Accessibility links

Путинге өмір бойы қылмыстық жауапкершіліктен құтқаратын мәртебе не үшін керек?


Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

Ресейдің Мемлекеттік думасында бұрынғы президенттің жеке басына тиіспеуге кепілдік беретін заң жобасы қаралып жатыр. Бұл жобаны Федерация кеңесі және Мемлекеттік думаның заңнама жөніндегі комитет басшылары Андрей Клишас пен Павел Крашенинников дайындаған. Олар Ресейдің бұрынғы президенттеріне қылмыстық қудалаудан құтқаратын өмірлік иммунитет беруді ұсынып отыр.

Қазіргі заңға сәйкес, президент құзырет мерзімі аяқталғанша қызмет барысында жасаған істері үшін қылмыстық не әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Клишас пен Крашенинниковтың ұсынысы қабылданса, мемлекет басшысы президент қызметінен кеткеннен кейін де жауапкершіліктің кез келген түрінен қорғалатын болады.

Кейбір бақылаушы аталған бастаманы және жақында Владимир Путиннің Мемлекеттік думаға ұсынған бұрынғы президентті өмірлік сенатор етіп тағайындау туралы заң жобасын оның президент қызметінен кету ниетімен байланыстырады. Азаттық радиосының Сибирь.Реалии жобасының тілшілері бұл тақырыпқа қатысты сарапшылардың пікірін білді.

"ХАЛЫҚ ПУТИНМЕН ҚОШТАСЫП ҚОЙҒАН"

Игорь Эйдман
Игорь Эйдман

Саясаттанушы Игорь Эйдман елде талқыланып жатқан заңдарға қарамастан Путиннің биліктен кетеді дегеніне сенбейді.

– Путинді отставкаға дайындап жатыр деген сөздің барын білемін, бірақ мен бұған сенбеймін. Бұл Путинге қарағанда, [бұл мәртебе] экс-президент Дмитрий Медведевке керек сияқты. Ол Путин бір жағдайға ұшырай қалса (оның бір күні өлетіні анық қой), өзін қудалаудан құтқаратын қосымша иммунитет болғанын қалайды. Медведевке Навальныйдың зерттеуі немесе басқа тақырыптар бойынша қысым көрсетілуі мүмкін. Бұл – көп ойдың бірі ғана. Бірақ түсінгенім бойынша, Путин өз еркімен ешқайда кетпейді және ондай ниеті де жоқ. Екінші нұсқаға сәйкес, қоғамның назарын басқа жаққа аударып, халықты "Путин биліктен кеткелі жатыр" дегенге сендіру үшін жалған ақпарат таратқан. Үшінші нұсқа бойынша, депутаттар биліктің жалшысы сияқты әрекет етіп, Крашенников Путин мен бұрынғы президент Медведевтің мүддесін қорғаудағы ұмтылысын көрсетуге тырысқан. Бірақ "Путин кеткелі жатыр" деген әңгіменің бәрін биліктің өзі шығарып отыр деп ойлаймын. Ол осы арқылы оппозицияны "биліктен кетуге дайындалып жүрген Путин ендігі басты қарсылас емес" дегенге сендіріп, оппозицияның қызметіне кедергі келтіргісі келеді. Президент әкімшілігі осындай концепция дайындаған болуы мүмкін. Келесі сайлауға дейін халықтың босаңсығаны керек. Сонда сайлауға жарты немесе бір жыл қалғанда Путин президенттік мерзімін ұзартқысы келетінін айтып, күтпеген жерден соққы жасайды. Ал халық Путинмен әлдеқашан қоштасып қойған.

Неге мұндай қадам биліктің басқа мәселесі жетіп-артылатын пандемия кезінде жасалып жатыр?

– Бұл Ресей билігінің халықтан қаншалықты алыстап кеткенін тағы да бір дәлелдейді. Олар елде не болып жатқанын білмейді. Оның орнына Кремль бұлттарының үстінде піл сүйегінен жасалған мұнарада отырып, жеке басының мәселелерін шешумен әлек. Соған қарағанда, пандемияға қатысты жағдай шынымен қорқынышты сияқты. Коронавируспен ауырған және вирустан көз жұмған адамдар туралы деректің бұрмаланғаны анық, билік олардың санын азайтып көрсетіп отыр.

Мұны Кремльдің бұйрығымен жасап отыр ғой?

– Біздегі билік қатаң вертикаль бойынша жүреді. Кремльге айтпай, ештеңе жасалмайды. Принциптік тұрғыдан маңызды мәселелерді президент Путиннің өзі шешеді. Оған қол астындағылар есеп беріп, "жағдай шынымен қиын, бірақ ақпараттық кеңістікте бұл туралы ештеңе айтпаймыз" дейді. Путин "әрине, шу шығарып қайтеміз?" деген жауап қайырады. Бізде кейінгі жылдары денсаулық сақтау жүйесін оңтайландыру жүріп, көп аурухана мен емхана жабылды. Енді соның салдарын көріп отырмыз. Ауруханаларда төсек орындары мен дәрігерлер жетіспей, науқастарды баспалдақтағы орындықтарға жатқызып, бір сұмдық болып жатыр. Ресей билігі мен бюрократиясы адамдардың сұранысын емес, өзін ақшамен және артықшылықпен қамтамасыз етеді.

"ХАЛЫҚ БҰЛ БИЛІККЕ ӘЛДЕҚАШАН ҚОЛЫН СІЛТЕГЕН"

Саясаттанушы Аббас Галлямов та Владимир Путин жақын арада президент қызметінен кеткісі келеді дегенге сенбейді.

– Президентке қатысты қылмыстық қудалаудан қорғау туралы заң қабылдануы мүмкін. Путин қосымша кепілдік алу артық болмайтынын жақсы біледі. Сондықтан бұл заңдар "Қане, ендеше қазір қабылдайық" деген логикамен дайындалады.

Әлеуметтік желіде көбі бұл жаңалықты президенттің құпия күнәларын мойындауы деп қабылдады

– Президенттің күнәсі жетіп-артылатынына күмән жоқ. Путин жаман ештеңе жасаған жоқпын деп ойласа да, оның өзін қалай ұстайтынына қараңызшы! Ол мемлекеттік институттарды саяси мүддесінің жолында қарсыластарымен есеп айырысу үшін пайдаланады. Путин бизнесмен Михаил Ходорковскийді түрмеге жабу туралы шешім қабылдағанда, оның объективті кінәсі бар ма, жоқ па деп ойланған жоқ. Бәрінің астарында президенттің саяси еркі жатыр. Құқық билеушінің қолындағы құралға айналды.

Адамдар биліктің пандемия кезінде қара басының қамына қатысты мәселелерді шешіп жатқанына қалай қарайды?

– Бұл халыққа ұнамайды. Қазіргі заманда пандемия болмаса да, халықты емес, өзін, жеке бас қауіпсіздігін және болашақ беделін ойлайтын билеуші адамдарға ұнамайды. Олар саясаткер өзінің емес, халықтың қамын жеуі керек деп есептейді. Пандемия халық арасында "эпидемия өршіп тұрған кезде президент біздің мәселемізді шешудің орнына өз болашағының қамын жасап жатыр" деген сезімді одан әрі күшейтеді. Бірақ мұнда ешқандай иллюзия жоқ: адамдар бұл туралы бұрыннан білетін, білмесе де, шамалап түсінетін. Сондықтан сенсация, ашу-ыза сияқты реакция болмайды. Халық бұл билікке әлдеқашан қолын бір сілтеп, одан ешқандай жақсылық күтпейтін болған. Олар өз алдына өмір сүруге тырысып келеді.

"БҰЛ – СҮЙІКТІ БАСШЫМЫЗДЫ КІМ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ ДЕГЕН БӘСЕКЕ"

Александр Кынев
Александр Кынев

Экономика жоғарғы мектебінің доценті Александр Кынев Ресейдің бұрынғы президентін өмір бойы қудалаудан қорғау туралы бастаманы "қазіргі билікке адалдық танытудың амалы ғана" деп бағалайды.

– Менің ойымша, бұл бастамалар "сүйікті басшымызды кім қаттырақ жақсы көреді?" деген бәсекеге ұқсайды. Бұл жерден билікке шексіз адалдық танытудан басқа мағына көріп тұрған жоқпын. Тәжірибелік тұрғыдан алғанда, олар бір мәртебені әртүрлі формада қайталаған. Өйткені өмірлік сенатор мәртебесі де депутаттық иммунитет береді. Ал президентке өмірлік кепілдік беруге келсек, заңға кез келген бапты жазуға болады. Бірақ кепілдік деген – заңда жазылған дүние емес, саяси шынайылық мәселесі екенін білеміз ғой. Биліктен кетсеңіз, орныңызға келген адам жаңа Конституция мен ережелер қабылдап, бәрін өзгертіп жібермесіне кім кепіл? Тек ақымақ адам ғана қағазға жазғаны ғасырлар бойы өзгеріссіз тұрады деп сенуі мүмкін. Путин мұны басқаларға қарағанда жақсырақ түсінеді, әйтпесе биліктен әлдеқашан кетіп қалар еді.

Президентке өмірлік сенатор мәртебесі мен жеке басына өмір бойы тиіспеу кепілдігі неге дәл қазір беріліп отыр?

– Бұған ешқандай түсініктеме көріп отырған жоқпын. Олар іштері пысып, не істерін білмей отырған сияқты. Бұл не елдің, не Путиннің саяси тағдырына ешқандай өзгеріс әкелмейтін, мағынасыз бастама деп ойлаймын. Әлемдік тәжірибе тұрғысынан алғанда, белгілі бір тұлғаның жеке басына өмір бойы тиіспеу деген болмайды. Әдетте мұны Пиночеттің мысалындағыдай сенаторлық арқылы шешеді. Польшада 1989 жылы "дөңгелек үстел" келісімі нәтижесінде президентті биліктен кеткеннен кейін 10 жыл бойы қудалаудан қорғайтын норма қабылданған. Президенттерде өмірлік иммунитет болмайды. Бұл – ақымақтық. Олар өздері биліктен кеткеннен кейін де жағдайды бақылауда ұстаймыз, уақытты, шынайылықты басқарамыз деп өз күшін артық бағалайды. Мүмкін өлмейміз деп ойлайтын да шығар. Олар қатты қателеседі деп ойлаймын.

– Екі бастама да Путиннің кетуге дайындалып жатқанын білдірмей ме?

– Бұл мәселенің талқыланып жатқаны белгілі. Бірақ Путин сияқты адам қағазда жазылған ешқандай кепілдікке сенбейді деп ойлаймын.

Саясаттанушы, өңірлік саясатты дамыту орталығының басшысы Илья Гращенков "Мемлекеттік думаға ұсынылған заң қабылданса, бұрынғы президентті қудалау мәселесін күш құрылымдары емес, саясаткерлер шешеді" деп есептейді.

– Бұл бұрынғы президенттің жеке басына тиіспеушілік туралы заң емес, осы кепілдікті алып тастау тәртібін өзгерту екенін бірден атап өткім келеді. Бұрын президенттің жеке басы қорғалғанымен, Тергеу комитеті оған қарсы отанын сату бабы немесе президент болғанға дейін жасаған қылмыстары бойынша іс қозғай алатын. Енді бұл шешімді Федерация кеңесі мен Мемлекеттік дума қабылдайды. Мұндай мәселе көтеру үшін президентке қарсы іс қозғау бастамасын депутаттардың кемі үштен бір бөлігі қолдауы керек. Бұл іс үш ай ішінде қаралады.

– Бұл бастаманы қалай бағалайсыз?

– Қазір бізде бір ғана бұрынғы президент – Медведев бар. Сондықтан бұл заңдардың бәрі тек соған қатысты ғана қолданылады. Бұл заңдардың игілігін көретін екінші адам Владимир Путин болуы мүмкін. Солай болса, тергеу комитетін тікелей басқаратын келесі президент Путин мен Медведевке қарсы кез келген айып таға алады. Осындай жағдайға жол бермеу үшін, саяси заң қабылданды. Саяси заң дегенім, енді болашақ бұрынғы президенттің тағдырын тергеушілер емес, саясаткерлер шешеді. Федерация кеңесі мен Мемлекеттік думадан бөлек, депутаттардың үштен бірін жинау керек, ал бұл өте көп. Басқа саяси күш келуі мүмкін деп ойлағанның өзінде оларға айталық, Медведевке қарсы іс қозғау қиынға соғады. Бұл қалыпты әдіс деп ойлаймын, өйткені Тергеу комитеті тарихи істерді қарамауы керек. Ал әрбір бұрынғы президент – тарих. Мысалы, отанын сату деген қылмысты алайық. Бірақ бұл ұғым да өзгеруі мүмкін, өйткені мемлекет қандай болса, отанға сатқындық жасау критерилері де соған сай болады. Совет одағының құлауына байланысты қаншама адам СССР-дің бұрынғы президенті Горбачевты "Отанын сату" айыбы бойынша жауапқа тартқысы келер еді. 90-жылдары бұл жабайылық болып көрінсе, қазір қалыпты құбылысқа айналды. Тіпті әлі күнге Совет одағының құлауына байланысты бұрынғы президентті сотқа тартқысы келетін адам табылмағаны таңғалдырады.

– Бұл бастамалар Путиннің кетуге дайындалып жатқанын білдіре ме?

– Мүмкін, бірақ басқа қырынан алғанда, бұл керісінше, алдамшы қадам болуы мүмкін. Путин ешқашан елді өмір бойы басқарғысы келетінін айтқан емес. Керісінше, ол өз билігінің әйтеуір бір аяқталатынын айтады. Бірақ әр жолы оның билігі жалғасып келе жатқанын көріп отырмыз. Басында ол қайтадан сайлауға түспек болды, кейін президенттік мерзімін "нөлге" теңестіремін деп шешті. Путинге 2036 жылға дейін билікте қалуға не кедергі? Ештеңе. Бар болғаны, енді ол кез келген кезде кете алады. Бұл үшін оған ешқандай қосымша аэродром керек емес, ол уақытқа дейін бәрі дайын болады.

Дмитрий Медведев и Владимир Путин
Дмитрий Медведев и Владимир Путин

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге “Бұрынғы президенттерге өмірлік кепілдік беру көп елде қолданылады және бұл халықаралық құқық үшін жаңалық саналмайды” деген.

The Insider Песков айтқан бұрынғы президентті қудалаудың кез келген түрінен қорғайтын “халықаралық тәжірибе” Экваториалды Гвинея, Руанда, Қазақстан мен Тәжікстанда ғана барын анықтаған.

Қазақстанды 30 жылдай басқарып, былтыр наурызда президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев (Қауіпсіздік кеңесі мен "Нұр Отан" партиясының төрағасы ретінде билікке әлі ықпал етіп отыр) та "Елбасы" статусы бар. Бұл статусқа сай, Назарбаев пен оның отбасы өмір бойы қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.

Игорь Чигарских пен Александр Молчановтың мақаласы орыс тілінен аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG