Accessibility links

Ресейде "терроризм" айыбымен ұсталған қазақстандықтың ісі


Виктор Филинков, Ресейде ұсталған Қазақстан азаматы.
Виктор Филинков, Ресейде ұсталған Қазақстан азаматы.

ФСБ қызметкерлерінің азаптағаны туралы шағымы кері қайтарылған қазақстандық Виктор Филинковтың адвокаты енді Еуропалық сотқа жүгінетінін айтып отыр. Қазақстан консулдығы Филинковқа қатысты Ресей билігіне арнайы сауал жолдағанымен әзірге жауап алмаған.

Ресейдің тергеу комитеті “террорлық қауымдастыққа қатысты” деп айыпталып, Санкт-Петербургте ұсталған Қазақстан азаматы Виктор Филинковтың азаптау шағымы бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Бұған дейін Виктор Филинков Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) өкілдерінің оны әуежайда ұстағаннан кейін орманға апарып, ұрып- соғып, электрошокер қолдана отырып (шамамен елу рет), азаптағаны туралы шағым түсірген еді.

“ЕУРОПАЛЫҚ СОТҚА ЖҮГІНЕМІЗ”

Ресейлік “Медиазона” сайтының жазуынша, Ресейдің тергеу комитеті ФСБ қызметкерлерінің “қызметтік өкілетін асыра қолдану” жағдайын тексеріп, қорытынды жасаған кезде бірнеше құжаттық деректерге сүйенген. Филинковты ұстау кезінде азаптау іздері қалуы мүмкін киім табылмаған. Оны тергеу кезінде азап белгілері көрінуі мүмкін видеожазбалар жойылған. Бұған қоса, қоғамдық бақылау комиссия өкілдерінің Филинковты қарағаны туралы видео да табылмаған.

Тергеу комитеті Филинковтың полицияға апара жатқан жолда қызметкерді итеріп, микроавтобустан қашпақ болғанын келтіріп, сондағы жағдайды ескергенде электрошокер қолданудың негізі болған деген қорытынды жасаған. Оның денесіндегі жарақаттарды да сол “қашуға ниет білдірген” кездегі еденге құлау секілді "абайсызда алған соққылармен" байланыстырған.

Виктор Филинков сотта отыр.
Виктор Филинков сотта отыр.

Виктор Филинковтың адвокаты Виталий Черкасовтың Азаттыққа айтуынша, қорғау тарабы және қоғамдық бақылау комиссия өкілдері тергеушілерді ФСБ қызметкерлерінің азаптағанын әшкерелейтін дәлел-дәйектерді полиция бөлімшесі мен тергеу изоляторынан тезірек алдыртуға асықтырғанмен олар мұны жасамаған.

- Екі ай бойы тергеу комитеті ешқандай әрекет жасаған жоқ. Соның салдарынан азаптау туралы дәйектер қалмаған. Енді қазір тергеушілердің әрекетсіздігіне шағымданып, Еуропалық сотқа өтініш берейік деп отырмыз, - дейді адвокаты Виталий Черкасов Азаттық тілшісіне.

ЕКІ ЖАРЫМ АЙДАН КЕЙІНГІ КОНСУЛМЕН КЕЗДЕСУ

Сәуірдің 4-і күні Виктор Филинковқа Ресейдегі Қазақстан консулы Ақнұр Еркешқызы кіріп шыққан. Бұл - Филинков ұсталғаннан бергі екі жарым айдан кейінгі алғашқы кездесу. Бұған дейін қорғау тарабы қазақстандықтың азаптау туралы шағымына байланысты азаптау белгілерін жасыру мақсатында консулмен кездесудің қолдан қиындатылып отырғанын мәлімдеген еді.

Азаттыққа 21 сәуірде жіберген жауабында бас консулдық Филинков жайлы ақпарат Ресейдің сыртқы істер министрлігінен қаңтардың 31-і күні түскенін жазады.

“Кездесуде консул В.Филинковтың ұсталуы, қамаудағы жағдайы мен денсаулығы туралы мәліметтерді анықтады. Қамалушы тарапынан қамау жағдайына қатысты шағым түскен жоқ. В.Филинков қазіргі кезде оған ешқандай қысым жасалып жатпағанын (физикалық қысым да) хабарлады” делінген консулдық жауабында.

Консулдық адам құқығының бұзылу фактісі мен Виктор Филинковқа Ресейдің құқық қорғау органдары тарапынан физикалық ықпал ету тәсілдері қолданылғаны туралы сауалдар жібергенімен жауап түспегенін айтады.

Бас консулдық Виктор Филинков консулдық есепте тұрмағанын, ал Санкт-Петербургке 2016 жылдың қыркүйегінде келгенін хабарлаған.

“ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫСЫМ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР”

Қазір Виктор Филинков Ресейдің Ленинград облысындағы 6-тергеу изоляторында отыр. Адвокатының айтуынша, Виктор Филинков азаптау үстінде алған жауабынан бас тартқаннанкейін оған қоқан-лоқы жасалып, осы жаққа ауыстырған. Бұрынғы тергеу изоляторына қарағанда мұндағы жағдай мүлде нашар екен.

- Мұндағы жағдай ортағасырлық деңгейде. Қамалушылар саны көп, тұрмыстық жағдай нашар деңгейде. Қамалушыларды сындырып, айтқандарына көндіру үшін қысым көрсету жағдайлары кездеседі. “Азаптау пресс-хаталары” деп аталатын орындарда әкімшілік сотталушыларды “бағынбайтындарға” жіберіп, қысым көрсетеді, - дейді ол.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, Виктор Филинков көпке азды-көпті танымал тұлғаға айналғандықтан оған қазір физикалық қысым жасау тоқтатылған. Бірақ психологиялық қысым жалғасып отыр.

Бұған дейін адвокат Виталий Черкасов ФСБ басшылығынан “Виктор Филинковты азаптаған” ФСБ қызметкерлерін оның ісінен шеттетуге өтініш берген, алайда өтініші қабылданбаған. Жақында Филинков сол қызметкерлер тарапынан психологиялық қысымның жалғасып жатқанына шағымданған.

- Сәуірдің 19-ы күні тергеуші ФСБ қызметкерлеріне тапсырма беріп, Филинковты сұрақ- жауапқа тергеу изоляторынан алып келу туралы тапсырма берген. Оны ФСБ-ға апара жатқан кезде және қайтар жолда да оған психологиялық қысым көрсеткен. Олар оның адамдық қасиетін қорлап кемсіткен. Түрме сленгтерімен сөйлеп, “сені зорлауы мүмкін”, “ұзақ мерзімге соттап жібереді”, “Мурманск немесе Архангельск сияқты шалғайға жібереді...” деп ашық түрде қоқан-лоқы жасаған. ФСБ сияқты салмақты ұйым қызметкерлерінің түрме сленгтерімен сөйлеп, криминалдық көзқарастарға бейімділігін көрсетуі Филинковқа да, маған да шок болды. Себебі, мұндай ұйымға барлық жағынан жақсы дайындалғаан, моральдық жағынан тұрақты адамдар алынады деп ойлағанбыз,- деді Филинковтың адвокаты Азаттық тілшісіне.

“КІНӘСІ ДӘЛЕЛДЕНБЕЙ ҚАЛАЙША ТЕРРОРИСТ ДЕЙДІ?”

Виктор Филинковпен жақында Петропавл қаласында тұратын анасы Наталья Филинкова барып кездескен. Ұлымен кездесуді ұзақ күтіп, ақырында тек әйнекпен телефон арқылы сөйлескен екен.

- Мен ұлымды көзбе-көз жақыннан көрем деп ойлаған едім. Алайда тек әйнектің сыртында телефон арқылы ғана сөйлестірді. Бірақ мұның өзіне де қуандым. Викторда псориаз бар. Бір нәрсеге алаңдаса, асқынып кетеді. Консул шыққаннан кейін оған дәрігерді шақыртты. Дәрігер келіп, мазь жазып берді. Бұған қоса, оның белі ауырады. Азаптан иегінде тыртық қалған. Оны алғаш көргенде сол тыртықты бірден байқадым, - дейді анасы.

Наталья Филинкованың айтуынша, кездесуде баласы оған өзін "азаптап қинағанын" және "еш кінәсі жоқтығын" айтқан.

- Бұған дейін НТВ арнасынан хабарлап, оларды “террористер” деп атап жіберді. Әлі ештеңе дәлелденген жоқ қой. Қалайша террорист дейді? Виктор екі ай бойы құр қамауда отырып, тек екі айдан кейін оған терроризм туралы айыптар таға бастады. Мен тергеушімен сөйлестім. Оларға пікірімді жеткіздім. Азаптаған кезде адам кез келген нәрсені айтуы мүмкін ғой, - дейді ол.

Жақындарының айтуынша, 24 жастағы Виктор Филинков бір жыл бұрын ғана үйленген. Қазақстанда орта мектепті бітірісімен Омбы мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, IT мамандығын меңгерген Викторды Санкт-Петербургтегі кеңсе жұмысына шақырған.

Бұған дейін ресейлік ақпарат құралдары Виктор Филинковтың әйелі Александра Аксенованың саяси баспана сұрап, Финляндияға кеткенін жазған. Виктор Филинковтың анасы Наталья Филинкова бұл жайлы ештеңе білмейтінін, әйелін жүзбе-жүз көрмегенін айтты.

Видео: Виктор Филинковтың әйелінің айтқаны

"Антифа" қозғалысының белсендісі ретінде аталатын Виктор Филинков биыл қаңтардың 23-і күні Ресейдің Пулково әуежайында ұсталған. Қамалушы бұған дейін өзін ФСБ қызметкерлерінің орманға апарып, мойындатқызу мақсатында азаптап қинағаны туралы шағымданған. Тергеу органдарының дерегінше, Филинков және өзге де “анықталмаған адамдар” астыртын ұйым құрып, президенттік сайлау және әлемдік чемпионат кезінде "жарылыс жасап, елдегі саяси жағдайды шайқалтпақ" болған. Оған Ресей қылмыстық кодексінің 205.4-бабы 2-бөлімі - “террорлық қауымдастыққа қатысу” бабы бойынша айып тағылып отыр. 2017 жылы күзде Пензада алты антифашист қамауға алынған. Биыл жыл басында тағы да екі адам қамалған. Олардың арасында азаптау туралы Филинковтан басқа Илья Шакурский, Дмитрий Пчелинцев және іске "куәгер" ретінде сұралған Илья Капустин де айтқан. Капустиннің Ресейден кетіп, Финляндиядан саяси баспана сұрағаны айтылады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG