Accessibility links

Татарстан мен Башқұртстан екі аймақта қалмақ


Қазандағы Құл Шәріп мешіті (оң жақта) және Уфадағы Салават Юлаев ескерткіші.
Қазандағы Құл Шәріп мешіті (оң жақта) және Уфадағы Салават Юлаев ескерткіші.

Ресей экономикалық даму министрлігі елді 14 макроаймаққа бөлуді ұсынады. "Idel.Реалии" сайты Мәскеудің жаңа бастамасының саяси астары мен экономикалық ұтымдылығын зерттеп көрді.

Ресейдің экономикалық даму министрлігі ұсынған "Ресей Федерациясын кеңістік тұрғысынан дамытудың 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиясында" Татарстан мен Башқұртстанды екі бөлек макроаймаққа кіргізген. Мысалы, Приволжье федералдық округы құрамына кіретін субъектілер Волга-Кама және Волга-Урал деген екі макроаймаққа бөлінген.

Федералдық ведомство жоспарына сәйкес Волга-Кама макроаймағына Марий Эл, Мордовия, Татарстан, Удмуртия, Чувашия республикалары, Пермь өлкесі, Киров және Нижегород облыстары енген. Ал Волга-Урал макроаймағына Башқұртстан, Орынбор, Пенза, Самара, Саратов, Ульянов облыстарын кіргізген. Ресей территориясын жаңа экономикалық аймақтарға бөлу мәселесі бұған дейін де талай көтерілген.

Бірқатар сарапшылардың пікірінше, Владимир Путин Ресейдегі ұлттық республикаларды жоюға бекініп отыр.

Мысалы, Ресейдің бұрынғы қаржы министрі әрі Владимир Путиннің досы Алексей Кудрин былтыр Татарстан астанасы Қазанды Ульяновск және Самара қалаларына қосып, үшеуінен бір агломерация (экономикалық, мәдени және тұрмыстық жағынан бір-бірімен тығыз байланысты елді мекендерді, әсіресе қалаларды топтастыру - ред.) құруды ұсынған. Ол кезде Кудриннің көмекшілері басшысының бұл мәлімдемесінің мәнін түсіндіруден бас тартқан болатын. Сарапшылар мұндай мәлімдемелерді әдетте қоғам тамырын басып көру амалына балайды. Бұған қоса, бірқатар сарапшылардың пікірінше, Владимир Путин Ресейдегі ұлттық республикаларды жоюға бекініп отыр. Бірақ министрліктің бұл бастамасы іске асса, Ресей экономикасының әлеуеті артып, дамып кете ала ма? Өйткені елдің әкімшілік-территориялық құрылымын қайта қарау шиеленіске ұласатыны анық.

Дегенмен "Саяси сарапшылар тобы" жетекшісі Константин Калачевтің пікірінше, макроаймақтар республикаларды жою үшін құрылғалы жатқан жоқ.

— Меніңше, олай емес. Бұл, яғни республикаларды жою - орта, тіпті ұзақ мерзімді перспективада қозғалмайтын тақырып, - деп санайды сарапшы.

Сарапшының пікірінше, қазір Ресейде мұндай эксперименттер жүргізуге қолайлы мезгіл емес.

— Ал мұндай, яғни ұлттық республикаларды жояды деген ойға не түрткі болуы тиіс? Кавказ бен Қиыр Шығыс па? Шешенстан мен Ингушетия біріккен жоқ қой, ал Еврей автономды округы Хабаров өлкесінің бір бөлігіне айналып кеткен жоқ. Экономикалық даму министрлігі саяси орган емес, таза экономикалық қисынға жүгінетін мекеме ғой. Саяси өмір модераторларының ұлт-территориялық субъектілерді жою жоспары бар дегенге де мүлде сене алмаймын. Жириновскийдің қоқаңдап қойғаны болмаса, ондай жоспар жоқ. Аймақтарды ірілендіруден де өтіп кеттік. Түмен облысы құрамында болғанымен, тіпті Ханты-Мансы және Ямал-Ненец автономды округтарының өзі субъектілігін сақтап отыр ғой. Қазір мұндай эксперименттер жүргізетін кез емес, - дейді Калачев.

