Accessibility links

Ресей кемелері даулы газ құбыры құрылысын аяқтамаққа Балтық теңізіне аттанды


5 желтоқсан күні Германия портынан теңізге шыққан "Фортуна" құбыр төсеуші кемесі. Ресейлік кеме Nord Stream 2 газ құбырын төсеуге жұмылдырылуы мүмкін.
5 желтоқсан күні Германия портынан теңізге шыққан "Фортуна" құбыр төсеуші кемесі. Ресейлік кеме Nord Stream 2 газ құбырын төсеуге жұмылдырылуы мүмкін.

Ресейдің құбыр төсейтін кемесі Балтық теңізіндегі Nord Stream 2 газ құбыры құрылысын жандандыруға бара жатыр. Құбырдың салынуына АҚШ және Украина секілді бірқатар ел үзілді-кесілді қарсы шыққан.

Германияның кеме қатынасы әкімшілігі Балтық теңізінің құбыр түсетін жерлері жөнінде қаулы шығарып, кемелерді 5-31 желтоқсан аралығында сол маңайды айналып өтуге шақырды.

Кемелердің жүзуін бақылап отыратын Marine Traffic қызметінің дерегінше, 5 желтоқсан күні Ресейдің құбыр төсейтін "Академик Черский" кемесі Польша жағалауына жеткен.

Дәл сол күні Ресейдің құбыр төсейтін өзге бір кемесі – "Фортуна" Германияның портынан теңізге бет алды. Шамасы газ құбырының басқа бір бөлігін төсеуге бара жатыр. Германияның Norddeutscher Rundfunk (NDR) басылымы жариялаған видеода бес буксирдің 170 метрлік "Фортунаны" жағадан теңізге шығарып жатқаны көрінеді.

NDR мәліметінше, Nord Stream 2 жобасының баспасөз хатшысы жобаға қатысып отырған компанияларды қорғау үшін кемелердің жоспары туралы мәлімет беруден бас тартқан. Кемелердің орын ауыстыруы Ресейдің АҚШ билігі санкциялаған газ құбыры құрылысын жандандыратынын мәлімдеуінен кейін басталды. Құбырдың теңіздің Германияға қарасты бөлігіндегі 16 шақырылымы, Данияға қарасты бөлігіндегі 60 шақырымы әлі төселмеген.

Бастапқыда 2020 жылдың басында аяқталуы тиіс болған газ құбырының құрылысы бір жыл бұрын АҚШ билігінің санкциясынан кейін тоқтап қалған. Құбыр төсеумен айналысып жатқан шетелдік кемелер санкция тізіміне кіруден қорқып, жобаны жалғастырудан бас тартқан.

Құны бірнеше миллиард доллар болатын бұл жоба Ресейден Германияға баратын газдың көлемін екі есе арттыра алады.

Жақында Ресейдің Газпром ұлттық компаниясы жобаны өз күшімен аяқтайтынын мәлімдеді.

АҚШ билігінің сөзінше, Nord Stream 2 құбыры Батыс пен Ресей қарым-қатынасы қиындаған тұста Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіреді дейді. Қарым-қатынастың қиындауына Қырымды аннекциялау, Кремльдің сыншысы Алексей Навальныйды улау істері түрткі болып отыр.

Германия канцлері Ангела Меркель жобаны қолдағаны үшін сынға қалған. Бірақ Навальныйдың улануына соң Меркельдің газ құбырына қатысты ұстанымы өзгереді деген пікірлер болған. Ресейдің оппозициялық саясаткері Алексей Навальный 20 тамыз күні Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатып есінен танған. Кейіннен саясаткердің "Новичок" уымен уланғаны мәлім болды. Саясаткердің өзі мұндай уды Кремльдің мақұлдауынсыз ешкім қолдана алмайды деп мәлімдеді.

АҚШ-тың Берлиндегі елшілігі 5 желтоқсан күні Германияны газ құбырын салуды тоқтатуға шақырды.

"Германия мен Еуроодақ құбырдың құрылысына мораторий жариялауға шақыруы тиіс" - деді елшілік өкілі Робин Куинвилл (ханым) Handelsblatt газетіне берген сұхбатында.

Бұл шешім Еуропаның "Ресейдің теріс пиғылды әрекеттерін" көтермейтінін көрсетуші еді, деді Куинвилл.

Елшілік өкілінің сөзінше, газ құбыры экономикалық жобадан гөрі, саяси құралған қаттырақ ұқсайды; бұл құрал Кремльге Украина мәселесін айналып өтіп, Еуропаны қақ жаруға мүмкіндік береді.

Польша, Украина және Балтық жағалауы елдері газ құбырына үзілді-кесілді қарсы шықты. Украина Nord Stream 2 құбыры Ресей газын Еуропаға айналма жолмен жеткізіп, Украинаны транзит ақысынан айырады дейді. Қазір Ресей газы Украина территориясынан өтеді. Киев осы үшін ақы алады.

Ресей болса, АҚШ-тың өзін айыптап, санкцияны "қару" ретінде пайдаланып отыр, өз газы мен мұнайына жаңа нарық ашқысы келеді дейді.

Газ құбырын төсеумен айналысатын кемелерге санкция салынған соң, Ресей президенті Владимир Путин жобаның 2021 жылдың басына қарай аяқталатынына үміттенетінін айтқан.

АҚШ конгресі санкцияны кеңейту жолын қарастырып жатыр. Санкциялық тізімге бұдан былай газ құбыры жобасына сақтандыру, техникалық сертификаттау немесе балқытып біріктіру қызметтерін ұсынатын кез келген жеке не заңды тұлға енуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG