Accessibility links

Ресейліктердің жартысынан көбі наразылыққа шығуға дайын


Санкт-Петербургтегі зейнетақы реформасына қарсылық шарасы. 2 қыркүйек 2018 жыл
Санкт-Петербургтегі зейнетақы реформасына қарсылық шарасы. 2 қыркүйек 2018 жыл

Ресейліктердің жартысынан көбі (53 пайыз) зейнет жасын ұзартуға қарсы наразылық шараларына қатысуға дайын екендерін мәлімдеді. «Левада-центр» жүргізген сауалнама осыны көрсеткен.

Бұның соңы наразылық қимылының артуына ұласа ма, жоқ па – оны алдағы жексенбі білеміз.

Қыркүйектің 9-ы күні Ресей қалаларының көбінде оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жақтастары ұйымдастыратын зейнетақы реформасына қарсы акциялар жоспарланған.

«Левада-центр» жүргізген сауалнама биліктің зейнетақы реформасын жоспарлауына қатысты ресейліктердің наразылығы күшейгенін көрсетті. Шілдеде респонденттердің үштен бірі ғана зейнетақы жасын арттыруға қарсы наразылыққа шығуға дайын екендерін айтқан.

Соңғы сауалнама бойынша, ондай азаматтар саны 53 пайызға көбейіпті. Алдағы жексенбіде зейнетке шығу жасына қатысты референдум өткізсе, респонденттердің 77 пайызы қазіргі жасты қалдыруды қолдап, 10 пайызы ғана қарсы болар еді.

«Левада-центр» директоры Лев Гудковтың пікірінше, зейнетақы мәселесі ресейліктерге ауыр тиді, бірақ сауалнама нәтижесі азаматтардың көшеге шығуға даярлығын емес, жалпы көңіл-күйді білдіреді.

Азаттық: - Наразылықтың артуын немен байланыстырасыз? Владимир Путиннің үкіметтің зейнетақы жоспарына түзету енгізу туралы пікірімен бе?

Лев Гудков
Лев Гудков

Лев Гудков: - Жоқ, бұл сауалнама президенттің сөзінен бұрын өткізілді. Сондықтан Путиннің үндеуі оның нәтижесіне ықпал еткен жоқ. Бұл зейнетақы реформасы туралы заң жобасына наразылық және елдегі әлеуметтік шиеленістің артуымен байланысты – бағаның қымбаттауы, жұмыссыздық қаупі, т.б. Бірақ зейнетақы реформасы күн өткен сайын адамдарды мазалай бастады. Оған 90 пайыз адам қарсы шығып тұр, олардың көбі зейнет жасы алдындағы адамдар, олар жұмыссыз қалудан қорқады. Шынымен де, наразылық күшейіп келеді. Ол бір реттік реніш емес, наурыздағы сайлаудан соң дереу ұлғая бастады. .

Азаттық: - Қандай жастағы адамдар наразылық акциясына шығуға дайын?

Барнаулдағы зейнетақы реформасына қарсы акция, 22 маусым 2018 жыл
Барнаулдағы зейнетақы реформасына қарсы акция, 22 маусым 2018 жыл

Лев Гудков: - Әзірше, бұл дерекке сақтықпен қарау керек. 53 пайыз адамның [наразылыққа шығуға] дайын екені туралы дерек алдық, бұл расымен де өте жоғары көрсеткіш, 1998 жылғы дағдарысқа жақын. Бірақ бұл нақты іс-әрекет емес, жалпы көңіл-күйді білдіреді. Оны түсініп, ажырата алу керек. Әдетте, 11-15 пайыз респондент оң жауап берсе, осы жолы 53 пайызға жетті. Тіпті 5 пайыз болған күннің өзінде, бірнеше миллион адамды білдіретін еді. Ол өте көп. Әзірге, бұл диффузды реакция деп ойлаймын, себебі ондай наразылық қимылын бастап, ұйымдастыратын ұйым мен тиісті жетекшілер жоқ. РФКП (Ресей Федерациясының коммунистік партиясы) бастаған болды... Бірақ Компартияның беделі төмен, оған сенетіндер аз. Сондықтан халық жаппай көшеге шығады деп сену қиын.

ВИДЕО: Мәскеудегі зейнетақы реформасына қарсылық шарасы (орыс тілінде)

Азаттық: - Зейнетақы реформасына қатысты бүкіл ресейлік наразылық науқаны қыркүйектің 9-ына жоспарланған. Алексей Навальныйдың жақтастары өткендегіге қарағанда көбірек адам шығара ала ма, қалай ойлайсыз?

Әлеуметтік әділдік сезімі оянды десем болар. Тұрғындардың пікірінше, билік халықтың қалтасына қол салуда.

Лев Гудков: - Олай ойламаймын, оның еш белгісі жоқ. Көшеге шығу үшін ұйымдастыру жұмыстары болуы керек: тым құрыса, әлеуметтік желіде ақпараттық жұмыс жүрсе керек. Оның үстіне көшеге шығу ниетін құртатын факторлар бар: телеарналар тұрғындарды қорқытады, жалпы жобаның тағдыры шешіліп қойған. Адамдар бірдеңеге қол жеткізе алатынына сенбейді. Олар жаппай қозғалыс болып жатса, соған қосылар едік дейді. Бірақ әзірге бұқаралық әрі тұрақты шерулер болып жатқан жоқ.

Азаттық: - Зейнетақы реформасына наразылық тек әлеуметтік сипатқа ие ме? Онда саяси элемент бар ма? Жалпақ тілмен айтсақ, адамдар елдегі жағдайды өзгерткісі келе ме, әлде соған ықпал еткен адамдарды ауыстыруды қалай ма?

Лев Гудков: - Әлеуметтік әділдік сезімі оянды десем болар. Тұрғындардың пікірі бойынша, билік халықтың қалтасына қол салуда. Бұны "заңдастырылған ұрлық" деуге болады. Зейнетақы дегеніміз не, оның философиясын түсінуде қайшылық бар. Мемлекет зейнетақыны егде жастағы адамдардың еңбекке қабілетсіздігін жоғалтуына орай берілетін өтемақы санаса, тұрғындар қартайғанда өзімізді қамтамасыз ету үшін қаржы жинадық деп санайды. Оны өз құқығымыз, қол сұғуға болмайды дейді. Сондықтан мемлекет барлық сыртқы саясаттағы авантюраны қоспағанда (Сириядағы соғыс, Донбастағы жасырын соғыс, армия мен шенеуніктерге, қайта қарулануға көп қаржы бөлу) зейнетақы жасын өсірсе, адамдар "мемлекет бюджеттегі тапшылық мәселесін біздің есебімізден шешпек" деп ойлайды (ол ойлары дұрыс). Бұл бұрыннан қалыптасқан, жағымсыз тәжірибе, халық оған қатты ашулы. Саяси тұрғыдан келсек, енжар әлі жүйесіз екенімізді ескерсек, саяси толқуға ұласпайды деп ойлаймын.

Зейнетақы реформасына қарсы наразылық шарасы, Мәскеу, 19 шілде 2018 жыл
Зейнетақы реформасына қарсы наразылық шарасы, Мәскеу, 19 шілде 2018 жыл
Реніш өршіп, сақталады деп ойлаймын, бірақ үлкен әлеуметтік қозғалысқа, толқуға апармайды

Азаттық: - Зейнетақы реформасына наразылық қаншалықты ұзаққа созылады? Бұқаралық қимылға ұласуы мүмкін бе? Әлде алдағы айларда тынышталып қала ма?

Лев Гудков: - Реніш өршіп, сақталады деп ойлаймын, бірақ үлкен әлеуметтік қозғалысқа, толқуға апармайды. Билік көпірме сөзбен, насихатпен және ұйымдастырушылар мен белсенділерге қарсы репрессиямен наразылықты басуға тырысады деп ойлаймын, - дейді Лев Гудков.

"БИЛІК ХАЛЫҚТЫ ҚОРҚЫТУ ҮШІН АЯНЫП ҚАЛМАЙДЫ"

Ресейде бірнеше айдан бері үкімет ұсынған зейнетақы реформасына қарсы наразылық жалғасып келеді. Соңғы наразылық науқаны жақында бірнеше Ресей қаласында өтті.

Келесі бүкіл ресейлік науқан қыркүйектің 9-ына жоспарланған. Оны ұйымдастырушы – 30 тәулікке тұтқындалған оппозиционер Алексей Навальный. Наразылық жүздеген қалада жоспарланған. Мәскеу билігі Тверской көшесінде шеру өткізуді мақұлдамады. Оппозиция жоспары туралы Азаттық радиосына Жемқорлықпен күрес қорының өкілі Николай Ляскин айтып берді.

Николай Ляскин
Николай Ляскин

Николай Ляскин: - Адамдар 9-ы күні шыға ма, басқа күндері шыға ма – ол соншалықты маңызды емес. Зейнетақы реформасы шынымен де адамзатқа қарсы, қарапайым адамдардың қаржысын алып, оны алаяқтардың, олигархтар мен Путиннің бизнестегі достарының қалтасына салуды көздейді. Сондықтан да көп адам шығады деп үміттенемін, бірақ билік оларды қорқыту үшін аянып қалмайды. Мысалы, науқанға келісім бермейді. Петербург билігі ақылға келді, шеруге келісті. Ал басқа жерлерде, соның ішінде Мәскеу де бар, билік өз заңын өзі бұзып отыр. Бірақ акция міндетті түрде болады. Көп адам шығады деп үміттенемін.

Азаттық: – Ресейдің қанша қаласы наразылық шарасына қатыспақ?

Николай Ляскин: - 100-ден астам қала шараға қосылды. Барлық жерде адамдар шығады деп ойлаймын.

Реформаның арсыздығы бадырайып көрініп тұр, билік адамдардың 5 жылын тартып алмақ​

Азаттық: - Алексей Навальный зейнетақы жасына қатысты наразылық акциясына шығуға шақырды. Мұндай акция әлем чемпионатын өткізу кезінде шілдеде болды, сондықтан Мәскеу мен Петербург қарсылық шарасына қатыспай қалды. Сіздің бақылауыңызша, шеруге шығушылардың жасы мен әлеуметтік құрамы өзгерді ме? Жас электоратқа зейнетақы тақырыбы қызықты ма? Навальдыйдың үндеуіне егде жастағылар қосылды ма?

Николай Ляскин: – Біріншіден, жастарды зейнетақы мәселесі қызықтырады. Олардың бәрі болашағын ойлайды, мемлекет өздерін және ата-аналарын зейнетақыдан айырғалы отырғанын түсінеді. Жас аудиториясына келсек, зейнет жасына тақаған адамдарды шеруге шығуға шақыратын роликтер көп. Бұл тақырып, елдің бәрін алаңдататын шығар, себебі реформаның арсыздығы бадырайып көрініп тұр, билік адамдардың 5 жылын тартып алмақ. Оған қоса, Путин садақа бергендей болып "әйелдердің жасын азайттым, азғана жұмыс істесеңдер жеткілікті" дейді, бұған дейін 8 жыл қосып, кейін 3 жылын алып тастағанын айтады. Мейірімді Путин 3 жыл кемітті дейміз, шын мәнінде, 5 жыл қосып берді. Бұл елдің бәріне қатысты, бәрі қатты ойлана бастады. Осыған дейін билікті қолдағандардың көзі ашыла бастады.

Азаттық: – Сіздің ойыңызша, зейнетақы реформасына қарсы наразылықтың әлеуметтік сипаты бар ма, әлде саяси сипатқа ие ме?

Зейнетақы реформасы арқасында көзі ашылғандар бар

Николай Ляскин: – Әрине, саяси наразылық бар. Саяси тұрақтылық бар деп сенгендер, биліктегі партияның депутаттарына иланғандар, қанша жылдан бері: «Зейнетақы қорына тимейміз» деген Путинге сенгендер қателесті. «Біртұтас Ресейден» де, Путин мен Медведевтен де еш жақсылық күтуге болмайтынын әлдеқашан түсінгендер де бар. Зейнетақы реформасы арқасында көзі ашылғандар бар.

Зейнетақы реформасына қатысты нарызылық шарасында тұрғындар Владимир Путиннің суретін таптап жатыр, 29 шілде 2018 жыл
Зейнетақы реформасына қатысты нарызылық шарасында тұрғындар Владимир Путиннің суретін таптап жатыр, 29 шілде 2018 жыл

Азаттық: Зейнетақы реформасына қатысты наразылық көңіл-күйі күшеюі мүмкін бе?

Николай Ляскин: – Күшейеді деп ойлаймын. Тек зейнетақы реформасы емес, ол адамдардың оянуына көмектесті, жан-жақтарына қарап, бағаның өсуі – бөгдеғаламшарлықтардың әрекеті емес, «Біртұтас Ресейдің» ойсыз саясатының салдары екенін ұқты, - дейді Жемқорлықпен күрес қорының өкілі Николай Ляскин.

Шілденің ортасында Ресей мемлекеттік думасы зейнет жасын ерлерге 65 жасқа, әйелдерге 63 жасқа біртіндеп көтеру туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Тамыздың 29-ы күні Ресей президенті Владимир Путин реформаны жұмсартуды ұсынып, әйелдер 60 жастан бастап шықсын деді.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Светлана Павлованың мақаласы орысшадан аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG