мұнан соң сырттай сотталған британ-америкалық қаржыгермен күрес басталған.

Бірақ қаңтардың 27-сі күні АҚШ-та өтетін Prevezon-ге (Prevezon Holdings Ltd. компаниясы – ред.) қарсы мүлікті тәркілеуді қоса қарастыратын «азаматтық істе» Ресейде сегіз жыл бұрын болған салықтан жалтару оқиғасы тексеріледі. Демек тергеу кезінде оқиға шиенелісуі де мүмкін.

14 мыңнан астам беттен тұратын қорғаушылар мен прокурорлар арасындағы пікірталас халықаралық ауқымда ақша жымқыру оқиғасына үңілуге мүмкіндік береді. Әсіресе, Ресей қоғамындағы, ең жоғары деңгейдегі сыбайлас жемқорлық туралы көбірек ақпарат аласыз.

2000-2005 жылдар аралығында Владимир Путиннің экономикалық кеңесшісі қызметін атқарған Андрей Илларионов «Ресейде бірнеше жыл қатарынан осындай қылмыстар жасалған, біздің одан неге хабарсыз болғанымыз түсініксіз. Пара көлемі, алаяқтық әрекетке қанша компания қатысқаны және ұрланған қаражаттың қанша екені белгісіз» дейді.

230 миллион доллардың Ресейден Швейцария банктеріне барған «жолы»:

Prevezon ісінде Манхэттендегі (Нью-Йорк) құны 14 миллион доллар болатын жылжымайтын мүлік, Нидерланд банкіне салынған қаражат бар, АҚШ прокурорлары іс қозғалғанда (2013 жылы) оларды тәркілеуге бұйырған.

Нью-Йорк штатының оңтүстік округіндегі АҚШ прокурорлары мен заңгерлері «Кипрде тіркелген Prevezon компаниясы (негізгі бенефициары - Дениц Кацыв есімді ресейлік) осы заңсыз ақшаның біразына жылжымайтын мүлік сатып алған» дейді.

Мәліметтер бойынша, АҚШ тергеушілері Молдова және басқа жердегі жасанды компаниялар мен банктерді тексеру арқылы осы қаржының ізіне түскен. 2007 жылы сол жасанды компаниялар ресейлік соттарға жалған шағым түсіріп, Ресейге төлеген салықтарын сот шешімі бойынша қайтаруды талап еткен.

БІРІН-БІРІ АЙЫПТАУ

Бұл оқиғаға заң бойынша сот алдында жауапкер емес, бірақ нақты мәселелерге қатысы бар бір тұлғаны қосыңыз: ол - кезінде Ресейдегі ірі инвестор болған Hermitage Capital Management компаниясы мен оның басшысы Уильям Браудер.

Ресей билігі «алаяқтық ісіне дем берген ағылшын-америкалық қаржыгер» дейді. Ресей соты оны 2013 жылы салық төлеуден жалтарғаны үшін айыпты деп танып, бір жылдан соң оған Ресейге келуге тыйым салды және бірнеше мәрте оны халықаралық қамауға алуды сұрады.

Ал Браудер мен оның одақтастары ресейлік биліктің айыбын терістеп қана қоймай, ресейлік құқық қорғау және салық органдары шенеуніктері салық төлеуден өздері жалтарды дейді. Браудердің кеңесшісі болған бухгалтер Сергей Магнитский осы мәселені көтергені үшін түрмеге қамалған еді. 2009 жылы ол Мәскеу түрмесінде опат болды, оған тиісті медициналық көмек көрсетілмеген деседі.

Уильям Браудер
Уильям Браудер

Бір кездері Prevezon ісі бойынша куәгер болған Браудер Азаттыққа бұл оқиғаға қатысты түсінік беруден бас тартты. Бірақ сот ісі туралы деректерге сүйенсек, Ресей азаматы Кацывтың қорғаушысы - америкалық BakerHostetler заң фирмасы Браудерді осы оқиғаның басты кейіпкері етіп көрсетуге тырысады. BakerHostetler заңгері Марк Цимрот қарашаның 9-ы күнгі алдын ала тыңдау кезінде «барлық іске Hermitage-дің қатысы бар» деп мәлімдеді.

Сот қаңтардың 6-сы күні басталады деп жоспарланған еді, бірақ АҚШ прокурорларына сүйенген Hermitage қорғаушылары АҚШ округтік соты Томас Гриезаны BakerHostetler-ді істен шеттетуге көндірді. Олардың пікірінше, BakerHostetler салыққа қатысты алаяқтық оқиғасының бастапқы сатысында сегіз жыл бұрын Hermitagе компаниясымен істес болған, екеуінің арасында мүдделер қақтығысы бар.

Hermitagе заңгері Жейкоб Бухдаль желтоқсанның 15-і күні «Бұрын Hermitage осы BakerHostetler-ді жалдап, өзіне қарсы деректерді терістеуді талап етсе, енді BakerHostetler соның бәрін бізге қарсы қолданып отыр» деді. Бірақ қаңтардың 8-і күні Гриеза өз шешімінен айнып, BakerHostetler-ге қорғаушы болу құқығын қайтарып берді. Сот енді қаңтардың 27-сі күні басталмақ, бірақ Hermitage адвокаттары әлі де BakerHostetler-ді істен шеттетуге тырысып жатыр.

Денис Кацыв.
Денис Кацыв.

Бұрын әкесі Мәскеу облысындағы көлік-тасымал қызметінің шенеунігі болған Кацыв елден ұрлап шығарылған ақшаны алғанын мойындамайды. 2014 жылдың ақпанында, жазбаша түсініктеме берген кезінде ол АҚШ немесе Ресейдің өзіне қылмыстық айып тақпағанын мәлімдеді. Бұл мәселеге қатысты Ресей үкіметі алаяқтық жасады деп екі адамды соттады, АҚШ сот істерінде олардың бірі танымал алаяқ ретінде көрсетілген.

Биліктегі шенеуніктердің ешбіріне айып тағылмады, дегенмен, ресейлік шенеуніктер АҚШ прокурорларының Prevezon компаниясын қудалауына кедергі жасап келеді. Желтоқсанның 8-і күні сотқа жіберілген хатта Ресей бас прокуратурасы «АҚШ Әділет министрлігі сұраған, Prevezon Holdings компаниясының қылмыстық жолмен пайда табуына қатысты ақпараттарды растайтын құжаттардың өздерінде жоқ екенін» хабарлаған.

Көптеген бақылаушылар АҚШ келтірген деректерді Ресейдің растай алмауына қарап, оның көбі Браудердің зерттеуінен алынған деп болжайды. Мемлекеттік департаменттің Еуропа мен Азия істері бөліміне жетекшілік еткен бұрынғы шенеунік Дэвид Крамер «Ресей билігінің айыптау мәлімдемелерінің анық-қанығына жету үшін дұрыс әрекеттер жасауына болар еді. Олар шынайы зерттеу ісін бастағаны дұрыс еді. Бірақ Ресей билігі қандай нәтиже шығатынын білгендіктен, одан бас тартты» дейді.

Сергей Магнитский.
Сергей Магнитский.

Магнитский қаза тапқан соң Браудер мен оның одақтастары АҚШ конгресіне ықпал етіп, 2012 жылы оның аты берілген заң қабылдауға мәжбүрледі. Магнитский ісі мен оның ажалына қатысы бар деген Ресейдің 18 азаматына АҚШ санкция салды. Ол тізімде Ресей ішкі істер министрлігінің кем дегенде төрт салық инспекторы бар.

АҚШ бұл тізімге кейін Ресейдегі адам құқықтарын бұзды деп санайтын басқа да лауазымды тұлғаларды қосып, санкцияға ілінген ресейліктер санын 34-ке жеткізді. Ресей шенеуніктері Браудердің атын естігенде тыжырынып қалатын жағдайға жетті.

Желтоқсан айында Ресей бас прокуроры Юрий Чайка Алексей Навальныйдың жемқорлыққа қарсы қоры түсірген деректі фильмге Браудер «тапсырыс берген» деді. Ол фильмде Чайканың ұлын әртүрлі қылмыстық жобаларға қатысы бар деп айыптаған. Бас прокурор Prevezon сот ісін Мәскеудің мұқият бақылап отырғанын айтты. «Бұл процесті сырттан жіті бақылап отырмыз» деді ол «Коммерсантъ» газетіне.

Ресей бас прокуроры Юрий Чайка.
Ресей бас прокуроры Юрий Чайка.

Мемлекетке тәуелді НТВ арнасы желтоқсан айында түсірген хабарында Браудерді «Чайкаға қатысты фильмді ғана емес, басқа да оппозициялық саясаткерлерді қаржыландырушы» деп сипаттады. АҚШ прокурорларының сотты қылмыстық емес, азаматтық іс ретінде жүргізіп жатқаны кейбір заңгерлерді таңырқатты.

Нью-Йорк заңгері және азаматтық іс бойынша сарапшы Стивен Кесслер азаматтық істің дәлелді аз талап ететінін айтады. Демек, үкімет қылмыстық іске біртіндеп келмек немесе Prevezon-ге қатысты дәлелдер әлсіз болып тұр.

АҚШ прокурорлар кеңсесі Азаттық жіберген хабарламаға жауап бермеді.

Кремльді сынаушы Илларионов «2007 жылғы алаяқтық пен Prevezon ісіне қатысты жағдайлар коррупция ауқымының кең екенін, оған жоғары лауазымды тұлғалар қатысқанын көрсетеді. Мысалы, жүздеген миллион доллар салық төлемінің 2008 жылы бір демде тез жасалуы (бір күн ішінде төленген) Ресей қаржы министрлігіндегі жоғары лауазымды шенеуніктердің қолы таза емес екенін байқатады. Ресей үкіметінде жұмыс істеген адам ретінде бұл шаруаның Ресей қаржы министрлігіндегі өте жоғары шенді шенеуніктің тікелей бұйрығынсыз жүзеге аспайтынын айта аламын» дейді.

Ресей қаржы министрлігі Азаттық жіберген сауалдарға жауап қатпады.

Майк Экелдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG