"Бауырымды [әскери] жаттығуға жіберген, – деді Сібірдің оңтүстігіндегі Бурятияда тұратын әйел. – Бөтен елдегі соғысқа қатысуға келіскен жоқ. Оны алдап соқты. Оған шекарадан өтетінін басқыншылықтан бірнеше күн бұрын ғана хабарлаған".
Соғысқа қарсы пікірі үшін қудалауға түсуден сескеніп, аты-жөнін атамауды өтінген бұл адам – Ресейдегі Бурятия мен Тыва секілді кедей аймақтардан Украинадағы соғысқа барған сарбаздарды үйге қайтару үшін бірігіп, шенеуніктерге қарсы шығып жүрген әйелдердің бірі.
"Ұлым соғысқысы келмейтінін айтып өтініш бергенде, олар қоқан-лоқы жасаған. Оны әскери трибуналға тартыласың, сегіз жылға түрмеге қамаласың деп қорқытқан.
"Ақпан айында [Ресей Украинаға басып кірер алдында] Беларусьтен хабарласты, – деп әңгімесін жалғастырды ол. – Аяқ-қолым байлаулы деді. [Соғысқа барудан] бас тартудан қорыққанын түсіндім. Сотқа тартамыз деп қана емес, күш көрсетеміз деп те сес көрсеткенге ұқсайды".
Әйелдер Вайбер қосымшасы арқылы бір-бірімен ақпарат алмасып, заңгерден соғыстағы жақындарын қайтарудың қандай жолы барын сұраған.
Солардың бірі – Тывадан шыққан сарбаздың анасы Айлана [аты-жөні өзгертілді]. Оның ұлы қызмет ететін әскери бөлім қаңтарда Беларуське әскери жаттығуға кеткен. Ал 24 ақпанда оларды Украинаға жіберіп, екі күнде Киевті басып алуды бұйырған.
Сарбаз елде қалған анасымен наурыздың ортасында сөйлескен. Сол кезде билік ол қызмет атқарып жүрген бөлімді қайта топтастыру үшін Ресейге жіберген. Анасымен әңгімелескен ұлы өздерінің алданғанын, енді сарбаздар соғысқа бармаудың амалын іздеп жатқанын айтқан. Айлана заңгерлерден кеңес алған, бірақ сөйтіп жүргенде әскери басшылық оның ұлын Украинаға қайта жіберген.
Айлана ұлымен апталап хабарласа алмаған. Ол сол кездер өмірінің ең ауыр кезеңі болғанын айтады. Айлана маусымда заңгер тауып, армиямен келісімшартқа отырған сарбаздың ресми түрде әскери қызметтен бас тарта алатынын білген.
"Ұлым соғысқысы келмейтінін айтып өтініш бергенде, олар қоқан-лоқы жасаған, – дейді Айлана. – Оны әскери трибуналға тартыласың, сегіз жылға түрмеге қамаласың деп қорқытқан. Балам маған хабарласып, "Мама, не істеймін?" деді. Заңгерлермен сөйлесіп, кеңес алған соң, әлгіндей қоқан-лоқы жасағандардың өтірік айтып жатқанын ұлыма жеткіздім".
Айлана соғысудан бас тартқан ұлы мен тағы 13 адамды басшылары әскери бөлім алдына шығарып, "сатқын" деп атағанын айтады. Бірақ оның кеңесімен 14 адам мұндай қорлық пен қоқан-лоқыға шыдап, еліне оралған.
Оның ешқандай оқ-дәрісі болмаған. Ұлым оған: "Қайда тап болғаныңды білесің бе? Мұнда соғыс болып жатыр" депті.
11 шілдеде "Тәуелсіз Бурятия" құқық қорғау тобы өңірден шыққан 150 сарбаздың Украинада соғысудан бас тартып, 9 шілдеде үйіне оралғанын хабарлады. Еліне қайтпас бұрын оларды жабық әскери базада ұстап, құқай көрсеткені жайлы ақпарат бар. "Тәуелсіз Бурятия" тобының басшысы Александра Гармажапова Facebookтегі жазбасында сарбаздарды құттықтап, оларға "өздеріңнің және өзгелердің өмірін құтқарып қалдыңдар" деген.
Маусымның аяғында Бурятияда ондаған әйел республика губернаторы Алексей Цыденовке видеоүндеу жасап, туыстарын Украинадан қайтаруды өтінген.
"Олар 24 ақпаннан бері арнайы операцияға қатысып жатыр, – дейді видеодағы әйелдер. – Олардың еңсесі түскен, өздері әлсіреген".
Тываның Василий есімді белсендісі осы аймақтан шыққан тағы жиырма сарбаздың соғысудан бас тартқанын білетінін, бірақ басшылық оларға үйге қайтуына рұқсат бермегенін айтады. Василий әйелімен бірге сарбаздарды еліне қайтарудың жолын іздеуге көмектесетін Vyber мен Instagram желілеріндегі топтарға кірген.
Кейінгі кездері осы топтардағы әйелдер жұбайларының "арнайы операциядан" қалай бас тарта алатынын талқылап жатыр деді Василий Азаттыққа. Кремль Украинадағы соғысты осылай атайды. "Соғыста көп адамның қаза тапқанын сезіне бастағанға ұқсайды. Бұрын олар [соғыстағы туыстарының] кімге, қашан телефон шалғанын айтатын еді".
Василий майдандағы тапшылық жайлы естіген соң Тыва әйелдері сарбаздарға азық-түлік пен басқа да заттар алуға ақша жинай бастағанын айтады. Тіпті, жергілікті тұрғындар Украинадағы жақындарына радиоқабылдағыш пен дрондар жіберу үшін ақша жинағанын да естіпті.
"55-мотоатқыштар бригадасымен байланыста отырмыз, – деді Василий. – Онда Украинаға қайта баруға 29 адам қарсы болған. Оларды әскер қатарынан әлі шығармады, бірақ жерлеу бөліміне жұмысқа жіберді. Олардың көбі Тываға оралды. Олардың айтуынша, өткен аптада соғысқа қайта жіберілген жүз адамның оны өліп, жиырмасы жараланыпты".
Белсенділер мен сарапшылар Ресейдің Украинаға басып кіргелі бері Тыва, Бурятия, Солтүстік Осетия мен Дағыстан секілді аймақтар көп адамнан айырылғанын айтады. Бұл кедей өңірлерде ұлты орыс азаматтар аз тұрады. Ресей билігі қанша адам қаза тапқанын нақты айтпағанымен, Азаттық Бурятиядан шыққан 159 адамның қаза тапқанын тіркеді. Тывада ресми көрсеткіш жүзден асады.
АҚШ-та тұратын саясаттанушы Адам Лентон сәуірде Украинадағы соғыста жүз мың адамға шаққанда Солтүстік Осетия, Бурятия, Тыва, Дағыстан, Ингушетия, Чукотка секілді аймақтар көп адамнан айырылғанын айтқан.
Мұндай аймақтардан шыққан жастар әскери қызметті кедейліктен құтылудың жалғыз жолы көреді. Тывада орташа жалақы айына 10 – 15 мың рубль ($170 – 260) шамасында.
Украинадағы соғыс басталғалы Ресейдің қанша адамнан айырылғаны әлі белгісіз.
Украина билігі Ресей 35 мыңнан астам сарбазынан айырылды дейді. Ал Ресей қорғаныс министрлігі соңғы рет наурызда 1351 адамның қаза тапқанын хабарлаған.
Айлана үйіне қайтатын ұлының орнына ол қызмет атқарып жүрген әскери бөлімге Тывадан тағы бір сарбаздың барғанын айтады.
"Оның ешқандай оқ-дәрісі болмаған. Ұлым оған: "Қайда тап болғаныңды білесің бе? Мұнда соғыс болып жатыр" депті. Ана бала көзі жыпылықтап, мелшиіп тұрып қалыпты" деді ол Азаттыққа.
Айлана ұлы әлгі сарбазға шлемін, оқ өткізбейтін берен кеудешесі мен қалған оқ-дәріні беріп кеткенін айтады.
ПІКІРЛЕР