Украинадағы соғыстың жаңа кезеңі елдің шығысында өрбіп жатыр. Онда Ресей әскері бұрынғы сәтсіздіктерінің орнын толтырып, Украина күштерін талқандауға тырысып жатыр.
Бірақ Ресей әскеріне жаңа мақсатқа жету оңай болмайын деп тұр. 25 сәуірде Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес соғыс басталғалы Ресей 15 мыңға жуық адамнан айырылды деді.
Ресей әскері Украинаға қарағанда анағұрлым көп. Бірақ Батыс және Украина шенеуніктері Ресей әскерінің әлсірегенін, Мәскеудің Украинаны аз уақытта басып алу ниеті сәтсіздікке ұшыраған соң рухы түскенін айтады. Адам шығынынан бөлек, Ресей соғысқа әскери арсеналының көп бөлігін жұмылдырды. Заманауи техникаларды пайдаланып, біршама зымыран мен артиллерия снарядын жіберді.
Батыс елдері Украинаға қару-жарақ жіберуін жалғастырып жатыр. Соғыстың тоғызыншы аптасында Кремльде Ресейдің әскери құрал-жабдықтары қоры мен сарбаздардың шама-шарқы күн тәртібіне шықты.
Алдағы шайқастар туралы көбірек білу үшін Азаттық радиосы Джорджтаун университеті қауіпсіздік және жаңа технологиялар орталығының қызметкері Маргарита Конаевадан сұхбат алды.
Азаттық: Ресей шенеуніктері соғыстың екінші кезеңінің басты мақсаты Донбасс пен Украинаның оңтүстігін толық бақылауға алу, Қырым мен Молдованың жікшіл аймағы Приднестровьені жалғайтын құрлық дәлізін құру деп мәлімдеді. Мұны қалай түсіндірер едіңіз? Ендігі кезеңде Ресей әскері бұл мақсатқа жете ала ма?
Маргарита Конаева: Соғысты бақылап отырған адамдар Ресей оқиға орнындағы жағдайға байланысты мақсатын өзгерткенін, кейінгі мәлімдемелер дәл қазір Донбасстағы жағдайдың қандай екенін көрсететінін айтады. [Олар] қазір [оңтүстіктегі] жерлердің көбін бақылауға алған. Сондықтан бұл мақсаттардың қайталануы олардың жуырда қандай мүмкіндікке қол жеткізе алатынын көрсетеді.
Украинаның теңізге жолын жабу, елдің оңтүстігін тұтастай бақылауға алу, сосын Ресей күштері бақылап отырған Молдова ауданында көпір салу туралы мәлімдеме алаңдатарлық жағдай деп ойлаймын. Мұны олар шайқастың осы кезеңінде міндетті түрде қол жеткізуге тырысатын нәрсе ретінде емес, болашақта қолдануы мүмкін нұсқа ретінде ұсынды деп қабылдар едім.
Ресей әскері зардап шегіп, [осы күнге дейін] соғыста сәтсіздікке ұшырағандықтан, қазір [олардың] әскері [мен] материалдық-техникалық мүмкіндіктері азайғандықтан, олардың бұл мақсатқа жетуге қауқары жетпейді.
Азаттық: Соғыстың жаңа кезеңі басталып жатқан соң, қазір Батыстың Украинаға жіберіп жатқан қару-жарағы назарға ілінді. Ресейде әлі қолданбаған қандай қор мен күштер бар? Бұл Украина тарапына сай келе ме?
Маргарита Конаева: Біз Украинаға не керек екеніне [және] Ресейге не жетіспейтініне немесе [оның] тактикалық сәтсіздіктерге ұшырап жатқанына көп мән беріп, Ресейдің қорында не бар екеніне назар аудара бермейміз.
Олар тиімді пайдаланбаған сала – әуе қуаты. Олар [болашақта] оны қолдана ала ма деген сұрақ бар. Бұл соғыста Ресей ұшақтарын көрмедік. Олар аз уақытта нысанаға шабуылдап, Ресей бақылауындағы қауіпсіз [аудандарға] жылдам қайтып жатты. Әуе тасымалын кең қолдану [Ресейдің] ұпайын түгендер еді.
Ресей үшін мынадай маңызды сұрақ бар: бұл соғыста олар қайта-қайта әскер бөлуге, әсіресе [жоғары] деңгейдегі жеке құрамның адамдарынан айырылуға қаншалық дайын? Белгілі бір уақытта мұндай шығынды қалай ақтап алуға болады деп сұрай бастау керек.
[Тіпті] олар осы қызметкерлерді қайда апаратыны да үлкен сұрақ. Міне, Вагнер тобы [және олар Украинаға] әкеліп жатқан Сирия әскері туралы еститініміз осыдан. [Бірақ ] мен кейбір хабарламаларда айтылғандай [жалдамашылардың] саны өте көп екеніне дәлел көрмедім. Олар [жетпей жатқан] жұмыс күшін арттырып көрсету үшін осы амалдарды жиі қолдануға [мәжбүр] болатынын жоққа шығаруға болмайды.
Азаттық: Ресей жуырда Мариупольді бақылауға алғанын мәлімдеді. Оңтүстіктегі қалаларда Ресей күштері ресейшіл үкімет құруға тырысып жатқанын көріп отырмыз. Херсон қаласында «Херсон халық республикасын» құру, осылайша Мәскеу қолдайтын, Украинадан бөлініп шыққан тағы бір республика құру үшін референдум өткізу жайлы әңгіме шықты. Ауданды басып алған Ресей әскері қолданып жатқан бұл тактикаға қалай қарайсыз?
Маргарита Конаева: Соғыстың басынан бастап «Мәскеу Ресейдің қандай да бір билігіне мүдделі емес Украинаны немесе Украина жерін қалай оккупациялауды жоспарлап отыр?» деген сұрақ жиі қойылды. Шығыста және оңтүстіктің кей бөлігінде орыс тілді халық тұратынын білеміз. Бірақ олардың өзі орыс басқыншылығын [соғыстың басында Ресей] күткендей қабылдамады. Сондықтан олар жергілікті тұрғындарды көндіруге немесе қолдауын [алуға] тырысудың орнына зорлық-зомбылыққа, басып-жаншуға жүгініп, сол аудандарды құртып жатыр. Олар бұл ауданда қандай да бір ықпалын немесе бақылауын сақтап қалғысы келсе, осы тактиканы қолдануы керек.
[Украинаның] оңтүстігіндегі әскери оккупация ұзақ уақытқа қалады деп ойламаймын. Олар жергілікті халықпен қарым-қатынастың мүлдем басқа түрін орнатуға тырысып жатыр. Негізінен олар жеңіске жеткенін жариялап, сол жердегі мақсатына жеткенін айтуға мүмкіндік алу үшін осы облыстарды жойып жатыр.
Азаттық: Соғыс кезіндегі қатігез тактиканы, сосын Бучадағы қырғынды ескерсек, референдум болатын болса, Ресей әскері мен жергілікті халық арасында қандай қарым-қатынас орнауы мүмкін?
Маргарита Конаева: Бұл заңсыз соғыс болғандықтан, кез келген референдумның мүлдем заңсыз болатынын айқындап алу керек деп ойлаймын. [Мұндай] референдум басынан бастап халықаралық құқыққа қайшы [келер] еді. [Жарияланған] нәрсеге үлкен күмәнмен [қарау керек].
Өкінішке қарай, кез келген шиеленісте хаостан пайда тапқысы келетін жергілікті адамдар болады. Бұл соғыста әрине [ондайдың мысалы] аз болды, себебі украиндардың бірлігін көрдік. Бірақ Ресейдің істегелі жатқаны мынау: ол жергілікті жерлерде [әріптестікке дайын] адамдардың мүмкіндігін кеңейткісі келеді немесе сырттан [мысалы, Ресейден немесе Украинаның сепаратистер бақылауындағы аудандарынан] адам тартқысы келеді.
Бақылауға болатын тағы бір мәселе – Украинаны қолдайтын жергілікті халықтарды көшіруге немесе көзін жоюға тырысу. [Ресей күштері әрекетіне] заңды сипат беру үшін халықты Украинаның басқа аудандарынан немесе Ресейдің кей жерлерінен қоныстандыра алар еді. Бірақ қазір Ресей соғыстың осы кезеңінде көрсеткісі келетін тізімде заң аясындағы әрекеттер соңғы жағында тұрғандай.
Бұл олардың өтірікке тойған өз халқына мәлімдейтін және дәлелдейтін нәрсе. Бірақ Украинада немесе Батыста оған сенуі [немесе] басқа жерлерді айтпағанда, оңтүстікте немесе шығыста олардың әрекеттерін заңды көруі екіталай.
Азаттық: Сіз соғыстың ендігі кезеңі артиллерияға басымдық беретінін айтыңыз. Соғыстың ендігі кезеңінде назар аудару керек бір нәрсені ата десе, не айтар едіңіз?
Маргарита Конаева: Соғыстың қанша уақытқа созылатыны жайлы болжамымызға келгенде ұстамды болуымыз керек деп ойлаймын. Бұл шешуші емес, өте ұзақ [шайқас болады деп бағалаймын]. Күштер мен саяси [компонент] балансы үшін [Ресей президенті Владимир] Путин шығынға жол бере алмайды.
Екінші жағынан, Украина берілуді айтпағанда, кері шегінуге де бара бермейді. Қазір соғыста ол салыстырмалы түрде жақсы жағдайда тұр. Менің кеңесім – шешуші [шайқасты] күтпей, соғыстың гуманитарлық шығынына назар аударуды жалғастыра беру керек. Қалпына келтіру соғысты қолдаудан да қымбатқа түседі. Қазір [Батыс Украинаны қару-жарақпен] қамтуын жалғастыра беруі керек. Сондай-ақ Украина сұрайтын гуманитарлық қажеттіліктер мен соғыстан кейінгі сұрағандарына жіті назар аударған жөн.
Сұхбат ықшамдалып, өңделді.
ПІКІРЛЕР