Саяси өмір модераторларының ұлт-территориялық субъектілерді жою жоспары бар дегенге де мүлде сене алмаймын. Жириновскийдің қоқаңдап қойғаны болмаса, ондай жоспар жоқ.

Тәуелсіз әлеуметтік саясат институтының аймақтық бағдарламасы директоры Наталья Зубаревич те аймақтарды ірілендіреді деп үрейленуге себеп жоқ деп санайды. Ал Волга-Кама мен Волга-Урал макроаймақтарына бөлуді сарапшы "күлкілі шешім" дейді.

— Бұл - мүлде жасанды бөлу. Поволжье мен Уралдың арасын бөліп тұрған айқын шекара жоқ қой. Бұл бөлудің ешқандай практикалық мәні жоқ. Экономиканы дамыту тұрғысынан алғанда да, мұндай бөлудің еш пайдасы болмайды,- дейді сарапшы.

Сарапшы сөзінше, ел территориясын бұлай бөлу аймақтарды басқаруды да, бюджеттік процестерді де өзгертпейді.

— Оған несіне бас қатырасыздар? Тігінен де, көлденеңінен де, диагоналынан да бөле берсін - еріктері білсін, - дейді ол.


Зубаревичтің пікірінше, мемлекетте ақша аз, бірақ Владимир Путин "инфрақұрылымды дамыту керек" деген жарлық берген. Оның сөзінше, инфрақұрылымды бір аймақ аясында ғана дамыту мүмкін емес.

— Инфрақұрылымдық байланыстар дегеніміз баяғыдан қалыптасқан аймақаралық қатынастар. Сондықтан елді бірдеңе етіп бөлуге тырысып жатыр, бірақ икемін келтіре алмай жатыр, өйткені елде бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Шамасы, ірілендірілген топтарда, яғни әлгі "макроаймақтарда" әлдебір инфрақұрылымдық жобаларды іске қосуға тырысып жатыр, бары сол ғана, - деп мәлімдейді Зубаревич.

Сарапшы бұл ұсыныстың саяси астары жоқ деп санайды және шенеуніктердің мұндай бастамаларына мән бермеуге шақырады.

— Бұл кімдердің инфрақұрылымдық жобаларына [бюджеттен] ақша береді дегенге тірелетін мәселе. Міне, бұл жағы, яғни кезектің қалай түзілетіні, қандай аймақтарға басымдық берілетіні қызықтырақ болады. Өйткені инфрақұрылымдық жобалар бір аймаққа есептеліп жоспарланбайды ғой. Макроаймақтарда ешқандай бастық та, асып бара жатқан бюджет те болмайды, - деп санайды экономист.

Наталья Зубаревичтің пікірін Ресей билігі тез азайып бара жатқан ақшаны аймақтарға бөлу үшін оларды бірдеңе етіп топтастыруға тырысып жатыр деп түйіндеуге болады. Өзгеше айтқанда, қолақпандай нанға бір тілім май жағуға тырысып отыр.

Елді макроаймақтарға бөлу идеясын сынағандар биліктің өз ішінен табыла кетті. Мысалы, президенттің Сібір федералдық округындағы уәкілі Сергей Меняйлоға бұл бастама ұнамаған. "Ъ" басылымы дерегінше, ол стратегия жобасын түзету жөніндегі ұсыныстарын вице-премьер Виталий Муткоға жолдаған. Оның пікірінше, өзі өкілдік ететін округта бірден үш макроаймақ құрылған жағдайда "аймақаралық процестер интеграциясы баяулап, Сібір аймақтарын дамыту проблемалары ушығады, округ субъектілеріндегі онсыз да күрделі, бірақ бәріне ортақ шаруашылық жүргізу және тіршілік шарттары бұзылады".

("Idel.Реалии" сайты тілшісі Рамазан Алпауыттың мақаласы орыс тілінен аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG