Accessibility links

Ресейде Израильден келген "жақсы жаңалыққа" қуанғандар көп


Кремльшіл комментаторлар соғысты айыптап, Израильге көшкен ресейліктердің үстінен ерекше мысқылдап отыр.
Кремльшіл комментаторлар соғысты айыптап, Израильге көшкен ресейліктердің үстінен ерекше мысқылдап отыр.

Кремльшіл комментаторлар ХАМАС-тың Израильге шабуылы Мәскеуге тиімді деп, Израильге көшкен ресейліктерді әжуалап жатыр.

7 қазанда Кремльдің сойылын соғушы, шовинистік тележүргізуші Владимир Соловьевтің әлеуметтік желідегі арнасында "День Z" бағдарламасын жүргізетін Марат Булатов кезекті шығарылымын Ресей президенті Владимир Путинді 71 жылдық мерейтойымен құттықтаудан бастады.

– Президентімізді қолдауымыз керек. Әйтпесе, Израильдегі жағдай біздің елде қайталануы мүмкін, – деді ол.

Кейін ол оқырмандардың хатын оқуға көшті. Санкт-Петербургте тұратын бір азамат "Былтыр Украина операциясының салдарынан Ресей мен Қырымды байланыстыратын көпір жарылып, Путиннің 70-жылдығының шырқын бұзды. Биыл тек жақсы жаңалықтар болып жатыр" деп жазған.

Булатов көрерменнің сөзін қоштады.

Ол ХАМАС-тың Израильге қарсы шабуылына қуанған жалғыз адам емес. Кремль пропагандасына жұмыс істейтін комментаторлар Таяу Шығыстағы дағдарысқа Батыс елдерін, әсіресе АҚШ-ты кінәлап, соғысқа қарсы шығып, Израильге көшіп кеткен орыстардың зымыран астында қалғанына қол соғып жатыр.

Ресейлік өнертанушы, соғысты айыптап, шетелге қоныс аударған Марат Гельман Ресейдің Украинаға қарсы соғысы мен ХАМАС-тың Израильге шабуылының арасында ұқсастық бар дейді. Ол Кремльдің сөзін сөйлейтін комментаторлардың реакциясын осымен байланыстырады. Өнертанушының пікірінше, қос мемлекет те көрші елге тұтқиылдан шабуыл жасаған, бейбіт халыққа қарсы соғыс жүргізіп, бейбіт тұрғындарды кепілге алған, қарсы мемлекетті толықтай жойып жібергісі келетінін мәлімдеген.

"БҰЛ КИКІЛЖІҢ РЕСЕЙГЕ ТИІМДІ"

8 қазанда "Изолента LIVE" онлайн-бағдарламасында Кремльді жақтайтын сарапшы, RT бас редакторы, мемлекеттік ақпарат құралдарын басқаратын Маргарита Симоньянның күйеуі Тигран Кеосаян Израильдегі қақтығыс Ресейге тиімді деді.

– Қазір әлемде болып жатқан кез келген қақтығыс бізге тиімді. Әсіресе, онда АҚШ мүддесі болса, – деді ол.

Бұл Украина президенті Владимир Зеленскийдің сөзіне ұқсайды. Ол 9 қазанда "Ресей Таяу Шығыста соғыс өртін тұтатып, халықаралық қауымдастық бірлігін әлсірететін жаңа дағдарыс тудырғысы келеді" деді.

"СОҒЫСҚА ҮЙРЕНЕ БЕРІҢДЕР!"

7 қазанда соғысқа қарсы ресейлік блогер Иван Яковина Facebook парақшасында фашистік Z-арналар Израильге жасалған шабуылға қуанып жатқанын жазды.

– Олар ХАМАС-ты қолдап, "Неге біз де солай жасай алмаймыз?" деп жатыр.

Ресей билігі мен Украинаға қарсы соғысты қолдаушылар Z таңбасын соғыс символына айналдырған.

Прагадағы Карлов университетінің профессоры Дмитрий Дубровский Кеосаян Израиль мен ХАМАС арасындағы кикілжіңнің Ресей үшін пропагандалық құндылығын дұрыс көрсетті дейді.

– Ресей пропагандасы соғыс қалыпты дүниеге айналғанын ашық айта бастады. Бастысы – "Соғысқа үйрене беріңдер" деген месседж, – дейді Дубровский.

Путин Украинаға қарсы соғыс ашқалы осы ойды жиі қайталап келеді. Ресей басшысы Украинаға басқыншылығын агрессия емес, мәжбүрлі қадам деп атайды. Кремль Батыс елдері Ресейді әлсіретіп, талан-таражға салғысы келеді дейді.

Дубровский "Настоящее время" басылымына берген сұхбатында Ресейдің билікшіл комментаторлары Израиль-Палестина тақырыбындағы ойларын жасырмайтынын, олардың пропагандасы өздерімен көзқарасы ортақ аз аудитория мен кей мемлекеттердің билігіне арналғанын айтты.

– Олар ешкімнің алдында ұялмайды. Ресей ұялатын кезден өтіп кетті. Қазір ол одақтастарына месседж жолдап отыр. Мәскеудің қолдаушылары Иран немесе Солтүстік Корея сияқты маргинал, авторитар режимдер, – дейді Дубровский.

УКРАИНАНЫ АЙЫПТАУ

Ультраұлтшыл Дмитрий Стешин 8 қазанда Telegram-арнасына Украина әлемнің күн тәртібінен түсіп қалды деп жазды. Ол Украина ХАМАС-қа қару-жарақ берді деп негізсіз айыптады.

Кейін ВВС түсірді делінген жалған видео жарияланды. Онда Bellingcat зерттеу жүргізіп, Украинадан жемқорлық жолмен ХАМАС-қа қару-жарақ жеткізілгенін анықтады деген ақпарат айтылады. Bellingcat негізін қалаушы Элиот Хиггинс ресейлік қолданушылар таратқан видеоны сынады.

– Бұл Ресей үкіметінің жалған ақпарат науқаны ма, әлде қарапайым қолданушылардың ісі ме, білмеймін. Бірақ бұл видео – 100 пайыз фейк, – деді ол.

Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары мен Кремльдің комментаторлары республикашыл сенатор Джош Хоули мен басқа да тұлғалардың Украинаға арналған әскери көмекті Израильге жіберейік деген ұсынысына назар аударды.

Кремльшіл пропагандистер Украинада соғыс басталғаннан кейін Ресей үкіметін сынап, Израильге көшіп кеткен азаматтарын "релоканттар" деп атады.

– Көршілерімен соғыспайтын мемлекет тағы да көршісімен соғысып жатыр. Ресейлік пацифистердің жаппай көшкенін күтеміз. Қоя тұр, жоқ, күтпейміз, – деді Симоньян.

Russia Today ақпарат агенттігінің бас редакторы Маргарита Симоньян.
Russia Today ақпарат агенттігінің бас редакторы Маргарита Симоньян.

Комментаторлар Израильде тұрып жатқан танымал тұлғаларды, оның ішінде Ресей эстрадасының жарқын жұлдызы Алла Пугачева мен күйеуі Максим Галкинді сөз етіп отыр.

Симоньян Бірінші арна эфирінен Галкин мен "көршісімен соғысатын елде тұра алмаймыз" деп, елден кеткен басқа да азаматтарға қарата сөйледі.

9 қазанда Галкин Instagram парақшасына Израильді қолдайтын видео салды.

– Израильді таңдағанымызға мүлде өкінген жоқпыз. Елдің басына қара бұлт үйірілгенде осында қалдық. Кететін ойымыз да жоқ. Алла екеуіміз балаларымызбен бірге Израиль халқын қолдағымыз келеді, – деді Галкин.

Соғысқа қарсы пікір білдіріп жүрген Яковина "Кремльдің жақтастары бейбіт халық көп қырылғанын, әсіресе, олардың арасында Ресейден кеткен, 1990-жылдары вице-премьер болған постсоветтік реформатор Анатолий Чубайс пен рок жұлдыз Андрей Макаревич сияқты танымал тұлғалардың болғанын қалайды" деп жазды.

Дубровский "Ақылға қонбайтын табалау басқаларды қорқыту ниетімен байланысты" деп есептейді.

Мақалаға Азаттық радиосы Орыс редакциясы және "Настоящее Время" телеарнасының тілшісі Владимир Михаилов үлес қосты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG